ЖҮКТЕЛУДЕ

Сөзді еңгізіңіз

Басты ақпарат Тілтаным

Шымбұлақтың «шым»-ы

әкімшілік 29/05/2018 87 рет қаралды

Ыспан

 

 

Шыңдағы «жұмақ» Шымбұлақ, Шырайлы мекен Шымбұлақ, Шыңдары Шымбұлақтың шып-шып терлеп, тұрғандай туған жерді күймен тербеп [1-3] деп өлеңдетіліп, күн өткен сайын көптің аузына ілігіп келе жатқан «Шымбұлақ» атауы турасында орыстілді бір сөздік:

 

«Название Чимбулак (по-казахски «Шымбулак»), скорее всего, происходит от тюркского «шым» (мох, густая трава) и «булак» — родник, то есть горный родник, вытекающий из мха» [4] деп, долбарлай салса,

 

филология ғылымының докторы Қыздархан Рысберген:

Шым деген ол тегістік жерде өсетін көк. Шым қалың өскен жерден бұлақ шығуы мүмкін. Ал, мына біз білетін Шыңбұлақ … шыңнан ағып тұрған су болғандықтан, мұздақ шыңда шым қалай өседі деген сауал туындайды. Яғни, бұл шым сөзіне байланысты емес өсімдік [5] деп, шым-ды көкпен, әлдебір өсімдікпен байланыстырып, шым қалың өскен жер-ді айтып, ойды, оқырманды онан ары адастырады.

 

 

 

Екіншіден, «Дұрысы – «Шымбұлақ» емес, «Шыңбұлақ», .. қате атауды осы бастан түзеп алмасақ ертең кеш болады» деп, қазақ даласы жерат, елатының түзелуіне үлкен үлес қосқан ардақты ағамыз – Молдияр  Серікбаев пен «Мемлекеттік каталог» тағы да жаңылыс айтып, жаза басады [6-7]. Тарихшы Асқар Селеубай да «Түп-тұқияннан өзіме шейін» атты кітапта Шымбұлақ емес, Шыңбұлақ болғанын жазады [5].

 

Ал осындағы шың мен шым-ның арасына көпір салмақ болған келесі бір авторлар: Түркі тіліндегі «шың» деген сөз «терең, тік шатқал» деген мағына береді. … Ал түркі сөзінен өзгеріп жеткен «шың» сөзі «шыңырау кұдық», «шыңырау» деуге келеді. … Сондықтан түркі тіліндегі «шың» мен казақтын «шым» сөзін шатыстырмау керек [8] және Ежелгі тарихтан сыр шертетін бұл жер тек кейінгі жүз жылдың көлемінде ғана шетелдіктердің дыбыс үндестіктеріне қарай «Шымбұлақ» аталып кеткен [9] дей отырып, бірінші кезекте өздері әрі өздерінше шатасып, өзгені де шатастырып-бағады.

 

 

 

 

 

 

 

Ырасында, Шымбұлақ-тың шымшым-нан, мүктен, өсімдіктен шыққан ба және ол түзетіліп, Шыңбұлақ аталуы керек пе?

 

Біріншіден, шым – мүк те, қандай да өсімдік те, оның басқаша түрі де емес. Шым – 1. Жердің жылдар бойы шөп тамырлары тұтасып өскен құйқалы қабаты. 2. Қора-қопсы қабырғасын тұрғызуға, арық суын бекітуге, жүйектерге су тартуға пайдалану үшін күрекпен, кетпенмен жерден ойып алынған шым кесегі [10] дейді Бас сөздік. Густо заросший травой, скрепленный корнями многолетних растений верхний слой почвы [11] деген орысшасы да осыны қайтайлайды.

 

Екіншіден, Шымбұлақ «шым»-ының әуелгі нұсқасы – бір қатар авторлар айтып кеткендей, «шың» түбірі. Яғни ол шым-нан, шым-ның ешқандай да түрінен шықпаған.

 

Үшіншіден, бұл жерде ешқандай түркі тіліндегі «шың» мен қазақтың «шым»-ы шатастырылып тұрған жоқ және әуелгі шың-ның шым-ға айналуы шетелдіктердің дыбыс үндестіктеріне қарай емес, қазақ тіліндегі дауыссыздардың ерін үндестігі заңы, яғни әуелгі «-ңб-» дыбыстық тіркесімінің айтуға қолайлық үшін «-мб-»-ға ауысуы арқылы, ауыздың қалауымен жүзеге асып тұр. Әрі Шапырашты Қазыбек Бек Тауасарұлының «Түп-тұқияннан өзіме шейін»-інде Шымбұлақ емес, Шыңбұлақ болуы – ол кітапта бұл сөздің өз заманына сай дұрыс жазылғанын ғана көрсететін мәлімет.

 

Төртіншіден, басқа, жат тілдің, ділдің әсерімен емес, қазақ тілінің өз заңы бойынша өзгеріп, жетіліп әрі жүз жылдан әлдеқайда көп уақыттан бері айтылып келе жатқан атауды өзгерту, жаңсақ жолға салу – тіл, табиғат заңына қарсы қыймылдау, ілгері басқан аяқтың кері кетуі болады. Яғни бұл жердің бүгіндегі дұрыс аты Шыңбұлақ емес, Шымбұлақ болғаны.

 

сүйрет: gorny-club.kz

 

  1. Юн В. Әңгімелескен Жекейұлы З. Шыңдағы «жұмақ» Шымбұлақ //Түркістан, 13.12.07, № 50-51
  2. Аманжол Н. Шырайлы мекен Шымбұлақ //Айқын, 02.08.07, № 142
  3. Аманжол Н. Шыңдары Шымбұлақтың шып-шып терлеп, тұрғандай туған жерді күймен тербеп //Дала мен қала, 02.02.07, № 5
  4. Краткий словарь топонимов Казахстана, А., 1974, 259-б. //http://veters.kz/poeziya-gornyx-nazvanij/
  5. Шымбұлақ па әлде Шыңбұлақ па? //https://www.zakon.kz/4897973-shymb-la-pa-lde-shy-b-la-pa.html
  6. Серікбаев М. Дұрысы – «Шымбұлақ» емес, «Шыңбұлақ» //Алматы ақшамы, 14.07.07, № 86
  7. Қазақстан Республикасының географиялық атауларының мемлекеттік каталогы, …. 4-том, 385-б.
  8. http://www.uniface.kz/interfacts/index.php?post=article&id=229
  9. Шымбұлақ па әлде Шыңбұлақ па? //https://www.zakon.kz/4897973-shymb-la-pa-lde-shy-b-la-pa.html
  10. Қазақ әдеби тілінің сөздігі, А., 2011, 15-т.
  11. https://www.google.kz/search?q
Кілттік сөздер:

You Might also Like

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз*