Даубаба ма, Дәу баба ма? — 2

Ыспан
Жалғасы, басы – алдыңғы санда
Затың бөлек, атың ыстық туған жер!
Әдетте, сөз қалай айтылса, солай жазылуы кім-кімге де тиімді-ақ. Бірақ, түрі басқа тілегі бір, жұрты басқа жүрегі бір, түрі – ұлттық, мазмұны – халықаралық дегендей қызыл сөзге, ондайды айтуға әуелден құмар қазақ қауымы Кеңес үкіметінің өзге тілдерді бұзу, аздыру, орыстандыру мақсатымен тудырған жалған ғылымын мансұқ етіп, солардан бір ғылымилық, әдемілік көріп, сөздің жазу түрі және айту түрі болуы әрі мүмкіндігінше екеуінің екі басқа болғаны жөн дегендей жаңсақ ерже жасап алғанын айтпасқа болмайды. Бүгінде жаппай етек алған, «тілде орфография, орфоэпия дегендер бар, осы дәстүрге орай былай айтылады, олай жазылады» деп білгіштік көрсету – осы адасқан ақыл, сарқыншақ сананың салдары.
Мысалы, осы Даубабаға баратын жолдың тағы бір тұсында «жерден тапқан жеті қоян» «Дәубаба»-ның қазақшасы – «Дәу баба», орысшасы – «Дау баба» түрінде онан ары жетіліп, жіктеліп, бас-басына ат алып, «жараса» қалыпты. Яғни әуелгі бір сөз екі сөзге айналып әрі әр тілде өзінше түлеп, түрленіп шыға келген. Сірә, «қарабайыр» «Даубаба»-дан жалыққан жұрт үшін бұл да бір жаңару, жылтырау, өнер, ғылым көрінген де, «дәу баба» деген жай сөзді «Даубаба» атты жератқа, өңіратқа айналдырудағы тілдің, ділдің, пәленбай ұрпақтың мыңдаған жыл бойғы жұмысы, тірнегені далада қалған.
сүйрет:Уәлиқан Қанайұлы
Әрине, осы Ақаңның кезінен белгілі қарапайым жайды басқа емес, егде жастағы ауыл, аудан ақылмандарының, мектеп мұғалімдерінің білмеуі, үндестік заңын түсіндіре отырып, артынша басқа емес, өз тіліміздің осы заңдарын, осы жұмыстарын белшесінен басып, жоққа шығара салуы ақылға қонбайды-ақ.
Ал дұрысы, жөні – биыл, бүгін, қарлығаш деп айтып, бұл жыл, бұл күн, қара ала құс деп жазбайтынымыз (бүгінде бұларды жазбақ түгілі айтпаймыз да) сияқты, «даубаба» деп айтатын болсақ, «дәу баба» деп жазуға да болмайды. Үйткені, ол осы күнгі қызыл кірпіштен салынған сарайдай үйіңді бұзып тастап, өткен замандағы жер кепеге кіру сияқты кері кету және артық қылам деп тыртық қылу болады. Оның үстіне, ол Кеңес үкіметінің бұған дейінгі құжаттарының бәрінде де «дәу баба» емес, «даубаба» түрінде жазылып та келді. Сондай-ақ «дау» сөзінің ұрыс, керіс дегендей жаңсақ түсінік туғызу мүмкіндігі де тілдің бас заңын өзгертуге себеп бола алмайды. Әрі түптете талдар болсақ, «дәу» сөзі «дау» сөзінің дыбыстық түр өзгерісі, жіңішке нұсқасы (варианты) болып шығады. Яғни бұлар әуеліде бір мағынаны білдірген.
«…Аралас буынды сөздерді қалай да қолдан қоздатып, тілдің түп-тамырына балта шабуға болмайды … күнделікті, жиі айтатын болса, белбау – белбеу, іш тон – ыштан, іш құр – ышқыр, сегіз он – сексен, бері таман – бермен болып кетеді … Айтылым – халықтың сөйлеу қызметінің жемісі. Яғни айтуды тұтас халық жасайды, жазуды жекелеген адам жасайды. Халықты жеке адмаға (мейлі, ол кемеңгер болсын) жығып беруге бола ма? Жазуда жасандылық болмай тұрмайды. Халықтың тілі өзінің ұлы заңдарының негізінде дамиды … Бабалары өмірге айналдырған араб сөзін ендігі ұрпағы ғұмыр деп айтуға құштарлық білдірсе, оған не дауа?…» [1, 12–13-б.] деген С.Мырзабек сөзі де дұрыс пен бұрыстың ара жігін ашып тұрса керек.
Бұл, әрине – мәселенің таза тілдік жағы, яғни тілдік адасу. Ал «Даубаба» – әуелден ауылдың емес, өңірдің, өзеннің аты және ол өңір, ол өзен бойында жатқан ауылдың біразының атауы Кеңес үкіметі тұсында орыстандырылып, Кончасть, Карл Маркс, Лесхоз деген жаңа ат алған. Сірә, енді келіп, қазақта сөз, ат немесе жер-суға ат берерлік ақыл, ой құрып қалғандай айдың-күннің аманында кешегі Кончасть пен бұрынғы Сеславино елдімекендерін «Дәубаба-1», «Дәубаба-2» деу де көңілге қонбайды-ақ. Әрі бұлар кеңес үкіметі тұсындағы «Орбита-1», «Орбита-2» сияқты нөмірлік, штамптық атауларға және орысша айту, сөйлеу жүйесіне еліктеуді, солардың ықпалынан шыға алмауды, яғни ділдік адасуды білдіреді. Тіпті шынымен-ақ «сөз құрып, ой тұсалып қалып», осының өзін таза қазақша айтсақ, «1-Даубаба», «2-Даубаба» болар еді.
- Мырзабектен С. Қазақ тілінің айтылым сөздігі, А., 2001, 320 б.
«Онамастикалық хабаршы», 2014, 1, 40–43-б.
Оқырманға бір сауал:
Ардақты ағайын!
Біз әуелгі «Дәу баба»-ның неге, қалай «Даубаба», «Дауба» болғанының үш себебін айттық. Алайда, дәл осындай жуан-жіңішке буынның қатарласуынан тұратын кәсіп/орын, кеш/құрым, өмір/баян, таң/ертең, тіл/хат, Ақ/биік, Керше/тас, Түлкі/бас дегендей жүздеген сөз өзгеріссіз қалып, нақ «Дәу/баба»-ның және тағы сондай біраз сөздің бірыңғайланып кетуінің төртінші, бесінші себебін сіз ойлап, сіз айтып көрсеңіз!
«Qarlygash»-tyng ‘tyuby «qara ala qyus» emes. Ol «qarly qash» — «qardy qashyru» magynasynan shygady. Qarlygash songgy qarmen keĺedy.