ЖҮКТЕЛУДЕ

Сөзді еңгізіңіз

Тілтаным

«Қате» санасыздықтан ба, шарасыздықтан ба?

әкімшілік 20/04/2018 101 рет қаралды

Сапарқан Ниязбекұлы Мырзабеков

Аудармашы Р.Есенбек «Қазаққа артық әріптің керегі не?» [1] деген сұрақ тастап, өзі жауап беруге тырысыпты. Қазіргі әліпбиіміздегі 9 әріпке (һ, ъ, ь, щ, ю, я, э, ц, е(ио)) тоң-теріс қарайтынын танытыпты.

«Орысша 33 әріп болса, 33-ін де толық қабылдай салу – ең басты қатеміз» дегеніне қарағанда, автор тәжірибесі аз, жас жігіт болу керек. Әйтпесе, қай жетісіп «қабылдай салғанымызды» аңғарса керек еді. Дегенмен, жастық жалынының жанында ұлттық таным да жоқ емес сияқты. Соған қостаушы іздейтін сыңайлы. Сонымен, қазіргі тілімізде басы артық әріп бар ма, жоқ па? Бар болса, нешеу? Неге тоғыз?

Бұған тілдің өзі жауап беруге тиіс. Қазақ тілі, оның дыбыстық құрамы зерттеле бастағанына 150 жыл болды. Тұңғыш пікір айтқан Н.И.Ильминский қазақ тілінде 9 дауысты, 19 дауыссыз барын бажайлап, орыс жазуына оңтайлап, бас-басына әріп сайлаған. А.Байтұрсынұлы мұны араб әліпбиіне ыңғайлап, 24 әріппен жазғаны белгілі.

1929 жылы Қызылордада латыншылдардың конференциясында қазақ тіліндегі дыбыстардың саны 29 (9 дауысты, 20 дауыссыз) делінді. Қосқаны – һ.

Қ.Жұбанов «Қазақ тілінің грамматикасында» (1936) 9 дауыстының (а, ә, е, о, ө, ұ, ү, ы, і) қатарына қосынды дауыстылар (ұу, үу, ый, ій) дегенді алып келіп қондырды. Оның есесіне һ-ны шеттетті.

1938 жылы тыңнан х, ф, в таңбалары енгізілді (бұл – А.Байтұрсынұлы бастаған алыптардың ғайып болған тұсы). 1940 жылдың күзінде Р.Есенбек күстаналап отырған «қателікке» ұрындық, орыс әріптерін төкпей-шашпай тұтас қабылдауға мәжбүр болдық, сөйтіп, 42 әріпке ие боп шыға келдік. Соның өзінде қазақ тіліндегі дауыссыз у-ға күні бүгінге дейін есе тимей, орыстың дауысты у фонемасының құйысқанында жүр.

Міне, бүгінгі қазақ тіліндегі дыбыстың, әріптің тарихы.

Академик Н.Сауранбаев: «в, ф, х, ц, э, щ, ч, һ дыбыстары қазіргі қазақ тілінің сөздік құрамындағы халықаралық сөздер мен басқа тілдерден енген сөздерде қолданылады, байырғы сөзде қолданылмайды» [2]  десе, академик С.Кеңесбаев та «в, ф, х фонемалары түгелімен орыс тілінен ауысқанын» [3] қайталайды. Ал, «ю, я, е (ио) – дербес фонема емес, ь, ъ әріптерінің дыбыстық мәні жоқ» дегенді де Н.Сауранбаев (30-б.) сол кезде-ақ айтты.

Амал не, қазіргі қазаққа бұл дарыр емес. Р.Есенбек ю, я, е (ио) әріптерін ауырлап отырса, профессор Ш.Бектұров: «Қазақ тілінде 9 жалаң (монофтонг) дауысты – а, ә, е, о, ө, ұ, ү, ы, і және екі дифтонг – и, у дауысты дыбысы бар. Орыс тілінен енген э, е (ио), ю, я дауыстыларын қосқанда, небары 15 дауысты болады» [4]  дегелі қашан. Таяуда ғана Астанадан шыққан «Қазақ тілінің қолданбалы грамматикасы» дейтін «ғажап» еңбегінде дәл осы қалпында және алған беттен қайтпайтынын танытты.

Сонда орыс тілінде қанша дауысты бар болды екен?

Бізге таныс, кезінде мемлекеттік сыйлық алған «Русская грамматикада» (М., 1982, 17-б.) дауыстылар «и, ы, у, е, о, а» деп көрсетілген. Ш.Бектұровтың «орыс тілі» бұдан бөлек болғаны ма? Ол жеке адасса, мән бермеуге де болар еді. Мәселе, мектептің адасуында болып отыр. «Әліппеде» (А., 2001) аю, ою, қоян, шаянның суретін салып қойып, «ю, я – дауысты дыбыстар» деп, теріс үйрететіні балаға, тілге обал ғана емес, зиянды. Бізге таныс «Қазақ тілінің» 2-сынып оқулығы (1998) у, и, я, ю дауыстыларын әспеттесе, 3-сынып оқулығы (1999) э, в, ф, ч, щ, х, һ дыбыстарын үйретеді. Бір қызығы, балалар өздерінің төл дауыссыз дыбыстарымен 5-сыныпқа барғанда ғана танысады.

Өткен жылы ғана С.Бизақов: «42 әріптің он үшін (в, ио, ц, ч, щ, ф, х, ъ, ь, э, ю, я) өгейсітіп, жат дыбыстарға жатқызып, үрке қарауымыз, әліпби құрамынан шығарып тастау, соның ішінде в, х, ф, ч, э, ю, я деген дыбыс та, әріп те жоқ деп оларды бүтіндей орыс тіліне теліп, шетқақпайлау шындыққа жанаспайтынын, жарткеш бір негізге сүйеніп, дәлелденбеген, емлені шешуі қиын, өте күрделі түйінге айналдыратын шешім демеске лаж жоқ» [5], – деп, филология ғылымының докторы ғылыми дәрежесін иеленгенін, белгілі журналист С.Шүкірұлының да осындай тас-түйін пікірде екенін, әрине, Р.Есенбек білмейді. Білсе, кім біледі, қолынан қаламы түсіп кетер ме еді?!

Дегенмен, Р.Есенбек жеке-жарым емес. Оның да жолбасшы, қолдаушылары, ізбасарлары жеткілікті. Басқаны айтпағанда, жақында ғана жарық көрген «Қазақ грамматикасы» (Астана, 2002) деп аталатын зор еңбекте 9 дауысты, 17 дауыссыз (қ/к, ғ/г – екі дыбыс) төңірегінде сөз қозғалды. Демек, 26 әріп те жетеді деген сөз. Біз өз тарапымыздан «Қазақ тілінің айтылым сөздігін» (2001) 28 әріппен ғана жазып, жарияладық. Түбінде әліпби, емле төңірегінде түбегейлі өзгеріс болатын болса, баратын жол осы деп білеміз. Онда 15 әріп іріктеліп шыға келмек. Астанада 28 әріпті стандартқа енгізу төңірегінде сабылып жатқандар бар.

Мәселе, байырғы баба тілі мен қазіргі қойыртпақ ана тілдің арасалмағында болып отыр. Д.Қамзабекұлы тізген (Экзеков, Двесов, Лимов, Изотов, Ивалов) аты-жөнімізді («Жас Алаш», 10.04.2003) қимайтын болсақ, баба тілге бара тұр демеске шара жоқ.

Еврейлер өлген тілін тірілткенде, шешен де көсем, тірі тілімізбен қоштасқаннан құдай сақтасын!

Әдебиет

  1. «Жас Алаш», 29.03.03-ж.
  2. Қазақ тілі, 1955, 28-б.
  3. Қазіргі қазақ тілі, 1954-ж.
  4. Ш.Бектұров, М.Серғалиев, Қазақ тілі. А., 1994, 24-б.
  5. С.Бизақов Варианттылық және әдеби норма. Автореферат. 2001-ж.

«Жас Алаш», № 55-56, 08.05.2003-ж.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз*