ЖҮКТЕЛУДЕ

Сөзді еңгізіңіз

Тілтаным

Орыс тілі ықпалымен бұрмаланған жер-су аттары

әкімшілік 30/05/2018 176 рет қаралды

Ыспан

 

Жақсының аты, ғалымның хаты қалады дейміз. «Жерімнің аты – елімнің хаты» деген де сөз және кітәп бар. Яғни жер-су аты да – хат, біз білетін хаттардың бір түрі. Әрі ол – қағаздағы ғана емес, бүкіл халықтың құлағына құйылып, жадына жазылып, көмейіне қойылып, тіліне ұстартылып, байланып кеткен, байланып қойған хат. Сондай-ақ елдің саяси тарихының хаты, жер мен судың меншіктілік белгісі. Кез келген ел мен халықтың өткен тарихын, тағдырын, кешегісін, бүгінін, ақыл-ойын, таным деңгейін, мәдениетін осы жер-су аты арқылы да байқауға, пайымдауға болады.

 

Үйткені тіл, сөз – ойдың көрнісі ғана емес, олар өз кезегінде ойды өзгертіп, оны жаңадан жасайды да. Біріншіден, біз өмір сүріп отырған ортадағы жер-су аты біздің санамызға, сана астарына (подсознание) әсер етеді. Ол қай тілде аталса, біз сол тілге, сол ділге, сол мәдениетке бейімделе бастаймыз. Біз ол атаулардың дұрыс-бұрысын, жанымызға алыс-жақындығын біліп-ажыратып жатпай-ақ оған ыңғайланатын боламыз. Мысалы, еңбек, еңбекші, алғабас, еркіндік, азаттық, бостандық, бірлік, төңкеріс, теңдік, ынтымақ, кеңес, кеңесарық, қызыл ту, жаңа тұрмыс, жаңа құрлыс, жаңа талап, коммунизм сияқты елаттары біздің түйсігімізге таптық көзқарас, таптық күрес дәнін септі.

 

Ал патшалық Ресей, Кеңес үкіметі тұсында пайда болған және жамырай көбейген орыстекті жер-су аттары қазақ халқының орыстана түсуіне, орыс жұртын ұлы, күшті ұлт ретінде қабылдауына, мойындауына қызмет етті. Орыс қазақ жеріне өзі ғана келген жоқ. Троицк, Свердловск, Комсомольский-Тагильский, Славянка сияқты өздері көшіп шыққан жер аттарын ала келді немесе Саратовка, Самарское, Донское, Малороссийка /1/ Новотроицк, Новоодесская, Новониколаевка, Новоалексеевка деп олардан туынды елат жасап алды. Яғни олар өздерінің шаруашылық түрі, өмір салты, ырым-жырымына қоса орыс тілді жер-су аттарын да қалыптастырып, қазақ жерінің тілдік ортасын да өзгертті. Сүйтіп, орыс жұрты өз жерлерінен мыңдаған шақырым алыста тұрса да, өздерін өз елдерінде жүргендей сезінетіндей жағдай жаса- бақты. Мысалы, осы мақала иесі еліміздің оңтүстігінің өзінде бір ұжымшардағы Кончасть, Сеславино, Карл Маркс, Лесхоз, Ақсай, Кельтемашат (Шахты), Чеченгород, Военка, Димитров, Антоновка деп аталған елдімекендер арасында, осы атауларды күнде есітіп, айтып, жаттап өсті. Бұлардың Ақсайдан басқасының бәрі де біз үшін түсініксіз әрі сөз ретінде де, дыбыстық тіркесім ретінде де құлағымызға да, тілімізге де жат болды. Тіл арқылы бізді өз жер-суымызбен, қоршаған ортамен байланыстыра, туыстыра алмады. Керісінше, оларды алыстата, өз елімізді өзімізге өгейсіте түсті. 

 

Екіншіден, жер-су аты бұл жерде бұдан бұрын кімдер өмір сүріп, кімдердің сөзі жүргенінің, бір заманда кімге тиесілі болғанының куәгері, кепілгері болады әрі бәріміз үшін де бұлтартпас тарихи шындық ретінде көрінеді. Мысалы, бүгінде Саратовтың – сары тау, Красноярскінің – қызыл жар деген түрік сөзімен, ал Семейдің – семь палат, Өскеменнің – устья каменных гор деген орыс сөзімен аталғандарына әрі бұлардан туындар тарихи ой-тұжырымдармен ешкім де таласа алмайды. Бұл – тілдің жадтық қызметінің көрінісі, тарихтың хаты болғаны. Біз сөз, әсіресе жер-су аты арқылы атамзаманда болып өткен жайларға жарық түсіріп, олар туралы шын, жаңсақ, жалған мәлімет ала немесе құрастыра аламыз. Мысалы, Келтемасат, Ұзынмасат деген өзен, су аттарына қарап және өздерін тікелей көріп-білмей-ақ, біз тарихтан олардың қатар жатқаны, өзара ұқсас, тек бірі ұзын, бірі қысқа болғаны туралы шын, қыйсынды мәлімет аламыз.

 

Үшіншіден, жер-су аты бізге саналы түрде, саналық деңгейде де әсер етеді. Яғни біз кімнің жерінде жүрміз, бұл жерде кім қожа, шаңыраққа қарай жүр дегендей, астарлы емес, анық түсінік қалыптасады. Бұл оның саяси тұрғыдағы, тікелей әсері. Төртіншіден, жер-су аты күнделікті өмірде аса жиі қайталанып айтылатын, қоғамдағы ең белсенді қолданысты сөздер тобына кіреді.

 

Осы себептерге орай, жер-су атына көпшіліктің күнделікті қарекетіне қажетті атау сөз, тіл білімінің ғана нысаны ретінде қарамай, оны мемлекеттік саясат пен ұлттық салт-сана (идеология) негізі деп тану, соған сай мән-мағына беру керек болады. Қазақстандағы жер-су аттарының бұған дейінгі тарихы қазақ жұртын орыстандыруға қызмет етіп келсе, енді олардың қазақшалануы басқа ұлт өкілдерінің қазақтана түсуіне, елімізде мақсат-мүдесі бір, бір тұтас қауым қалыптасуына негіз болуы тиіс.

 

Өкінішке орай, тілдік басқыншылық саясатының, басқа ел, басқа тіл үстемдігінің тілдің басқа салаларын былай қойып, тек жер-су аты арқылы келтірілетін және тек тілдің өзіне ғана тигізетін зардабының өзі орасан дерлік. Мұндай кері ықпал салдарынан халық өзінің дұрыс тілдік дағдысынан жаңылады. Тілдің ғасырлар бойы тірнектелген, Ақаңша айтсақ, асыл жүйесі бұзылып, бей-берекеттене түседі. Тіл өзінің тарихи, табиғи бастауларынан ажырап, онда түсініксіз, төркіндетілуі қиын сөздер үлесі артады немесе олар жаңсақ түсінілетін болады. Мысалы, Алматы облысындағы Инин, Шиен, Киз, Шығыс Қазақстандағы Верхуба, Ардынка [1], Орталық Қазақстандағы Иабай, Жалбаше, Матекол, Кулшин, Колутон, Алутау, Бурташ,  Манадыр, Килагир, Киндор [2-3] немесе Чугучаг, Тюкалинск, Калочинск, Шердаяк, Селшярка, Балакшино, Осакаровка сияқты қазақ жеріндегі басқа да елаттарының нендей сөз екенін, қайдан шығып, не мән берерін тұлғасына қарап біле қою қиын. Тіпті бұлардың бірқатарын тілші, жер-су атын зерттеуші мамандардың өзі айтып бере алмайды. Сондай-ақ кейінірек қазақша дыбысталуы бойынша тұлғасы өзгеріп кетуі мүкін Киз атауы тек орыс тілінде ғана тарқатыла алады. Ең бастысы – бұл атаулар орысша айтылуында ғана емес, қазақша айтуда, жай жұрттың сөйлеу тілінде де орысша дыбысталуы бойынша қолданылып, бұл жай жазуда, соның ішінде арнайы қабылданатын әкімшлік-аумақтық құжаттарда, іс қағаздарында да көрініс беріп, тұрақтай түсуде.

 

Жалпы қазақ жер-су аттарының басқа тіл ықпалы салдарынан  мүлдем түсініксіз немесе жаңсақ түсінілетін болып қалуы, яғни бұрмалануы бірнеше деңгейде жүреді. Мысалы, Архарлы (арқарлы), Шарафкент (шарапкент), Сүмбе (сүмбі), Мерке (меркі), Тобол (тобыл) атауларының орысша айту ыңғайына қарай бір ғана дыбыстары ауысқан. Бұлар адам танығысыз күйге жетіп, айрықша қолайсыздық тудырмайтынымен, дыбыстау құралымыздың, қазақ тілінің өзіне тән дыбыстық тіркесім жүйесінің орыс тіліне икемделіп, өзінің табиғи қалбынан айырыла бастағанын көрсетеді. Ең қауіптісі – сырт көзге байқаусыз, елеусіз, бір дыбыста тұрған не бар дейсің дейтіндей, ереңсіз күйде. Айталық, Украина, Америка, Афина, Сарканд, Самарканд, Коканд, Каспий, Аякөз, Машат сияқты елаттарын да ешкім де қандай да қатесі бар, қазақ тілі дыбыстық жүйесіне жат сөздер деп есептемейді. Дегенмен бұл атауларда қазақ тілінің дыбыс үндестігі, кейінді ықпал заңдары, тіліміздегі дыбыстық тіркесім дәстүрі бұзылып тұр және қазақшалай айтсақ, украин, әмірике, апиын, сарқан, самарқан, қоқан, аягөз, масат болар еді. Шын мәнінде бұл атаулардағы артық не кем, ауысқан бір дыбыстың өзі бүкіл сөздің дыбысталу ырғағын, айту екпінін өзгертеді. Мысалы, сүмбе, мерке, тобол дегенімізде дауысымыз қаттырақ шығып, сөздің соңына және бүкіл бойына екпін қаттырақ түседі, яғни айту демі көбірек шығып, күш те көбірек жұмсалады. Ал бұл қазақтың қалыпты сөйлеуін, оның екпін-ырғағын бұзады.

 

 

сүйрет: alashainasy.kz

 

 

  1. Әлімхан А. Шығыс Қазақстандағы орыс тілінен енген топонимдер //Нығмет Сауранбаев және қазақ тіл білімі, А., 2000, 184–187-б.
  2. Қазақстанның географиялық атаулары. Ақмола облысы, А., 1998
  3. Сулы, нулы Жетісу, А., 1994

ҚызПУ Хабаршысынан (Тіл-әдебиет бөлімі, 2010, 5, 109–112-б.)

 

– жалғасы бар –

Кілттік сөздер:

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз*