Қасқа айғырдың құлыны ….

сүйрет : dunavmost.com
Ыспан
… қасқа тумаса да, төбел туады дегенде қазақ өзінің …
… де тегін әлде тексіз сыйырдың тезегі емес екенін меңзегендей.
Ал оның кім екені қазақ деген атында тұр.
Бұл сөздің қайдан шыққаны туралы Абай «араптың бір ханы көшіп келе жатқанда қазақтың тіркеулі түйесін көріп, «міне мыналар шынымен қаз-ақ екен», әдейі қайтқан қазға ұқсайды-ақ екен деп, содан бұлар қазақ атанып кетіпті» десе, басқалар қазақ-ты қаңғыбас, кезбе, қашқын, қашақ, жалғыз, жалаңаш және ғазы хақ (дінді зорлықсыз қабылдаған) деген сөздерге апарып тірейді.
Біздіңше, ол қас сақ дейтін тіркестің бір сөзге айнала айтылуынан шыққан және мұны дәлелдеп көрелік :
1-дәлел : қас сөзінің мәнісі
Қас және бұдан шығатын қаса, қасқа сөздері нақ, нағыз, мықты, алғыр, өткір, қайтпас, қаймықпас деген мәнге ие. Бұл сөздердің осы мәні негізінде
-қас батыр, қас жау, қас надан, қас шебер, қас сұлу, қаса сұлу, қасқа жол, қасқа кедей, қасқа құдай, қасқа маңдай, қасқыйып тұру, Қасым ханның қасқа жолы сықылды тағы оннан аса тұрақты тіркес жасалған.
Сондай-ақ қас, қасқа – маңдайы жарқыраған, сондайдан көрініп, мен мұндалап тұратын деген де сөз.
Жүсіп Баласағұнға «Хас хаджип» деген ат, атақ берілген.
Қобланды батыр жырында «Қаса тұлпар ат болсаң, Барыңды бүгін қарышта» делінеді.
Қасқыр – қас құрт дегеннен, Башқұрт – бас құрт дегеннен шыққан.
Ал қас сақ – нағыз сақ, ең сенімді сақ, ешнәрседен қаймықпас сақ дегенді және сақ-тың өзі де қырағы, абай, кірпік қақпас, қалт жібермес дегенді білдіреді.
2-дәлел : Карта мәліметі
Мұхит-Ардагер Сыдықназаров қазақ атауы кездесетін ортағасырлық 130-дан астам карта енгізілген «Ең алғашқы мемлекет басталады картадан» атты кітабында …
… қатарласқан екі «С» немесе «С» әлде «З» арқылы жазылған Pays De Kassaks, Cassachi, Cassaky, Cassak, Cassagy, Cazakia, Kassakia, Kassacia, Kassakki, Kasakia, Kasacia, Kassacia, Kasakhi, Kazak сыйақты ондаған атауды келтіреді және солардың алғашқысы – 1562-жылы шығып, Польшаның Вроцлав қаласынан табылған жәдігерде «Cassakia» деп анық жазылған /1/ дейді.
3. «Қас сақ», «қассақ» түрінде екі «с»-ның қатараласа айтылуының салдары
«Кір жұқтырма қас сақ деген әз атқа, Осы жолда жаныңды сал азапқа, Қазақтықты қорғау парыз қазаққа, Қазақ болып қалу парыз қазаққа» /2/ деген жолдардағы …
… қас сақ, әз ат, азап, қазақ деген сөздер мінсіз ұйқасқа жатады. Үйткені мұндағы қас сақ та қалыпты айтылуда «з» дыбысы арқылы қа зақ түрінде дыбысталып тұр.
Қос саз дейтін әуендік аспап аты да бір деммен айтқанда «з» арқылы бір сөзге айнала дыбысталып, құлаққа да қосзаз түрінде естіледі.
Балаға Жассұлтан деген ат қойсақ, ол да айта-айта Жазұлтан болып кетеді.
Тіпті орыстың ис/чезнуть деген сөзін осы жазылуынша екіге бөле, «с»-ның астын сыза дыбыстамай, бір деммен тұтас сөзше айтар болсақ, изчезнуть болып шығады.
Банк Каssa NOVA да айта-айта ауыздан Казанова болып шығады және естіледі.
Ал неге бұлай болатынын кезінде Қ.Досмұхамедұлы қазақ тілінде бір дыбыс екіленіп (таштидтеніп) қатар айтылмайды. Сондықтан жат сөздерде екіленіп, қатар айтылатын дыбыстың бірі түсіп қалады немесе соңғысы басқа дыбысқа айналады. Молла – молда, үммет – үмбет, алла – алда, суннат – сүндет болады /3/ деп жазып кеткен.
С.Мырзабек те осы себепті Аллаберген – Алдаберген, баллар – балдар болады деп жазды /4/.
Дәл осылай, әуелгі Абдолла – Әбділдә және онан да өтіп, Әбілдә болып жетіледі. Әрі мұның өзі – қазақ тілінің ғана емес, жалпы сөйлеу тілінің, кез келген тіл атаулының ұлы заңы.
Яғни аталған заңдылыққа сәйкес егер қасспақ, қасстық, қассқыр сынды қатарласқан екі «с»-ның бір жағы дауысты да, екінші жағы дауыссызға ұласқан сөз болса, ол «с»-ның бірі түсіп қалып қаспақ, қастық, қасқыр-ға айналды.
Ал қассақ, қоссаз сөздеріндегі сыйақты екі жағы да дауыстыдан тұратын екі «с»-ның екеуі де дыбысталады, бірақ қатар айтылуы себепті өзгермеске амалы да болмайды.
Екіншіден, тілдік, дыбыстық қыйсын тұрғысынан да бір дыбыстың қатарынан екі рет айтылуы басы артық нәрсе, орынсыздық, мәніссіздік ретінде бағаланады және бірдей дыбысты қатар айту қыйынырақ болады әрі қымбатқа түседі.
4. Қатарласа айтылған екі «с»-ның «з»-ға айналу мүмкіндігі және оның себебі
Айту, сөйлеу заңы бойынша қас сақ тіркесі қассақ деп бір сөзше, қосыла айтылады.
Әрі қатарласқан екі «с»-ның сол қабаттаса дыбысталу мәжбүрлігі себепті және жиі, тез айтылу салдарынан басқа дыбысқа, өзінің ұяң нұсқасы – «з»-ға айналады.
Үйткені қатар келген екі «с»-ның екеуі де толық айтылмай, жартылай айтылып, оларды айтуға жұмсалатын күш те, уақыт та бір дыбысты айтуға кететін мөлшерге тең әлде жақын болады.
Бірақ, бұл екі жарты «с» қосылып, бір бүтін «с» болып та айтылмайды.
Ол екі жартының арасында бірінен екіншісіне өтуге кететін кідіріс (пауза) пайда болады әрі ол кідіріс оларды бір бүтін, тұтас «с» емес, екі бөлік жарты «с» ретінде қалдырады.
Дәлірек айтқанда, «с» деген дыбысталудың өзі екі қыймылдан, яғни тілдің тіс-таңдайға қарайғы қозғалысы мен ол қозғалысын күрт тоқтатып кері қайтуынан, кері қайтпақ болған қыймылынан тұрады.
Сондай-ақ бұл кезде тіл барған жерінде сіресе қалады әрі қызыл иекке тимегенімен, өте жақын жанасатындықтан іштен шыққан дем қатаңданып «с» түрінде ысқырыла дыбысталады.
«З» дегенде де тіл дәл сол «с»-ны айтқанда баратын жердің таңдай жақ шетіне барады және қызыл етке аса жақындамай әрі босаңданып тұра қалады да, іштен шыққан дем тіл ұшын дірілдетіп, ызыңға айналып, «з» болып шығады.
Ал екі «с»-ның қатарынан жасалуы, яғни тілдің қызыл ет маңына барып, алға-артқа және тағы алға-артқа жылжып тұруы, тұрып алуы іс жүзінде «з»-ның дыбысталуындағы қыймылды қайталау болып шығады.
Сонымен, бір «с»-ны айтқандағы тілдің (қызыл тілдің) сіресуі, екеуін қатарынан айтқанда жұмсара түсіп, екі сіресімге, яғни дірілге айналады.
Дәл осылай, «ис/чезнуть – изчезнуть» дегенде де келесі дыбыстың айтылуы да өзіне ұқсас, өзі тектес болуы себепті соған «еліктеп», «с» дегендегі тілдің ұшы тиісті жеріне жетпей, «з» дегендегі деңгейден қайтып, жарым-жартылай айтылатындығынан, аяғы жұтылып кететіндігінен, сүйтіп «з»-ға ұқсап қалатындығынан болса керек.
Яғни «сч» қатарласуы да «сс» қатарласуына ұқсас болады.
- Сыдықназаров М. Ең алғашқы мемлекет басталады картадан //azattyq-ruhy.kz сайты;
- Қазақ радиосы, Н.Өнербаев оқуы, 18.11.2015, 10-00;
- Досмұхамедұлы Х. Аламан, А., 1991, 97-б.
- Мырзабеков С. Қазіргі қазақ тілінің фонетикасы, А., 2013, 100-б.