ЖҮКТЕЛУДЕ

Сөзді еңгізіңіз

Дүниетаным

Ешкі тау

әкімшілік 21/05/2018 39 рет қаралды

(«Қырым сөзі», Маркстан)

үзінді

 

Қали, сені кім ұмытар!? Сен жел жетпеске мініп ап жосытқанда, ұшқан құсты жазымсыз жалғыз оқпен жалпитқанда саған сүйінбейтін Отызда бала бар ма еді!? Шиіті мылтық асынып, адам аяқ баспаған Ешкі таудың басында Қали көрінгенде, таутеке біткен қалтырап, қайда барарын білмей сасушы еді. Сенің асылдығың сол: лағын емізген ешкіге еш кезде тимеуші едің. Сен адам түгіл аңға да адамшылықпен қараушы едің.

Бір күні тау ешкісінің жас лақтарының маңыраған даусы естілген кезде Қали Үрмияның үйіне келді. Үрмия – Қалиға әдемі көріну үшін тырнақ, шашын иісті қынаға бояған жас, жесір келіншек. Үрмияға Қалидың көңілі кеткені сонша, оның айтқанын екі етпей, тап десе құс сүті болса да қалай да табуға талап қылатын еді. Мұны жақсы білетін Үрмия да Қалиды әбден әурелеп-бағатын.

Үрмия Қалиға қиын іс істе деріндегі қарайтын мекер көзін тастап:

— Ертең маған тау ешкісін атып әкеп берші, — деді.

— Болмайды! Лағын емізіп жүрген ешкіні қалай атам? Бұ не тілек! – деп, Қали таңырқай қарады.

— Мен керек қылғанда, лағын ерткен ешкі болса да, атсаң қайтеді? – деп қиылды Үрмия.

— Ата алмаймын!

— Ата алмасаң, кет! Сөз бітті, — деп, келіншек теріс бұрылды.

Қали тұрып, міне қызық дегендей болды да, есікке беттеп бара жатып:

— Ақылсыз қатын! – деп қалды.

— Ақылсыз қатынға неге келіп жүрсің? Сейіт Мәмет бүйтіп сөз қайырмайды. Сен атпасаң, басқалар атар. Әйтеуір, тау ешкісі мұнда әкелінеді. Қалауың білсін! – деді сұр жылан Үрмия.

Қали үйіне қайтып келді, назаланып, қалың ойға батты. Бақшада бұлбұл сайрап жатыр. Далада шыр-шыр еткен шегіртке даусы. Көкте бір-біріне жылысып, жымыңдасқан жұлдыздар. Бәрінің атқарғаны сүйіскендік борышы. Жаздың мұндай түнінде ешкімнің ұйқысы келмейтін сияқты. Қали да ұйықтамады. Үрмия жанын әбдән арбап алған. Оның жаман әйел екенін де біледі. Сонда да оны ойламай тұра алмайды. «Сен әкелмесең, басқа әкелер», — деді-ау! Жоқ! Бұл болмас. Менен бұрын ешкім әкелмес деп, Қали орнынан тұрды.

Ол таныс соқпақпен тауға қарай беттегенде таң сімері жер бетін жаңа ғана сүйіп еді. Күн сәскеге таянғанда Қали тырмысып, тырбанып бір таудың басына шықты. Қарсы қабақта үйір-үйір таутеке жүретін. Қали мұны жақсы біледі. Жалғыз-ақ, арада «Жер құлағы» бар. Ешкі тауды екі бөлген үңгірді Қырым жұрты Жер құлағы дейді. Жер құлағының тереңдігі сонша, түбі жердің нақ ортасына барып тоқтайды деседі. Жер астында болып жатқан жақсылық, жамандықтың бәрін де осы Жер құлағы арқылы есітуге болады-мыс.

Қали Жер құлағына жақын келгенде көзіне ақсақал шал түсті. Сақалының ұзындығы сонша, ұшы созылған бойы үңгір түбіне қарай кеткен.

— Аман ба, Қали, құлқын сәріден таутеке атауға келгенің қалай? – деді шал.

— Солай, керегі болып тұр, — деді бұл.

— Бәрібір ешнәрсе атып алмайсың! – деген шалға Қали жақындай беріп еді, ол үңгірге сіңіп жоқ болды.

— Кімсің, қайдасың? – деген сұрағына жауап болмады. Қопарылған тастардың төмен қарай домалаған дыбыстары ғана естілді. Өң мен түстің арасында тұрған Қали тауға қарай көз жіберіп еді, құлағын тігіп алған бір әдемі тауешкі өзіне қарап тұр екен.

Мылтығын кезеніп, көздемек болып еді, ешкіні біреу сауып отырғанын көрді. Сауып отырған әйел таныс көрінді. Бейне өзінің өлген қарындасы сияқты.

Мылтығын түсіріп, қайта қарап еді, ешкі баяғы орнында тұр, тек жанында ешкім жоқ екен. Мылтығын тағы кезенді, ешкі жанында тағы да әйел көрінді. Әйел Қалиға қарап қойды. Өзінің шешесін тани кеткен Қалидың жүзі сұп-сұр болып, түсі қашты. Шешесі оған қарап басын шайқады. Қали мылтығын тастай салып:

— Әжекем! – деп, айғайлап жіберді, бірақ дауысы шықпағандай болды.

Құйын жүріп, қия түбін шаңдатты. Ал ешкі орнынан қозғалмады.

Көзін бір сүртіп алып Қали үшінші рет мылтығын кезеді. Ешкі әлі тұр, тек қасында бір лақ көрінді. Не де болса, амал жоқ деп, дәл жүректі қарауылға алып, серіппені баса бергенде ешкіні еміп жатқан лақ емес, өзі өте жақсы көретін Үрмияның кішкентай қызы екенін көрген Қалидың тұла бойы мұздай боп, қалтырап кетті. Үрмияның жасы қызын атып тастай жаздадым-ау деп, есі ауып, талып қалды. Сол жатқаннан Қалидың қанша жатқанын, орнынан тұрған-тұрмағанын ешкім білмейді. Тек оны іздей-іздей табаны таусылған жұрт, тастан құлап өлген шығар әлде Жер құлағына түсіп кетті ме екен деп, одан күдер үзеді.

Ал Үрмия тез қартайып, жалмауыз кемпір сияқтанып кетті. … Қали туралы жұрт аузында түрлі-түрлі сөз қалды. Бір жылдары Мекеге барып-қайтқан Асан қажы жиылған жұртқа көрген-білгенін айта отырып, бәрінен де тамашасы – Ыстамбұлда дәуріш болып жүрген Қалиды өз көзімен көргенін, «Қали» деп шақырса, ол мұның бетіне қарап, азырақ тоқтап тұрып, ары қарай бұрылып кеткенін айтады.

 

сүйрет: krim.biz.ua

Қазақшаға аударушы: Қыр баласы

А.Байтұрсынұлының «Оқу құралынан»

(Бес томдық шығармалар жыйнағы, А., 2004, 2-т., 480 б.)

Кілттік сөздер:

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз*