ЖҮКТЕЛУДЕ

Сөзді еңгізіңіз

Басты ақпарат Көркем сөз

Ажал аузында жатқан сәттегі төрт секунд

әкімшілік 03/02/2020 263 рет қаралды

Ыспан

сүйрет : mazhab.kz

Әуелі әке айтпаса, ақыл жарлық,

Ағайын табылмаса ой саларлық,

Қалжыңбассып өткізген қайран дәурен,

Түбінде тартқызбай ма ол бір зарлық.

 

Өлең тілімен, …

 

яғни асай-мұсайы сылынып қалып, қысқа қайрыла жазылған әрі осы күнгі кез келген қазақ,

 

… тілі-ділі орыстанып, оғаштанып үлгерген қазақ анық түсініп, толық түстей қоймайтын бұл мәтінді сөзбе-сөз түрде қара сөз, қалыпты сөйлемге айналдырсақ,

 

Әуелі әкесі айтпаса және ой саларлық ағайын да болмаса, ақыл кем болады, сонан соң ойнап-күліп, босқа өткізген өмір өкінішке алып келеді

дейтін қарапайым мән, қарабайырлау мазмұн шығады.

 

Олай болатын себебі – неге ақылды әкесі ғана айтуы керек еді деген ой туады және өмірде де жалғанды жалпағынан басып өткізіп, артынан зарланып жүрген қазақ жоққа тән. Мәні бұлай, кей жері кеміс болған соң, өлеңнің құны да елеулі кемиді. Абайдың өзі айтқандай қатардағы көп «жамау», көп «құраудың» бірі ғана болып қалады.

 

Алайда осы төрт жол адам өмірінің төрт кезеңіне меңзелгендей және ол мазмұн мұндағы бір қатар сөздің мәнін дұрыс түсінгенде ғана ашылмақ.

 

Біріншіден, мұндағы «әке» – тура мағынасындағы «әке» емес және «әке айтпау»-дың  мәнісі – дұрыс отбасы, дұрыс әулет, дұрыс ортада өсіп, әуелден бұрауың дұрыс болмау, дауысың дұрыс қойылмау, қайрауың дұрыс шықпау, іргетасың дұрыс қаланбау деген сөз.

Бұл – адамдық келбеттің қалыптасар сәті және өмірдің бірінші кезеңі.

 

Ал «Ағайын»-ның мәні – ақыл толып, ой бекіп, өз бетімен жүретін адам болған кезде кездесетін ниеті дұрыс, көңілі жақын адамдар. Сол адамдардың сол кезде жасаған қатаңа қатысты айтар ақылы және оны өзіңнің дұрыс қабылдап түсінуің, содан ішіңе ой түсіп, өз қатаңнан сабақ алуың, сүйтіп барып түзелуің. Басқаның бірер реттік айтуымен өзіңе ақыл кіріп, өзіңді өзгертуің, яғни осы өзгерудің болмауы деген сөз.

Бұл – адамның өз тағдырына өзі, өз ақылы жауапты сәті және өмірдің екінші кезеңі.

 

«Ол бір зарлық»-тың бір мәнісі – Алла берген аз әрі қымбат уақыт – «қайран дәуренді» босқа сарп етіп, жас елу-алпысқа жетіп, тағдырдың талай сынынан өтіп, сабағын алып, болып-толған, өзінің неден бастап, не нәтежеге жеткенін көзбен көріп, қолмен ұстап отырған адамға ең болмаса осы уақытта ақыл кірсе, содан барып өкінсе, зарланса болар еді. Әрі осының өзі тым кеш болмас еді.

 

Алайда, бұлай еткен қызыққұмар да кем де кем. Айталық, бұл жай Абайдың өз басында да болып, онысы

 

Ойға түстім, толғандым,

Өз мінімді қолға алдым.

Мінезіме көз салдым,

Тексеруге ойландым.

 

Өзіме-өзім жақпадым,

Енді қайда сыя алдым?

Қалап алған көп мінез,

Қалайша қылып тыя алдым?

 

Бойдағы мінді санасам,

Тау тасынан аз емес.

Жүрегімді байқасам,

Инедейін таза емес.

 

Аршып алып тастауға

Апандағы саз емес.

Бәрі болды өзімнен,

Тәңірім салған наза емес.

 

Осынша ақымақ болғаным –

Көрінгенге қызықтым.

Ғаділетті жүректің

Әділетін бұзыппын.

 

Ақыл менен білімнен

Әбден үміт үзіппін.

Айла менен амалды

Меруерттей тізіппін.

 

Жалмауыздай жалаңдап,

Ар-ұяттан күсіппін.

Қулық пенен сұмдыққа

Құладындай ұшыппын.

 

«Сіз білесіз» дегенге

Күнге күйіп пісіппін.

Мақтанбасқа мақтанып,

Деп жүріппін «пысықпын».

 

дейтін өлеңінде және басқа сөздерінде де көрініс береді. Алпыстағыдан ақыл сұра деген. Бұл – ақыл шіркіннің кірмей-ақ қоюы және өмірдің үшінші кезеңі.

 

Төртіншіден, Абай: «адам өмірге жылап келіп, кейіп өледі» дейді. Яғни «Түбінде тартқызбай ма ол бір зарлықтың» екінші мәнісі – бұ дүниеден өтер кез, соңғы дем шығар сәтте ғана кіретін, тым кешігіп келген ақыл. Енді ешнәрсені өзгерте алмайтын, ондай уақыт қалмаған сәттегі өкініш, күйініш, кейіс сыңайлы.

Ал осы бар болғаны бірнеше секунт әлде бірнеше күн, бірнеше сағаттық сәт, шындықтың бетіне тура қарауға мәжбүр болатын сәт  – өмірдің төртінші кезеңі дерлік.

Кілттік сөздер:

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз*