Қазақтың «сынбайтын компьютер», «сынбайтын мәшине»-лері шығуда

сүйрет : Svadba1000.ru
Ыспан
Қазақ, ғылым, технократия, бұл реттегі саясат жайын толғай отырып, жапонның компьютері, Тайотасын тілге тиек еткен Асекең (Асқар Жұмаділдаев) …
… «Парасат майданы»-ның кезекті бір хабарында [1] сынбайтын компьютер дегенді айта берді, айта берді.
Сірә, қазақтың компьютер, мәшине шығарып сататын күні әзірге көріне қойған жоқ. Дегенмен, әсіресе мәшинені меңзей айтылатын сынып қалды, сынып тұр, сынып жатыр дегендей бұзық сөзді барған сайын көбейтіп келеміз.
Дұрыс-бұрыс, қыйсық-қыйыстың ғылымға, математикаға ғана емес, тілге, сөзге, сөйлеуге де қатысы барын ескерер болсақ, мәшине бұзылып қалды, бұзылып тұр, бұзылмайтын компьютер деуіміз керек. Үйткені, күрделі, құранды аспаптың істен шығу, істемей қалуын қазақ қашаннан бұзылды, бұзық деп айтады, деп анықтайды және мұны басқа білмесе де, Асекең білсе, Асекең елікпесе керек еді.
Ал Бас сөздікте [2] қирау, бүліну деп кеміс түсіндірілген сыну – ешқандай қирау да, бүліну де емес, қандай да қатты нәрсенің тініне сызат түсу, мұрты кетілу немесе бірнешеге бөліну жайын білдіреді.
Мұның орысша пара-пары – ломаться да 1. Терять целостность, разрушаться, распадаться на куски; 2. Приходить в негодность, терять работоспособность [3] деген сөз. Алайда орыс бұзылуды орысшасы бойынша портиться, испортиться, разлагаться [4] деп айта алмай, осы ломаться сөзі арқылы атайды.
Орыс бұлай деген соң оған елікпей, одан көшірмей тұра алмайтын қазекең де өзінің жөн сөзінен жаңылып, сол ломаться-ны аудара айтып, сыну деуге құмар болып алды және мәшинені ғана емес, қызды, әйелді, адамды да сындырғышпыз. Ал бұлар бұрын көндіру, майыстыру сыйақты еді.
1. «Парасат майданы»-ның 2019-жылғы 12-сәуірдегі ғылым мәселесіне арналған саны
2. Қазақ әдеби тілінің сөздігі, 15 томдық, А., 2011-ж.
3. Ломаться сөзінің мәні //https://ru.wiktionary.org/wiki
4. Бұзылу сөзінің орысшасы //Sozdik сайты https://sozdik.kz/ru/dictionary/translate/kk/ru/; https://classes.ru/all-kazakh/dictionary-kazakh-russian-term