ЖҮКТЕЛУДЕ

Сөзді еңгізіңіз

Бергі тарих

Ақаңның әлібби бағамы

әкімшілік 20/04/2018 83 рет қаралды

Ыспан

(үзінді)

Әлібби талғап бірін артық бірін кем дегенде, бірінде мін көп, бірінде аз дегенде, табан тіреп бағалайтұн бір тианақ болуы керек. Ол тианақ әлібби қасиеттерінен шығатұн нарық боларға керек, ашып айтқанда онымыз әліббиді бұлды бұлсыз қылатұн сыпаттары боларға керек.

Менің ойымша жақсы әліббидің қасиеттері мынадай болуға керек:

1) Жақсы әлібби тілге шақ болу керек. Өлшенбей тігілген о жер бұ жер бойға жуыспай, қолбырап, солбырап тұрған кең кіиім сияқты артық әріптері көп әлібби де қолайсыз; Бойыңды қысып, тәніңді құрыстырып, тырыстырып тұрған тар киім сияқты әрпі кем әліпби де қолайсыз болады.

2) Жақсы әлібби жазуға жеңіл болуға тиіс. Әліббидің әріп сүгіреттері қиын болса, мүшелері көп болса, жазуды ұзақтатып уақытты көп алады.

3) Әліббидің жақсысы баспа ісіне қолайлы болу тиіс, әріпі тізгенде оңай тізілетұн, басқанда орынды аз алатұн әлібби баспа сөзді арзандатады.

4) Жақсы әлібби үйретуге де қолайлы болуы тиіс. Әрпі сара жазуға оңай, баспасымен жазбасының сүгреті жақын әліпби үйретуге жеңіл болады.

Жақсы әліббиге ылайық бұл төрт сыпатқа келмейтұн әліббилердің бәрі де кемшілікті әлібби болмақ. Тұтынып жүрген түрік әліббиін (өзі жасаған «төте жазу»-ды айтып тұр – Ы.А.) бұлдағанымызда да, басқа әліббиді бұлдағанымызда да, осы төрт сыпат жағынан қарап бұлдауымыз керек [1, 74-б.].

Әліппе деген асылында адам ақылы жетпейтін нәрсе емес. Әліппеде бірден мәдениет түрінің төбе басына шығарып жіберетін адам білместей айрықша қасиет те, жасырын сыр да болмасқа тиіс.

Әліппе деген тілдің негізгі дыбыстарына арналған таңбалардың жинағы. Неғұрлым тіл дыбыстарына мол жетсе, арналған дыбысқа дәл келсе, оқуға, жазуға жеңіл болса, үйретуге оңай болса, заманындағы өнер құралдарына орнатуға қолайлы болса, соғұрлым әліп-би жақсы болмақшы.

Екі әріпті теңестіріп, артық-кемін тексеріп, өлшеуге салғанда, таразының табан тірейтін нәрселері мыналар боларға тиіс:

1 – тіл дыбысына жеткілікті-жеткіліксіздігі қанша?

2 – қайсысымен басылған я жазылған сөз оңай оқылады?

3 – қайсысымен жазу жеңіл, жазылғанын тану жеңіл?

4 – қайсысы баспаға қолайлы (баспаға сыйымды болуы, жұмыстың өнімді болуы о да сонда)?

5 – үйретуге (сауат ашуға) қайсысы оңтайлы?

6 – көркемдік пен көзге жайлылық жағынан қайсысы артық? [2, 325–27-б.].

Әліббидің тілге шақтығы туралы

 

  1. Жақсы әліббидің белгісінің бірі – тілге шақтығы деп едік. Әуелі екі әліббиді осы жағынан салыстырып қарайық: қайсысы қазақ тіліне сәйкесірек келеді екен.

«Түрік әліббиінен қазақ дыбыстарына тұспа-тұс келгендіктен өзгертусіз, ережесіз тігілей алынға әріптер: а,б,п,т,ж,д,р,з,ш,ғ,қ,к,г,ң,л,м,н,и, – барлығы 19 әріп.

Бұрын дербес иемденген дыбысы жоқ болып бірде олай, бірде бұлай жұмсалып жүргендіктен ережелеп бекітіп отырған әріптеріміз: о, у, е, ы – төртеуі. Өзгертіп алғанымыз: ұ.

Латын әліббиін алуға жасаған жобаға қарағанда (Қалел жобасы), латын әліббиінен қазақ дыбыстарына тұспа-тұс келгендіктен өзгертусіз, ережесіз, тігілей алынатұн әріптер: а,б,д,л,м,н,о,п,р,с,т,з,к,г – барлығы 14 әріп. Нақ тұспа-тұс келмегенмен жуықтығы барлықтан ережелеп икемдеуге келетін әріптер: е,ж,ы,и,у – бесеуі.

Қазақ тіліне жуық келетұн де әріп болмағандықтан өзгертіп алынатұн әріптер: ғ, қ, ң, ө – төртеуі.

Мұның үстіне дербіс бір әріп келмегендіктен екі белгімен алынатұн ш дыбысының әрпі sh(ш) бар.

Бұл салыстыру жүзінде латын әліббиінен түрік әліббиінің анағұрлым артықтығы айқын көрініп тұр.

Түрік әліббиінен ережесіз, өзгертусіз 19 әріп қазақ дыбысына сәйкес келгенде, латын әліббиінен 14-ақ дыбыс сәйкес келіп тұр.

Түрік әліббиінен ережемен 4 әріп алғанда, латын әліббиінен ережемен 5 әріп алынатұн көрінеді. Түрік әліббиінен өзгертумен алынған әріп біреу-ақ; латын әліббиін алғанда ондай әріп төртеу болатын көрінеді.

Түрік әліббиінде бір дыбысқа екі әріп алынбайды; Латын әліббиін алғанда ондай да болатұн көрінеді [1, 77-б.].

Тәртіпті жазу деп айтамыз: тілдегі бар дыбыстың бас-басына арналған белгісі бар болса. Осы күнгі жаузымызда дыбыс басына арналған белгіміз жоқ, бір белгімен әлде неше түрлі дыбыстарды жазамыз [3].

* Латын жазуына көшпек ниетімізге орай бүгінде қай әріпті қалай алу керектігі өзекті мәселе болып отырғандықтан, бұл үзіндіде А.Байтұрсынұлының осы әлібби, әріп туралы айтқандары іріктеліп алынды.

Әдебиет тізімі

  1. Қазақ білімпаздарының тұңғыш сиезі(нде жасаған баяндамасынан), А., 2005, 144 б.
  2. Байтұрсынов А. Ақ жол (Түркі құрылтайында жасаған баяндамасынан), А., 1991, 464 б.
  3. Байтұрсынұлы А. Жазу тәртібі //«Айқап», 1912-ж.

– Жалғасы бар –

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз*