ЖҮКТЕЛУДЕ

Сөзді еңгізіңіз

Басты ақпарат Көркем сөз

«Өлең ‒ сөздің патшасы» бола алмайды да

әкімшілік 29/04/2018 246 рет қаралды

Ыспан

 

— жалғасы, басы алдыңғы санда

 

Үйткені, өлеңді өлең ететін тағы бір басты белгісі ‒ оның қандай да ретпен, жүйемен қайталанып келіп отыратын құрылысы мен өзіндік «жорғағы» [1, 227‒252-б.]. Мысалы, қара өлеңнің әр шумағы 4 тармақтан (жолдан), әр тармағы 3 бунақтан және барлығы 11 буыннан, әр бунағы 3 не 4 буынды сөз бен сөз тіркесінен тұрады. Осы бунақтардың тармақ бойында орналасу ретін жорғақ дейді және қара өлеңде оның үш қана түрі, қыйысымы (комбинациясы) бар.

 

 

Ақаң жорғақтың 3/4/4 буындысын ‒ 1-ағынға, 4/3/4 түрін ‒ 2-ағынға, 4/4/3 үлгісінде келетінін ‒ 3-ағынға жатқызып алады да, аталмыш өлеңнің Өлең сөздің / патшасы / сөз сарасы болып келетін 2-ағында болғаны дұрыс дейді.

 

 

Осы тұрғыдан Өлең ‒ сөздің патшасы, сөз сарасы дегеніңіз қара өлең бола алмайды. Үйткені, бұл жолды осы жазылуы бойынша бунаққа бөле оқысақ, ол 2/5/4 бунақты «өлең» болып шығады. Ал қара өлеңде мұндай жорғақ та, 2 және 5 буыннан тұратын бунақ та жоқ.

 

Екіншіден, Ақаң Патшасы / өлең сөздің / сөз сарасы болып келерлік 1-ағынды да жарамсыз санамайды.

 

 

Өлеңнің, яғни тармақтың осындай екінші нұсқасы болуы әрі оның «Патшасы өлең сөздің – сөз сарасы» деп оқылуының өзі «Өлең сөздің патшасы – сөз сарасы» деген нұсқаның дұрыстығын көрсетеді. Айталық, өлең мәтіні Өлең сөздің патшасы түрінде болған болса, ол 1-ағынға салғанда патшасы сөздің өлең, сөз сарасы  немесе сөздің патшасы өлең, сөз сарасы деген қыйсынсыз тармақ шығар еді. Ал мұнда өлең сөздің деп, бұл тіркес бөлінбей, өзгермей қалып, өлеңнің әуелгі жолы өлең сөздің патшасы – сөз сарасы түрінде болғанын ырастап  тұр.

 

Үшіншіден, «өлең ‒ сөздің патшасы, сөз сарасы» дейтіндей 2-5-4 ағынды тармақ ‒ қара өлеңде ғана емес, жалпы қазақ өлеңінде жоқ, кездеспейтін құрылым. Әрі 5 буынды бунақтың өзін «әман келіп отырмай, бірде болса, бірде жоқ … болатындықтан, … тармақтың тұрлаулы мүшесіне санауға болмайды» [1, 391-б.] да. Егер, осылай «өлең ‒ сөздің» деп, сызықша қоя жазсақ, осы 2-5-4-ағын түрінде оқылуы тиіс болады да, ол өлең болмай қалады. Үйткені, «өлең — сөздің патшасы» деп, екпінді «өлең»-ге түсіре оқу оны «ер — елдің баласы, ел — ердің анасы» немесе «көшет — көше көркі» дегендей нақыл сөз, шешен сөз ырғағына түсіреді. Әрі өлең ‒ сөздің патшасы деп алып, оған сөз сарасы дегенді жалғағанда өлең жорғағы тағы бұзылады, «төселіп желіп келе жатып, шоқытып кеткен сияқты, тайпалып жорғалап келе жатып текіректеп кеткен сияқты» [2, 158-б.] болады.

 

Төртіншіден, «өлең – сөздің  патшасы, сөз сарасы» деу ырғаққа құрылатын, ырғақ басты сипаты болып табылатын әрі созылып, қайталанып жатпай, түйіп тасталып отыратын өлең табиғатына жат болады. Оған шашыраңқылық, шұбалаңқылық сипат береді.

 

Бесіншіден, кез келген шумақтың бір тармағы бір ағында, қалған тармақтары басқа ағында бола алмайды. Яғни  «өлең – сөздің  патшасы, сөз сарасы»-на тән 2/5/4 ағыны мен «Қыйыстырар қыйыннан ер данасы»-на тән 4/3/4 ағыны бір шумақта қатар тұра алмайды.

 

Біреулер «өлең — сөздің патшасы» деп жазғанымызбен, оқығанда «өлең-сөздің» және «патшасы» түрінде айтамыз, оқылым 2-5 емес, 4-3 болып бунақталады, яғни «өлең сөздің  патшасы» дегендегідей айтылады, бірақ, мәні «өлең — сөздің патшасы» болады, онда тұрған ештеңе жоқ деуі мүмкін. Алайда, «көше көркі — көшет» немесе «көшет — көше көркі» дегендегідей, сөз бунағының өзі мағынаға, ойымызға сәйкес қалыптасады. Біз бір түрлі айтып немесе жазып, екінші түрлі мағына тудыра алмаймыз. Жазу ‒ оқудың көрінісі әрі қалай жазсақ, солай оқуымыз керек және сондай мағына туады. Мысалы, «өлең — сөздің патшасы» дегенде әңгіме «өлең» және оның «сөз патшасы» екендігі туралы, ал «өлең сөздің патшасы — сөз сарасы» дегенде — «өлең сөздің патшасы» «сөз сарасы» екендігі туралы болады. Әрі мәселенің өзі жазылуында ғана емес, қазақ радиосының үнемі осылай, «өлең — сөздің патшасы» деп оқуында, оқудың дағдыға айналуында және бұлай жазудың да, оқудың да қаталығында болып отыр.

«В.Маяковский өзінің «Өлеңді қалай жасау қажет» деген … мақаласында өлеңнің тууын .. тартымды толғайды. … Оның айтуынша, бәрінен бұрын жазылар өлеңнің ырғағы туады. Та-ра-ра / ра-ра-ра-ра / -ра-ра … Осы ырғақты ақын әуелі ешбір сөзсіз міңгірлеп әндете береді. … Осынау дүріл-ырғақ әлдебір шалқар теңіздің бұйра толқыны секілді де, болашақ өлеңнің сөздері осының түбінен бетіне қалқып шығып, керегі қалып, керек емесі жоғалып жататын інжу-маржан секілді» [3, 252-б.], «Ырғақ деген не? Ырғақ, яки ритм – қимылдың, құбылыстың, үннің жүйелі, мерзімді, мөлшерлі қайталануы. Ырғақ – жасанды емес, табиғи нәрсе, өнерге ғана емес, өмірдің өзіне де тән нәрсе. .. адамның аяқ алысы, жүрек соғысы … бәрі де ырғақ. Міне, осылар секілді өлең де, бәрінен бұрын ырғаққа негізделеді» [4, 246-б.] дейді З.Қабдолов.

 

Ендеше, өлең мен қара сөздің айрымасы олардың осындай әрқалай туу ерекшеліктерінен де көрінеді.

 

                         Тәңірінің күні жарқырап,

                         Ұйқыдан көңіл ашар көз,

                        Қуатты ойдан бас құрап,

                        Еркеленіп шығар сөз.

                                    Сонда ақын белін буынып,

                                    Алды-артына қаранар.

                                    Дүние кірін жуынып,

                                    Көрініп ойға сөз салар.

                                                  Қыранша қарап қырымға,

                                                  Мұң мен зарды қолға алар.

                                                  Кектеніп надан, зұлымға

                                                  Шиыршық атар, толғанар.

                                                                 Әділет пен ақылға

                                                                 Сынатып көрген-білгенін,

                                                                 Білдірер алыс, жақынға

                                                                Солардың  сөйле дегенін [5]

 

дегендей, өлең жолдары: бунағы, тармағы, кейде шумағымен тұтас күйінде ақын аузынан дем, ашу-ыза, кек, қуаныш болып, лап етіп, ақтарылып шығады. Мұны ақынның сол сәттегі тыныс алысы, тамыр соғысының тілдік көрнісі десек болады. Ал қара сөз әрдайым дайын күйінде шықпайды, туу сәтінде жасалып жатады. Ақылдың, жадтың және ниеттің күшімен жасалады. Мысалы, осы тұрғыдан қандай да тапсырыс бойынша жазылған өлең пішіні жағынан дұрыс, мазмұны жағынан өлең болғанымен, шығуы, тууы жағынан нағыз өлең болмауы, жай ғана құрастыру болып шығуы мүмкін.

 

Осы ретте өлең және өлең сөз деген сөздердің тынысы,  өлең – сөздің патшасы мен өлең сөздің патшасы-ның ырғағы бір емес. Яғни шумақтың бір жолы «өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» түрінде 2/5/4 ағынды, қалғандары басқа ағынды болып туа да алмайды.

 

Өлең әуелден қандай да ырғақпен туады да, оның сөзі, сөзінің мәні сол ырғақ бойынша алынады, соған бағынып тұрады және өлеңнің жекелеген тармақтары ғана емес, бар шумағы бір ырғақпен туады. Бір шумағы 7-8 буынды, екіншісі 11 буынды өлең де болмайды. Абай өлеңінің 1-жолын бір ырғақпен шығарып алып, қалғандарын басқа ырғақта болса да, күшпен әкеп құрастырған деуге де еш негіз жоқ.

 

…  Ійә, қай жағынан алып қарасаң да «өлең сөздің патшасы – сөз сарасы» екені көзге шыққан сүйлдей мен мұндалап тұр. Алайда Абайдың өзі де: «…Не пайда бар – мың надан Сырттан естіп таңдансын. … Жүрегіңмен тыңдамай, Құлағыңмен қармарсың» [6] деп, өзін жұрттың шала түсіну мүмкіндігін алдын-ала аңдағандай екен.

 

сүйрет: infourok.ru

әдебиет

  1. Байтұрсынов А. Ақ жол, А., 1991, 464 б.
  2. Байтұрсынұлы А. Бес томдық шырмалар жинағы, А., 2003, 1-том, 408 б.;
  3. Қабдолов З. Сөз өнері, А., 2002, 360 б.;
  4. Қабдолов З. Сөз өнері, А., 1992, 352 б.;
  5. Абай, «Адамның кейбір кездері» атты өлеңінен;
  6. Абай, «Өзгеге көңілім тоярсың» атты өлеңінен;

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз*