ЖҮКТЕЛУДЕ

Сөзді еңгізіңіз

Сөзтаным

Улика – ілік те, уличать – іліктіру

әкімшілік 18/04/2018 70 рет қаралды

Ыспан

 

 Улика-ның қазақшасы

Барлық шетел сөзін біз шартты түрде, бір жерден оқып ала және жаттай қолданамыз. Олардың дыбыс, буын, бөліктері, тұлғасы өздігінен қазақ түйсігінде ешқандай ой да, түсінік те тудырмайды.

 

термин

улика

шетелдік атаудың дыбыстық кемістігі

1. Үндестік заңына қайшы жасалған.

2. Сөзде қазақ тіліне жат «и» және «дауысты» «у» дыбыстары бар.

Таза қазақша айтсақ, үлүйке немесе үлүйкө болады.

түсіндірмесі    – дәлел, айып-қылмысты ыспаттарлық зат [1].

–доказательство, свидетельство, подтвержде ие; вещественное доказательство, вещдок [2].

то, что является прямым или косвенным доказательством виновности в чем нибудь, уличающий кого нибудь факт, предмет или обстоятельство. Улики найдены [3,4].

– предмет или обстоятельство, уличающее кого л. в чём л., свидетельствующее о чьей л. виновности. … Прямые улики (непосредственные доказательства). Косвенные улики (не непосредственные доказательства). Все улики налицо. Против него нет никаких улик [3, 5, 6].

– подтверждение ↑ быть виновным, улика косвенное подтверждение вины [6].

– неопровержимая улика • серьезная улика • тяжкая улика [7].

– термин, применяемый для обозначения косвенного доказательства [8].

улика түсінігінің ұғымдық белгілері

   –  күдік туғызушы негіз: нәрсе, зат және басқа да жай

–  жанама дәлел,  – жартылай дәлел, – кішкентай дәлел

‒ дәлел болуы, дәлел орнына жүруі, дәлелге айналуы мүмкін жай (нәрсе),

қандай да ілік (белгі).

 

мүмкін балама, оның түсіндірмесі

           Айғақ:

– 1. Дәлел, куә. 2.Тінту, тергеу кездерінде куәгер болуға арнайы шақырылатын адам. 3. Қылмыстың жасалғанын дәлелдейтін дерек заттар [9].

Ілік:

– 1. Жекжаттық байланыс, көңілі жақындық. 2. Жақын-жұрағат таныс. 3. Біреумен ілінісу ісі, шатақ, бүлік, әлек. Ілік қылды – не болса соны сылтауратты, Ілік іздеді – ілінісе кетер шатақ іздеді [9].

– 1.Белгілі бір жерге, межеге жету, келу. 2. Іліну, оралу. 3. Ұласу, жалғасу. 4. Ілесу, жабысу. 5. Біреудің қармағына түсу, кіріптар болу. 6. Бір нәрсені қолмен ұстау, олжалы болу. 7. Бір заттың бір нәрсеге ілінуі [9].

әр баламаның ұғымдық белгісі

       Айғақ:

— әлдененің көрінісі, хабары

— қандай  да немесе толыққанды белгі

— дәлел

— анық, толық, нақты, бұлтартпас дәлел

— белгі, айшықты белгі

— өзара қатыстылық, қатысы бар зат

Ілік:

— қолға немесе басқа нәрсеге ілінген, қармалған нәрсе

— қандай да іске жарарлық нәрсе

— негіз, түрткі

— толық, бүтін нәсре емес, әлдененің ұшығы, жұрнағы, ары кеткенде

жартысы ғана

— қандай да байланыс, ұстасым

— қандай да себеп, сылтау, желеу

— куә боларлық, куәлік

әр баламаның оң-теріс жағы

         Айғақ – негізгі мәні көзге көрінбей тұрған нәрсенің көрінісі, айшықты көрінісі, дәлелі. Бұған дейін жалпы тілде улика мәнінде қолданылып келген. Мысалы, кеше сенің сол жерде болғаныңа айғақ бар десек, бұл улика ретінде де немесе нақты дәлел ретінде де түсінілуі мүмкін. Яғни айғақ сөзінде күдік білдіру, күмән келтіруге қоса, дәл солай дейтін бұлтартпастық та сипат бар. Мұны оның түрлік өзгерістерінен де байқауға болады. Мысалы, бас сөздікте айғақсыз, айғақта, айғақтал, айғақтама, айғақтат, айғақтаушы, айғақты сөздерінің мәні анықтау, дәлелдеу, бұлтартпайтын дәлел, ақиқат сөздері, түсініктері арқылы берілген [9]. Яғни «айғақ» сөзінде екі ұштылық бар. Ол улика-ны ғана емес, доказательство, вещдок дегендерді де және соларды көбірек білдіреді. Мысалы, айғақ сөзінің жоғарыда [9] келтірілген 3-ші «мәні» дәл осы вещдок болып тұр. Вещественное доказательство деген толық және анық дәлелденгендік, ал улика – күдік туғызып, күмән келтіруге, тергеп-тексеруге негіз болатын ғана нәрсе. Ол түпкілікті, біржақты анықталған дәлелге жатпайды. Ондай дәлелге айналса, ол доказетльство, вещдок болып кетеді және солай аталады, улика деп аталмайды.

Айғақ – негізінен көзге көрініп, қолға ұсталып тұратын нәрсе. Мысалы, теориялық тұжырым, логика арқылы табылған, негізделген, дәлелденген нәрсені біз айғақ дей де, айғақ ретінде қолдана да алмаймыз. Айғақ болуы үшін сол айғақ ретінде ұсынылып тұрған нәрсе ойдағы, қиялдағы мүмкін нәрсе емес, өмірдегі анық нәрсе болуы керек.

Айталық, пәленше қылымысты мына себеппен жасауы мүмкін деп, оны сезіктілер қатарына кіргізе аламыз. Бірақ, мұнымыз ешқандай дәлелге де, айғаққа да жатпайды. Мұнымыз оған қатысты ілік – улика ғана бола алады.

Екіншіден, айғақ әзірге заттай дәлелдеме деп, орысшасын сөзбе-сөз қайталай әрі шұбалаңқы берілген вещественное доказательство-ның дұрыс қазақшасы болып шығуы мүмкін.

Ілік – нақты және сөзсіз дәлелге жатпайды. Тек күдікпен қарап, күмән келтіруге негіз, себеп, орысша айтқанда, зацепка ғана бола алады. Тіліміздегі ілік іздеу, ілік ету (қылу) деген тіркестер мәні де оның анық дәлел емес, қандай да сылтау, себеп қылуға, себеп ретінде пайдаланып кетуге жарайтын нәрсе екенін білдіреді.

Бұл сөздің ұғымдық белгілері мен улика түсінігінің  ұғымдық белгілері (екеуі де жоғарыда келтірілді) өзара мейлінше сәйкес келеді. Улика және доказательство, вещдок дегендер бір емес, ал айғақ соңғыларға жақын. Улика басқа, негізгі жайларды анықтауды, дәлелдеуді қажет етеді. Ол дәлел емес, тергеп-тексеру барысында кездейсоқ болып шығуы, дәлел болуға жарамауы, қылымыс істегенге негіз бола алмауы да мүмкін. Ол тек дәлел іздеуге негіз, түрткі бола алады. Дәл осылай, ілік те әлдебір нәрсенің анық дәлелі емес, дәлел болуға, дәлел етіп шығаруға негіз ғана бола алады. Ал әуеліде күдіктенуге ғана негіз болған нәрсе, ырасталып, шынға айналып шықса, біз оны енді ілік деп емес, дәлел немесе айғақ деп атайтын боламыз.

Жоғарыдағы сөздіктердің бірінде оправдать за отсутствием улик деген жаңсақтау сөйлемше мысалы келтіріліпті. Біздіңше, адам улика жоқтығына, болмағанына байланысты емес, дәлел болмауына байланысты ақталуы мүмкін. Ал улика жоқтығы ақтауға емес, онан ары қуғындамауға, тергеу-тексеру, жауап алу жұмыстарын тоқтатуға негіз болса керек.

Келтірілген ілік, айғақ сөздерінің екеуі де улика түсінігін бірі толық, бірі жартылай береді және олар жаңадан жасалған емес, қазақ тілінде әуелден бар, халық жасаған сөздер, түсініктер. Ал бірқатар сөздіктерде улика-ның айғақ деп беріліп жүруі – оның онан да дәлірек ілік деген баламасы барын білмеуден болған дер едік. Ал осы жерде артық болып тұрған айғақ вещественное доказательство немесе осы тектес басқа түсініктің қазақшасы ретінде қолданылуы мүмкін.

біздің нұсқа, оның негіздемесі

     Ілік – сірә, бұл сөз улика түсінігін айғақ-қа қарағанда әлдеқайда дәл береді.

Екіншіден, улика – ілік болса, сол негізде алынатын уличать, уличениеіліктіру де дұрыс, мағыналық тұрғыда сәйкес болып шығады. Ал айғақ сөзінің туындылары мен тіркестері бұл ретте сәйкессіздік, қолайсыздық танытады. Яғни оларды айғақтау, айғақтандыру, айғақты ету дегендей етіп қазақшалау мағыналық, тұлғалық тұрғыларда сәйкес болмайды, қата, кемісті болады. Уилчать түсінігін тудырмайды, одан басқалау нәрсе болып кетеді.

Бұған қоса, біріншіден, бұл сөз тұлғасы бүгінде басқа жер, басқа салада, басқа мәнде қолданылмайтын, қолданылып жүрмеген, бос тұрған және сол себепті бірте-бірте ұмытылып, қолданыстан шығып бара жатқан сөз. Ал ә дегеннен шетел сөзін ала салуға дайын тұрмай немесе жаңа сөз жасап жатпай, әуелі тілдегі, ділдегі бар-жоғымызды түгелдеп, олардың дұрыс дегендерін жаңғыртып, терминге, ғылым сөзіне айналдыру, яғни олардың нақты мән-мағыналарын анықтап, ажырата немесе сондайлық сипат бере қолдану, кең қолданысқа шығару біздің, тіл және сала мамандарының басты міндеттерінің бірі десек болады.

Улика-ның прямые (тура ілік), косвенные (жанама ілік)  деген түрлері болуының өзі оның толық дәлел емес екенін көрсетеді.

Сондай-ақ Пуаро киносында осы ілік улика орнына қолданылды да.

 

  1. Русско-казахский словарь. М., 1954, 935 б.
  2. Словарь русских синонимов и сходных по смыслу выражений. под.ред. Н. Абрамова, М.: Русские словари, 1999; Словари и энциклопедии на Академике : Толковый словарь Даля 1863-1866
  3. Словари и энциклопедии на Академике: Толковый словарь Ожегова
  4. Словарь бизнес-терминиов; Толковый словарь Ушакова
  5. Словари и энциклопедии на Академике: Толковый словарь русского языка Кузнецов
  6. Идеографический словарь русского языка
  7. Словарь русской идиоматики
  8. Контрразведывательный словарь
  9. Қазақ әдеби тілінің сөздігі. 15 томдық. А., 2011-ж.

 

Уличать, уличение-ің қазақшасы

Барлық шетел сөзін біз шартты түрде, бір жерден оқып ала және жаттай қолданамыз. Олардың дыбыс, буын, бөліктері, тұлғасы өздігінен қазақ түйсігінде ешқандай ой да, түсінік те тудырмайды.

термин

уличать, уличение

шетелдік атаудың дыбыстық кемістігі

 1. Үндестік заңына қайшы жасалған.

2. Сөзде қазақ тіліне жат «и», «ч», «ь» және «дауысты» «у» дыбыстары, таңбалары бар.

Таза қазақша айтсақ, үлүйшәт, үлүйшенійе немесе үлүйшөнүйе болады.

түсіндірмесі    – уличать – уличить кого, в чем. об(изоб)личать, винить доказательно, доводами, свидетельствовать на кого. Его в глаза уличают, а он отпирается. Не уличен, не вор. Его уличает оброненная на месте рукавица. …обстоятельства, дела или вещи, которые уличают кого, в чем … Улика налицо: у него покраденное найдено в соломе. Вор отъявленный, а улики на него все нет! доказательств. Антонимы: покрывать. … Синонимы: обвинять, обнаруживать; обличать, изобличать, разоблачать, приоткрывать завесу, подлавливать [1].

– уличение – изловление, излавливание [1,2].

уличать түсінігінің ұғымдық белгісі

  — күдік туғызу

— күдікті екенін білдіру

— күдікті ету

— күдікті екеніне дәлел келтіру

— әлденеге (қылмысқа) байланыстыру

— қандай да байланысы барлығын әшкерелеу (ашу, жария ету, көрсету)

— бір нәрсеге іліндіру

— бір нәрсені мойнына ілу, жабыстыру

мүмкін балама, оның түсіндірмесі

 

     – Уликат – айғақ, дәлел [3].

Іліктіру – 1. Іліндіру, жеткізу. 2. Кездестіру, алдыру. 3. Ұстау, бөгеу [4].

әр баламаның ұғымдық белгісі

 

    Іліктіру:       — ілу, іліндіру, қармау

— тұтылдыру, ұстаттыру, байланыстыру

— жай қалдырмау, байланыстылығын әшкерелеу

ұсынылған  баламаның оң-теріс жағы

   Іліктіру – қылмысты ету, қылмысқа қатысты, байланысты ету, қылмысқа қандай да қатысы барын көрсету деген мағына тудырып, түсінік мәнін толық береді. Мысалы, басын бәлеге іліктіру деген тіркесте осы айтылғандардың бәрі де бар.

Ал кемшілігі-не келер болсақ – кей кісілер мұндай сөз барын да білмеуі және бар болғанның өзінде ол тек тікелей ілу етістігіне, қимылына қатысты, қылмыстық әрекетке қатысты оны қолдану дұрыс емес деп ойлауы мүмкін. Бас сөздікте [4] де іліктір-дің бар мағынасы түгел келтірілмеген. Дегенмен, онда келтірілген «…Замана іліктірді салып қақпан», «Байды жеке салыққа іліктіру, байдың жерін бөліске түсіру» деген мысал-мәтіндерден «Заманның» қиындыққа тап еткені, қиындыққа жолықтырғаны немесе қалай да салық төлейтін ету сияқты жағымсыз реңктер анық көрініп тұр.

біздің нұсқа, оның негіздемесі

         Іліктіруілік-тіру деген бөліктің алғашқысы – қандай да қатыстылықты, ал соңғысы – соны көрсетуді, «фиксировать» етуді білдіреді. Ули-чать сөзінде де улика-ның, яғни қатыстылықтың өзі және соны көрсету, әшкерелеу бар. Сондай-ақ іліктіру сөзінде жағымды, бейтарап реңктерге қоса, уличать сөзіне тән жағымсыз реңк те жеткілікті.

Екіншіден, бұл сөз улика-ның баламасы ретінде ұсынылған ілік сөзінен шығып тұр. Яғни ілік–іліктіру де улика–уличать сияқты тұлғалық та, мағыналық та тұрғыларда жүйе құра түзілген.

 

Сонымен:

улика – ілік

уличать – іліктіру

 

  1. Словарь русских синонимов и сходных по смыслу выражений. под.ред. Н. Абрамова, М.: Русские словари, 1999; Словари и энциклопедии на Академике : Толковый словарь Даля 1863-1866
  2. Словари и энциклопедии на Академике: Толковый словарь русского языка Кузнецова
  3. Орысша-қазақша 31 томдық терминдік сөздік: Заңтану, 30-т., А., 2000, 360 б.
  4. Қазақ әдеби тілінің сөздігі. 15 томдық. А., 2011-ж.

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз*