Бастан аттау жігіттікке жата ма?

сүйрет : Altapress.ru
Ыспан
Барлық күрес түрлерінде, әсіресе дзюдода мүмкін болған жағдайдың бәрінде қарсыласының басына, үстінен аттау, аңдамағансып, әдейі аттау әрекеті кең тараған-дерлік. Яғни оны күшімен, айла-әдісімен емес, қолайлы сәтті пайдаланып қалып, осылай қорлау арқылы жеңу, өш алу, оны өзінен төмен санау, сыйламау, сыйламайтынын білдіру жайлары аз кездеспейді. Әрі бұл арнайы ретістік (процедуралық) әрекет ретінде жасалмайтынымен, аса жиі жасалады.
Ырас, ертеректе ««бастан аттау» қазақ халқының көне ырымдарының бірі, негізгі мағынасы – бір адамның екінші адамның басынан аттау арқылы «күш» алуы болаған. Бұл түсінік бойынша жеңілген адамның «күші» жеңген адамға өтеді» [1] деп есептелген. Тіпті «күресу кезінде жеңген балуан жығылған балуанның «басынан аттауы» өзінің талассыз жеңгендігінің дәлелі ретінде саналған» [1, 2] екен. Сондай-ақ «жеңген балуан жеңілген балуанның басынан аттаса жеңімпаз атанатын» [4] болыпты.
Біріншіден, палуандар өз беті, өз қалауы бойынша және оңшада күресу, жекпе-жек шығу жағдайында осылай болған болар. Ал бүгінде олар көрерменнің алдында, қандай да біріншілік жоспарына сәйкес және көпшілікке арналған қойылым болғандықтан күреседі әрі кімнің жеңіп-жеңілгенін бұлай дәлелдеудің қажеті де жоқ. Яғни бастан аттау, қарсыласын жермен-жексен етіп масқаралау – күрестің кәзіргідей спорт түріне айналмай, шын тайталас, жеке бақталастық болып тұратын әуелгі, жабайы кезеңіне тән жайт болса керек.
Екіншіден, жеңімпазды бұлай анықтау – ескі Рим алаңдарындағы гладиаторлар төбелесінде жай тірліктен жалыққан, еріккен, қанқұмар көрерменнің бармағын төмен қаратып, өлтір дейтініне ұқсас әрекет болса керек.
Үшіншіден, қазақ таза жеңіске жеткенде және жеке ерегіс болған кезде ғана қарсыласының басынан аттаған. Ал бүгінде жеңіліп жатқан палуанның өзі мүмкін болған жағдайдың бәрінде қарсыласының басынан, үстінен әдейі аттап-бағады.
Төртіншіден, өзінің басынан аттап кеткен палуанды ешкім жақсы көрмесе, оған сол сәттен бастап кек сақтаса, бітіспес жауға айналса керек.
Бесіншіден, бүгінде жай күрес түгілі ережесіз жекпе-жектің өзінде бас жарысып, көз шығарыса төбелескендер артынша бір-бірін құрметтеп жатады, бұлай қорламайды.
Алтыншыдан, әуелі басынан олай да, былай да аттап алып, артынша онымен қол алысып, төс қағысып, құрмет көрсетіп жату қаншалықты шынайы болмақ әрі адамның өзі үшін де нағыз екіжүзділік, бір ісі бір ісіне қайшы болып шықпай ма деген де сұрақ туады.
Жетіншіден, қарсыласынының басынан аттау ауырту әдістері қолданылмайтын қазақ күресінің, бәскүрестің мазмұн-мақсатына қайшы келеді.
Сегізіншіден, дені дұрыс адам басы түгілі белінен, аяғынан да аттатпайды. Бұл әдепсіздік қана емес, жаман қылық, жаулық қылық саналады. Шөгіп жатқанда үстінен қасқыр секіріп кеткен түйе сол жатқан жерінен тұра алмай қалады деген де сөз бар. Әдетте, қазақ тіріні былай қойып өліктен де аттамайды. Орыстың өзі только через мой труп деп жатады. Ал қазақтың әйелі, кемпірі босағаға жатып алса, үйге кірген жас қыз сол үшін-ақ сол үйге келін болып қалып қоятыны тағы бар. Тіпті кез келген қалыпты адам үстінен біреуді аттатпақ түгілі, басынан сөз асырмайды. Яғни адамнан, оның басынан аттау адамдықтан кету болады. Ал спорт жұртты жауластырушы, өшпенділігін қоздырушы емес, керісінше достастырушы, бір-бірін құрметтеуді үйретуші болуы керек.
Сондай-ақ бүгінде бастан аттау үрдісі қолданыла ма деген сұраққа алғашқы Қазақстан барысы Ұлан Рысқұл да: «Жоқ. Бүгінде мұндай жоралғы жоқ. Қазақ күресі — спорттық сайыс. Ол бақталастар бәйгесі емес. Бозкілемде белдескенмен қос тарап төс қағыстырып, амандасып аттанады. Меніңше, бастан аттау басыну сынды» [3] деп жауап берген екен.
Яғни бәскүресте әр палуан бір-бірін құрметтеуі, әдейі немесе аңдамай қарсыласының бастынан, үстінен аттап кеткен палуанға ескерту жасалуы әрі бұл бәскүрестің бір артықшылығы, ерекшелігі ретінде бағалануы тиіс және бағаланатын да болады деп ойлаймыз.
Алдыңғы және келесі мақалалар
- «Қазақ күресі»-не кім, не үшін қарсы? — http://turki.kz/aza-k-resi-ne-kim-ne-shin-arsy
- Бәскүрес дейік! — http://turki.kz/b-sk-res-dejik
- Бастан аттау жігіттікке жата ма? — http://turki.kz/bastan-attau-zhigittikke-zhata-ma
- Бәскүрестің бәсі мен бәсіресі — http://turki.kz/b-sk-resti-b-si-men-b-siresi
- Жауырын-жамбас арасы, сөзімнің жоқ аласы әлде шаласы — http://turki.kz/zhauyryn-zhambas-arasy-sozimning-zhoq-alasy-alde-shalasy
- Бастан аттау — бәлені бастау деген сөз — http://turki.kz/bastan-attau-baleni-bastau-degen-soz
- Бастан аттау бұрын таза жеңіс саналған — http://turki.kz/bastan-attau-buryn-taza-zhengis-sanalghan
- Ал бұған Ұлан Рысқұл не деді? — http://turki.kz/al-bughan-ulan-rysqul-ne-dedi
- Ардан аттап, адамдықтан кетудің бір жолы — http://turki.kz/ardan-attap-adamdyqtan-ketuding-bir-zholy
- Айтылған сөз атылған оқ емес деп кім айтты? — http://turki.kz/ajtylghan-soz-atylghan-oq-emes-dep-kim-ajtty
- Бәскүрес — қазақ күресінің қысқа әрі нұсқа аты — http://turki.kz/baskures-qazaq-kuresining-qysqa-ari-nusqa-aty
- Қазақ күресін басқаша «баскүрес» десек болады — http://turki.kz/qazaq-kuresin-basqasha-baskures-desek-bolady
- Қазақ күресін «Тік күрес» деуге де болады — http://turki.kz/qazaq-kuresin-tikkures-deuge-de-bolady
- http://el.kz/kz/news/archive/content-16101
- https://www.tarbie.kz/37532
- Кілемге шыққанда достық болмайды //http://www.halyk-gazeti.
- http://beldesu.kz/kz/kures/istoriya.1