ЖҮКТЕЛУДЕ

Сөзді еңгізіңіз

Дүниетаным

Күннің құдіреті

әкімшілік 30/05/2018 114 рет қаралды

Қыста күн төмендеп жүреді, сәулесін қиялатып, бір бүйірден жібереді. Сондықтан, қыста жер жүзі суық болады. Жанды, жансыз заттың бәрі тоңады, сұры кетіп, табиғат біткен солады, айдай әлем жансыз өлік сықылды болады.

 

Жарқырап әсем жаз келеді. Жер жүзіне жан енеді. Жылынып, жібімеген зат қалмайды. Қыбырлап, қыймылдамаған зат болмайды. Қар басына қысым түседі, әндетіп мұз бұзылып, күңіреніп сең көшеді. Өрден төмен су құлайды, өксіп-өксіп бұлт жылайды. Судан бұлтқа бу асады, жер бетін дүркін-дүркін нөсер басады. Мұның бәрін істейтін кім? Мұның бәрін істейтін күн.

 

Дән ісініп өне бастайды, қураған томардан бұтақ тарап, жан-жақа кете бастайды. Ағаш көк жапыраққа орана бастайды, көк майса аяғыңа орала бастайды. Мұның бәрін істейтін кім? Әрине, ол күн.

 

Аю жатағынан шығады, шыбын-шіркей қысқы ұйқысынан тұрады, су ішінде маса туып, көбейеді, жылымда балық өсіп-өнеді.  Мұның бәрін күн үлгереді.

 

Кісі бөренеден үй салады, оны орманнан кесіп алады. Күн ағашқа сәуле түсіреді, сүйтіп ағашты да күн өсіреді. Адам кірпіштен үй қалайды, беріктік үшін кірпішін избеспен байлайды. Избес пен кірпішті күйдірген отын, отынды әзірлеп қойған күн.

 

Адамға тары мен нан керек, ал бұлар күн күшімен өнеді. Адам малдың етін жеп, сүйегін кеміреді. Мал шөппен семіреді, шөпті күн өндіреді.

 

Адам азыққа нан жыйады, жеген кісіні нан қыздырады және нанның өзі пеште қызады, пеш отынмен жылынады. Қысқа қарай жұрт отын жыйады, ол жыйғаны күннің жылуы болады. Қыс пешке отын жақтым дегенің – үйге күннің жылуын жібергенің.

 

Жылу тікелей күннің өзінен болады, я отын мен көмірге, астық пен шөпке сәуле боп түскен көзінен болады.

 

Жел диірмен, су диірмендер айналып жатады, астық тартады. Оларды жүргізетін – жел мен су. Желді кім үргізеді? Желді үргізетін жылу. Жылу қайдан шығады? Жылу күннен туады. Бір жерде ауа ісіп жоғары ұшады, оның орнына басқа жақтан салқын ауа жылысады. Сүйтіп жел соғады, яғни жел де жылудан болады, жылудың өзі күннен туады.

 

Пәбірікте мәшине жұмыс қып жатады, от арба, от кемелерді сүйреп зырқыратады. Мәшинені жүргізетін бу болады, бу отыннан туады. Отын ішінде күннің жылуы тұрады.

 

Қыймыл жылудан туады, жылусыз жаның бір сағатта-ақ шығады. Сол жылумен ары-бері жүреміз, тек жылу болса ғана қыймылдап өмір сүреміз. Жылу кем болса қыймыл да кем, жылу ден болса, қыймыл да ден. Жылу өте күшті болса, қыймыл да өте күшті.

 

Сүйітіп, қыймылдаған, жүргенің,

Адам боп өмір сүргенің,

Қыбырлап жерді басқаның

Бәрі де күннің арқасы,

Қолынан келмес басқаның

 

Л.Толстой

 

сүйрет: awesomeworld.ru

 

А.Байтұрсынұлының «Оқу құралынан»

(Бес томдық шығармалар жыйнағы, А., 2004, 2-т., 480 б.)

Кілттік сөздер:

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз*