Байсыз және ойсыз өмір өмір ме?!

сүйрет : pricoliska.ru
Ыспан
Қыз-қырқынды майыстырып көру, алдап-сұлдау үшін емес, нақты қатын алу, өмірлік жар табу үшін келген жігіт …
…өзі де іздегенге сұраған боп, бай іздеп отырған, отырмын дейтін қызға бірден
— маған нақты айт : етегіңді ұзартып, тіліңді қысқартасың ба, бетбояу мен қылтың-сылтыңды азайтып, имандылықты арттырасың ба дей қалса, бұл нақтылыққа ырза жұрт ду етіп қол соғары хақ және сол сәтте екінші біреу, қарсы жақ :
— мұның бәрі дұрыс қой, алайда жаңа ғана көрген қызға бірден бұлай деп қойып қалу қаншалықты дұрыс, ол жыйырма бес жыл бойғы дағдысынан бір сәтте бас тарта ала ма десе, орынды пайым көңіліне қона кеткен жұрт тағы да ду етеді және тағы да бірінші жақ :
— мен хиджап ки, намаз оқы деп жатқан жоқпын ғой, айтып отырғаным – ерлі-зайыпты болу үшін міндетті түрде орындалуы тиіс әрі қай қызға да әуелден таныс, ерте ме, кеш пе қойылатын шарттар ғой десе, бұл сөзге де ұйый қалған жұрт тағы да ду етепек.
Яғни мұндай тауып айтылатын сөз бен сондайлық қарсы жауап осылай, бірінен-бірі туындап, бірінен-бірі асып түсіп жалғаса бермек және жөн сөзге тоқтамай тұра алмайтын көпшілік те қолдарын соға бермек.
Ал біздің айтпағымыз – өмірде өзінің әлдебір көзқарас, ұстанымы жоқ немесе ондайынан гөрі қалай да көпті ду еткізерлік сөз айтып, қылық қылып, көзге көрініп қалуды артық көретін жан, пенденің аз болмайтыны.
Олардың кез келген сәтте ойына келе қалған кез келген сәтті сөзді айтып қалуды ғана мансұқ тұтып, жоғарыда келтірілген екі жақтың кез келген жағына шыға қоюға және еш қыйындықсыз бірінен екіншісіне секіре жөнелуге қашан да дайын тұратыны. Мысалы, керек кезінде ұлтшыл, ұлтжанды бола қалып, екінші бір сәтте сөзге келмей ұлтжандылықты терістей жөнелетіндігі, асыра сілтеушілікке айналдыратыны.
Екіншіден, ондайлардың ойына әлдебір ой, пікірден бұрын мен сөйлейін дейтін ой келіп, бірден үндеткішті қолына алып сөйлей бастайтыны және содан кейін ғана не айту керектігін ойлай, іздей бастайтыны.
Яғни жақсы, білігіш атанғыштығы мен көзқарас, ұстанымсыздығы, ойсыздығы, ойланбай өмір сүретіні.
Сірә, ел дейтіннің ел болмайтындығының бір қарапайым ғана себебі осы ойсыздық пен байлаусыздықта жатса керек.