ЖҮКТЕЛУДЕ

Сөзді еңгізіңіз

Тілтаным

Тіл шұбарлығы деген не?

әкімшілік 11/05/2018 163 рет қаралды

Ыспан

 

Сөз басы

       Әуелден “аяғы былғаныш жерді былғаса, аузы былғаныш елді былғаған”. Әзір де солай әрі бүгінде оны тайлы-таяғымызбен, жабыла жүзеге асырудамыз. Айталық, түбінде Ақаң (А.Байтұрсынұлы) айтқан, «асыл да, түзу тілімізді» тығырыққа тіреп тынатын тіл шұбарлығы біз үшін қалыпты құбылысқа айналды. Екі сөздің бірін орысша шатып, осы күнгі тіліміз шуарала жыландай және мұндайды есіте-есіте етіміз де өліп қалғандай.

       Қазаннан қарауыл кетсе, иттен ұят кетіп, сәт сайын вторник, пятница, июль, августь, вход, выход, сиденье, задний, передний, верхний, нижний, свежий, голубой, льготный, платный, этаж, квартира, стена, парикмахер, библиотека, вахта, тетрадь, линейка, линия, подушка, простьня, давление, ангина, анемия, простуда, желудок, бронхы, печень, почка деп оңды-солды төпеп жатамыз.

       Ал ең бастысы – бұлай жөн сөзге жүрмей, сөз арасына су жүгіртіп, сына салып отырған тілазар телілер ғана емес. «Тілді бұзатын оқығандары» демекші, сөздің сұраушы-сынаушысы саналатын жазушы-ғалымның да, өзгеге мәдениетті сөйлеуді үйретуші мұғалымның да күнделікті тірліктерінің бірі – тіл шұбарлау болуда. Тіпті тілдің, сөздің соңғы сақшысы, сақтаушысы – ауыл ақсақалы, ақ басты әженің өзі: баламның вышшый абразованійесі бар, вышшый ішколада оқығам, абыласной бәлнійсе, кәндиләт нәуік, крәсній дійплөм, пәрөг сердсә екен деп отырады.

      Иә, тіл шұбарлығы қазақтың үлкен-кіші, жақсы-жалбайының бәріне ортақ, аршып алып тастауға да болмайтын, қарғамасыңа тағы болмас жалмауызына айналды және бір қызығы – мұндай сөздерді қазақша айтса, ә дегеннен түсінбей қалатын да халға жеттік. Мысалы, біреу: –бұрылыстан түсемін десе, –повороттан ба? немесе «-шәй с молоком ба?» – деп қайта сұрап, сенбі, сәрсенбі десе, тағы да – не дедің, ол қай күн еді, орысшасы қалай? – деп қаламыз.

      Яғни дұрыс сөзден жағымыз ғана жаңылып қоймай, құлағымыз да тана бастады.

       Сірә, қайдан құлақ шығарса да, қазаншының өз еркі, ауыз да, сөз де өзімдікі, қалай айтқанымда кімнің, не жұмысы бар деуге де болар! Дегенмен, аңдамай сөйлеген ауырмай өледі. Аңдаусыз ауыздан ары да бері айтыла берген соң, көңілдегі көрікті ойдан не қалмақ? Сөйлер сөз қалай түзелмек? Бір-екі ауыз сөзді түзу, түгел айта алмай тұрып, мемлекеттік тіл туралы мәселе көтеріп, заңды өзгертейік, қазақшаға көшейік деп көсемсуде не мән болмақ?

 

Тіл шұбарлығының өзі

       Ал тіл шұбарлығы деп бөгде тіл сөзін немесе басқа да бірліктерін араластыра сөйлеуді айтамыз.

       Мұның басты белгісі – тілде бұрыннан бар, күні кешеге дейін мінсіз қолданылып, сөйленіліп келген сөз орнына, оның орысша немесе басқа тілдік нұсқасы, тіларалық пара-пары (межязыковой эквивалент) қолданылады.

       Екіншіден, ол сөйлеу тілінде пайда болады.

     Үшіншіден, әуеліде тілдің өзіне емес, сол тілдің белгілі бір сөйлермендеріне, олардың ана тілінде сөйлеу мәдениетіне қатысты көрінеді. Дегенмен, кең тарап, тереңдей келе тілдің бұзылуына, жаңа, шұбар тілдің туып-қалыптасуына да алып келеді. Яғни уақыт өте келе тілге де қатысты болады. Сөйлерменнің ғана емес, тілдің де кемістігіне айналады.

     Төртіншіден, тіл шұбарлығы міндетті түрде бөгде тіл, бөгде ел, жұрт ықпалымен және екі негізде пайда болады әрі үш кезеңнен тұрады.

     Осыған орай, ол елікпелі тіл шұбарлығы, еріктен тыс тіл шұбарлығы, түпкілікті тіл шұбарлығы деген түрлерге бөлінеді.

 

— жалғасы бар —

сүйрет: citysmart.me

Кілттік сөздер:

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз*