ЖҮКТЕЛУДЕ

Сөзді еңгізіңіз

Арғы тарих

«АҚИҚАТ СЫЙЫ»-НЫҢ «АУДАРМАСЫНДАҒЫ» СӘЙКЕССІЗДІКТЕР

әкімшілік 21/05/2018 1926 рет қаралды

сүйрет :  Vashurok.ru

Ыспан

 

Сірә, Түркітану, Шығыстану ғылымы саласында мәтінтану мәселесі ең өзекті орын алады. Әсіресе түркі тілінде жазылған қолжазба, ескерткіштерді бүгінгі тілге түсіргенде, көшіргенде мәтін мағынасының дұрыс берілу, дұрыс түсінілуімен шектеліп қалмай, оның әуелгі нұсқасын мейлінше сақтау, өзгертпеу қажеттігі де туады. Мұның өзі тіл тарихын зерттеу, жазу-сызуы болмаған делінетін тіліміздің тарихи тұтастығын, мыңдаған жылдық тарихын орнықтыру және бүгінгі сөйлерменнің кешегі тілді, мәтінді жат көріп, оған басқа тіл, шеттіл дерегінше қарамай, оларды тіклей оқу, түсіну дағдыларын қалыптастыру, осы жайды жеңілдету үшін керек. Яғни оларды қолына алған зерттеуші ғана емес, кез келген қазақ қандай да аударманы емес, ортағасыр туындысының өзін және өз тілінде оқып отырғанын сезінуі, сезінетін болуы тиіс.

 

Осы ретте Ахмед Йүгінекидің «Ақиқат сыйы» қолжазбасының үш нұсқасы салыстырыла және «прозалық, поэтикалық аудармалары», мәтіндегі түркіше, арабша сөздер мәнісі қоса берілуі [1-2] бұл ортағасырлық туындыны тілші зерттеушілер үшін үлкен мәлімет көзіне айналдырады. Әрі оны бүгінгі маман емес жұрттың да тікелей түпнұсқадан оқып, түсінуіне, тілдік білігінің де кеңейе түсуіне мол мүмкіндік береді. Мысалы, мұндағы

 

  1. Йоқ ердим йараттың йана йоқ қылып – Жоқ едім жараттың және жоқ қылып
  2. Китабымны көрган ешиткан киши – Кітабымды көрген, естікен кісі
  3. Сөзүңдин өзүңга өкүнч келмасүн – Сөзіңнен өзіңе өкініш келмесін
  4. Ешим деп инанып сыр айма сақын – Досым деп иланып сыр айтпа, сақтан

 

дегендей жолдардың «аудармасын», «қазақша» нұсқасын былай қойып, іс жүзінде мың жыл бұрынғы түркішелік нұсқасының өзін оқу, оны түсініп қана қоймай, көркемдік ләзәт алу біз, бүгінгі оқырман үшін аса қыйындық тудырмаса керек.

 

Сондай-ақ

  1. Оқуған кишиниң йарусын жаны – Оқыған кісінің жаны жадырасын
  2. Аның өз тили өз башыны йейүр – (Ақырында) оның өзі тілі өз басын жейді
  3. Бу көрган ешиткан сеңа күлмасүн – … Көрген, естіген саған күлмесін
  4. Телим мал өкүш құл қарабаш керек – Қыруар мал, көп құл, күң керек
  5. Уқушсыз ер аны сабабдин көрүр – Ақылсыз кісі оны себептен көреді

 

дегендер де, бірқатар асты сызылған сөздердің орны ауысқан, қазақша нұсқасында басы артық сөз келтірілген немесе керісінше, әлдебір сөз келтірілмей қалған, бірқатар сөз басқа сөзбен берілген демесек, еш қыйналмай оқуға, тануға болатын жолдар.

 

Ал

  1. Телим башны йеди бу тил сөз бошы – Тіл мен сөздің бостығы талай басты жеді – Талай басты жеді бұл тіл, сөз босы
  2. Тилиндин төгүлді телим ер қаны – Талай ердің қаны тілінен төгілді – Тілінен төгілді талай ер қаны
  3. Көни сөзла сөзни тилиңни беза – Шын сөйле әңгімеңді тартымды ет – Шын сөйле сөзді, тіліңді безе
  4. Бу ажун көрарга көрүмлүг ташы – Бұл дүниенің көруге сырты көрікті – Бұл дүниенің көрерге көрікті тысы
  5. Қылықларда едгү қылық хой қылық – Мінездің ең жақсысы – жуас қылық – Қылықта игі (ізгі) қылық – жуас қылық
  6. Қаза бирла илнүр тузаққа елик – Қаза келсе елік тұзаққа ілінеді – Қазаменен ілінер тұзаққа елік

 

деген жолдар біз ұсынып отырған қиғашжолдық (курсивтік) нұсқасында берілсе, бұлар да бұрынғы тіл мен бүгінгі тіл арасын жақындата, туыстыра түсер әрі одан мағыналық сәйкестікке де қылаудай сызат түспес еді деп ойлаймыз.

 

Әрине, Мәтінтану ілімі тұрғысынан қарар болсақ, түпнұсқадағы сөзді ауыстыра, сөйлем құрылымын «дұрыстай», «жетілдіре» алу былай тұрсын, оның үтір, нүктесіне дейін өзгертпеген, сақтаған жөн болады. Үйткені ортағасырлық жазба ескерткіштер біз үшін басқа тілдің емес, өз тіліміздің дерегі, кешегі көрінісі болып табылады. Алайда, жалпы ауқымы 494 жолдан тұратын «Ақиқат сыйы»-ның «прозалық аудармасында» бұл жай назарға алынбай, әуелгі өлең тармағы, өлеңдік мәтін жолма-жол берілу орнына, қара сөзше әрі еркін түрде «аударылған» екен. Сірә, соның салдарынан бірқатар, тіпті қазақ тілінде бар сөз басқа сөз арқылы беріліп, соған сәйкес мәні де өзгеріп, өзгеріңкіреп кеткен дерлік.

 

Мысалы,

  1. Өчар мехнат оты кечар наубаты – Азаптың оты өшеді, табы да кетеді
  2. Һавадарлығымны түгал билсу деп – Шын пейілімді анық сезсін деп
  3. Санып сөзлаган ер сөзи сөз сағы – Ойланып сөйлеген кісінің сөзі – сөздің асылы

 

тармақтарында бүгінгі тілдегі мехнат, нәубет[1], түгел білсін, сақ (жүзімнің сағы) сыйақты қалыпты сөздер неге екені белгісіз азап, табы, анық сезсін, асыл сөздері арқылы берілген.

 

Сондай-ақ «354. Қалы болса атлас унутма бөзүң – Егер атлас кисең (бір кезде киген) бөзіңді ұмытпа» деген жолда тілімізде әлдебір мата атын білдіретін әрі «қалы кілем» атты тіркес түрінде сақталған «қалы» сөзі «если – егер» [2] деп түсініліп-аударылған және түркішедегі «болса»-ның орнына мәтінмәнге сәйкестендіріп, «кисең»-ді қоя салғандай. Біздіңше, қалы да, атлас та бір тектес, сапалы мата аттары. Яғни бұл өлең жолы «Қалы болса, атылас, ұмытпа бөзіңді» болып, дәл әуелгі нұсқасындағыдай, соны қайталай берілуі керек еді. Ал «251. Елигларда қутлуғ беригли елиг – Қолдың бақыттысы – беруші қол» жағдайында қазіргі кезде де қалыпты, мағыналық тұрғыда мәтінмәнге толық сәйкес келетін «құтты» сөзі «бақытты»-ға алмастырылып, іс жүзінде бұрынғы, бүгінгі сөз, мәтін арасы алшақтатыла түскен әрі «қолдың бақыттысы» деген қыйыс мәнді, ебедейсіз тіркес жасалған.

 

Жалпы бұл шығармада біраз сөз  бүгінде қолданысты нұсқасы бола тұра безагин (безегін – безендіру) – әдемілігін, безайын (безейін) – ажарлайын, йарағлық (жарарлық) – тәуір, көкни (көкті) – тамыр, көчүр (көшір) – кесіп алып таста, макан (мекен) – қойма, му-минлық (момындық) – мұсылмандық, оңалмаз (оңалмас) – жазылмайтын, оталап (отау – алып тастау) – емдегенмен, савүнчин салын – қызыққа бат, салабат (салауат) – шариғат, тавар (тауар) – мал, чөкарди (шөгеру, шөгу) – төмен құлдырады, инсаф (ынсап, нысап) – әділеттілік, вафа (опа) – қарым дегендей басқалау, мағыналас деуге де келмейтін, мағыналас болып жүрмеген сөздер арқылы берілсе, басым бөлігі санчылур (шаншылар) – кіреді, қафас (қапас) – тор, йырақ (жырақ) – қашық, нышан – белгі, тамам – түгел, -асал (әсел) – бал, жафа (жапа) – жәбір (зәбір-жапа), заһар (зәр, зәһәр, зәһар, заһар) – у, шифа (шипа) – ем, ташы (тысы) – сырты, ешит (есіт) – тыңда, неча ма (нешеме) – қаншама, өтүнгил (өтінгін) – жалбарын, артут (тарту) – сыйлық, бақып (бағып) – қарап, чын (шын) – нағыз, һазал (әзіл) – қалжың, билиг (білік) – білім,  йана (және) – тағы да (сосын), едгү (игі, ізгі) – жақсы (тәуір), йиги – йигилик (игі – игілік) – тәуір (жақсы), сөзлайүр (сөйлейді) – айтады, бутар/бутмас (бітер/бітпес) – жазылады/жазылмайды, санар му (санар ма) – есептеу, қачан (қашан) – қай уақытта сыйақты мағыналас нұсқалары арқылы берілген. Ал қыл, істе, ет және кісі, ер, адам сөздері «аудармалық» мәтінде түпнұсқаға тәуелсіз алмастырылып отырады және түркіше нұсқада жиі қолданылатын ер сөзі «қазақша» мәтінде тіпті де қолданылмайды. Сондай-ақ аталмыш «аудармалық» мәтінде «126. … – Білімдіні азиат та, арап та мақтады» делініп, сөздің орысша нұсқасы да қолданылып қалады.

 

Сірә, бұл еңбектің алғаш рет 1985-жылы шыққанын ескерсек, мұндағы бағу – бағып (қарау – қарап), безе – безе(ндір)у (ажарлау, көріктеу, әдемілеу), біту (жазылу), дост (достым), ер (кісі), жапа, заһар, зәр, қапас, құтты, нышан, салауат, сүйін(у), тамам, тауар (товар), тыс (сырт), үкім, хұкім, (һ)әм (ғам – йам), ынсап (нысап), тіпті игі(лік), ізгі(лік) сөздері де кешегі кеңес үкіметі тұсында белгісіздеу, аса қолданыла қоймайтын, ескісөздік (архаизм), кемістеу, штамптық сипат алмаған, ал білік – білікті – біліксіз (білім – білімді – білімсіз), қаза (бұйрық, пешене деген мәнде), маза (рақат деген мәнде), ота – отау (кесіп тастау – хирургия), сақи (сахасы (50.), ахы, ахылық, ахилық – жомарт деген мәнде) көпшілік үшін тіпті де белгісіз сөз болуы себепті «аударушылар» тарапынан әдейі айналып өтілген болуы мүмкін.

 

Мысалы, ол тұста бағу – мал бағу, біту – аяқталу, таусылу, ер – батырлық және біршама еркек жынысты ретінде ғана белсенді болып, білікті, біліксіздер алғаш рет 90-жылдардың ортасында ғана қолданысқа түссе, (һ)әм, тамам, ынсап, мехнат, салауат, заһар сыйақтылар араптекті болғаны үшін-ақ кеміс сөзше қабылданатын әрі һазал-дың әзіл болмай, қалжың-ға айналуы осы себептен болуы кәдік (461. Навадир сөз-өг аз болур һазал өкүш – Асыл сөз аз болады, қалжың шексіз). Бүгінде жапа шегу тіркесі түрінде ғана белгілі жапа-ның зәбір-жапа немесе жәбір деп берілуі де бұл сөздің бір өзі аз, қоңыр әлде қораш көрінуінен болса керек. Хирургия терминнінің баламасы ретінде ұсынылуының өзі кеңестік сана тұрғысынан әлі күнге үлкен қарсылыққа тап болып әрі өзі аспаннан түскендей, жоқтан бар етілгендей, қасиетті сөзге қол көтерілгендей қабылданатын ота, отау сөздері де – қазақ ғылым-білімі үшін мүлде бейтаныс, жоққа тән сөз. Ал әсел деп-ақ жазылғанның бал-ға айналып кетуі әдеби «нормашылдықтан», кешегі сөзді сол күйінде, қалпында емес, жетілдіре, бүгінгі «ғылыми» түсінікке жатыстыра беру талабынан туған дер едік. Өкінішке орай, осының бәрі жоғарыда айтылғандарға қоса бір тілдің екі кезеңі арасындағы сабақтастықты, әсел сыйақты сөздердің мың жылдық тарихын перделеп, қазіргі қолданысын да шектеп, бар, болған сөзді жоқ етіп тұр.

 

Сондай-ақ

  1. Уқуп сөзла сөзни евүп сөзлама – Ойлап сөйле, астын-үстін сөйлеме
  2. Етар болсаң ишни санып сақнып ет – Іс істесең ойланып-толғанып істе
  3. Ол ишниң өңни соңыны сақын – Ол істің алды-артын ойла

 

тармақтарындағы астын-үстін сөйлемеу, ойланып-толғанып істеу, алды-артын ойлау тіркестері жалпыламалық, ал

 

  1. Тилиң бекта тутғыл тишиң сынмасун – Тіліңді тарт, тісің сынбасын – Тіліңді бекітіп тұт (немесе – бекем ұста), тісің сынбасын
  2. Өкүш сөзлаганда өкүнган телим – Көп сөйлеген көп өкінедіКөп сөйлеген өкінген талай
  3. Кечар йел кечар дег маза муддаты – Рақат дәурені зу етіп желдей өте шығады
  4. Тикан тарыған йер үзүм бичмаз ол – Тікен еккен адам жүзім жинамайды
  5. Ағыз тил безаги көни сөз дурур – Тіл мен жақтың көркі – шын сөз

 

сыйақты жолдар «поэтикалық» сипатта «аударылған». Мысалы, мұндағы (357.) евүп сөзлама –  обып (опырып-жапырып) әлде өбіп (сезімге беріліп) сөйлеме дегенді білдірсе керек. Яғни ол астын-үстін сөйлеме дегендей жалпылама түрде емес, «Ұғып сөйле, сөзіңді обып (әлде – өбіп) сөйлеме» деп, нақты түрде берілуі тиіс көрінеді. Сол сыйақты тілін тарту, көп сөйлеген, көп өкіну, дәуреннің зу етіп желдей өте шығуы, тіл мен жақ тіркес, сөйлемшелерінде әуелгі мәтінде жоқ бейнелеу, бейнелей айту бар. Әрине, қарастырылушы мәтін қара сөз емес, өлең сөз болғандықтан, оның өзі басым түрде бейнелі айтуға негізделген. «Тікен егілген жерде жүзім піспейтіні»-нің өзі бейнелі сөз. Алайда «Тіккен еккен адамның жүзім жинамайтыны» – бейненің бейнесі, өзі бейнеліні онан ары бейнелеу болып шығады. Ал тілтанушы, мәтінтанушыға керегі бүгінгі жазушының әдемі, жетілдірілген сөзі емес, мәтіннің өзі, өзіндік бейнесі, кешегі жазушының айтқаны, «әдемі де әдемі емес» сөзі болса керек.

 

Ал

  1. Бу сөзни бүтүн шын тутар душманы – Бұл сөзді (досы түгіл) дұспаны да түгел шындық деп ұғады – Бұл сөзді бүтін шын тұтар дұшпаны
  2. Уған хукми бирла келүр келган иш – (Біліп қой) Әрбір болған іс Алланың бұйрығы бойынша болады – Оған үкіммен келер келген іс
  3. Аның амри бирла тегар теггучи – Кім (мұратқа) жетсе, оның әмірі бойынша жетеді – Оның әмірімен жетер жетуші
  4. Қабул қылса таң йоқ бу аз һадйаны – Бұл аз сыйлықты қабыл етсе, (оған) таң қалуға болмайды – Қабыл қылса таң жоқ бұл аз сыйлықты
  5. Баһалық динар билиглиг киши – Білімді кісі қымбат бағалы динар сияқты Бағалы динар білікті кісі
  6. Билип етар ишни өкүнмас кедин – (Не істесе ) біліп істейді, кейін өкінбейді – Біліп етер ісін, өкінбес кейін
  7. Көңүл бағламақ бил қаталар башы – Көңіл қойғаның – біліп қой, қатенің басы – Көңіл бақпақ біл қатенің басы
  8. Санар му едиз құм ұшақ таш саны – Түйір құм мен ұсақ тастың саны есептеуге келе ме – Санар ма едіңіз құм, ұсақ тас санын
  9. Билиг бирла билинур са-адат йолы – Бақыт жолы білім арқылы білінеді – Біліктілікпен білінер бақыт жолы
  10. Өлүп йатса топрақ ичинга кирип – Топырақ ішіне кіріп, өліп жатқанда – Өліп жатса, топырақ ішіне кіріп

 

сыйақты түркіше нұсқасында-ақ қалыпты, түсінікті тармақтардың қазақшасына басы артық сөз жамалып, құрылымы да «жетілдіріліп-баққан».

 

 

ӘДЕБИЕТ

 

  1. Йүгнеки Ахмед. Ақиқат сыйы / ауд. Ә.Құрышжанов, Б.Сағындықов. – А., Ғылым, 1985, 152 б.
  2. Сағындықов Б. «Һибат-ул Хақайиқ» – ХII ғасыр ескерткіші. Оқу құралы, А., 2002, 184 б.

[1] Кітаптың [2] арабша-орысша-қазақша түсіндірмесінде «наубат – очередь, дежурство – кезек» делініп, әуелден мұның мәтінмәнге келмейтін мәні негізге алынғандай.

Кілттік сөздер:
Алдыңғы мақала

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз*