ЖҮКТЕЛУДЕ

Сөзді еңгізіңіз

Басты ақпарат Сөзтаным

Бит биттігін жасады екен деп тонды отқа салмаңыз

әкімшілік 15/03/2021 591 рет қаралды

сүйрет : Adme.ru   

Ыспан

 

Кей­бір оқу құралында эпилепсия да – «қоян­шық», припадок та – «қояншық». Ал сонда «эпилептические при­падки»-дің қазақшасы «қояншықтың қояншығы» бола ма? – деп таусылуға мәжбүр Мұқаңның (Ахмет-Төре) …

 

Қазақы балама табамыз деп кейде мазмұны мүлдем басқа жақ­қа жетелеп кететін жарыспалы атаулар­ды … тықпалауды қою керек. … Мысалы, бір сөздікте ко­ма – естүссіздік, сопор – естүссіздік деп аударылған. … Кома мен сопордың өзіндік айыр­ма­шы­лығы бар екі түрлі дерттік жағдай, ал қазақша баламасы олардың «есі» мен «түсін» түстеп беріп тұрған жоқ [1], – дегендерінен бұл реттегі бейберекеттік белшеден екенін аңдасақ болады.

 

Ерінбеген – етікші, екінің бірі – терминші болып әрі әркім аузына түскенін айта салып, жаза қою әдетке айналған соң бұлай болмасқа амал да жоқ. Алайда бұдан терминді қазақшалау дұрыс емес, қазақшаласа, ғылым, мәтін міндетті түрде бұзылып-бүлінеді екен деген түсінік тумауы тиіс.

 

Мысалы, аталған припадок пен эпилепсия-ның талып қалатын ұстамалы ауру және кенеттен естен тандырып құлататын ұстамалы, талма ауру [2] түрінде, өзара айырғысыз, кеміс түсіндірілсе де, талма және қояншық деген бас-басына қалыпты қазақшалары бар. Ал припадок – талып қалудың эпилепсиялықтан басқа оннан аса түрін біріктіретін аурулық күй [3], ауқымы кең түсінік те,  эпилепсия – оның бастауын мыйдан алатын [4] бір түрі ғана. Сондай-ақ орыс ертеректе эпилепсия-ны падучая деген [5]. Сірә, кейінірек осыдан шығарып припадок деген де шығар.

 

Яғни эпилептические припадки еш қыйындықсыз қояншықтық талма болады. Әрі осы тектес приступ, кома, обморок түсініктерін ұғымдық жақындығы бойынша тағы да Бас сөздікте [2] берілмеген ұстама, кеміс түсіндірілген ессіздік және естен тану сөздерімен беруге болады.

 

Сондай-ақ, «эпилепсия» да, «припадок» та әуелден бір мәннің бірі – еуроша, екіншісі – орысша нұсқасы ретінде қолданылса керек. Тек орыс еурошаның «әдемі»-лігі мен «артықшылығы»-на қызығып, оны да тіліне кіргізіп алған да, кейінірек бұл екеуі орыс тілінде мағыналық жіктелуге ұшырап, еурошасы – арнайырақ талманы, талманың бір түрін ғана, ал орысшасы – жалпы талманы, талманың бәрін білдіретін болған сыңайлы. Егер еуроша сөз кірмеген болса, «припадок» сөзі бірі жалпы, екіншісі арнайы мәнді білдіретін, яғни ең кемі екі мәнді сөз болып жүре берер әрі одан орыс тілі кем болып қалмас та еді. Ал бұл екеуінің қазақшасы ретінде беріліп отырған «қояншық» та, «талма» да қазақта әуелден бар сөздер. Яғни «қояншықтың қояншығы» дейтіндей еш қауіп жоқ. Бар болғаны – сөз біткенді түгелдеу және жүйелестіре қолдану керек.

 

Ійә, бүгінде шалыс-шатыс сөзде есеп жоқ. Дегенмен, сонысы үшін алып кеті, шауып кетті деп дүниенің бәрін өртке алдыра бермей, әр сөзді іздеп-тауып орын-орнына қоя білу де керек. Үйткені, бұл – сөз жасаушы, сөзге жауапты маманның тікелей міндеті. 

 

 

  1. Мухамбедия Ахмет-Төре Медицина терминдерін қалай қазақшалап жүрміз? //https://www.egemen.kz/article/169917-meditsina-terminderin-qalay-qazaqshalap-zhurmiz?fbclid; https://m.facebook.com/story.php?story_fbid
  2. Қазақ әдеби тілінің сөздігі. 15 томдық. А., 2011-ж.
  3. Припадок //dic.academic.ru; Классификация припадков и их лечение //https://www.tiensmed.ru/news/pripadki1.html
  4. Эпилепсия // https://zdravlab.com/epilepsiya/; Классификация припадков и их лечение //https://www.tiensmed.ru/news/pripadki1.html
  5. Эпилепсия //https://psihomed.com/epilepsiya/; //ru.wikipedia.org
Кілттік сөздер:

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз*