Қонайып пен қазақ мектебінің жыры

сүйрет The-steppe.com:
Ыспан
Көп ит талап көк итті күнде жемек қой. Шетінен Бөрібасар, Алыпсоқ аталып-саналатын ауыл иті айналаны төңіректеп жүрген қасқырда жұмысы да болмай, сол қасқырға шаба аларлық бірер итке қашан да тісін қайрай жүріп, реті келген жерде жабыла талап қалмай ма? Ит болған соң иттігін жасамау мүмкін де емес. Ал …
… адам атын жамылған жан, әсіресе «қайраткер» ондай болмаса керек қой.
Бұлай деуімізге соңғы күндері желіде жарияланып жатқан әрі ара-тұра айтылып та жүрген Қонайыптың қазақ алдындағы кінәсі, еш себепсіз қазақ мектептерін жаппай жапқандығы, сондай бұйрыққа қол қойғандығы себеп болып отыр.
Алайда біздің білуімізше,
— қазақ мектептерінің жабылуы Қонайыпқа дейін, Хрущевтің билікке келуімен бірге 50-жылдардың басында басталды, бұл туралы тіл мамандарының жазғандарын оқып көріңіз және Қазақстандағы тілдік ахуалдың оңбай тұрғанын елге келе қалған Б.Момышұлы соғыс жылдарында-ақ билікке арнайы жазып кеткен болатын;
— ал мектеп, мектеп арқылы тілді орыстандыру, бір тіл, бір ділді кеңес халқын қалыптастыру мәселесі әуелі ашаршылық ұйымдастырып, онан соң соғысты сылтау етіп босап қалған жерге ондаған ұлттың өкілдерін кіргізген, Тыңды айтып пәленбай орысты кіргізген кеңестік, сталиндік саясаттың әріден келе жатқан жоспарының Қонайыпсыз да жүзеге асырылуы тиіс бір бөлігі еді;
— сондай-ақ баланы ауылдағы ашық тұрған қалыпты қазақ мектебіне бермей, қыйындық тудырып, қымбатқа түссе де аудандағы алыс ағайын, жамағайынның үйіне жатқызып жүріп орысша оқыту – өзін өзге жақыбайлардан артық санап, орысша оқығанның мұртын балта кеспес дейтін пайдакүнемдік пиғылдағы қазақтың өзінің ішіндегі дерті, құрты еді ғой;
— қазақ кешегі Одақтың қоластындағы қыйын күнін былай қойып, бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанда отырып-ақ және басқа, айдаладағы біреу емес, осы мәселені көтеріп отырған біләрмән-қайраткерлердің ағайын-туыс, жегжат-жұраттарының өзі өз баласын тағы да ашық тұрған мемлекеттік тілдегі мектепке бермей, орыс, ағылшын мектептеріне сүйрелеуде ғой. Осы күнгі орыс мектептерін толтырып отырған қай ұлттың, қай қазақтың баласы?
— ұлы орысшыл Ильминскийдің тілімізге лайықтап жасап берген әліпбиі бола тұра, қазақ осы күнге дейін басқаны қойып өзінің аты-жөнін дұрыстап жаза алмай, жаздыра алмай, қайта оның орысшалана бұзылғанын мәртебе көріп келді, мысалы, Қайым-Мұнар деген есім Коммуннар болып жазылды және соны әлі де дұрыстай алмай отыр ғой.
Сонда осының бәріне кім кінәлі? Кешегі тар замандағы Қонайып па әлде бүгінгі Егемен елдің билігі мен осының бәрін көріп отырып, реті келген сәттің бәрінде сол билікті мақтап-мадақтай жөнеліп, ат мініп, шапан киюден кенде емес, бірақ өз жұртына сөзін өткізіп, жөнге сала алмайтын осы күнгі коммуналық қайраткерлер ме?
Ал егер, Қонайыптың мектеп жабылсын, аты-жөн бұзылсын дейтін бұйрықтары болса, құры шулай бергенше, соларды келтіру керек қой.