ЖҮКТЕЛУДЕ

Сөзді еңгізіңіз

Басты ақпарат

ҚАЗАҚТЫ ҚОРҚАУЛАР ЕМЕС, КӨК БӨРІЛЕР БАСТАСА ДЕЙМІН

әкімшілік 26/04/2020 85 рет қаралды

 

Біз, өзімізді арыстанбыз деген жоқпыз. Қабыланбыз деп тағы айтпаймыз. Өйткені біз, көк бөріміз. Арлан мінезді көк бөрінің ұрпағымыз. Тектілігімізде, күштілігімізде сонда жатыр. «Арыстандай айбатты, қабыландай қайратты» деп жатады. Адамның іс –әрекетіне қарап. Бірақ арыстаннан не болмаса қабыланнан тарағанбыз деген алаш баласы жоқ. «Арғы атам –көк түрік» дейміз де, оған «көк бөріден тарағанбыз» дегенді қосып қоямыз.

«Бөрілі менің байрағым» деп Сүйінбай бекер жырлаған жоқ. Тіпті арыдағы «Оғыз қаған» жырында да көк бөрі жөнінде айтылады. Тарихқа көз тіксек, түркі тайпаларының басты тотемі – бөрі екенін көреміз. Жалпы әлемдегі барлық халық-ұлттар өздерінің арғы тегін аң-құстан шығарып жатады. Бұл ескіден қалған танымдық сенім. Ал, біз өзімізді көк бөрінің ұрпағымыз дейміз. Осы жөніндегі ескі аңызды қайталап жатудың дәл қазір реті жоқ. Айтқымыз келгені сәл өзге. Әгәрәки, тарихқа көз салған кез-келген адам, алаш баласының ел болып қалыптасу үшін, қоныс еткен атамекен жерін қорғау үшін көк бөрідей алысқанын байқайды. Көк бөрідей күшті, көк бөрідей текті екенін аңғарады. Көз жеткізеді. Көк бөрінің мықтылығы, тірідей терісін сыпырып жатсаң, қыңқ етіп, дыбыс шығармайтындығы, өлексені жемейтіндігі, жұбына адалдығы, әлдісі әлсізіне қамқор болатындығы, еркіндікті сүйетіндігі. Аң патшасы арыстанан бастап, қолға үйренетінін білеміз. Бірақ бөріде ондай қасиет жоқ. Қолға үйренбейді. Ол сайын даланың еркін кезген текті тағысы. Исі қазақ тектен тек өзін көк бөрінің ұрпағымыз демесе керек. Бөрінің осындай ерек қасиеттерін білгеннен болар. Қазақ текті еді, қаны таза еді. Бірақ ол кешегі қазақ секілді. Бүгінгі қазақ басқа. Өзгерген. Қазіргі қазақта көк бөрілік айбатпен қайраттан гөрі қорқаулық басым ба деп қаламын. Ел алдына шыққан әр бір өр ұлдың шаужайына жармасып, жолын торып, ор қазып жүретін қорқаулар (шакалдар) көбейді. Оза шапқанды күндейді. Өсек таратады. Осылайша баяғы көк бөрілік қасиеттен жұрдай бола бастаған. Қорқау-сатқындардың кесірінен кеше Кенесарымен Махамбеттің басы кесілді, алаш арыстары ұсталды, қамалды, атылды. Елім деп ел тізгінін ұстаған талайдың жолын осы қорқаулар кесті. Қазірде сол. Олжасты (Сүлейменов), қос Мұхтарды ( Мағауин мен Шаханов) сол қорқаулар жүнше түтті. Ел алдында қадірсіз етуге тырысты. Алайда осы үшеуіде исі қазақ үшін істеген еңбегі ерен. Оны тізбелемейік. Кез-келген адам осы үшеуінің деңгейіне жетіп, қазақ үшін, ұлт үшін қаламыменде, ісіменде тірлік жасап көрсін! Қазір қорқаулар көбейген заманда өмір сүріп отырмыз. Кешегі көк бөрінің рухы құлаған, тауы шағылған. Ал, сол рухты қалай қалпына келтіреміз? Қиын мәселе. Мұхтар Мағауин былай дейді: «Қазақтың қасқыры – әлбетте, қасқыр емес, шене, құрт кезінде, яғни бағзы заманда әлемдегі ең айбарлы аң болған. Және қандас, тумалас, ең сүйікті аң. Барлық жұрт емес, қазақ – әуелгі қазақ үшін. Арыстаның да, жолбарысың да тең емес. Рас, арыстан – сес пен күш, жолбарыс – еп пен қуат, бірақ шене, құрт – жүрек пен рух. Қайтпас ерлік. Әрі тылсым мен пыс. Сондықтан да бабамыздың байрағына түсіп, ұранына айналды». Тағыда сол Мағауин «Бөрі – ырыс еді, ұран еді, бөрі – батыр еді» дейді. Мен мынау жаһандану дәуірінде тілі де, діні де, ділі де додаға түсіп, көкпарға тартылған лақтай болып тұрған кезде, қазақта қорқаулар емес, көк бөрілер көп болғанын қалар едім. Қазақты қорқаулар емес, көк бөрілер бастаса деймін. Көк бөрі күштің, мықтылықтың, рухтың белгісі. Біз осы жағынан ұтылып тұрғандаймыз. Қандай қиын жағдайлар болсада бөрілік біздің қанымызда.
Бір болайық!!!

Азаматхан ӘМІРТАЙ, «Байтақ болашақ» экологиялық альянстың төрағасы

 

https://tazael.kz/ сайтынан

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз*