Әл-Фараби білген дейтін бір дақпырт

сүйрет : Upet.com
Ыспан
Сөз жоқ, адамзаттың ұлысы болса, Фараби бабамыздай-ақ болсын және сондайлығы үшін-ақ ол біздің, бүгінгі қазақтың …
… өз атын, білгір атын шығару, әйтеуір бірдеңе деу, деп қалу үшін ғана айтатын, қосатын мақтау сөзіне мұқтаж болмаса керек.
Дегенмен, ол 70 тілді білген дейтін дақпыртты бар кітапқа жазып қойдық және мұны ойға салып, таразға тартпай-ақ, реті келген сәттің бәрінде айтқыш-ақпыз.
Ал негізі кез келген шет тілін, бөтен тілді, әсіресе дыбыстық, құрылымдық жүйесі жат тілді үйрену, меңгеру шетелге саяхат жасау сыйақты қызықты да, жеңіл жұмыс немесе біреудің жоғалған малын ысқырып жүріп іздеу емес.
Ол адамның онысыз да аз және өзінің ерігуден әлдеқайда маңызды қажеттіліктеріне жұмсалуы тиіс алтын уақыты мен күш-жігерін шығын ететін нәрсе.
Әдетте, дені дұрыс, қалыпты адам бекерден-бекер «көлден іздер бақытты, шөлден іздеп жаңылысқан шөрегей»-дің тірлігін таңдамайды. Ол өзінің Алладан, ана сүтімен берілген ата-бабасының, елінің тілінде сөйлейді. Ер туған жерінде дегенге сәйкес бақты да, бақытты да жат ел, жат жерден емес, тілі, ділі, жаны бір өз елінен іздейді және табады да.
Ал әлдебір жаңа тілді меңгерген адам міндетті түрде өзінің бұрынғы тілін, тілдерін соншалық мөлшерде ұмытуға мәжбүр. Үйткені «жыланның ғана тілі айыр болады». Кім-кімде бір мезгілде екі тілде сөйлей де, екі нәрсені ойлап та тұра алмайды. Яғни адамның жады қашан да шектеулі, әсіресе оның тілдік білігі басқа білім түрлерінен әлдеқайда міскін күйде болмақ. Мысалы, ең ғұлама Эйнштейіннің өзі әлдебір жабайының әлдеқалай айта салған қарапайым сөзін жүз жыл жатып ойланса да білмей-ақ, таба алмай-ақ қою мүмкін.
Сондай-ақ қажет болып жатса, әлемнің бірнеше мықты тілін бес-алты жылда меңгеріп алуға болады, ал өз тіліңді өмір бойы үйреніп өтесің дейтін де қыйсын бар. Яғни өз тіліңді үйренудің өзі оңай емес.
Екіншіден, теңізден буланған су әуелі тауға қар болып түсіп, онан соң суға айналып, төменге, жазыққа өзен боп ағып келеді де, жер де, ел де сол суды, өзінен-өзі келіп тұрған суды сутегін пайдаланып жатады. Ешкім де тауға барып су тасымайды. Бұл су қайдан, не үшін келіп жатыр деп ойламайтын да болады.
Дәл осылай, адамның ана тілі де оған аспаннан түскен, Алладан берілген бақ болып қонады. Біз оны өмір бойы үйренетімізбен, ол үшін арнайы күш жұмсап, әркет қылып, уақыт жоғалтпаймыз. Көзіміз ашық, ниетіміз түзу болса болғаны.
Сонымен тіл білу, тілді білу – әлдебір тілдің әлдебір сөзін әлдебір уақытта әлдебір рет айту, айтып қалу емес, оны тұрақты түрде қолдану, қолдана алатын болу деген сөз. Яғни тіл – қолданылатын, қолданылған сәтінде ғана бар нәрсе. Қолданылмайтын тіл сол сәттен бастап ұмытыла бастайды.
Ал адамның бір мезгілде 70 тілде сөйлеуі, 70 тілді білуі, соншалық ақпаратты шақшадай басына сыйдырып, соның кез келгенін кез келген секундта шығарып тұруы – мүмкін емес нәрсе.
Сірә, көптілшіл жылтырақтар осыны ескеруі керек.
Африканың Сьерра-Леоне деген елінің мынадай мақалы бар:
«Алтаудан көп болған нәрсе жетеуден де көп болуы мүмкін» (Орысшадан аударылған)
Яғни өзі бір тілден артық тіл білмейтін кісі үшін жазыла салған болса керек.
Не нәрсе де керегінше ғана болуы тиіс. «Өзге тілдің бәрін біл» дегеннің өзі мәніссіз сөз, саясаттың ығына жығылу болатын.
Елім, жерім, олар ертең өлер болса, мен бүгін өлуге дайынмын деп кеудесін күнде тоқпақтап отырып, өз тілін жөндеп те білмей отырып, өзге ондаған тілді «іздірәсти» деген деңгейде білуге ұмтылу — пайдакүнемдік пен жылтырақтықтан басқа түк емес, Нәке! Ал өз тілін блу деген не? Ол оны ең кемі ұлттың орташа адамы деңгейінде білу деген сөз. Шамамен орташа адам ұлттың 70-80 пайызын құрауы керек. Мысалы, кезінде сауатсыз саналған қазақтың орта адамы Абайдың өлеңін, не айтқысы келіп, нені меңзеп тұрғанын тыңдап-ақ түсіне алған. Ал қазіргі қазақтың қанша пайызы Абайды оқып түсіне алады және қанша адамы сіз ойлағандай бірнеше тілді біледі?