ЖҮКТЕЛУДЕ

Сөзді еңгізіңіз

Басты ақпарат Дүниетаным Тілтаным

Құлдық құлықтың жататын жері

әкімшілік 24/01/2022 169 рет қаралды

 

сүйрет : pogranec.ru

Ыспан

 

Бұған дейін құлдық құлық адамның қай жерінде жатады әлде тұрады дегенге мән бермегенбіз. Ал оны ойлап, сөз етуімізге Ахмет төре ағамыздың …

 

Менің құжатымда Ахметов болып тұрғанымен, санам – Сұлтан… генетикамда «құлдық информация» ЖОҚ !! /1/ деп ақ жарыла айтқан және жарқ-жұрқ еткен жасын сөзі себеп болып отыр.

 

Ырасында, ол қайда болады?  Адамның сыртында ма, ішінде ме? Тілі, ділі, тегінде ме, ісінде ме?

 

Мысалы, тегіне қарап қожа-төреде құлдық құлық болмайды десек, қалған қазақты қайтеміз және төремін дейтіндердің де қайсысының қаншалық екенін әркімнің әрқалай бағаларына күмән жоқ.

 

Ал не дейтініне, беретін сертіне қарар болсақ, Мұсылмандық кімде жоқ, Тілде бар да, ділде жоқ дегендей, кім не демейді, не демей жатыр және өзі туралы құлдық құлықтан адамын, адалмын демейтін қазақ қала ма?!

 

Яғни бар қазақтың осылай дейтіні, дей алатыны үшін-ақ ең кемі екі ғасырдан бері санаға сіңіріліп, ішке түсіп кеткен ауру, дерт жоқ болып кетпейді ғой.

 

Олай болса, кімнің кім екенін былай қойып, қоя тұрып, әуелі ол құлықтың қайда болып, неден көрінетінін анықтап көрейік.

 

Әрине, адам аласы ішінде дегенге сай, әуелі ол адамның ішінде болады, істеген ісінен көрінеді. Тек бұлар бірден көрініп, мен мұндалап тұрмайды, бірте-бірте, оң ісі мен сол ісі, соң ісі таразға тартылып барып білінсе керек.

 

Сондай-ақ ол адамның сыртында да болады, тілге, ділге деген көзқарасынан да көрініп қалып тұрады.

 

Мысалы, өз елі, жерінде тұрып, өзге ділді ұстанып, өзінің бар тарихы, бүкіл болмысына қайшы келіп, қарсы тұратын және Баламды медресеге біл деп бердім, Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім дегендей, басқаға бас ұрып, бірінші кезекте шеттілді білетін ұрпақ өсіретін адамда құлдық құлыққа қоса надандық та жетіп-артылса керек.

 

Екіншіден, ол қашан да нағыз ұлтжанды болып, атанып, өзі де онысына өте сенімді жүріп-ақ, іс жүзінде және шын мәнінде  өзінікін, өткенін қаңсық көріп, өзінен үстемнің кез келген қаңсығына таңсық болып тұратын, таңсық болып туатын, бізде ғылым-білім де, сөз де болмаған, әуелі қай тілде аталса, сол тілше айтуымыз керек деп соларға табынып тұратын адамның ішінің ішінде, түйсігінің түбінде жатады және мұны оның өзі де аңдай бермесе керек.

 

Мысалы, осы ретте …

…үшіншіден, қазақ жазба тілін лексикалық шұбарлықтан, басқа тілдердің синтаксистік ықпалынан тазартумен, … қазақ сөздерінен термин жасау арқылы халықтың жанды тілінің арнасына көшіру істерімен айналыса бастадым. Бұлар өзім жасаған оқулықтар … арқылы іске асты дей отырып, тіл мен әдебиеттен алғаш рет жазылып отырған оқулықтарындағы 500-дей сөзді түгелдей  қазақшалаған Ақаңда,

 

….Педагогика атты еңбегінде …Бізде бұрын жасалған пән тілі болмағандықтан, түрлі терминге тап басқандай қазақша сөз табу көп күшке тиді, … жиһан тілі болып кеткен шет сөздерді қазақшаға аударам деп азаптануды тиісті таппадым дей отырып-ақ, ондағы сөз, атау біткенді толық қазақшалай қолданған Мағжанда, …

 

Қазақ тілінде бұған дейін Ахметтің «Тіл құралынан» басқа ешбір ғылым жайында жазылған кітап болмады. … Қазақ тілі ғылым жолына шалынбаған, сөздері ғылым ретіне қарай көндікпеген тіл …. Ғылымды өз тілімізге аударғанда ең  керегі түсінікті қылып аудару. … Сөздің жүйесін келтіріп көркем қылып жазу да керек. Бірақ алғашқы кезде әсем қылып жазудан гөрі лайықты ат тағу, осыны қарастыру керек дей отырып, өз оқулығын Зоология демей, Жануарлар деп атаған Қалелде

 

… Радлов еңбектерінің көбін неміс тілінде жазды. Осы бір ғана фактінің өзі-ақ оның орысшылдығы хақындағы жалған ұғымды түзетуге жетсе керек. Ол Ресейде іргетасын өзім қаладым деп санайтын түркітануды шынымен сүйетін. Мәселен бір биолог ғалым көбелектерді зор ынтамен жинап коллекциялайтын тәрізді Радлов та бізді дәл сондай зерттеу объектісі ретінде ғана көрер еді. Оның түріктерге сүйіспеншілігінің бар-жоғы осы ғана болатын деген және

 

… «Батысшылдығы Шоқанды өте пұшайман жағдайға душар етті. Ол Черняевпен қоштасты. Петербургқа барудан бас тартып, қырдағы ауылға кетті. Шоқан орыс (Батыс) халқының рухымен өз халқын бақытты ету мүмкіндігін іздеді. Шоқан өз басынан кешірген ащы сабақтардан, қайғылы оқиғалардан кейін барып, өз халқына өгей болып бара жатқанын сезінді. Осы күнге дейін біздің Батыс тәрбиесін алған адамдарымыздың батысшылдығы Шоқанның дәрежесіне жете қоймаса да, оның өмір сабақтары біздің көз алдымызда тұрғаны жөн» деп анықтап айтқан, арнайы мақала арнаған Мұстапа Шоқайұлында

… құлдық құлық болмады, болмаған деп сенімен айтсақ болады.

 

Тек тілді бұзатын оқығандары дегенге сәйкес ол кездегі де, әсіресе осы күнгі зыйалы, қайраткер аталып жүргеннің көбі, тіпті ешқайсысы, ешқайсымыз да (деп те айтайын) құлдық құлықтан толық ада емеспіз. Үйткені ол адамның жеңіл-желпі қалауы, жариялап-жарнамалауды бойынша ғана болып-болмайтын, болмай қоя салатын нәрсе емес. Оны басқа басқыншылар ғана емес, қазақты, қазақтың ата дәстүрін кемсіте, қор санай айтып-жазып келген өзіміздің баяғыдан батысшыл зыйалыларымыз ішімізге түсіріп, ойымызға батырып келді, бар өнерін салып батырумен болды.

 

Олай болса, әңгіме одан арылуда, арыла, тазара түсуде, осы бағыттағы әрекет-қыймылда болуы керек.

 

  1. Мұхамбедия Ахметтөреұлының жеке парақшасынан, 05.03.19, 00:06

 

Кілттік сөздер:

You Might also Like

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз*