ЖҮКТЕЛУДЕ

Сөзді еңгізіңіз

Басты ақпарат Тілтаным

Ауызды қу шөппен сүрткіштіктің себебі

әкімшілік 21/01/2022 126 рет қаралды

 

сүйрет : otvet.mail.ru

Ыспан

 

Алла әуелден адамды …

… басқа дүниеден бөліп алып, адам қып жаратты және соны қанағат қылғанға «Өзім – гүл, өмір – бақша, тілім – бұлбұл, Дүние осы үшеумен жайнар гүл-гүл» дегізді.

 

Ал қанағаты жоқ көрмес, түйені де көрмес болып, қашан да түйе көрдім, жоқ, бие көрдім жоқ деп аузын қу шөппен сүртумен келеді, сүртумен болады.

 

Мысалы, мұндайдың бірі – термін немесе әлдебір сөзді қазақшалауға келгенде, бұл латын-гректен ғана шыққан, шыға алған ұлы ғылым сөзі, қазақта мұндай ой да, сөз де болмаған, болуы тиіс емес те еді деп, қазақ тілінің айдынын өз білік, өз деңгейімен шектей қараса …

 

… Мұхамбедия Ахметтөре ағамыз «Қазақша аты-жөнімізді жөндеп жазатын, қазақ екенімізді көрсетіп тұратын, армяндардың – ЯНы, грузиндердің –ШВИЛЛИі сияқты керемет нұсқа жоқ. Жүйеленбеген, шикі ұсыныстарды тықпалау арқылы «санамыздағы құлдықты» жоямыз деп «жазбамыздағы былықты» көбейтіп жүргенімізді ойлаған кім бар? Ұлтымыздың бейнесін танытып тұратын ұтымды заңдастырылған нұсқа болмай тұр ғой. Үкімет ұсынған вариантқа көңіл толмай жүр. Әкесі – қайсысы, Баласы – қайсысы, Еркек пен Ұрғашысын ажырата алмайтын жүйемен жазу жалғасып жатыр» /1/ деп бұл кісі де Самарқанды су алдыра сөйлейді.

 

Ал Эльнора Жалимбет атты қазақ қызы: «Біздің елде тегтен советтік суффикстарды алу үшін заң жүзінде  аса ір шектеулер жоқ. Алайда, өзгеріс байқалмайды. Бар жұрт тегін өз қосымшасымен жазады.Тек орыс пен бізде ғана ов-тар мен ев-тер. Репрессияға дейін қазақтың тегі –ов/-ев жұрнақтарынсыз жазылды» дей отырып, «Қазақстан жазушыларының 1935-жылғы тізімі : Жансүгір ұлы Ілыйас, Сейполда ұлы, Майлы ұлы, Мұқан ұлы, Тоғжан ұлы, Шұуқоп Иван, Мүсіреп ұлы Ғабіит, Баталып Михаил, Әуез ұлы Мұқтар» /2/ болғанын келтіреді.

 

Сірә, ғылым-білімді де, қазақтың тілі-ділін де бір кісідей-ақ білетін Мұқаң неге бүйтеді, неге қу шөпке қол артады десеңіз, …

 

… біріншіден, талайдан бері өзінен, әсіресе өзін осындай қор қып туып, қазақ қылып жаратқан ата-бабасы мен салт-дәстүрінен безіне-жерініп, еуро-орыстық әлемге табына бас ұрып келген қазақтың қазақпын, азатпын дей бастағаны да кеше ғана.

 

Ал аяғы аспаннан келе құлаған адам тез арада және оп-оңай оңалып, орнынан тұрып кете алмайды. Яғни Астана ғимараттарының сырт жағы, жол жағы, жұрт көретін жағын ақтап, әдемілеп қойғаныңыз үшін-ақ және сондайлық тездікпен оның ар жағы, іш жағы да ағарып, жаңарып шыға келмейді.

 

Екіншіден, кім-кімге де не нәрсенің де өз тілі немесе өзіне жақын тілде жүріп-тұрғаны жөн-ақ. Әсіресе құлдық құлықты басынан кешкен жан дұрыстық, көпке дұрыстықты ысырып қойып, өзінің басқадан артық жағын қалай да саудалап қалуды ойлайды, өз қолы жүргенін бірінші орынға қояды. Мысалы, қытайша оқыған қытайшаны қолдап, оған кеткен өз уақыты мен күш-жігерінің ақталғанын қалайды және оны басқаға таңып-бағады.

 

Үшіншіден, «ов-ев»-іңіз – латын-гректік дейтін де сөз емес, осы күнде орыстың ғана тек жасауыш қосымшасы. Яғни әшейінде халықаралық сөзге тимейік, ал орыстық болса, қалдырмай қазақшалайық  деп те қалатын интершілдердің бүйтетін тағы бір себебі – басқаны қойып, өз ойына керағар келіп жатқан күннің өзінде, қалай да бүйректен  сыйрақ шығарып, жұртты елең еткізерлік пікір айту, сөйлеп қалу, терістеудің өзін терістеп, көзге түсу құлқы, құмарлығы да бар.

 

Төртіншіден, ел боламын десең, әуелі етегіңді жый, бесігіңді түзе демекші, кез келген үлкен істің қарапайым нәрселерден бастау алатынын, керемет қазақ болудан, қазақ тілін мемлекеттік тіл, бүкілхалықтық тіл етуден бұрын, әуелі өзіңнің, әркімнің өз аты-жөнін қазақша айтып-жаза білуі керектігі сыйақты қарапайым нәрсені түсініп-түстей алмайтын ой, сана кемістігі бар.

 

Әйтпесе, Төлеби Әлібекұлы, Махамбет Өтемісұлы түрінде сонау заманнан келе жатқан әрі Ақаңдар, Алаш зыйалылары да алып жалғастырған, армян, гүржінің ян-ы мен швили-інен артық болмаса, мысқал да кемдігі жоқ «ұлы», «қызы», «келіні» арқылы атаса, қайсысы тегі, қайсысы «ұрғашы» екені де көрінбей қалмасына күмән жоқ.

 

Сондай-ақ оның жүйелі саналуы үшін «керемет нұсқа», «ұтымды заңдастырылған нұсқа» болмай-ақ, қалыпты нұсқа, тарихи нұсқа екендігінің өзі жеткілікті дер едім.

 

  1. Мұхамбедия Ахметтөреұлының жеке парақшасынан, 2019-ж.
  2. Эльнора Жалимбеттің жеке парақшасынан 2019-ж.

 

Кілттік сөздер:

You Might also Like

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз*