ЖҮКТЕЛУДЕ

Сөзді еңгізіңіз

Көркем сөз

Шоқайдың айтқаны

әкімшілік 23/05/2018 55 рет қаралды

(жетілдірім)

 

Бір жылы Шоқай шаруасы шақталып, қоныс аударып, елінен көшіп кетеді. Үш-төрт жылдан кейін елін сағынып, салт қыдырып келе қалады.

 

Ауылын, ағайындарын аралап жүріп Баймағамбет ханның үйіне келеді. Келсе, ханның үйінде Қазы би отырады. Оған амандықтан кейін Қазы:

 

— Ійә, Шөке, құс жөнекеге қыстайды, қысы жақсы болса, түлеп ұшады, қыс жаман болса, жүдеп ұшады деуші еді, барған жеріңізден қалай келдіңіз? – дейді.

 

— Әй, Қазыжан-ай, біреуді ырзық айдайды, біреуді ажал айдайды, шырағым. Мен шашылған ырзығымды теріп жүрмін, ал енді … — деп Шоқай, Баймағамбетке бір, өзіне бір қарай бергенде Қазы шап етіп:

 

— Шөке, енді осының арғы жағын айтпай-ақ қойыңыз, менен бір ат-шапан айып алыңыз, — деп, Шоқайдың қолынан ұстай алып, айтар ойын аяқтатпай қояды.

 

Содан Шоқай бір күн қонақ болып, ертеңінде Қазы мен Баймағамбеттен екі ат, екі шапан алып кетіп қалады.

 

— Ау, Қазы-ау, әлгі шалға неден айыпты болдық, сен ат-шапан беріп жатқасын, мен де бере салдым, — дейді Баймағамбет.

 

— Ой, ханым-ай, сен ешнәрсе түсінбеген екенсің ғой, енді болмағанда, арғы жағын қоқытатын еді. Сенің әкең мен менің әкем екеуінің екі жақта қаңғып жүріп өлгенін айта жаздады. Осынша жұрттың ішінде оны естіп жер болғанша, ат-шапан айтып құтылғанымыз жақсы ғой, — дейді Қазы би.

 

— Япырай, бізді құдай сақтаған екен, — деп Баймағамбеттің де зәресі ұшыпты.

 

* * *

 

Шоқаймен ағайындары араз болып: «Оны шабамыз, Тескентауға айдатамыз деп күпініп жүрген кезде ойламаған жерден Шоқайға істері түсіп қалып, амалсыз алдына барып:

 

— Шоқа, кешіріңіз, бізден бір білместік кетті, — деп ағайындары жалына бастапты.

 

Сонда Шоқай:

 

-Жаным-ау, кеше қоқаңдағандарың қалай, бүгін шоқаңдағандарың қалай? – деген екен.

 

сүйрет: Дарья Қарсақбай

 

Айсұлу Бейсенғалиева, «Сөз тапқанға қолқа жоқ» (1988) атты кітаптан

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз*