Екі сөзінің бірі қата «Жүз жаңа оқулық»

сүйрет: Proza.ru
Ыспан
«Қата» дегенің – бар болғаны қата ғана.
Ырас, орыс тілінде изменения, изменений-лердің орнына изменение, изменении деп жазғаның үшін-ақ …
… сауатсыз саналып, қызметсіз қалуың мүмкін. Ал қазақтың кеңдігі мә әлде кемдігі мә, «қатасыз нәрсе бола ма, бір сөз, бір «әріпте» тұрған не бар?» деу біз үшін қалыпты-ақ сөз.
Мысалы, филология ғылымының докторының өзі жаңағы да, жәңегі де дей алмай, жәнегі [1] деп, ың-ның түбіне су құйып жатса, басқадан не сұрарлық және неге олай десең, «онда тұрған не бар?», «ондай-ондай байдың қызында да болары»-на күмән жоқ.
Керісінше, бүгінде қазақша сөйлей, қазақша жаза тұра, шалыс сөйлеп, қата баспасаң, нағыз қата, нағыз «абсурд» сол болады. Жұрт сізді түсінбей қалады. Жүз жаңа оқулық та қаншалық «жаңа» делінетінімен, қазақша ғой. Сондықтан оның да антынан айнып, сертінен таяр амалы жоқ.
Сірә, көп сөзді қойып, «Жүз жаңаның» қолға бірінші түскен төрт кітабының алғашқы он-онбес бетінен байқалған қате-қайшылықтың бәрін емес, «мен» деген шамалысын тізбелеп және термелеп көрелік. Шыдам шіркін, жетіп жатса, өзіңіз-ақ айтарсыз!
1. Әлем әдебиеті теориясының антологиясы қазақ тіліне аударылды (А.Шәріп, Ж.Әскербекқызымен жүргізілген хабар) // https://100kitap.kz/kz/mass-media/69 «Бақ біз туралы» беті (Astana TV), 25.06.19
1-кітап қаталары
Фромкин В., Роберт Р., Нина Х. Тіл біліміне кіріспе, А., 2018, 608 б.
Жалпы редакторы: Құрманбайұлы Ш.
1
Морфологияны алдымен бердік, себебі тілдің құрылымдық аспектілері туралы алғаш оқыған адам үшін оңайырақ болатынына сенімдіміз. Әрі қарай синтаксис, ол студенттерге көптеген семантикалық тұжырымдар арқылы таныс.
(Кіріспе бөлімі, 15-бет, 9-еже, 3–6-жол)
Мұнда «Әрі қарай синтаксис» делініп, бұл сөйлемнің баяндауышы жұтылып қалған да, екінші бір сөйлем басталып кеткен.
Дұрысы – «Ары қарай синтаксис берілді«.
Сірә, қата ортақ баяндауыш сөйлемнің бірінші бөлігінде беріліп кетіп, «далее синтаксис» деп аяқталатын шеттілдік нұсқаны сол күйінде аударып қоя салудан болып тұр.
Екіншіден, «көптеген семантикалық тұжырымдар арқылы таныс» дегеннің де нақты не екені түсініксіз болып қалған.
2
Лингвистердің көмекші курсына қосылатындар:
Бірінші жоспарды ұсынумен қатар интерактивті электрондық оқулық, дәрістер жазбасы мен іздеу мүмкіндіктері.
(Кіріспе бөлімі, 16-бет, 2-еже, 4–6-жол)
Біріншіден, «Лингвистердің көмекші курсына қосылатындар:» дейтін тақырып ат беріліп, ол қос нүктемен шектелген соң онан ары атау сөз, атаулық тіркестердің жай ғана тізбесі келтірілуі тиіс еді.
Ал мұнда оның орнына «Бірінші жоспарды ұсынумен қатар» дейтін сөйлемдік мәтін беріліп тұр.
Екіншіден, мұндағы «Бірінші жоспардың» не жоспар екені және оны кім, қайда «ұсынып» отырғаны түсініксіз.
Үшіншіден, «ұсынумен қатар» деген де – осы тұрысында қыйсынсыз тіркес. Сірә, «ұсынуға қоса» десе, қазақшарақ болар еді.
Төртіншіден, «Бірінші жоспарды ұсынумен қатар» деп басталған сөйлем бөлігі «енгізілді», «берілді» дегендей етістік баяндауышқа ұласуы, «электрондық оқулық беріледі» түрінде аяқталуы тиіс еді.
Ал мұнда оның орнына «электрондық оқулық», «дәрістер жазбасы» дегендей атаулық тіркестер тізбеленіп қана қойып, басталған сөйлем аяқталмай қалған.
Бесіншіден, мұндағы «іздеу мүмкіндіктері» делінген атаулық тіркестің неге қатыстылығы, нені іздейтіні, қандай «іздеу» екені де түсініксіз болып қалған. Аударушы мәтіннің түсініктілігі, нақтылығы дегендерді ысырып қойып, бар сөзді аударып шыққан, аударып қана қоя салған.
3
http://www.cengage… сілтемесін басып, осы дерекқорларға кіруге мүмкіндік бар. Лингвистердің көмекші курсындағы өз мәтініңіздің байланысын табу үшін мына белгіні іздеңіз.
(Кіріспе бөлімі, 16-бет, 3-еже)
Біріншіден, «дерекқорларға»-дағы көптік жалғау сөзді еш себепсіз күрделілендіріп, көбейтіп тұр.
Екіншіден, «кіруге мүмкіндік бар» деп, сірә, «есть возможность войти» деген баяндауышты сөзбе-сөз аударып, сірестіргеннен гөрі «кіруге болады» деу әлдеқайда табиғи, қалыпты болады.
Үшіншіден,
«Лингвистердің көмекші курсындағы өз мәтініңіздің байланысын табу» да – ұзын-сонар түсініксіз мәтін. Яғни бұл наған курс, қай курс екені, ондағы «өз мәтініңіз» дегенннің не нәрсе, қай мәтін екені, ол «мәтіннің» немен байланысатыны, не байланыс екені түсініксіз.
4
Параллельдік тәсіл арқылы бала ештеңені түсінбестен жүре алады немесе теңгерім қағидаттарын түсіндіре алатын қабілетке ие. Сонымен бірге барлығын жасауға рұқсат ететін нейрофизиологиялық тетіктерін бақылайды. Кейбір нәрселерді саналы түрде білуіміз тіл үшін бірегей факті емес.
(2-бет, 4-еже)
Бұл еженің не айтпағын түсіну тіпті де мүмкін емес.
Біріншіден, «Паралельдік тәсіл» деген не? Ол арқылы бала «ештеңені түсінбестен жүре алады» дегенді қалай түсінуге болады? Жалпы бала нені түсінуі керек еді?
Екіншіден, «немесе теңгерім қағидаттарын түсіндіре алатын қабілетке ие» деген сөйлемде кімнің «қабілетке ие» екені көрсетілмей, соның салдарынан мәтін түсініктілігіне елеулі нұсқан келіп тұр.
Үшіншідден, «теңгерім қағидаттарын түсіндіре алатын қабілетке ие» сөйлеміннің баяндауышы да сірә, «обладает способностью» деген шеттілдік нұсқаны сөзбе-сөз аудара салу саладарынан қалыпсыз болып қалған.
Сірә, «немесе ол теңгерім қағидаттарын түсіндіре алатын болады» деп аталған екінші, үшінші кемшілікті түзете алса болады.
Төртіншіден,«теңгерім қағидаттары» деген не, «ештеңені түсінбей жүретін бала» оны «түсіндіре алатын қабілетке» қалай «ие» бола алады деген сұрақ туады.
Яғни «ештеңені түсінбестен жүре алады немесе теңгерім қағидаттарын түсіндіре алатын қабілетке ие» деген құрылымы бойынша екі бөлігінің мәні өзара ыңғайлас болуы тиіс осы сөйлемнің бұл бөліктері мазмұндық тұрғыда керісінше, қарсы мәнді болып қалған.
Бесіншіден, «барлығы», «барлығын жасау», «барлығын жасауға рұқсат ету» дегендердің не екені, оған «рұқсат ететін» кімнің «нейрофизиологиялық тетіктері» екені, ол «тетіктерді кім бақылайтыны» толық түсініксіз. Яғни тәуелденуші сөз бар да, оны тәуелдеуші сөз және «ненің» дейтін сұраққа жауап беруі тиіс анықтауыш жетіспей тұр
Алтыншыдан, «Кейбір нәрселер» деген не нәрселер, «тіл үшін бірегей факті» дегенді қалай түсіну керек деген сұрақтар туады.
5
Ева бізді Марк Твеннің «Әзіл-сықақ күнделігі» еңбегіне сендіргеніне қарамастан, «Птеродактиль» ron, blick немесе kerplunkity деп аталуы мүмкін еді.
(3-бет, 4-еже, 17–19-жол)
Мұндағы ««Птеродактиль» ron, blick немесе kerplunkity» қазақтілді оқушы-студентке түсінікті, анық бола қоярына күмән бар.
Екіншіден, бұл сөйлемнің не айтқысы келіп тұрғанын, «сендіргеніне қарамастан» мен «деп аталуы мүмкін еді» дегендердің арасында не байланыс барын долбарлап та түсіне алмайсың.
6
Сөздің формасы мен мағынасы арасындағы шартты және еркін байланыс түрінде қолданады.
(4-бет, 2-еже, 1–2-жол)
Мұнда «Сөздің формасы мен мағынасы арасындағы» нені және кім «шартты және еркін байланыс түрінде қолданатыны» түсініксіз.
Екіншіден, «шартты байланыс», «еркін байланыс» дегендердің не екені де белгісіз.
7
Тіпті «Мафусалды» сипаттау үшін «қарт» сөзін қолдана отырып, 276 сөйлем айтылса да, жазбаша түрде берілсе де, олар бір-бірінен ерекшеленіп, өзгеше мағына беруі мүмкін. Бұл тек теориялық жағынан мүмкін.
(5-бет, 4-еже, 2–5-жол)
Мұндағыі «Мафусал» дегеннің не екені түсініксіз.
8
Ноам Хомский … ол тілдің алға жетелейтін ғылыми реакциялардың жиынтығы екенін дәлелдеді. … Итальян тілінде сөйлейтін адамның аяғын басып кетсеңіз, ол «аһі» деп айғайлайды. Француздар көбінесе сөз арасындағы үзілісте айтылатын сөздің бастапқы дауысты дыбысына тоқталып созып айтады.
(6-бет, 2-еже, 7-жолдан бастап)
Мұнда «тілдің алға жетелейтін ғылыми реакциялардың жиынтығы» дегеннің не екені түсініксіз.
Екіншіден, «Итальян тілінде …» деу – орысша айту болады. Сірә, «Италия» деу керек.
Үшіншіден, «сөз арасындағы үзілісте айтылатын сөздің бастапқы дауысты дыбысы» дегенді студент қалай түсінуі керектігі белгісіз.
9
Бұл – біздің грамматика мен сөздер туралы біліміміз, яғни біздің лингвистикалық құзіретіміз және біздің осы лингвистикалық білімімізді сөйлеу әрекетімізде қолдануымыз бен түсінуіміз, яғни лингвистикалық шығармашылығымыз арасындағы айырмашылық.
(8-бет, 2-еже, 4–8-жол)
Мұнда «біздің», «біліміміз», «яғни» «лингвистикалық» деген сөздер осы 26 сөзден тұратын бір сөйлем ішінде екі, үш реттен қолданылып, бар сөздің 10-ын құрап тұр. Ал не айтпағы тіпті түсініксіз.
Екіншіден, мұнда
«Бұл – біздің …біліміміз,
яғни лингвистикалық құзіретіміз,
осы лингвистикалық білімімізді сөйлеу әрекетімізде қолдануымыз бен түсінуіміз,
яғни лингвистикалық шығармашылығымыз арасындағы айырмашылық» делінген.
Осыған орай бұл жерде «біліміміз», «құзіретіміз», «қолдануымыз бен түсінуіміз» дегендер қалайша «лингвистикалық шығармашылығымыз арасындағы айырмашылық» болады және мұндағы «…айырмашылық» дегеннің өзі не деген сұрақ туады.
10
Алайда физиологиялық және психологиялық себептер әдетте біз қолданатын және түсінетін сын есім, үстеу, сөйлем мүшелері және т.б. санын шектейді.
(8-бет, 3-еже, 3–6-жол)
Мұнда осы 17 сөзден тұратын бір сөйлем ішінде «және» жалғаулығы 3 рет қолданылған.
Екіншіден, мұндағы «физиологиялық және психологиялық себептер» дегеннің не себеп екені түсініксіз.
Үшіншіден, бұл «физиологиялық және психологиялық себептер»
— «сын есім, үстеу, сөйлем мүшелерінің және т.б. санын шектей» ме, жоқ, керісінше,
— «сын есім, үстеу, сөйлем мүшелері»-нің өзі басқа бір нәрсенің «санын шектей» ме деген сұрақ туады.
Яғни сөз қосымшалары дұрыс таңдалып-қойылмауы себепті түсініксіздік туып тұр.
Төртіншіден, мұндағы «біз … түсінетін сын есім, үстеу ..» дегендердің қанадай сын есім, үстеу екені және «шектеу», «санын шектеу» дегендердің өзі нақты не екені түсініксіз.
11
Қарапайым тілдер болмайды. Греландиялықтар бұл туралы тіпті христиандықтың ұлы және дерексіз идеяларын да зерттеген.
(8-бет, соңғы еже)
Бұл мәтіннің мәнін, автордың не айтқысы келгені түсіну тіпті де мүмкін емес.
12
1972 жылы Роберт Лоуф «Ағылшын грамматикасына сыни талдауға қысқаша кіріспе» деп аталатын зерттеуінде ағылшын тіліне қатысты көптеген ережені сипаттады. Грамматикасын баспаға ұсынар алдында «жоғары тап», «орта тап», «төменгі тап» өкілдерінің ешқайсына өзін жатқызбайтынын ескертті.
Әйтсе де, Лоуф «екі бұрыс нәрсе дұрыс нәрсе жасауға көмектесетінін» айта келе, «олар менде жоқ, оның болмауы ережелердің біртекті болуына әкелді», – дейді.
(10-бет, 2-еже соңы,3-еженің басы)
Мұнда «Ағылшын грамматикасына» деген тіркес шеттілдік жалғауымен қоса аударылуы салдарынан «грамматикасына», «талдауға» деген жаңылтпаштық сөйлемше құрылып тұр.
Дұрысы – «Ағылшын грамматикасын сыни талдауға …» болар еді.
Екіншіден, жаңа ежеден басталып тұрған соңғы сөйлемнің не айтпағын алдындағы сөйлемдер арқылы да түсіну мүмкін емес.
13
Лоуфтың прескриптивті грамматикасы дескриптивті грамматикаға қарағанда басқаша.
(10-бет, 6-еже, 1-2-жол)
Мұндағы «прескриптивті», «дескриптивті» дегендердің не екенін ауыл түгілі қалада туған оқушы-студенттің өзі біле бермесе керек.
14
Ол грамматиканы оқыту емес, өйткені әртүрлі тілдер мен диалектілердің грамматикасын оқытады.
(11-бет, 7-еже, 2–3-жол)
Мұнда «грамматиканы оқыту емес» бола тұра, «өйткені әртүрлі тілдер мен диалектілердің грамматикасын оқытады» болып, бір баяндауышы екінші баяндауышын жоққа шығара құрылған.
Яғни «грамматиканы оқыту емес, өйткені» деп алып, сөйлем «грамматиканы оқытады» болып, қайшыласа аяқталған.
Нәтижесінде
«грамматиканы оқытпайды» және «грамматиканы оқытады» дейтін бір қайшылық және
«грамматиканы оқытпайды» «өйткені...грамматиканы оқытады» дейтін одан өткен екінші қайшылық құрылып тұр.
15
Қоғамда «лингвистикалық профиль» қолданысы төмен қолданыстағы диалектілерді кемсітушілікке жол береді.
(11-бет, 4-еже, 4–5-жол)
Бұл сөйлемдегі әуелгі тіркес ««лингвистикалық профиль»» ме, әлде ««лингвистикалық профиль» қолданысы» ма екені түсінксіз.
Егер әуелгі тіркес ««лингвистикалық профиль»» болса, онда «қолданысы төмен қолданыстағы диалекті» дегеннің не жаңылтпаш екені түсініксіз болады.
Ал егер әуелгі тіркес ««лингвистикалық профиль» қолданысы» десек, мұның өзі не және ««лингвистикалық профиль»»-дің өзін бала не деп түсінуі керек деген сұрақ туады.
16
Кейбір грамматикалар мен дәстүрлер қоғамдағы рөліне қарай қоғамдық және саяси себептермен жоғары болуы мүмкін, алайда теориялық тұрғыдан қолданысы төмен қоғам мүшелері тілдерінің грамматикасынан ешқандай артықшылығы жоқ.
(11-бет, 3-еже, 3-жолдан бастап)
Мұндағы «грамматикалар мен дәстүрлер»,
«теориялық тұрғыдан қолданысы төмен қоғам мүшелері» дегендердің нақты не екені анық емес.
Екіншіден, «қоғамдағы рөліне қарай қоғамдық және саяси себептермен» дегенде «қоғам» сөзі қатарына екі рет қайталанып мәтінді таптаурындатып тұр.
Үшіншіден, мұнда «болуы мүмкін» деп тұжырылған бірінші сөйлемге қарсы мәнді екінші сөйлем тұжырымы «жоқ» болып, екі баяндауыш өзара қайшыласып тұр. Үйткені «жоқ» «бар» деген сөздің қарсы мәні. Ал «болуы мүмкін»-ді «болмайды» деп қарсыласақ болады.
Яғни дұрысы – «…жоғары болуы мүмкін, алайда … артықшылығы болмайды» болуы тиіс еді.
17
Немесе This is the dog that … дей аласыз. Бұл жерде тоқтауыңызды қажет етпейді. Сөйлемнің ұзақтығы қандай?
(5-бет, 3-еже, аяғы)
Мұнда кімнің, не үшін және қай «жерде тоқтауы қажет етілмейтіні» түсініксіз және оны алдыңғы сөйлем арқылы да біле алмайсыз.
18
…өйткені бейграмматикалық сөйлемдер роман сияқты. Бұлар біз бұрын естіген немесе қолданыста жүрген сөйлемдер емес, өйткені олар грамматикаға тәуелді емес!
(6-бет, 4-еже, соң жағы)
Мұндағы «бейграмматикалық сөйлемдер роман сияқты» дегеннен студент не түсінері белгісіз.
19
Біздің өнеріміздің ең ұлы туындысы – ақыл-ойымыздағы барлық виртуалды шындықты жасау үшін тілдің қолданылуы. Дон Мигель Руиз, 2012.
(5-бет, 1-еже)
Сірә, бұл әлдекімнің терең ойынан шығып, тауып айтылған сөзі қазақшалғанда толық мәнсізденіп, әйтуір сөз, «әдемі сөз» ғана болып қалған. Дәлірек айтсақ, әдемі сөз де бола алмаған.
Дұрысы – аударушы шеттілдік сөйлем құрылымына байланып қалмай, автордың айтпағын анық етіп жеткізуі еді.
20
Ешкім жеке-дара сөзбен сөйлемейді. Сөздіктен бірнеше сөзді қосып айтуға тырыссаңыз да, «көлік – газ – қайда?» деп айтқанда сізге тек қолмен стансаға қарай сілтеп көрсетуі мүмкін. Егер сөйлеп жауап берсе, түсінбеуіңіз мүмкін, өйткені бір сөз қайдан басталып, қайдан аяқталғанын білмейсіз. 3-тарауда сөздердің, сөйлемдердің құрылымы туралы баяндалады, ал сөздер мен сөйлемдердің мағынасы 4-тарауда қамтылған.
(4-бет, 4-еже, 15-жолдан бастап)
Мұнда «бір сөз қайдан басталып, қайдан аяқталғанын» емес,
«әрбір сөздің қайдан басталып, қайда аяқталатынын…» болуы керек.
Үйткені әңгіме әлдебір сөздің нақты «аяқталғаны» туралы емес, жалпы үнемі болатын, тұрғылықты нәрсе туралы болып тұр.
Екіншіден, «3-тарауда сөздердің, сөйлемдердің құрылымы туралы баяндалады, ал сөздер мен сөйлемдердің мағынасы 4-тарауда қамтылған» деген қысқа ғана сөйлемнің ішінде «сөздердің, сөйлемдердің» тіркесі екі рет қайталанып тұр.
Әдетте, бір нәрсені айтып алып, «ал» дегеннен кейін екінші бір басқа нәрсе туралы айтылады. Ал мұнда «ал»-дан соң тағы да сол «сөздер мен сөйлемдердің» өзі айтылып, сөйлем өзіне-өзі керағар шығып тұр. Сірә, екінші ретінде «ал олардың мағынасы 4-тарауда қамтылған» десе болар еді.
21
Сонымен қатар балалардың синтаксисін, морфологиясын және семантикасын дамыту туралы көптеген мақаласы жарыққа шыққан.
(Кіріспе бөлімі, 20-бет, 1-еже, 7–8-жол)
Мұнда «балалардың синтаксисі», «балалардың морфологиясы» деген қыйсынсыз, кеміс тіркестер құрылған. Мысалы, «баланың семантикасы» дегенді студент қалай түсінуі керек деген сұрақ туады.
22
Құпия сөзбен қорғалған ілеспе сайтта слайдтармен дәріс оқытылады және тапсырмаларға жауаптардың нұсқалары жүктелген PowerPoint тарауының деңгейін қосқанда, оқытушыларға арналған пайдалы дерекқорлар бар.
(Кіріспе бөлімі, 16-бет, 4-еже)
Мұндағы «слайдтармен дәріс оқытылады» – сөйлеуге ерініп отырған адам долбарлап айта салатын, тілдік тұрғыда дөрекі құрылған тіркес. Сірә, дәріс «слайдтармен» емес, «слайдтар арқылы», «слайдтар көмегімен», «слайдтарды қолдана отырып» оқытылса болады.
Екіншіден, «тапсырмаларға жауаптардың нұсқалары жүктелген» дегенде қай «тапсырмаға», неғылған «жауап жүктелгені», «PowerPoint тарауының деңгейі» дегеннің де не «тарау» екені, оған қатысты қандай «деңгей» болатыны түсініксіз.
Үшіншіден, бұл сабақтас сөйлемнің «қосқанда … дерекқорлар бар» деген екі баяндауышы өзара үйлеспей қалған және «қосқанда» мағыналық тұрғыда да дәл емес сөз.
Сірә, мұны «қосса … дерекқор ашылады» десе, қалыпты болады.
23
Тіл біліміне кіріспе студенттерге мәтіндік материалдан жан-жақты түсінік алуға көмектесетін лингвистердің қосымша құралы бола алады.
(Кіріспе бөлімі, 16-бет, 2-еже)
Мұндағы «студенттерге» деген сөздегі көптік жалғау да, барыс септігінің «-ге» жалғауы да – қазақ тілінде жоқ нәрселер.
Екіншіден, осы көптік пен септік жалғауларының салдарынан «студенттерге … түсінік алуға» болып, мәтін жоқ жерден күрделіленіп, жаңылтпаштанып тұр. Дұрысы – «студенттің … түсінік алуына».
Үшіншіден, «түсінік алуға көмектесетін лингвистердің қосымша құралы бола алады» деген де – мәніссіз шектеу. Яғни сондай «түсінік алуға көмектесетін лингвистердің» ғана «қосымша құралы бола алады» деген сөз болып тұр.
24
5-тарау – «Фонетика: тілдегі дыбыстар». Алдыңғы шығарылымын сақтай отырып, әрі қарай жалғастырдық. Заманауи үрдістерге сәйкес ағылшын тіліндегі Халықаралық Фонетика Қауымдастығының (ХФҚ) стандартына сәйкес қабылдадық, …
(Кіріспе бөлімі, 14-бет, 6-еже, 2–4-жол)
Бұл тақырып атынан, жаңа ежеден басталған екі сөйлемнен нені «жалғастырып», нені «қабылдағаны» белгісіз. Яғни сөйлемнің объектісі немесе толықтауышы көрінбей, соның салдарынан мәтін олқы соғып тұр.
Екіншіден, мұнда екі рет беріліп, бірыңғайланып тұрған «сәйкес» сөздері арасына үтір қойылуы, ал онан да дұрысы – алдына үтір қойып, бірінші тұрған «сәйкес»-ті алып тастау болмақ.
25
Тіл білімінің құрылымы осы тілдегі дыбыстың айтылуын білдіреді. Осы сәтте спикерлердің сөзі өзге тілде басқаша тәсілді қолданатынын көрсетеді. Мысалы, тек қана ағылшын тілінде сөйлейтін болсаңыз, «foreign» сөзіндегі дыбыстың орнын ауыстыра аласыз, ал француздар мұндай жағдайда ménage a trois-ді қолданады.
(2-бет, 5-еже, 2–6-жол)
Біріншіден, «Осы сәт» деген қай сәт, «спикерлер» дегендер кімдер екені түсініксіз.
Екіншіден, «сөзі өзге тілде басқаша тәсілді қолданатынын көрсетеді» дегенді қалай түсінуге болатыны белгісіз.
Үшіншіден, ««foreign» сөзіндегі дыбыстың орнын ауыстыра алу» дегеннің не екені, бұл сөздегі «дыбысытың орнын ауыстыра алу» мен француздардың әлдебір тіркесті «қолдануы» арасында не байланыс бары түсініксіз.
26
Дыбыстық қорға қарағанда тілдің дыбыстық жүйесін білу өте маңызды. Бұл дегеніміз – сөздің қандай дыбыстан басталып, қандай дыбыспен аяқталатынын айқындау. Гана елінің бұрынғы президентінің Nkrumah деген есімінің бастапқы дыбысы ағылшын тілінде соңғы дыбысқа ұқсап келеді. Бірақ ағылшын тілінде ешбір сөз nk дыбысынан басталмайтыны анық. Ағылшын тілінде сөйлейтіндер бұл есімді … Nekrumah немесе Enkrumah деп қате айтады.
(2-бет, 7-еже, 3-жолдан бастап )
Мұнда
«есімнің бастапқы дыбысы» ненің «соңғы дыбысы»-на, қай «соңғы дыбысқа ұқсап келетіні», «ұқсап келу» дегеннің не екені,
ағылшын тілінде «соңғы дыбысқа ұқсап келетіні» айтыла отырып, артынша неге оның «бірақ» деп бағаланатыны,
әр тілде әртүрлі дыбысталатынын айта отырып, неге ағылшындардың айтысын «қата» санайтыны түсініксіз.
Яғни, мұнда түсініксіздікке қоса, екі бірдей мазмұндық қайшылық бар.
27
Барлық тіл ұсыныстары бар кез келген тілдегі сөздікті сатып ала алмайсыз. … Тілді меңгеру бұрын талқыланбаған жаңа сөйлемдерді құрау мен түсіну қабілетін білдіреді. … Әр спикер тамаша әдебиеттер жасай алмайды, бірақ тіл білетін әр адам жаңа сөйлемдерді құрай алады. … Егер әрбір сөйлем басқа тілде ұзартылған болса, сөйлемдердің саны шектеусіз болар еді.
(5-бет, 2-еже, 2-жолдан бастап)
Мұндағы «Барлық тіл ұсыныстары бар» дегеннің не ұсыныс екені және «спикер тамаша әдебиеттер жасай алмайды», «әрбір сөйлемнің басқа тілде ұзартылуы» дегендердің не екені, ол «ұзартылу»-дың қалай «жасалатыны», «болатыны» түсініксіз.
Екіншіден, көптікжәне табыс септігі жалғауларымен көпіртілген «жаңа сөйлемдерді құрау»-лар екі рет қайталанып, құлақты қаңғырлатып тұр.
Мысалы, «жаңа сөйлем құрау» деген әлдеқайда қалыпты, түсінікті болар еді.
28
11-тарау – «Тілдің компьютерде өңделуі». 9-басылымдағы 9-тараудың екінші жартысы болған бөлімнің өңделіп жазылған нұсқасы. Компьютерлік лингвистиканың негізгі қағидалары түсіндірілген. Сонымен қатар компьютерлерді табиғи тілде қолданатын таңғаларлық прогресс туралы сөз болады,
(Кіріспе бөлімі, 15-бет, 5-еже, 3–5-жол)
Тақырып атынан, жаңа ежеден басталған осынша сөйлемде «мұнда» дейтін толықтауыштың берілмеуі себепті, «түсіндірілген», «сөз болатын» нәрсенің неге қатыстылығы, қайда болатыны көрінбей қалған.
Екіншіден, мұндағы «компьютерлерді табиғи тілде қолдану» дегеннің не сөз екені белгісіз.
Үшіншіден, «компьютерлерді» емес, «компьютерді» болады.
Үйткені әңгіме көп компьютер, компьютердің бірнеше түрі туралы емес, жалпы компьютер, компьютер атаулы туралы.
Төртіншіден, «прогресс» деп ысқыртып қою кімге, қаншалықты қажет екені түсініксіз.
Прогресс — ілгерілеу, ілгерілем.
2-кітап қаталары
Шульц Д.П., Шульц С.Э. Қазіргі психология тарихы, 11-басылым, А., 2018, 448 б.
1
Осы элиталық оқу орындарына түскен еврейлер жиі оқшауланып, оларға студенттік қоғамдарға кіруге, беделді түскі астарға баруға немесе әлеуметтік клубтарға кіруге рұқсат етілмеді.
(35-бет, 6-еже, 2–5-жол)
Мұнда қосымшасына шейін көшіріле алынуы себепті барыс септігінң «-ға/-ге» жалғауы орынсыз көбейіп және «кіруге» екі рет қолданылып, сөйлемді қабылдап-түсінуді елеулі қыйындатып тұр.
Сірә, бұл сөйлемшені
«олардың студенттік қоғамдар мен әлеуметтік клубтарға кіруіне, беделді түскі астарға баруына»
деп дұрыстай, қазақшалай әрі әлдеқайда ықшамдай, жетілдіре алса, бұдан мәтін мазмұнына ешқандай нұсқан келмес еді.
2
… Джулиан Роттер өзіне «еврейлерді біліктілігін растайтын құжаттары болса да, оқытушылық жұмысқа алынбайтыны» туралы ескерту жасалғандығын еске алады.
(35-бет, соңғы еже, 3–6-жол)
Мұндағы «еврейлерді … алынбайтыны» деген қыйысусыз тіркесті «еврейлердің … алынбайтыны» немесе «еврейлерді ... алмайтыны» деп түзетсе болады.
Екіншіден, «өзіне» деген анықтауыш «ескерту» деген сөздің, «еврейлерді» толықтауышы «оқытушылық» деген сөздің нақ алдында тұрғаны жөн болады.
Үшіншіден, «оқытушылық жұмысқа» емес, «оқытушылық қызметке» деген дұрысырақ болады.
Яғни бұл сөйлем «…Джулиан Роттер біліктілігін растайтын құжаттары болса да, еврейлерді оқытушылық қызметке алмау керектігі туралы өзіне ескерту жасалғандығын еске алады» түрінде болса керек еді.
3
Егер психология факультеттерінде бюджет пен кірісте оң өзгерістер болып жатса, оқу орындарының басшылығы мен заң шығарушыларға әлеуметтік, тәрбие және өндірістік мәселелерді шешуге психологияның көп көмегі тиетінін көрсете алатындарына психологтердің көздері жетті.
(33-бет, 5-еже, 1–4-жол)
Мұнда «Егер психология факультеттерінде бюджет пен кірісте» деген сөйлемдегі «факультеттерінде» және «бюджет пен кірісте» деген сөздер өзара тәуелсіз бірыңғай мүшелердей болып әрі жаңылтпаштанып та тұр.
Сірә, мұны «..психология факультетерінің бюджеті мен кірісінде …» деп түзетсе, дұрысырақ, қабылдауға жеңілірек болар еді.
Екіншіден, сөз қосымшаларының «заң шығарушыларға», «шешуге» түрінде қыйыс, басқа тілдегі нұсқасы бойынша жалғануы да сөйлемді онан ары жаңылтпаштандырып, түсінуді қыйындатып тұр.
Үшіншіден, «әлеуметтік, тәрбие және өндірістік мәселелерді» деген сөйлемшедегі «тәрбие» сөзінің тиісті жалғауы жалғанбауы себепті басқа бірыңғай мүшелерден оқшауланып әрі «тәрбие мәселелерді» болып, өзі анықтаушы сөзбен қыйыспай тұр.
Сірә, мұны «заң шығарушылардың әлеуметтік, тәрбиелік және өндірістік мәселелерді шешуіне» десе, қазақша қалыпты әрі түсінікті мәтін болып шығар еді.
Төртіншіден, «көмегі тиетінін көрсете алатындарына психологтердің көздері жетті» деген де жаңылтпаш сипатты, шұбалаңқы сөйлемше.
Жалпы бұл кітаптарда осы мәтін сыйақты пән мәселесіне тікелей қатысы жоқ, оқу, білім ісін ұйымдастыруға қатысты мәліметтер жетіп-артылады.
4
Осы еңбекте біз ежелгі заманда және қазіргі таңда контекстік күштердің психологиямызға қалай әсер еткені және әсер етіп жатқаны туралы мәселелерді жиі қарастырамыз.
(33-бет, 2-еже, басынан бастап)
Мұндағы «контекстік күштердің» наған күш, қандай күш екені белгісіз.
5
Тарихи деректер ұрланып, қайта қалпына келтірілмейтін сәттер де кездеседі. Мысалы, 1641 жылы италиялық математик – француз философы Рене Декарттың 70-тен астам хатын ұрлаған.
(30-бет, 6-еже, 1–3-жол)
Мұнда «қалпына келтірілмейтін»-нен гөрі «орны толмайтын» деу – дұрысырақ.
Екіншіден, «италиялық математик – француз философы» дегендегі сызықшаның салдарынан «Рене Декарттың хатын» әлдебір «математик италиялық»-тың «ұрлаған»-ы түсініксіз болып қалған.
Яғни сөйлем құрлымы бойынша «италиялық математик» пен «француз философы» дегендер тең нәрсе, бір нәрсе әрі екеуі де Р.Декарттың атақ-дәрежесі ретінде көрініп, ал оның «хатын ұрлаушы» кім екені айтылмай кеткендей болып тұр.
6
Контексте: психологияны құраушы күштер
… Психология тарихын оқу аталмыш пән пайда болып, дамыған контекст пен белгілі бір уақыт кезеңіндегі ғылым мен мәдениеттегі басым идеяларға әлеуметтік, экономикалық және саяси күштерге қарағандай қарау керек.
(32-33-бет, соңғы еженің 3-жолына бастап)
Мұндағы «Контексте: психологияны құраушы күштер» – мазмұны ғана емес, құрылымы да түсініксіз тақырып ат.
Екіншіден, мұнда сөйлемнің «қарау керек» деген баяндауышына қыйыспай тұрған «тарихын оқу» бастауышша көрініп қалған. Ал шын мәнінде ол – «тарихын оқу» емес, «тарихын оқуға» деген толықтауыш болса керек.
Үшіншіден, «дамыған контекст», «белгілі бір уақыт кезеңіндегі ғылым мен мәдениеттегі басым идеялар», «әлеуметтік, экономикалық және саяси күштер» дегендердің нақты не екені түсініксіз.
Төртіншіден,
«дамыған контекст пен белгілі бір уақыт кезеңіндегі ғылым мен мәдениеттегі басым идеяларға әлеуметтік, экономикалық және саяси күштерге»
қалай «қарайтынымыз» және осы жерде не нәрсеге «осылай қарауымыз керектігі», неге нақ «осылай қарауымыз керектігі» ашылмай, түсініксіз болып қалған.
7
Психологияның даму процесін тану үшін тарихи деректерге жүгінетіндіктен, «Қазіргі психология» тарихы» кітабында тарих және психология пәндерімен тығыз байланыста боламыз.
Психология эволюциясын түсіндіру тарихи деректеріне байланысты болғандықтан, тарихи зерттеулерде қолданылатын әдістер мен қағидаларға қатысы бар тарихнама түсінігін қысқаша түсіндіріп өтейік.
(28-бет, 5-еже)
Мұнда «Психология эволюциясын түсіндіру тарихи деректеріне» деген сөйлемде сөз қосымшасы
«тарих деректеріне» немесе
«тарихи деректерге» түрінде болмай,
«тарихи деректеріне» деп қата жалғанған.
Екіншіден, бұл қатар тұрған екі сөйлемнің екіншісі біріншісін мағыналық тұрғыда қайталап, екі сөйлем өзара жаңылтпаштанып тұр.
Мысалы, мұндағы «Психологияның даму процесін тану үшін» – «Психология эволюциясын түсіндіру» және «тарихи деректерге жүгінетіндіктен» – «тарихи деректеріне байланысты болғандықтан» деген екі сөйлемнің 1–2 бөліктері – толық түрде өзара сөйлемшелік синонимдер.
8
Біз әр тараудың басында біз негізгі тақырыпты таныстыруға қатысы бар тұлға немесе оқиға төңірегінде өрбитін қысқаша әңгіме ұсынамыз.
(23-бет, 4-еже, 1-жол)
Мұнда «біз» араға екі сөз салып, екі рет қолданылып, түсініксіздік тудырып тұр.
Екіншіден, «төңірегінде өрбитін» – сөйлемді шұбалаңқыландырып тұр. Дұрысы – «... таныстыруға қатысы бар тұлға немесе оқиға туралы қысқаша әңгіме ұсынамыз».
9
Әр контекстің артында сол дәуірдің ақыл-ой рухы … тұрады.
(22-бет, 3-еже, 2–4-жол)
Басқа кітабында «мәнмәтін» деп қазақшаланған «контекст» мұнда аударылмай алынған. Яғни терминдік ала-құлалық туып тұр.
10
Екінші дүниежүзілік соғыста бомбалаушылардың дайындығындағы писхологияның рөлі.
(23-бет, 1-е, 3-жол)
Дұрысы – бомбылаушы.
Қазақ тілі «бомба», «пломба», «банда», «шайба» демейді,
«бомбы», «пломбы», «банды», «шайбы» дейді. Сірә, осы қарапайым нәрсені «ұлттық» аудармашы-редактор, филологтардың білмейтініне таң қалмасқа болмайды.
Екіншіден, «бомбалаушылардың дайындығындағы» дегенде қосымшаның дұрыс таңдалмауы салдарынан «дайындығындағы» деген ебедейсіз сөз. шыққан.
Дұрысы – «…бомбылаушыларды дайындаудағы психолгияның рөлі».
11
Кітаптағы тараулар әртүрлі ой мектептерінің ретіне қарай құрастырылғанымен,…
(22-бет, 4-еже, 1-жол)
Дұрысы – «Кітап тараулары …».
Екіншіден, «әртүрлі ой мектептері» деген де күмәнді.
12
Ең алдымен, біз Платон, Аристотель және басқа грек ойшылдары бүгінгі психолог-мамандарға қатысы бар мәселелермен айналысқан – біздің дәуірімізге дейінгі 5 ғасырдағы адам болмысы мен мінез-құлқы турасында айтылған ой-пікірлер мен болжамдарға мән беруіміз керек.
(27-бет, 4-еже, 1–4-жол)
Мұнда «бүгінгі психолог-мамандарға қатысы бар мәселелермен айналысқан» дейтін мазмұндық тұрғыда ебедейсіз сөйлем құралып тұр.
Екіншіден, «айналысқан» дейтін сөзбен түйінделетін үйірлі анықтауыш өзі анықтауы тиіс «Платон, Аристотель»-дерден соң беріліп, айдалаға қаңғып кетіп тұр.
Үшіншіден, сөздің «айтылу», яғни ырықсыз етіс түрінде берілуі қата.
Сөйлем құрылымы бойынша дұрысы –
«Платон, Аристотель және басқа грек ойшылдары … айтылған … ой-пікір мен болжамдар» емес,
«… ойшылдары … айтқан … болжамдар» немесе
«.. ойшылдары …тарапынан айтылған…болжамдар».
Төртіншіден, сөйлем құрылмай, шеттілдік нұсқасындағы сөздер тұрған жерінде орынба-орын аударыла салынуы себепті айтар ойы тіпті түсініксіз болып қалған.
3-кітап қаталары
Мэнькю Г., Тейлор М. Экономикс, 4-халықаралық басылым, А., 2018, 848 б.
Әл-Фараби ат. ҚазҰУ Экономика кафедрасында ғылыми редакциядан өткен.
1
Ұлыбританиядағы және Еуропаның барлық елдеріндегі мамандар арасында пәннің болашағы қандай болуы керек, бакалавриат деңгейінде жаңа білім беруді қалай дамыту керектігі туралы жан-жақты пікірталастар жүріп жатыр.
(Алғы сөз беті, 2-еже, 1–3-жол)
Мұндағы «Ұлыбританиядағы және Еуропаның барлық елдеріндегі мамандар арасында» деген сөйлемшені
«Ұлыбританиялық және Еуропаның басқа елдері мамандары арасында» деп алған жөн болады.
Екіншіден, «керек» дейтін көмекші сөз «...пікірталастар» дейтін бастауышпен қыйыспай қалған.
Сірә, бұл «керек»-ті алып тастау керек.
Үшіншіден, жоқ жерден «жаңа білім беруді» дейтін ауыр тіркес құралып тұр.
2
Мысалдар, кейстер мен мақалалар мәтіндегі теорияны қосымша контекстпен қамтамасыз етеді.
(Алғы сөз беті, 4-еже, 2-жол)
Біріншіден, басқа кітапта «мәтінмән» деп қазақшаланған сөз мұнда «контекст» деген шеттілдік нұсқасында қалып, терминдік ала-құлалық туып тұр.
Екіншіден, «қосымша контекст»-тің нақты не екені түсініксіз.
Үшіншіден, «мәтіндегі теорияның» қандай теория, наған теория екені, оны «кейстер»-дің «қосымша контекст»-пен қалай «қаматамасыз ететіні», ол «қаматамасыз ету»-дің студент үшін не мән, не құдіреті бары белгісіз.
Төртіншіден, «контекстпен» деп, сіресітірмей, «контекспен» түрінде жеңілдете айтып-жазу жөн еді.
3
Адамдардың қалауы мен қажеттіліктерінің және шектеулік арасында қайшылықтың туындауынан үй шаруашылықтары мен фирмалар осы қалаулар мен қажеттіліктерді қанғаттандыру үшін табыстар мен ресурстарды тиімді бөлуге бағытталған шешімдер қабылдауы тиіс.
(2-бет, 3-еже, 10–12-жол)
Осы аса ауқымды емес сөйлемдегі «мен» арқылы жасалған «қалауы мен қажеттіліктерінің», «үй шаруашылықтары мен фирмалар», «қалаулар мен қажеттіліктерді», «табыстар мен ресурстардың» өзі-ақ мәтінді қабылдануы қыйын жаңылтпашқа айналдырып тұр.
Екіншіден, «қалаулар мен қажеттіліктер» екі рет қайталанып, мәтінді онан ары ауырлатып тұр.
Үшншіден, мұндағы «шектеуліктің» наған шектеулік екені түсініксіз. Сірә, қандай шектеулік екені көрсетілуі жөн еді және «туындауынан» дегеннен гөрі «туындауына орай» деу сөйлемді анығырақ етер еді.
Аударушы мәтінді, түсінікті етіп аудару, сөйлемді жаңаша, қазақша құру орнына бастапқы, шеттілдік мәтін сөздерін тезек аударғандай етіп, тұрған жерлерінде орынба-орын аударып-аударып қоя салған.
4
Кейбір адамдар өмірде қарапайым заттарға қанағат етеді, олардың қалауы өздері маңызды деп тапқан нәрселермен шектеледі.
(2-бет, соңғы еже, 7–9-жол)
Біріншіден, «заттарға қанағат етеді» емес, «заттарды қанағат қылады» десе, қазақша болар еді.
5
Қай шешімді қоғам үшін тиімді ымыра деуге болады. Бұл шешім қабылдаушылардың санаттың философиясы, құндылықтары мен пікіріне байланысты.
(4-бет, 1-еже, 6–8-жол)
Мұндағы «қабылдаушылардың» деген сөздегі көптік пен ілік септігі жалғауының орынсыздығы, артықтығы себепті «Бұл шешім»
«қабылдаушылардың философиясы» ма,
әлде «санаттың философиясы» ма,
жоқ екеуінің де «философиясы» ма екені түсініксіз болып қалған.
Екіншіден, мұндағы «философиясы» деген толықтауыш «байланысты» деген баяндауышпен қыйыспай тұр.
Дұрысы – «Бұл шешім қабылдаушы санаттың философиясына, құндылықтары мен пікіріне байланысты» деу.
Үшіншіден, мұндағы «қабылдаушылардың санаттың философиясы, құндылықтары» деген бірыңғай мүшелер осы тұрысында «байланысты» деген баяндауышпен жатық қыйыспай, қабылдауды қыйындатып тұр.
Сірә, «Бұл шешім қабылдаушы санаттың философиясына, құндылықтары мен пікіріне байланысты» десе, әлдеқайда түсінікті болар еді.
6
Сипатталған екі жағдайдағы аталған ұғым қолданысында ұқсастық бар. Алайда, алғашқысында А.Смит өзі зерттеген экономикалық жүйе біз бүгінде куә болып жүрген жүйден айтарлықтай бөлек.
(8-бет, 3-еже)
Мұндағы «Сипатталған екі жағдайдағы аталған ұғым қолданысында ұқсастық бар» деген сөйлемде
«Сипатталған екі жағдайдағы» және «аталған ұғым» деген сөз орындары ауысып кеткен.
Мұны «Аталған ұғымның сипатталған екі жағдайдағы қолданысында ..» деу дұрысырақ болады.
Екіншіден, тиісті жалғаулары жалғанбауы себепті бұл сөйлемнің «А.Смит өзі зерттеген экономикалық жүйе» деген бөлігі түсініксіз болып қалған.
Дұрысы – «А.Смиттің өзі зерттеген … »
7
Табысы жоғары елдер азаматтарының табысы төмен елдермен салыстырғанда сапалы азық-түлік, зор денсаулық күтімін алуға және ұзағырақ өмір сүру мүмкіндіктері жоғары, ондай елдердегі теледидар, түрлі гаджеттер мен автокөліктер саны да асып түседі.
(10-бет, 3-еже, 2–4-жол)
Мұнда сөйлемнің «сапалы азық-түлік, зор денсаулық күтімін алуға» деген анықтауыштары «мүмкіндіктері» деген бастауышпен қайшыласып қалған.
Мұны «… сапалы азық-түлік, зор денсаулық алу … мүмкіндіктері» деу – дұрысырақ болар еді.
Екіншіден, мұндағы «сапалы азық-түлік алу», «зор денсаулық күтімін алу» дегендер де – олпы-солпы құрылған ебедейсіз тіркестер.
8
Мысалы, Ұлыбританиядағы ұлттық статистика бюросы 41 түрлі көрсеткіші қамтитын әл-ауқат туралы мәліметтер жариялайды, оның ішіне адамдардың өздерінің өмірі жайлы не ойлайтынын, жұмыстарының құндылығы туралы ойларын, отбасылық өмірге қанағаттану деңгейін, жұмыстары мен денсаулығына көңілдерінің толу-толмауы, олардың тұратын мекендері мен ол туралы не ойлайтындығы, спорттағы, мәдени және еріктілер жұмысындағы белсенділігі мен табиғатта дем алу мүмкіндіктері қамтылған.
(10-бет, 9-еже)
Біріншіден – «Ұлыбританиядағы ұлттық», «көрсеткіші қамтитын» емес,
«Ұлыбританияның ұлттық», «көрсеткішті қамтитын».
Екіншіден, «мәліметтер жариялайды» емес,
«мәлімет жариялады» деу керек.
Үйткені іс-жүзінде бірнеше емес, бір мәлімет жарияланады және мұндағы әңгіме үнемі болып тұратын емес, әлдебір болған іс туралы.
Үшіншіден, қосымшаның дұрыс алынбауы себепті «не ойлайтынын», «туралы ойларын», «қанағаттану деңгейін» деп келетін бірыңғай мүшелер сөйлем соңындағы «қамтылған» деп қортылған баяндауышпен үйлеспей қалған.
Төртіншіден,сөйлемдегі «не ойлайтынын», «туралы ойларын», «қанағаттану деңгейін» және «толу-толмауы», «ойлайтындығы», «белсенділігі» сыйақты бірыңғай мүшелердің қосымшаларында бірізділік сақталмай, әрқалай жалғанып, сөйлемнің басы бір арнада, аяғы басқа арнада болып қалған.
Бесіншіден, «өмірі жайлы не ойлайтынын», «құндылығы туралы ойларын», «ол туралы не ойлайтындығы» делініп, «ойлау» сөзі бір сөйлем ішінде бірнеше рет қайталанған.
9
Өмір сүру стандарттарын көтеру үшін экономикалық саясатты жүзеге асырушылар жұмысшыларды сапалы біліммен, өнімдер өндіру мен көрсетілетін қызметтерді қажетті құралдармен және ең жақсы технологиялармен қамтамасыз ету арқылы өнімділікті арттыруға жағдай жасауы тиіс.
(10-бет, 8-еже, 4–7-жол)
Мұндағы сөзбе-сөз аударылып,
«жұмысшыларды сапалы біліммен, өнімдер өндіру мен көрсетілетін қызметтерді қажетті құралдармен және ең жақсы технологиялармен қамтамасыз ету» түрінде шектен тыс күрделіленіп, шұбалаңқыланып кеткен сөйемшені
«жұмысшыларды, өндіріс пен қызмет саласын сапалы білім, қажетті құрал, жетілген технологиямен қаматамасыз ету» деп қалыпты әрі түсінікті ете және ықшамдай алса болар еді.
Екіншіден, «өнімдер», «қызметтер», «құралдар», «технологиялар» түрінде қазақ тілі үшін жат, орысшадан көшіріле алынған көпшелер де сөйлемді, оны қабылдауды едәуір қыйындатып тұр.
10
Кей жағдайларда өнімдер мен және көрсетілетін қызметтермен қамтамасыз етуге нарық жүйесінің қауқары жете бермейді. Ал кей жағдайларда нарық жүйесі өз өнімі мен көрсетілетін қызметі тым аз немесе көп мөлшерде, тиімсіз болуы мүмкін.
(8-бет, 4-еже, 2–3-жол)
Біріншіден, көпше жалғау орынсыз қолданыла берген. Сірә, қайта-қайта «жағдайларда», «қызметтермен» деп төпелеп жатпай, «жағдайда», «қызметпен» деу мәтінді әлдеқайда жеңілдетер еді.
Екіншіден, «өнімдер мен және» дегендегі «мен» өзі жалғануы тиіс сөзден бөлек жазылып, оқушыны тағы бір түсініксіздікке, бөгеліске, қыйындыққа тірейді.
Үшіншіден, «өнімдер мен және көрсетілетін қызметтермен» дейтін қабылдануы қыйын сөйлемше құрылған.
Төртіншіден, тиісті қосымшаның жалғанбауы салдарынан «нарық жүйесі өз өнімі мен көрсетілетін қызметі» деген сөйлемше өз ішінде дұрыс қыйыспай, қабылдауды қыйындатып тұр. Дұрысы – «нарық жүйесінің өз өнімі мен көрсететін қызметі».
Бесіншіден, сөз «көрсетілетін» емес, «көрсететін» деп өздік етіс тұлғасында берілуі тиіс.
Яғни дұрысы –»нарық жүйесінің өз өнімі мен көрсететін қызметі».
Алтыншыдан, мұндағы «тым аз немесе көп мөлшерде, тиімсіз болуы мүмкін» деген сөйлемшенің мәні де екі, тіпті үш ұшты. Яғни бұл сөйлемшенің не айтпағын шеттілдік нұсқасынсыз болжаудың өзі мүмкін емес.
11
Өнімділік пен өмір сүру стандартының арасындағы байланыстың мемлекеттік саясат үшін өте маңызы бар.
(10-бет, 8-еже, 1-жол)
Мұндағы мәнісін дұрыстап беру орнына, сірә, «имееть важное значение» дегендей баяндауышты «өте маңызы бар» деп сөзбе-сөз аударып қоя салған мәтінді қазақша деу қыйын.
Мысалы, мұны «Өнімділік пен өмір сүру стандарты арасындағы байланыс мемлекеттік саясат үшін үлкен маңызға ие» деп түзете алса болады.
12
Әсіресе, ол жұмысы бар адамдар саны немесе өнімдер мен көрсетілетін қызметтер өндірісі арқылы өлшенетін өте тұрақсыз әрі болжалмауы қиын тербелістермен сипатталатын – экономикалық циклді түсінуде маңызды рөл атқарады.
(11-бет, 7-еже, 3–5-жол)
Мұндағы «болжалмауы қиын тербелістермен» деп қолдан қыйындатылған тіркесті «жеңіл болжалатын» деп жеңілдетсе, қалыпты етсе болар еді.
Екіншіден, оның не «тербеліс» екені де күңгірт болып қалған және мұндағы сызықша да артық-ақ.
13
Еуроодақ елдерінің үкіметтері шығындарды азайтуға талпынғанымен, жұмыссыздарға жәрдемақыға көптеген қаражат жұмсауға мәжбүр.
(5-бет, 6-еже, 2–3-жол)
Мұнда «үкіметтері шығындарды» деген тіркесте не шығын екені белгісіз болып қалған.
Екіншіден, мұндағы есімше тұлғалы «талпынғанымен» деген сөз тұлғасы болып өткен және бірер реттік талпынысты білдіреді. Ал мұнда әңгіме тұрақты түрде болып тұратын, алда да болатын, болмай қалмайтын талпыныс туралы болып тұр.
Дұрысы – «талпынатынымен».
Үшіншіден, «жұмыссыздарға жәрдемақыға» деп, мәтінді қазақ тіліне жат жалғаулармен жаңылпаштандырмай, «жұмыссыздардың жәрдемақысына» деу керек еді.
14
«Адамгершілік сезімі теориясында» бұл ұғым адамдардың дәулетті тұрмысқа деген құштарлығының басқалар үшін жұмыс орындарын құратындығын, ал «Халықтар байлығында» бұл ұғым инвестицияның таңдау жасауға қатысты қолданылған.
(8-бет, 2-еже, 7–9-жол)
Біріншіден, мұндағы «құратындығын» және «қолданылған» дейтін сөздерге аяқталған күрделі сөйлемнің екі бөлігі өзара қыйыспай, қайшыласып қалған. Қыйыспау себебі – бірінші бөлігінің баяндауышы толық берілмеген. Мұның біріншісі – «құратынын көрсетеді, …» болуы тиіс еді.
Екіншіден, мұндағы
«құштарлығының басқалар үшін жұмыс орындарын құратындығын» және
«бұл ұғым инвестицияның таңдау жасауға қатысты қолданылған» түрінде тұрған екі сөйлемше өз іштерінде де қыйыспай, қайшыласып тұр.
Дұрысы – «…дәулетті тұрмысқа деген құштарлығы басқалар үшін …» және «инвестициялық таңдау жасауға қатысты қолданылған».
Үшіншіден, мұнда екі рет қайталанып тұрған «бұл ұғым» және басқа да сөздер сөйлемдегі өз орындарында тұрған жоқ.
Сірә, бұл сөйлемді
«Бұл ұғым «Адамгершілік сезімі теориясында» біреулердің дәулетті тұрмысқа деген құштарлығы басқалар үшін жұмыс орнын құратынын көрсетсе, «Халықтар байлығында» …инвестициялық таңдау жасауға қатысты қолданылған» деп, «бұл ұғым»-ды өз орнына қоюға және бір-ақ рет айтуға болады.
15
Бұл кітап сол негізгі деген мәселлерге ден қоя отырып, экономика мамандығы бойынша бакалавриаттың бірінші курсының мазмұнына негіз қалайды.
(3-бет, 2-еже, 3–4-жол)
Мұндағы «мазмұнына негіз қалайды» деген сөйлемнің қосымшасы шеттілшесінен көшіріле жасалуы себепті таза қазақша болмай қалған.
Қазақ қалыпты сөзінде мұны «мазмұнының негізін қалайды» немесе «мазмұнына негіз болады» деп айтады.
16
Сонымен қатар, олар ұсынатын мәселелерді талдау әдістері басқа тұжырым ұстанған түрлі ойлау әдістеріне қайшы келеді.
(5-бет, 3-еже, 9–10-жол)
Мұндағы «басқа тұжырым ұстанған түрлі ойлау әдістері» дегеннің не екені түсініксіз.
17
Экономика адамдардың табыс табу жолдарын, ресурстардың пайдаланылуы бойынша бөлу әдістерін, сондай-ақ, адамдар қызметінің ауқаттылыққа, басқа адамдарға және қоршаған ортаға әсерін зерттейді.
(1-бет, 3-еже, 3–5-жол)
Сірә, бұл «…ресурстардың…бөлу әдістерін…» емес,
«ресурстарды … бөлу әдістерін…» немесе «ресурстардың … бөліну әдістерін…» деп берілуі тиіс.
18
Кейбір экономистер әділдік пен тиімділік арасындағы компромисс идеясын жоққа шығарады.
(3-бет, соңғы еже, 9-жол)
Қазақшасы бар және келесі бетте-ақ «ымыра» деп берілген сөз бұл бетте «компромисс» деп шеттілше нұсқасында қолданылып, бір кітаптың өзінде-ақ ала-құлаланып тұр.
Екіншіден, «компромисс» деп ысылдату да жөнсіз-ақ.
19
Әділдік нәтижеден алған пайданы қоғам мүшелері арасында әділ болу қажеттігіне меңзейді.
(3-бет, соңғы еже, 6-жол)
Мұнда біріншіден, қандай «нәтижеден алған пайда» екені түсініксіз және «әділ болу» емес, «әділ бөлу».
Яғни сөйлем толық түрде
«Әділдік әдлебір нәтижеден түскен пайданың қоғам мүшелері арасында әділ бөлінуін талап етеді» деп берілсе, қазақша, түсініктірек әрі нақты болар еді.
20
Табиғатты ластауды азайтуды талап ететін заңдар фирмалардың өнімдер өндіру мен көрсетілетін қызметтер шығынын көбейтеді.
(3-бет, 7-еже, 3–4-жол)
Сірә, мұндағы
«Табиғатты ластауды азайтуды» түрінде жаңылтпаштанып тұрған сөйлемшенің жалғауларын жетілдіріп,
«Табиғаттың ластануын азайтуды» деп, жеңілдетсе болады.
Екіншіден,
«өнімдер өндіру мен көрсетілетін қызметтер шығынын көбейтеді» деген сөйлемшені орыс тіліне тән көпшемен көмкере бермей,
«өнім өндіру мен көрсетілетін қызмет шығынын көбейтеді» деп қазақша алса, мәтін ықшам әрі түсініктірек те болар еді.
21
Рационал мінез-құлық тұжырымдамасына негізделген экономикалық модельдерді зерттегенде бұл тұжырымдамаларды жеңілдеткен жағдайда нәтижелер мүлдем өзгеріп кетуі мүмкін екенін ескерген жөн.
(5-бет, 3-еже, 5–7-жол)
Мұнда «экономикалық модельдерді зерттегенде» және
«бұл тұжырымдамаларды жеңілдеткен жағдайда» деп, ешбір үтір-нүктесіз қатарласа қалған екі сөйлемше «-да/де» қосымшасының орынсыз жалғануы салдарынан мәтінді жаңылтпаштандырып қана қоймай, түсініксіз етіп те тұр.
Яғни «модельдерді зерттегенде» және «бұл тұжырымдамаларды жеңілдеткен жағдайда» деп қатарласқан екі сөйлемшенің бір-біріне қатынасы қандай екені тіпті де белгісіз.
Екіншіден, «бұл тұжырымдамаларды жеңілдеткен жағдайда» дегеннің не екені де түсініксіз.
23
Үкімет пен орталық банктегі экономикалық саясат жасаушылар түрлі құралдар мен, инфляция мен жұмысыздық арасын қысқа мерзімді ымыраға келтіре алады.
(11-бет, 9-еже, 1–2-жол)
Мұнда «құралдар мен» түрінде сөздің жалғауы бөлектеліп кеткені мен орынсыз тұрған үтір бірнеше аудармашы және түрлі редакторлар назарынан тыс қалыпты.
24
… Қылмысқа барудың өзіндік себептері мен салдары бар және бұл мәселе де экономикс үшін фирмалардың өз өнімдерін неге жарнамалайтыны немесе орталық банктің ақша-несие саясаты бойынша шешімді қалай қабылдайтыны сияқты қызығушылық тудырады.
(2-бет, соңғы еже, 9–12-жол)
Мұнда «ақша-несие саясаты бойынша шешімді» емес,
«ақша-несие саясатына қатысты шешімді» деген қазақ тілі тұрғысынан қалыпты әрі түсініктірек те болар еді.
25
Әдетте осы қатынастардың барлығы дерлік ақша немесе кейде қызметтер алмасу сияқты айырбас құралдарын пайдалану арқылы жүзеге асырылады. Жеке тұлғалар өнімдер мен қызметтерді тұтыну үшін сатып алады, сонымен қатар, өндірісті жер, еңбек және капитал мен қамтамасыз етеді.
(1-бет, 1-еже, 5–7-жол)
Мұнда «қызметтер алмасу» дегеннің нақты не екені түсініксіз. Сірә, «бір-біріне қызмет көрсету», «бір-біріне әртүрлі қызмет көрсету» десе, әлдеқайда түсінікті болар еді.
Екіншіден, «өнімдер мен қызметтердің» қандай өнім, не қызмет екені анықталуы керек еді. Әрі олардың шеттілдік нұсқасынан жалғаума-жалғау аударылып, көпше түрде берілуі мәтінді ауырлатып әрі жаңылтпаштандырып тұр.
Үшіншіден, «капитал мен қамамтамасыз етеді» емес, «капиталмен қамтамасыз етеді».
Жалпы бұл кітаптарда мұндай әріп қаталарының өзі аз кездеспейді әрі айтуға тұрмайтын ұсақ-түйек саналатынымен, мәтінді бір оқығаннан түсініп-қабылдай алмай, қайталап оқуға, түзете оқуға мәжбүр боласыз.
26
Экономикс үй шаруашылықтары мен фирмалар осы қайшылықты шешуі үшін қабылдайтын шешімдердің салдарынан туған мәселелерді зерттейді.
(2-бет, соңғы еже, 1–4-жол)
Біріншіден, мұндағы «үй шаруашылықтары мен фирмалар» деген тіркеске тиісті қосымшасын қосып, «үй шаруашылықтары мен фирмалардың» деп түзету қажет.
Сонда келесі «…осы қайшылықты шешуі үшін қабылдайтын шешімдердің...» деп, тәуелдік жалғаумен берілген «шешуі» сөзін тәуелдеуші, бірақ бұған дейін көрінбей тұрған сөзді табамыз.
Яғни бұл сөйлемнің дұрыс нұсқасы «үй шаруашылықтары мен фирмалардың осы қайшылықты шешуі үшін …» екені көрінеді.
Үшіншіден, «шешуі» деген сөз тәуелдік жалғаулы болған соң, оған тікелей қатысты келесі «шешімдердің» деген сөз де «шешімдерінің» деп тәуелдік жалғаумен берілуі керек болады.
Төртіншіден, «шешімдердің салдарынан туған мәселелерді» дейді. Алайда «туған» – нақты түрде болған нәрсені және оның бір рет болуын білдіретін есімше тұлғалы сөз. Ал мұндағылар үнемі туып отыратын «мәселелер».
Яғни мұндағы сөз де «туған» емес, «туатын» түрінде болуы керек.
Яғни, бұл сөйлемді «Экономикс үй шаруашылықтары мен фирмалардың осы қайшылықты шешуі үшін қабылдайтын шешімдерінің салдарынан туатын мәселелерді зерттейді» десе, қалыптырақ болар еді.
27
Экономикстің әдепкі анықтамасы – оны қоғамның шектеулі ресурстары негізінде қабылдаған шешімдері мен жасаған таңдауы және оның салдарын зерттейді деп көрсетеді.
(2-бет, соңғы еже, 1–4-жол)
Мұнда сөйлемнің «шешімдері мен жасаған таңдауы» дейтін бөлігі «оның салдарын зерттейді деп көрсетеді» дейтін баяндауыштық бөлігімен қыйыспай тұр. Қыйысу үшін мұндағы «таңдауы» сөзін «таңдауын» деп өзгерту, яғни қосымшасын түзету және «оның»-ды «олар»-ға ауыстыру керек.
Сонда сөйлем «қабылдаған шешімдері мен жасаған таңдауын және олардың салдарын зерттейді» болып шығады.
4-кітап қаталары
Куратко Д.Ф.Кәсіпкерлік: теория, процесс, практика, 10-басылым, А., 2018, 480 б.
AlmaU университетінің Жоғары бизнес мектебінде ғылыми редакциядан өткен
1
Кәсіпкерліктің қорытынды аспекті – оның практикада қолданылуы.
(24-бет, соңғы еже, 1-жол)
Мұндағы «Кәіпкерліктің қорытынды аспекті» дегенді дұрыс көрсек, сөздің түбірлік нұсқасы «аспект» түрінде болуы тиіс болады. Ал қазақ тілінде бұлай айту мүмкін емес және оны «аспекті» деп айтамыз. Яғни мұнда «аспектісі» болуы керек.
Бұл сөз түбірі осы «оқулықтардың» басқа кітабында да осылай «аспекті» деп алынған (Тіл біліміне кіріспе, 5-бет, 2-еже, 6-жол)
2
Мысалы, 1940 жылы атом бомбасын жасауға 20 млрд АҚШ доллары жұмсалды.
(25-бет, 1-еже, 3–4-жол)
Қазақ тілі «бомба», «пломба», «банда», «шайба» демейді,
«бомбы», «пломбы», «банды», «шайбы» дейді.
Сірә, осы қарапайым нәрсені «ұлттық» аудармашы-редактор, филологтардың білмейтініне таң қалмасқа болмайды.
3
Адамзаттың үңгірден кампусқа дейінгі жүріп өткен жолы түрліше сипатталады. Бірақ іс жүзінде бұл теориялардың бәріне ортақ «өзгерістер агенті» рөлі болды, материалдық прогресті бастап, жүзеге асырған да – сол.
(30-бет, 6-еже, 1–3-жол)
Мұнда сөйлемнің ««өзгерістер агенті» рөлі болды» деген бөлігіндегі «..агенті», «рөлі болды» деген сөздері өзара байланыспай қалған.
4
2-тарауда ұсынатынымыздай, жеке адамның санасындағы «кәсіпкерлік ойлау жүйесі» белгілі бір бейнеге қарағанда түсінікті және шынайы.
(32-бет, 4-еже, соңғы сөйлем)
Мұндағы «белгілі бір бейне» дегеннің не екені қалыпты қазаққа «түсінікті» де, «шынайы» да емес.
5
Кәсіпкерлік – кәсіпкерлерге әсер ететін арнайы көзқарасты біріктіретін мүмкіндіктерді іздеу сипаттамалары, қауіпсіздіктен тыс тәуекелдерді қабылдау және идеяны өмірде ілгерілету үшін табанды болу.
(29-бет, соңғы еже, 2–4-жол)
Мұнда «мүмкіндіктерді іздеу сипаттамалары» дегеннің нақты не екені түсініксіз.
6
Кәсіпкерлік әдеттегі іскерлік тәртіпте жасалмаған нәрселерді жасайды.
(30-бет, 9-еже, 1-жол)
Мұнда «іскерлік тәртіпте» дегеннің не екені анық емес. Қазақ тілінде бұған дейін мұндай тіркес, қалыпасқан тіркес болмаған. Сол себепті басқа тілдегі әлдебір тіркесті сөзбе-сөз аудара салмай, оның мәнін ашып, бірден түсінікті болатындай етіп айту, аудару керек еді.
7
Кәсіпкер терминінің бірден-бір кең танылған анықтамасы және бүгінгі кәсіпкерді сипаттайтын ортақ профайл жоқ болса да, зерттеу аясында субъектіге барған сайын көбірек көңіл бөлінуде.
(30-бет, 4-еже, 1–3-жол)
Мұндағы «субъектінің» наған «субъекті» екенін анықтап кету керек еді.