ЖҮКТЕЛУДЕ

Сөзді еңгізіңіз

Тілтаным

Рысқұловшылдықтың кәзіргі кері, кітәпшілдік көрнісі

әкімшілік 30/05/2018 145 рет қаралды

Ыспан

 

Затың бөлек, атың ыстық туған жер!

 

Кеңестік отарлау саясатына қарсылық ретінде пайда болған рысқұловшылдық бүгінде басқа қырынан көрініп отырғандай. Бұлай деуімізге Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданының орталығы – бұрынғы Ванновка-ның Тұрар Рысқұлов делініп, кітәбилана әрі шұбалаңқылана аталуы себеп болып отыр.

 

Ал бұл атаудың орынсыздығын, қоңсы жатқан Жданов-тың Тұрар ауылы аталғаны ескерілмегенін бұған дейін филология ғылымының докторы Д.Қамзабекұлы да жазған [1]. Ванновканың жұрт жадында Көкірек ретінде сақталғаны да белгілі [2, 119-б.]. Дегенмен, белгілі ғалымдар М.Мырзахметов пен М.Серікбайұлы бұл ауылды Майлыкент деп атауды ұсынған да және өңірдің өзі де «Патша өкіметі кезінде Майлыкент болысы атанған» [3] да екен. Ертеректе үлкендердің мәйлікент сөзін Ванновка мағынасында қолданып та қоятыны жадымызда болғандықтан, Ванновка аты өзгертілетінін естігенде біз де енді ол Майлыкент аталар деген үмітте, сенімде болып, еліміз, жеріміз, осыншалық сұлу сөз тудырған тіліміз үшін қуанғанбыз. Тұлғасы көркем, мағынасы тұшымды, сөз төресі дерлік Майлыкент атауы сондайлық жер жанаты – Түлкібас өңіріне жараса кетеді әрі Тәшкент, Шымкент, Мәңгент, Майлыкент, Жаркент болып, үйірімен ұйқасып тұратын болды дегенбіз. Екіншіден, бұл атау кент түбірі арқылы бізді түркілік тарихымызбен табыстырып, ел болу, қала салудың Баршынкент, Құмкент, Саудакент, Созақкент, Түймекент сияқты арғы замандардан келе жатқан өзіндік дәстүріміз бен мәдениетіміз барының көрінісі, бірден-бір белгісі қызметін атқарар еді. Амал нешік!

 

Ал осыншалық орайы келіп тұрған атаудан бас тартып, таңдаған Тұрар Рысқұлов-тың бірнеше кемістігі бар.

 

Біріншіден, қатар жатқан екі ауыл атын бір кісі атымен атау – бояушы, бояушы дегенге сақалын бояптының кері ғана емес. Мұнда ел қадірін, ер қадірін кетіру де, жер-су атын ұсқынсыз таптаурынға (штампқа) айналдыру да, сауатсыздық пен жауапсыздық та жетіп-артылады.

 

Екіншіден, бір бұл емес, Жамбыл облысындағы Тұрар Рысқұлов, Солтүстік Қазақстан облысындағы Ғабит Мүсірепов, Мағжан Жұмабаев, Шоқан Уәлиханов сияқты аудан аттарының кісінің аты мен тегінен, яғни екі сөзден тұруы да ат беру, есім жасаудағы кемшілікке жатады. Үйткені елге, жерге арнайы түрде ат бергенде кітәпшілдікке салынып, ол атау иесінің кім екені екі ұштыланбай, нақты көрініп, оқылып тұруын, ресми құжатта адамның аты-жөні құсап толық, «әдемі, анық» болып жазылуын ғана емес, бірінші кезекте сәт сайын мыңдаған рет аталып-қолданылатын бұл сөздің айтуға да, жазуға да қолайлы, қысқа-нұсқалығын ескеру керек болады. Мысалы, орыс тіліндегі Свердловск, Кировск, Калининград, Ленинград сыйақты қала аттары осылай жасалған әлде қалыптасқан. Ал осыларды Владимир Ильич Ленин, Михаил Калинин, Сергей Миронович Киров деп «сірестіріп» қойса, не болар еді?! Сірә, ешкім, ешқашан бұлай айтпаған, айтайын да демеген. Яғни жоғарыдағы атаулар тілдің, сөйлеу тілінің үнем заңы мен айтуға жеңілдік талабына қайшы келеді. Сондықтан оларды Тұраркент, Мағжан ауданы сияқты тұлғада ықшамдай алу жөн болар еді.

 

Үшіншіден, аталған атаулардың бәрінде түбінде тілімізден шығып қалуы, шығарылып тасталуы тиіс орыс тілінің «-ов» қосымшасын іс жүзінде қазақ тіліне қайтадан тықпыштау, тұрақтандыру жайы орын алған. Біздіңше, алдағы уақыттағы тілге, сөзге қатысты әрбір әрекетімізде біз тілге жат, бөгде тіл бірліктерінен мейлінше арылу бағытын ұстануымыз қажет. Сондай-ақ мұндай жер-су аты адамның тегіне ұқсап, әңгіме әлдене емес, әлдекім туралы болып тұрғандай әсер туғызады. Сірә, орыс тілінде тек арқылы жасалған жер-су аттарының тікелей «-ов»-қа бітіп тұрмай, өзгере айтылуының бір себебі осында болса керек.

 

Елат, жерат, жеке ат, олардың орыстануы туралы бір ауқым мақала жазған М.Мырзахметұлы ірі жер-су атын адам атымен атаудың дұрыс еместігін айта келіп, «Орысша қалыпқа түсірілген Тұрар Рысқұлов ауданы, … Қаныш Сәтбаев қаласы тәрізді атаулар да орын ала бастады. … кісінің аты мен тегін … қоса қабаттап қою ұлттық дәстүрімізге жат құбылыс. … Мысалы, Абай ауданын Абайдың фамилиясын қоспай өз атымен ғана атаймыз. … Ал енді келіп не себепті Ыбырай Алтынсарин ауданы деп аты мен фамилиясын қоса қабаттастырып қоямыз? … Неге Абай көшесі дейміз де, Ыбырай Алтынсарин, Шоқан Уәлиханов, Мұхтар Әуезов көшесі деп басқа қалыпқа түсіп кетеміз? … Мұның ешқандай құпия сыры жоқ, бұл бәз баяғы шет халықтың, яғни бізді нешеме ғасыр билеп төстеп келген Ресей патшалығы мен сол дәстүрді жалғастырған кеңестік идеологияның … санамызға сіңіріп жіберген бөгде ұлттық дәстүр шеңберінен шыға алмайтын құлдық психологиядан» [4] деп, бұл кітәпшілдік рысқұловшылдықтың себебі бейғамдық пен соқыр көргенінен жазбайтын надандықтан ары асып, құлдық құлыққа, табынушылыққа барып тірелетін көрсетеді.

 

Әрине, жер-су аты табиғи түрде, сөйлеу тілінде, халық тілінде жасалған болса, аталған кемшіліктер болмас еді. Алайда, бүгінде жер-су ат арнайы түрде беріледі. Тек арнайы түрде берілетінімен, кәсіби негізде жасалады деуге келмейді. Үйткені, оны жасаудың осы уақытқа дейін нұсқаулық негізі жоқ, жасалмаған және жасалайын демеген де. Сірә, арнайы түрде ат берілетін болған соң оның ғылыми жүйесі, нұсқаулығы болуы керек-ақ. Айталық, жер-су атының екі-үш емес, бір ғана сөзден тұруы, атау құрылымы қандай болуы, қандай болмауы керектігі, жиі және жедел қолданысқа қолайлығы арнайы анықталып, көрсетілуі, елат, жерат жасауға қатысты қазақ тілінің түбір-қосымшалары жыйналып, тізімделуі керек еді. Мысалы, орыс тілінде Ваннов/ка, Свердлов/ск делініп, тек арқылы жасалатын жер-су атқа тіркелетін жұрнақтар баяғыдан қалыптасып қойған және мұндай жұрнақ қазақ тілінде де жоқ емес. Алматы қаласындағы бір буынды «-кент» арқылы жасалған «Ақкент» ықшамауданы осының дәлелі.

 

Сірә, кемшіліктің үлкені қаталасуда емес, сол қатаны дер кезінде түсініп, мойындап, уақыты келгенде түзетпеуде екенін ұмытпаған жөн дер едік.

 

сүйрет: youtube.com

 

  1. Қамзабекұлы Д. Түлкібастың түзетулері түзік пе? //Тіл саясаты: тағылым мен тәрбие, А., 2005, 89–90-б.
  2. Мырзахметұлы М. Қазақ қалай орыстандырылды? А., 2011, 400 б.
  3. Қыдырәлі Д. Түлкібас атауы қайдан шыққан? //http://okg.kz/
  4. Мырзахметұлы М. Қазақ топоноимдері мен антропонимдері //Қазақ тілі мен әдебиеті, 10.2002, 3–8-б.

 

«Онамастикалық хабаршы», 2014, 1, 43–44-б.

Кілттік сөздер:

1 Comments

  1. Өте дұрыс. Келісеміз.

    Ответить

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз*