Үкімет, сенде бір мін бар

Ыспан
Абай: мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма десе,
Ақаң: алты мыйлон қазақтың ісіне алты адамды жегіп, тарта алмадың деу әділет пе дегендей еді.
Сондай-ақ ұлт өмірі, мемлекет жұмысы сыйақты әлеуметтік істі былай қойып, кәдімгі үлкен арбаны итеріп бара жатқан азғантай топтың-ақ арасында ең кемі бірнеше жанаяр болып, олар жандары қыйналып, беттерін тыжырайтқансыйтынымен, шын мәнінде күшін салмай, қолының ұшын тигізіп қана бара жатады.
Үкіметтің ісі де – қашан да осындай әрі Қазақстан жағдайындағы үкімет – өте үлкен арба да, үкіметтегілер – сол арбаны «итеріп» бара жатқандар. Әрине, Алла оларға нысап берсін!
Тек кей үкіметте ортақ әрі міндетті ісіне қол тигізіп қана қойып немесе қолын тигізбей де, халықтың берген билігін өз тірлігіне ғана жұмсайтын, тіпті сол халықтың өзін қанап-тонауға, оның мүдесін оңды-солды саудалап-сатуға пайдаланатын жанаяр, пысықайлар тым көп болады.