ЖҮКТЕЛУДЕ

Сөзді еңгізіңіз

Дүниетаным

Егінші, бақшашы құмырсқа

әкімшілік 10/05/2018 128 рет қаралды

(үзінді)

     Ісінің бәрін кәдімгі егінші сияқты жүргізетін, жер айдап  егін орып, пішен шабатын, тозған жерін тыйландыратын, ілгергі қиыншылық күндерін ойлап, қор жинайтын жандықтар бар. Бұл іске әсіресе құмысрқалар шебер болады.

     Құмырсқалар илеуде тұрады. Кейбір илеуде үлкен қала адамының санындай, неше мыңдаған құмырсқа болады. Бір илеуде әлденеше түрлі құмырсқалар тұрады. Олардың ішіде ерлі-зайыптылары болады. Бұларының жұмысы – тұқым көбейту ғана. Сол илеуде тұрғандардың бірқатары жұмысшы болады. Жұмысшыларының дене жаратылысы бір басқа болады, жұмыртқа салып, көбею олардың қолынан келмейді. Жұмысшылар илеу жасау, жүк тасу, ерлі-зайыпты қожаларын асырау, олардың жұмыртқасы мен балаларын күтуді ғана біледі. Үшінші бір құмырсқалар – «соғысшылар». Олардың дене бітісі басқалау болып, жағымен жауларын шымшуға, шағуға, жыртып тастауға аса бейім келеді. Соғысшылардың ісі – илеуді қорғау.

     Құмырсқалардың кейбір тұқымдарының жұмысшылары егін салады. Соның үшін оларды егіншілер деп атайды. Егінші құмырсқалар ұяларын жер астына және асқан  шеберлікпен салады: ішінде толып жатқан есіктері, бөлмелері болады. Бөлмелері бірінің үстінде бірі тұрады. Ең төменгі бөлмесі кейде жер астында бір жарым таяқ тереңдігіндей орында болады. Кейбір бөлмелеріне астық сақтайды, астық дәнін көп еңбек қылып, өздері жинап алады. Жұмысшылары дән іздеп алыстағы орманға, тоғайға барады. Дән тасуға, жүруге ыңғайлы болсын деп құмырсқалар шөп арасынан жол салып алады, ол үшін шөпті қиып жолдың жиегіне тастайды. Жолдарын таза ұстайды, қандай да шөп шыға қалса оны дереу қиып тастап отырады. Жол илеуге құлатады. Илеу үстінде үлкен киіз үй орнындай жерді жұмысшылары отап, қырман сияқты тазартып қояды.  Бұл тазартылған жерге де шөп шығармайды. Бірақ тек құмырсқа күріш деп аталатын бір шөпке ғана  тимейді. Құмырсқаның егетіні де – осы күріш шөп. Бұл шөптің арасына басқа шөп шығармай, піскен соң дәнін жинап алады. Көреген кісілер бұл шөп күрішін құмырсқалардың өзі арнайы себетінін айтады.

    Қысқасы, бұл құмырсқалардың өзінің егіні және оны оратын мезгілі бар. Сондай-ақ олар бұл егінін місе тұтпай, басқа шөптердің де дәнін жинайды. Бір кісі құмырсқалардың дән жинайтынын көру үшін илеудің жанына басында оншақты бүршігі бар астық талын шаншыса, сол сағатта-ақ құмырсқаның біразы талшықтың басына шығып дәнін қиып жерге түсіре бастаған, ал жердегілері оны қағып алып қоймасына таси жөнеліпті. Яғни олар дәннің өзі жерге түсуін күтпей, оны орып жинауға кіріскен.

     Қоймадағы дәнді құмырсқалар өте қатты күтеді. Дәннің дымқыл тартып, көгеріп, өсіп кетуінен қорқады. Дымқыл тартқанын сыртқа шығарып, кептіріп алады.

     Ал Оңтүстік Америкеде жапырақ қиюшы құмырсқалар тұрады. Олар топтанып ағаш басына шығып, әрқайсысы бір жапырақтың үстіне отырып алып, оны жағымен қия бастайды. Қиылған жапырақ тап бір қайшымен кескендей болады. Ол жапырақты тістеп жерге түседі де, жүгін басының үстіне тік ұстап алып, ұясына қарай шұбырады. Илеуіне жеткенде бұлардың алдынан бойлары аласалау келген жұмыскер құмырсқалар шығып, жапырақты уақ қылып турайды да, індегі қоймаларына алып кетеді.

     Ең қызығы – құмырсқалар жинаған жапырақтарын жемейді. Оны қоймаларына жайып қояды. Біраз уақыт өткен соң жапырақ үстіне бір саңырауқұлақ өсіп шығады. Міне, олар осы саңырауқұлақты ғана жейді және осындай үстіне саңырауқұлақ өсетін жапырақты ғана жинайды әрі оны қай ағаштан алу керектігін де біледі.  Ал жапырақты асқан ұқыптылықпен күтеді: тұрған жерін өте ылғалды я өте құрғақ та және суық та қылмайды. Саңырауқұлақ еккен бөлменің ауасын тазартып тұрады. Ол үшін әлгі бөлмеден таза ауға булық шығарады. Дымқыл күні булықты мықтап бекітіп тастайды. Илеуіне өмірі сулы, ылғал жапырақ кіргізбейді. Ондайды әуелі илеу үстіне жайып қойып, күн көзіне кептіріп алады. Яғни бұлар кәдімгі жақсы бақшашылар сияқты жұмыс қылады.

 

Н.Рубаки

А.Байтұрсынұлының «Оқу құралынан»

(Бес томдық шығармалар жыйнағы, А., 2004, 2-т., 480 б.)

 

сүйрет: zharar.com

Кілттік сөздер:

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз*