ЖҮКТЕЛУДЕ

Сөзді еңгізіңіз

Бергі тарих

Ақаңның әлібби бағамы 2*

әкімшілік 29/04/2018 76 рет қаралды

(үзінді)

Ыспан

Жалғасы, басы – алдыңғы санда

Әліббидің жазуға жеңілдігі туралы

 … Жақсы әліббидің екінші сыпаты жазуға жеңілдігі деп едік. Енді ол жағынан да салыстырып көрелік.

Әріп суретінің оңайлығымен мүшесінің аздығымен жазуға жеңіл болады. Суретінің оңай қиындығы да мүшесінің аз-көбі де қалам сермеуімен өлшенеді.

Қаламның бір сермеуімен жазылатұн әріп екі сермеумен жазылатұн әріптен шапшаңырақ жазылады, қаламның қысқа сермеуімен жазылатұн әріп ұзын сермеумен жазылатұн әріптен шапшаңырақ жазылады.

Бұ жағынан салыстырғанда да түрік әліббиінең анағұрлым артықтығы айқын екендігін көру қиын емес.

Түрік әліббиіндегі қалам сермеу саны: барлығы 33-41, оның да көбі нүкте. Латын әліббиіндегі қалам сермеу саны : барлығы 53.

Жақсы әліббидің екінші сыпат жағынан да түрік әлібби анағұрлым артық болып шықты. Түрік әліббиіндегі қалам сермеуі 41, латында 53. Түрік әліббиіндегі сермеудің көбі нүкте сияқты қысқа сермеу. Қысқа сермеулі әріппен ұзын сермеулі әріпті жазу екеуі бірдей болмайды [1, 78-б.].

 Әліббидің үйретуге жеңілдігі туралы

 Жақсы әліббидің төртінші қасиеті үйретуге жеңілдігі деп едік. Әлібби үйретуге жеңіл болады: 1) әріптерінің пішіні саралығымен; 2) баспа түрі мен жазба түрінің жақындығымен; 3) суретінің жабы сүгрейлігімен, – жазуға шеберлікті онша керек қылмауымен.

Саралық жағынан түрік әліббиінің осы күнгі түрі латын әліббиінен төмен; өйткені баспасының бас, орта, аяқ түрлері әріп саралығын кемітетіндігі жоғарыда айтылды. Даралық жоқта әріпте саралық та болмайды, баспасын саралағанда түрік әліббиі латын әліббиінен саралық жағынан да кем болмайды. … Баспа түрі мен жазба түрінің жақындығы жағынан салыстырғанда, түрік әліббиі латын әліббиінен озады: баспаға түрік әліббиінің жазба түрін алған соң екеуінің айырымы аз болатыны айқын нәрсе.  … Сүгіреттерінің жабы сүгірейлігі жағынан салыстырғанда түрік әліббиі латын әліббиінен тағы да озады. Әріп жабы сүгірейлеу болса үйретуге келтіретұн жеңілдігі жазу үйреткен кезде болады. Бала болсын, үлкен болсын қат білмейтүн адамның жазуға үйренбеген қолына әріп суреттері неғұрлым жабы сүгірейлеу келсе, – неғұрлым шеберлікті аз керек қылса, сол құрлым жеңілдік келтірмек. Латын әліббиінен көрі түрік әліббиінің жабы сүгірейлігі көп екеніне ешкім таласбас деп екеуін қатар қойып қарап жатуды қажет көрмеймін, керек деушілер болса қатар қойып қарап өтуге болады [1, 79-б.].

Енді қай әріп үйретуге оңай – со жағынан салыстырып өтейік. Қай әдіспен болса да, оқуға үйрету ақтығында сөз сүгіретін тану болып шықпақ. Сөздің баспа сүгіреті мен жазба сүгіретін таныта білдірсе, сол оқуға үйреткен болмақ.

Сөздің тез жазылуы жағынан араб әрпінің латын әрпінен артық екендігін мана айтып өттік.  … Латын әліббиінің үлкен айыбы  бар: латын әрпі ұлылы-кішілі қосар таңбалы болады. Оның үстіне баспа әрпі мен жазба әрпі біріне-бірі ұқсамайтын түрде болады. Бір сөзде екі түрлі сүгірет болады. Біреуін танудың орнына екі-екіден тану керек болады. Сөйтіп әріптің екі баспа түрін, екі жазба түрін, сөздің екі баспа сүгіретін, екі жазба сүгіретін тану керек болады. Мұның аты бір жұмыстың орнына төрт, төрттен сегіз жұмыс деген болады. Арабтікінде ол жоқ. … Сөйтіп үйретуге жеңілдігі жағынан да араб әрпі латын әрпінен анағұрлым артық болып шығады [2, 331-б.].

* Латын жазуына көшпек ниетімізге орай бүгінде қай әріпті қалай алу керектігі өзекті мәселе болып отырғандықтан, бұл үзіндіде А.Байтұрсынұлының осы әлібби, әріп туралы айтқандары іріктеліп алынды.

Әдебиет тізімі

  1. Қазақ білімпаздарының тұңғыш сиезі(нде жасаған баяндамасынан), А., 2005, 144 б.
  2. Байтұрсынов А. Ақ жол (Түркі құрылтайында жасаған баяндамасынан), А., 1991, 464 б.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз*