Әуезіпше айту дейтін бір өнер – бүгінде өте ірі өнер

cүйрет : Sch9asha.educhel.ru
Ыспан
Төңкеріске дейін екі-ақ пайызы хат таныған дегенді …
… орыс ертеректе, сірә, сол төңкерістің аржақ-бержағында айтты, айта бастады және сондай халдағы сендерді адам қылып, қатарға қосқан кім еді деп қазақтың бетіне баса айтты.
Орыс қана айтып қоймады, оларға ілесе мұны «шындықшыл» қазақтың бетке шығарының бәрі айтты.
Мысалы, «Ендігі алынатын, тыңнан кіретін атаулар мен орыс сөздерін бұрынғы ол тілдерден жырақ тұрған, оқымаған кәрі әжелердің айтуына апарып қайта салып отыру жол емес» дегенді Әуезіп өткен ғасырдың 51-жылы-ақ айтты [1].
Әрі бұл – бүкіл кеңес халқының басын біріктіріп, ұлы мұратқа жетелейтін орыстық, шетелдік интер сипатты сөздердің басқа тілдерге сіңісіп, түрсізденіп, ажарынан ажырап қалмауы, жойылып-жоғалып кетпеуін күйттеп, қазақ тілінің әліпби жүйесін 42 әріпке жеткізген науқаншылдықтың күйіп тұрған кез еді.
Әуезіптің осы сөзін үлгі еткені болар, 78-жылы ҚазМУда оқып жүрген біздерге тарихтан беретін тәлімгер ағайымыз Төреғали Қаратаев та «ауылдың оқымған кемпір-шалы құсап сендердің «кәзит» деп тұруларың ұят болады, «газета» деңдер дегені бар еді.
Алайда кешегінің бәрі, тіпті Әуезіп айтқан шал-шауқан да оқымаған, сауатсыз болса да сөйлей қалса, Меке, Меркі, Сүмбі, КіТіКі, Жем, Қорғас, Молдава, өзің рұқсат еттің, тоқтатыңдар, жаңа деп қалыпты сөйлейтіндей еді.
Ал бүгінгінің оқу деген не, сақынагер қазағы, қазақ теледидары түгелдей, тіпті іштен оқып туып, аузын ашқанының бәрі еуромәдениеттілікке салып, Мекке, Мерке, Сүмбе, КаТэКа, Эмба (Ембі де емес), Каргос, Малдова, Сен өзін рұқсат еттін ғой, Бассыздықты тоқтатындар, жана деп «біршама басқалау» айтады.
Әнші, әртіс, жұрналшыны айтамыз, қазақтың Бас сөздігі де Мекке, Меккешіл [2] деп мекіренеді. Тек ақыр ұқсаған соң неге Мекка деп біратала ұқсап-бақпағаны белгісіз.
Онда тұрған не бар, бар болғаны – сәл ғана басқалау ғой. Есесіне жаңаша, жарқырата, яғни Әуезіпше айтып жатыр емес пе деп те ойларсыз.
Айтып-айтып кетті қарт, көнбеді жұрты, не лажы деген бар. Көпке топырақ шаша алмайсың. Біздің де еуросауаттылық, ұқсап-бағушылық, жылтырап қалушылық дейтін шіркіндерге не жетсін деумен шектелуден басқа амалымыз жоқ.
Ійә, не істерін, бойына біткен тынжысын қайда қойып, неге жұмсарын білмей, іші пысқан жұрт үшін бұл да – бір өнер әрі тіл түбіне жетіп тынар ірі өнер, ұлы өнер!
Түпкі мақсат-мұраттың өзі де осы ғой. Алға Қазақстан!
- Әуезов М. 20 томдық шығармалар жинағы, 19-т. – Зерттеулер, мақалалар, 1985, 496 б. // Тіл және әдебиет : Қазақтың әдеби тілі туралы, 247-272-б. (263-б.)
- Қазақ әдеби тілінің сөздігі, 10-том, Құбылағат (227-б.), Мекке сөздері, А., 2001-ж.