ЖҮКТЕЛУДЕ

Сөзді еңгізіңіз

Көркем сөз

Тоқсан бидің жауабы

әкімшілік 11/05/2018 146 рет қаралды

 

(жетілдірім)

       Би әкелері дүниеден өткен Сексен, Тоқсан деген екі жігіт, әке орнына қайсымыз лайықпыз деген ой жетегімен қартаң тартқан Қаз дауысты Қазбекке төрелік сұрай барыпты.

Жөн біліп, жағдайға қаныққан Қазбек би: — Ел бастап – би, қол бастап – батыр болғалы тұрған ұл екенсіңдер. Бір-екі ауыз сұрағым бар, соған жауап беріңдер:

Күнде не парыз,

Айда не парыз,

Жылда не парыз,

Ханға не парыз,

Қараға не парыз? –

деп, әуелі қақ төрге орналасқан Сексенге қарап, одан жауап болмаған соң, бірталай төмен отырған Тоқсанға бұрылыпты.

Сонда Тоқсан:

Күнде бес уақыт намаз парыз,

Айда отыз күн ораза парыз,

Жылда құдайы, құрбан парыз,

Ханның қараны өзіне тең тұтуы  парыз,

Қараның ханды өзіне пір тұтуы парыз, —

деп жауап береді. Бұл жауапқа ырза болған Қазбек би:

Шырағым,

Тым жоғарылама,

Аспанға асыларсың.

Тым төмендеме,

Аяққа басыларсың.

Орта бол, орта болсаң

Әлі-ақ санатқа қосыларсың.

Болмасты болдырам деме,

Қайратың қайтып, болдырарсың, —

деп, батасын беріп, оны төрге қарай шақырады. Әрі жастығына қарамай тым төрлеп кеткен  Сексеннің қолынан келмес іске қол созып отырғанын астарлап жеткізген де екен.

 

Сыздық Әбілғазин, «Сөз тапқанға қолқа жоқ» (1988) атты кітаптан

 

сүйрет: youtube.com

Кілттік сөздер:

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз*