ЖҮКТЕЛУДЕ

Сөзді еңгізіңіз

Тілтаным

Тілді үйрету емес, күйрету — 3

әкімшілік 21/05/2018 78 рет қаралды

 

Сапарқан Мырзабектен

 

 («1-сынып оқулығына (2001)» қатысты)

 

Жалғасы, басы өткен сандарда

 

Ал енді «Әліппедегі» аталған ақауларды «1-сынып оқулығы» (2001, сол авторлар) түзеп жатса, кәне! Жөргегінде жолы болмаған ілімнің түзелуі де қиын болар.

 

Дегенмен, оқулықтың: «Дыбыстарды айтамыз, естиміз. Әріптерді көреміз, жазамыз» (11-б.), – дейтін, дыбыс пен әріптің арасына меже қоятын белгілі де негізгі қағидадан басталғанын көріп ішіміз жылып, «Сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел», – деуге шақ қалғанбыз.

 

Алайда бұған берілген жаттығулардан дыбыс пен әріптің арақатынасын саралауға, тым болмаса, шамалауға септігі тиер еш нәрсе таба алмадық. 10-жаттығу «хоккей, команда сөздерінің жазылуын біліп алыңыздар. Бұл сөзде неше дыбыс бар?», – деп қиылады. Шамасы, жат сөзді жатырқамасын дегені болар. Әңгіме дыбыс туралы болған соң, осы сөздердің құрамындағы о әрпі а болып айтылатынын аңғартса жарар еді.

 

15 дауысты (14-б.), 26 дауыссыз (21-б.) әріпті мұрнынан тізіп таныстырып болған соң, «Қазақ алфавитін» күйттейді. Сөйтсек, қазақ алфавитінде 42 әріп емес, «40 әріп және екі таңба бар» екен (тек таңбаның әріптен айырмашылығын айтуды ұмытып кетіпті). Алфавитті әліпби деп жүргенімізді де елемеген.

 

22-жаттығу «алфавиттегі әріптерді ретімен оқып, жаттап алыңдар», – дейді. Ал жаттайық: бе, ве, ге, де, же, эл, эр, эн, эс, те, ша.. ал ы-ны қалай айтамыз, қалай түсінеміз? Орыстікі (музыка дегендегі) ме, қазақтың ы-сы ма? У ше? Қазақтың у-ы болса, ұу түрінде айтылса керек еді. Қазақ тілін оқып отырмыз ба, орыс тілін оқып отырмыз ба? Балдырғанның басын қатыратын мұндай «білім, білік» кімге керек? Орыстандыру үшін бе? Онда сөз басқа.

 

Қазақ әріптерін Ақыметтің ізімен: бы, гі, ғы, ды, жы, зы, ый, кі, қы, мы, ны, ың, пы, ыр, сы, ты, ұу, шы деп айтып жүргенімізге он жылдан асты. Көрмейтін көз, естімейтін құлаққа не амал? – дейді жұлқынған жүйкеміз.

 

Жауан дауыстылар: а, о, ы, ұ (33-б.), жіңішке дауыстылар: ә, е, ө, і, ү (38-б.), – дегенді көргенде сабамызға түскендей болдық. Орыстар бастап, Ақымет айтатын 9 дауыстымыз – осы. Сөздегі дауысты дыбыстар жуан болса, сөз жуан айтылады (43-б.) жіңішке болса, сөз жіңішке айтылады (46-б.). Дұрыс-ақ!

 

«Әліппеде» «қызыл доп» болып жүрген и, у, ю, я дауыстылар санатында жоқ болып шықты. «Сөз шын түзелген» екен деп қалдық. Тек балдырғандарымыз «қызыл доптарды» қайда қалдырған деп іздеп жүрмесе болғаны деп ойлағанбыз.

 

Сөйтсек, ерте қуанған екенбіз. «Сөзде қанша дауысты болса, сонша буын болады» (68-б.), – дейтін ережеге еріп: а-ю, о-ю, и-ю, ма-я, қи-я, қо-ю қайтып келіп қалыпты. Ау, дауыстылар санатында и, я, ю жоқ еді ғой, ол қалай буын болып тұр? – деген жанайқай шығып кете жаздаған.

 

Тағы да қайталап айтайық, бұл сөздердің дыбыс, буын құрамы былай болуға тиіс: а-йұу, о-йұу, і-йу, ма-йа, қы-йа, қо-йұу.

 

Мұны оқулық айтпаса, бала бал ашып біле ме?

 

«Жазу жолына сыймаған сөз буынға бөлініп тасмалданады» (80-б.). Дұрыс-ақ. 70-жаттығу. Сөздерді буынға бөліп, үлгі бойынша тасмалдап жазыңдар.

 

Үлгі: му-зы-ка, му-зыка, музы-ка. Қазақтың өз сөзі табылмағаны өкінішті (2001 жылы жарық көрген орфографиялық сөздікте музыка атымен жоқ).

 

89-бет «бір дыбысты буыны бар екі буынды сөздер: а-ю, ұ-я, қи-я». Қы-йа дегенде бір дыбысты буын бар ма? Айұу, ұйаның құрамындағы йұу, йа жеке дыбыс бола ма? Бұл ақты қара деп үйрету болып шықпай ма?

 

90-бет. «Тасымалданбайтын екі буынды сөздер: баю, жою, қою, боя, сия, мая, мия». Осыларды дыбысымен жазсақ: ба-йұу, қо-йұу, бо-йа, сы-йа болар еді әрі тасымалданар еді. Дыбысты ойлайтын оқулық болмай тұрған жоқ па?

 

Оқулықтағы түсінік дауыстының түріне қарай дауыссыздар да жуан (91-б.), жіңішке (93-б.) болып айтылатынымен аяқталады.

 

Оқулық авторларынан жию, ми, сиди, сидию, сию (ұлы сөзде ұяттық жоқ), тию, яки сияқты сөздердің құрамындағы дыбыстардың жуан, жіңішкелігін айқындауды қаласақ қалай болар еді. Мый (мій емес), жыйұу, сый-дый, сыйды-йұу, сі-йүу, ті-йүу, і-йә-кій түрде жауап ала алар ма екенбіз?

 

Қысқасы, 1-сынып балдырғандарының басын қатырдық. Әріпті үйреттік, дыбысты күйреттік. Ұстаздардың ұстазы М.Балақаевтың тілімен айтқанда, мұнымыз «тілді білдіру болмады, бүлдіру болды».

 

сүйрет: kursiv.kz

 

«Ана тілі», № 19, 06.05.04-ж.

 

— жалғасы бар —

Кілттік сөздер:

You Might also Like

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз*