ЖҮКТЕЛУДЕ

Сөзді еңгізіңіз

Дүниетаным

Құл ұстайтын құмырсқа

әкімшілік 29/04/2018 1434 рет қаралды

сүйрет : Doklad-referat.ru

(үзінді)

Жандықтар арасында тамақ үшін соғыс өте көп болады. Құмырсқа да жауынгерлік жағынан басқалардан қалыспайды. Адамдардікі сияқты құмырсқалар соғысының да түрлі себебі болады.

Мысалы, олар жерге таласып соғысып, қырлысып қалады. Жақын жерден басқа құмырсқалар келіп жаңадан илеу салса, бұрыннан тұрғандар жаңа көршілерін астыққа ортақ болар деп жаратпайды. Кейде жаңа салынған илеуге аттанып барып төбелес шығарады. Соғыста екі жағынан да көп құмырсқа қырылады.

Егінші құмырсқалардың егіп қойған астығын басқа құмырсқалар ұрлап, орып алып кетейін деп келсе де қатты қанды соғыс басталады.

Кейбірінің кәсібі – басқаларды талау, соғыста қолына құл түсіріп алып, жұмысқа салу болады.

Құмырсқалардың түсі, денесінің жаратылысы, тұлғасы түрліше болады. Солардың ішінде қып-қызыл қан сияқты тұқымы бар. Міне, осы қан түсті құмырсқалар құл иеленеді. Бұлар әуелі басқа тұқымдардың илеуіне баршы жібереді. Баршы илеудің есік-тесігін біліп қайтқан соң, илеуінің төбесіне жиылысып құмырсқалар кеңес құрғандай болады. Біразырақтан соң ішіндегі соғысшыларын шұбыртып алып шығып, жорыққа аттанады. Соғысқа келе жатқан құмырсқалар әскер сияқтанып, қатар-қатар болып, әлденеше мың болып шығады. Төніп келгенде бұлардың алдынан басқа илеудің соғысшылары шығып қырғын соғыс басталады.

Илеудегілер балаларын құлдыққа оңайлықпен бере қоймайды. Аттанып келгендер олардың илеуіне басып кіреді де, құрт сықылды балаларын ауыздарына тістеп алып шығып құлдарына тапсырады. Құлдары бөтен құмырсқалардың баласын асырап-сақтайды. Өскен соң жаудан алып келген балаларды қожалары құлдыққа салады. Кейде аттанып келген құмырсқалар жауының илеуін қамап, қоршап жатады. Мәселен, әскердің қамалды қамағаны тәрізді қамап жатып, артынан келетін әскерін күтіп алады. Жауын шығармайды. Баласын ауызға тістеп сыртқа шығып бара жатқандардың баласын жолда тартып алып қалады. Баласыздарын қоя береді. Жаулары илеуін, баласын тастап, қашып біткенде илеуге кіріп, балаларын құлдыққа алып кетеді. Құлдары дамылсыз жұмыс қылып, қожаларын асырайды немесе балдарын тәрбилейді. Кейбіреулері құлдарын жарыққа шығармай, жер астындағы жұмысқа салады.

Қожалардың байы мен қатыны тіпті жұмыс қылмайды. Соғысшылары тек соғысуды біледі. Жұмыстың бәрін құлдар тындырады. Құл ұстайтын құмырсқалар патша үкіметінің алпауыттары сияқты: өз илеуін де сала алмайды. Балаларын да асырай алмайды. Қоныс ауыстырар кезде оны қайдан қарау керектігін де білмейді. Мұны да құлдары іздеп табады және көшкенде қожаларын аузына тістеп көтеріп жүреді. Кейбір қожа құмырсқалар өз бетінше тамақ алып жеуді де білмейді. Құлы алып аузына салмаса алдында тұрған балды жей алмай аштан өледі. Бұлардың жағының дағдылануы шағуға ғана келеді. Соның үшін бұлар тек құлдары аузына салған тамақты ғана жұта алады. Бірақ төбелескенде оң қолдай болады: жағы шағуға мейлінше жаттыққан болады.

Тиісті жұмысын атқарып тұрмаса, дененің қай мүшесі болса да, істен шығып қалуы, құруы – табиғат заңы.

 

А.Байтұрсынұлының «Оқу құралынан»

(Бес томдық шығармалар жыйнағы, А., 2004, 2-т., 480 б.)

1 Comments

  1. Hassah 08/05/2018

    Тамаша

    Ответить

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз*