ЖҮКТЕЛУДЕ

Сөзді еңгізіңіз

Тілтаным

Жаскешу мен Келтемасатта кінәрәт жоқ

әкімшілік 10/05/2018 77 рет қаралды

Ыспан

Затың бөлек, атың ыстық туған жер!

     Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Келтемасат түрінде қазақыланған елдімекен аты бүгінде Келтемашат делініп, кері ауыстырылып, Кеңестік кезеңдегі қалпына түсіріліпті.

сүйрет: Уәлиқан Қанайұлы

     Әрі бұл Келтемасат та және әуелден осы тұлғасында жазылып, айтылып келген Жаскешу де қате дейтін пікірге негізделсе керек. Мысалы, Д.Қамзабекұлы бұларды бұрмаланған мекен аттары деп бағалайды [1] және «Жаскешуде ешқандай мағына да, негіз де жоқтығын», ал Келтемасаттың дұрыс аты – Келтемашат екенін, бұрын осылай аталғанын жазады. Әрі соңғы «машат» түбірі қырғыз және көне түркі тілдерінде «бұлақ» мағынасын білдіретін «башат» сөзінің түрлік өзгерісі деп түсіндіреді.

     Сірә, Жазық кешудің Жазкешу болып қысқаруы тілдің үнем заңынан, ал Жазкешудің Жаскешу болып өзгеруі дауыссыз дыбыстардың кейінді ықпал заңынан шыққаны кім-кімге де түсінікті. Яғни «…қысаң (қатаң) мен босаң (ұяң) бір-біріне жуыспайды, яки … екеуі қатар келмейді» деп Ақаң айтқандай [2], мұндағы «к» өзінің алдындағы әуелгі «з»-ны қатаңдандырып, «с» етеді. Ал осы екі өзгеріс те (ықшамдалу және қатаңдану) сөйлеу тілінің жемісі. Айталық, осы аудандағы «Састөбе» атауының «сас» деген бірінші буынының да осы ретте тікелей, өзіндік мәні жоқ. Ол әуелгі «саз» сөзіндегі «з» дыбысының «с»-ға алмасуының нәтижесі болуы мүмкін [3]. Дегенмен, сонысы үшін бүгінде оны ешкім де «сазтөбе» болсын демейді. Дәл осылай және осы себепті Жаскешуде еш мағына, негіз жоқ деуге де, оған үрке қарауға да еш негіз жоқ.

сүйрет: Уәлиқан Қанайұлы

     Ал Келтемашат, машат дегендер әуелден қазақ сөзі болып, әлімсақтан солай аталып келсе, жоқ жерден Келтемасат болып өзгермес еді. Бұл өңірде мұнан басқа Ұзын масат (Құр масат) деген де аңғар және өзен бар. Демек, оның жанында жатқан қысқа ғана бастау бұлақтың Келте масат аталуы заңды да. Үлкен апаларымыздың Келтемасаты деп айшықтай айтатыны да құлағымызда. Осы төңіректің бүгінде 60–70-ті иектеуі тиіс үш бірдей тумасына Масат, Масатбай, Масаткүл есімдерінің берілуі немесе ақын Қалижан Бекхожиннің 1946-жылы шыққан өлеңі «Келтемашат» емес, «Келтемасат» аталуы да күні кеше, күні кешеге дейін бұл сөздің осы «масат» тұлғасында болғанын көрсетеді. Тіпті Маңғыстау жақта «Масат баба» деген зират басы болуы да [4] осы ойымызды ырастай түседі.

     Жалпы «масат» сөзінің өзі қазақ тілінде үлкен қуаныш және бастау деген мәндерге ие [5] саналады. Масаттану, мастық, масаты кілем, масатыдай құлпырған дегендей сөз, теңеулер де бар. Керісінше, бізге белгілі сөздіктердің бірінде де «машат» сөзі тіркелмеген және мәтін ішінде кездейсоқ кездесіп те қалмайды. Яғни ол – осы сәтте Келтемашат деген жалқы есім құрамында ғана «бар», жай, жалпы мәнде жоқ, қолданылмайтын сөз. Қазақ тіліне әуелден сіңіскен сөз болса, әйтеуір бір қолданылуы керек еді.

    Олай болса, Келтемашат еңсемізді орыс тілінің мысы басып, сай-сүйегімізге шейін орыстанып тұрған кеңестік заманда қызыл тілге жиі іліккен Келтемасат атауының орысша айту, дыбыстау дағдысы бойынша пайда болған деп ойлаймыз. Тіпті ол Кельтемашат түрінде жіңішкертуші белгімен де жазылды. Кейде тіліміз икемге келмей қалып, Келтешамат деп қалатынымыз да «машат» сөзінің, дәлірек айтсақ, дыбыстық тіркесімінің қазақша айтуға келіңкіремейтінінен, қазақ тіліне жаттығынан болса керек. Сондай-ақ осы Ұзын және Келте масат өзендерінің қиылысатын жерінде, орталыққа, орысқа жақын жатқан ауыл да Машат аталып, ал сол «Машат» ауылының басында, бастауында жатқан әрі орыс атамақ, айтпақ түгілі ондай жер барын да білмеген «Ұзын масаттың» сол күйінде өзгермей қалуы да «машат» сөзінің қайдан шыққанынан хабар береді. Әрі бұл жердің қазақтары орысқа еліктеп, Келтемашат дейтінімен, ешқашан да Ұзын машат деп айтпаған, мұндай сөзді естімегенбіз.

     Ырас, басқа түркі тілдерінде сорпа – шурпа, жақсы – якшы деп айтылады және осыған орай олардың әсері басымырақ білінетін оңтүстікте «с» мен «ш» дыбыстарының алмасуы ара-тұра кездесіп тұрады. Сөйлеу тілінде бес тиын – бештиын, мысық – мышық, есек – ешек, бесене – пешене, паспырт – пашпырт, тастай – тәштәй, масқара – машқара, піспек – пішпек, піскек – пішкек (Бішкек) деп екі нұсқада алма-кезек араластырып айта береміз. Бұл «с/ш» алмасуы қазақ сөздерінің орысша айтылуына да тән. Мысалы, орыстың айтуында бесбармақ – бешбармак, қамыс – камыш, бас – башка, бастүрік – баштурук, есек – ищак түрінде болады.

     Сірә, «масат» пен «башат» – өзара төркіндес сөздер. Бірақ, ол қазақ тілінде «машат» емес, «масат» тұлғасында қалыптасты. Ал біз айтып отырған «машат» – «масат»-ты орыстандыру салдары. Ол түркі тілі ықпалымен туған болса, Ұзын масат, Құр масат дегендер де «машат» түрінде болар еді.

    Яғни Келте масат, Ұзын масат, Құр масат дегендер мұнда «масат» сөзі жеке әрі тұрақты құрауыш екенін, ал Ұзын масат, Құр масат тіркестері Келте машат емес, Келте масат-тың дұрыстығын көрсетеді. Мұның үстіне Ұзын масат пен Келте масат-тың қиылысқан жеріндегі ауылдың Машат аталуына сол ауыл жұртын құраушы өзбектің, өзбек тілінің әсері де болса керек. Келтемасат-тың күні кеше ғана Шахты деген атауы болуы да ол жердің атамзаманнан тұрақтаған елді мекен, елді мекен аты болғанына күмән келтіреді.

 

  1. Қамзабекұлы Д. Түлкібастың түзетулері түзік пе? //Тіл саясаты: тағылым мен тәрбие, А., 2005, 89–90-б.
  2. Байтұрсынұлы А. Дыбыстарды жіктеу туралы //«Жаңа мектеп» жұрналының 1927-жылғы 2-нөмірінде жарияланған Е.Омаровтың «Қазақ дыбыстары» деген мақаласына орай жазылған.
  3. http://kk.wikipedia.org/wiki Састөбе, Саз төбе.
  4. Озғанбай Өмірзақ туралы хабар //«Қазақстан» теларнасы, 13.10.11-ж.
  5. Қазақ әдеби тілінің сөздігі, 15 томдық, А., 2011-ж.

«Онамастикалық хабаршы», 2014, 1, 40–43-б.

Кілттік сөздер:

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз*