«Түлкі» деудің негізі

сүйрет : Poferme.com
Ыспан
Тілімізде түлкі мен түркі-ден басқа Малдың төрт түрінің жиынтық аты [1] делініп, қыйыс әрі кеміс түсіндірілген түлік деген де сөз бар және кезінде білдей бір шаруашылығы Түлкібас ет-сүт совхозы аталған Түлкібас жері – түлкі, түркі ғана емес, осы түлікке де бай өңір. Сірә, Тәңіртаудың таңғажайып жері, Қаратау мен Алатаудың түйіскен төрінде [2] жатқан топырағы құнарлы, шөбі шұрайлы, Мыңбұлақ аталған тоғайы сулы Түлкібас жазығы мал шаруашылығы үшін де аса қолайлығымен ерекшеленсе керек. Қытай деректері де бұл өлкенің мыңғырған аң-құс пен төрт түлік малға толы болғанын [3, 95-, 99-, 109-б.] аңдатады.
Олай болса, қызыл тілімізге қайдан ілініп, қалай ғана оралып қалғанын біле алмай, бірнеше ғасырдан бері ақылымызды арса етіп келген Түлкібас Түркібасы-нан емес, осы түлік-тен, түлік басы-нан түрленген болуы кәдік. Бұлай дейтініміз – мал басы, төл басы, түлік басы дейтін атау сөз, деп сөйлеу қазақ тіліне тән құбылыс әрі күні кеше, өткен ғасырдың 70-жылдарында-ақ үлкен апаларымыздың Түлік-басы деп, бұл сөзді, ел атын осылай ажырата айтатыны да жадымызда. Тек сонда әуелгі Түлік басы Түлкібас-қа қалай айналды деген сұраққа жауап беріп көрейік.
Әдетте, сөз бар да, оны қолдану және жиі қолдану бар. Бұл үшеуінің жайы үш түрлі. Мысалы, айтылмайтын «сөз», дыбыстық тіркесім кез келген тұлғада бола береді. Үйткені, қолданылмайтындығы себепті оның тұлғасы қандай болмасын, одан ешқандай қолайсыздық тумайды. Ал қолданылатын сөздің айтуға жеңіл, қысқа-нұсқа болғаны дұрыс та, бұл әсіресе жиі, өте жиі қолданылатын сөзде айрықша қажет болып, ол адамның ақылы мен еркінен тыс ықшамдалуға, дұрысталуға ұшырайды. Олай болмай тұра алмайды.
Сондай-ақ қалыпты сөз – кіріккен сөз. Кіріккен сөз бөлініп-жарылмай, бір деммен, тұтас айтылады. Мысалы, Түлкібас, Түркістан және Түлік/бас сөздерінің үшеуі де үш буынды болғанымен, соңғысы тіркесіп тұрған екі сөзше, ішкі жігі сезіле айтылса, Түлкі/бас/ы, Түлік/бас/ы дегендерде сөз тіпті үш бөлікке бөліне дыбысталады.
Олай болса, о баста түлік басы деген сөз тіркесі ретінде пайда болған түсінік жер-су аты болуы себепті өте жиі қолданылатын болады және атаулану, атау сөзге айналу «жолына түсіп», әуелі Түлікбасы түрінде бір сөзше, тұтастырыла айтылып-жазылып-бағылады. Мұнан соң ауыз қалауы, қыймылы арқылы-ақ өзін синтаксистік құрылым етіп тұрған «-ы» тәуелдік жалғауынан арылып, Түлік/бас деген атау сөзге айналады.
Енді Түлікбас-тың сөйлеуде не себепті Түлкібас болып кететінін түсіндіріп көрейік:
Түлікбас пен Түлкібас-тың мағыналары әртүрлі болғанымен, естілуде ол айырмасы аса байқалмайды және қалай, қайсысы айтылса да көбіне құлаққа етене таныс, атаулану дәрежесі әлдеқайда жоғары түлкі-лік нұсқасын еститін, естігендей болып тұрамыз. Оның үстіне әңгіме түлкі мен түлік емес, өзара ұқсастығы олардан да жоғары Түлікбас пен Түлікбас деген құрамы күрделі сөз туралы болып тұрғандықтан, сөз ішіндегі «-ік» ‒ «-кі» айрымасы өте елеусіз болады. Ал айтушы үшін Түлік/бас деп, бір сөзді, атау сөзді екіге бөле, екі сөз ете айтып тұрудан гөрі Түлкібас деп тұтастыра айту әлдеқайда жеңіл әрі үнемді болады. Сондай-ақ әлдекіммен тікелей қатынасқа түсіп тұрған жай жұрт үшін өзі айтып тұрған сөздің қайдан шыққаны тіпті де маңызсыз. Ол қашан да айтар ойының қарапайым көпке мәлім, тыңдаушыға түсінікті Түлкібас арқылы тезірек жетуін ғана ойлап тұрады. Сірә, сөз төркініне мән беріп, оны басқаға айтып жүру, әсіресе Бартольд сыйақты сыйлы әрі ғалым қонаққа айтып беру – ел ішіндегі ақсақал, ақылмандарға ғана тән жайт әрі мұны Бартольдтың өзі: неге түлкінің басы деп қызығып, сұраған болуы мүмкін.
Ал түлкібас-тың түлікбас-тан әлдеқайда жеңіл айтылатын себебі – түлік/бас жағдайында оны құраушы түлік пен бас бөліктерінің түйісінде екі дауыссыз қатарласса, түлкі/бас дегенде дауыстымен дауыссыз қатарласқан. Яғни дауыстыдан дауыссызға өту әлдеқайда жеңіл жүреді және түлкібас – мейлінше кіріккен сөз. Мысалы, дәл осы себеппен әуелгі Түрік/ыстан, Бақыт/бай, Балық/бек, Бақыт/ораз, Бақыт/құл, Бекіт/бай дегендер ауыз талқысына түсіп, Түркістан, Бақтыбай, Балқыбек, Бақтыораз, Бақтығұл, Бектібай болып жетілген әрі жаңарған.
Енді түрік пен түлік-тің, Түрікбасы мен Түлікбасы-ның қайсысы дұрыс дегенге келейік:
Біріншіден, тамақтану – тамақ ішу және тамақты зерттеп-білу деген екі мәнге ие. Керісінше, очки-дің көзілдірік және көзәйнек деген екі қазақша нұсқасы бар. Яғни кезкелген нәрсенің бір емес, бірнеше, тіпті ондаған қасиеті, белгісі болары белгілі де, олар сол белгілердің кезкелгені арқылы аталуы мүмкін.
Айталық, Ақаңның әдебиет түсінігін сөз өнері, шығарма сөз, көркем сөз, асыл сөз, дарынды сөз, көрнекі лебіз, жырлау, толғау («көрнекі лебізбен айтылған сөзді жырлау – толғау дейміз … көрнекі лебізді сөздерді дарынды сөз деп атау қолайлырақ … дарынды сөз деген мен жырлау, толғау дегеннің мағынасы бір болып, бірінің орнына бірі айтыла береді» [4, 252-б.]) деп, бірнеше сөзбен атағаны осы ойымызды ырастаса керек. Сондай-ақ бірнеше аты болу жалпы түсінікке ғана емес, адам аты, ел аты, жер атына да қатысты. Мысалы, осы Түлкібас ауданындағы Келтемасат елдімекені бір кездері ел аузында Шахты аталып кетіп, өмірге Шахтыбек деген бала да келіп үлгерген.
Екіншіден, нәрсенің, түсініктің айта-айта жауыр болғандай қарабайыр атынан жұрт жалығып, жалыққандай болып, оған жаңа, жылтырақ, әдемілеу әрі нәрсе мәнін дәлірек ашады делінетін ат қойып алады немесе сондай ат табыла қалса, оны айту сәнге айналып, бүкіл ел тез арада соған ойысып, сол аты көбірек қолданылып, негізгі болып кетеді.
Айталық, бүгінде семья-ның отбасы, түтін, үйелмен деген әуелгі қазақшалары бола тұра және мағынасының да бірқатар кемістігіне қарамай, жанұя деген жаңа әрі айтуға жеңіл атау бел алып кетті. Микрорайон-ның да қазақшасы ретінде әуеліде ұсынылған мөлтек пен шағынаудан-нан гөрі кейінірек пайда болған ықшамаудан, сірә, тағы да айтуға қолайлығы себепті кең қолданылып, тұрақтап қалды. Дәл осы себепті әуелгі Испиджаб – Сайрам, Шаш – Таскент, Ыйасы – Түрікыстан – Түркістан аталса керек.
Олай болса, бүгінгі Түлкібас өңірі Түркібас төбесіне, ол төбедегі Түркібасы әулиеге, түркілік тарихына байланысты кезінде хатқа түспесе де, ел аузында Түркібасы, Түркібас аталған. Жергілікті жай жұрттың 19-ғасырда-ақ Бартольдқа айтқаны – осының дәлелі. Бұған қоса, жерінің шүйгіндігіне, сол шүйгіндігіне сай малының молдығына орай түлік басы деген түсінік қалыптасып, оның Түлікбасы – Түлкібас деген екінші әлде жаңа аты пайда болған да, әуелде бұл екі атау алма кезек сапырылыстырылып қолданыла берген. Түрікбасы – Түлікбасы, Түркібас – Түлкібас деген тұлға ұқсастығы да оларды айырып-ажыратпай-ақ қолдана беруге негіз болып, қалай айтса да мағынаға ешқандай нұсқан келмейтін болған. Сірә, кейінірек оның түркі-лік те, түлік-тік те мәндері маңызсызданып, көмескі тартып, атауы, жер аты, ел аты екендігі ғана маңызды болып қалған да, айтуға жеңілдігі әрі әуезділігі себепті ел аузында түлік-тен шыққан Түлкібас аты белсенді қолданылып, тұрақтап кеткен. Ал кешегі күнгі жұрт Түлкібас-тың өларада пайда болып, жоғалып кеткен Түлікбасы-дан шыққанын аңдамай, ұмытып қалып, оны арғы жадындағы және көзге көрініп тұрған Түркібасы-дан іздеп жүрсе керек.
- Қазақ әдеби тілінің сөздігі (15 том), А., 2011;
- Мырзахметұлы М., Байғұт М., Сахабат С. Түркібасы атын қайтарайық //ЕҚ, 04.10.17, № 190;
- Дәулетхан Ә. Түркеш қағанаты: саяси және мәдени тарихи зерттеу (692–766-ж.) //Тарих ғылымның кандидаты дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация, А., 2002;
- Байтұрсынұлы А. Бес томдық шығармалар жинағы, А., 2003, 408 б.
Осы тақырыпты алдыңғы және келесі мақалалар
- «Түркі» деуге не негіз? — http://turki.kz/t-rki-deuge-ne-negiz
- «Түркі» деудің негізі — http://turki.kz/t-lki-deudi-negizi
- «Түлкі» деудің негізі — http://turki.kz/t-lki-deudi-negiz
- Көпшілік: дұрысы — Түлкібас емес, Түркібас дейді екен — http://turki.kz/k-pshilik-d-ry-sy-t-lkibas-emes-t-rkibas-dejdi-eken
- Ғылым: «Түлкібас емес, Түркібас» депті, ал дәлелі … — http://turki.kz/y-ly-m-t-lkibas-emes-t-rkibas-depti-al-d-leli
- «Түлкібас» түлкібасты әулиеден шыққан деген де бар — http://turki.kz/t-lkibas-t-lkibasty-ulieden-shy-an-degen-de-bar
- Түргеш қағанатының ордасы Түлкібаста тұрған ба? — http://turki.kz/t-rgesh-a-anaty-ny-ordasy-t-lkibasta-t-r-an-ba
- Айта-айта «Түркібас» «Түлкібас» болған ба? — http://turki.kz/ajta-ajta-t-rkibas-t-lkibas-bol-an-ba
- Бартольдтың Түлкібас емес, Түркібас дегені ырас па? — http://turki.kz/bartol-dty-t-lkibas-emes-t-rkibas-degeni-y-ras-pa
- Бартольдтың Түлкібас туралы өз сөзі — http://turki.kz/v-bartol-dty-t-lkibas-turaly-z-s-zi
- «Түлкібас» пен «Түркібас» туралы Бартольд сөзінің мәнісі — http://turki.kz/tulkibas-pen-turkibas-turaly-bartold-sozining-manisi
- Ал ғылым не дейді, Түлкібас па, Түркібас па? — http://turki.kz/al-ghylym-ne-dejdi-tulkibas-pa-turkibas-pa
- Алыстағы түріктің қазақ жеріне қатысы — http://turki.kz/alystaghy-turikting-qazaq-zherine-qatysy
- Түркі әлемінің қапыда кеткен қасқыры — http://turki.kz/turki-alemining-qapyda-ketken-qasqyry
- Түлкінің басына байланған бақ па еді — http://turki.kz/tulkining-basyna-bajlanghan-baq-pa-edi
- 16-мақала: Түлікбас өңірі «Түлік басы» деп те аталған — http://turki.kz/16-maqala-tulkibas-ongiri-tulik-basy-dep-te-atalghan
- 17-мақала : «Түлік басы» тіркесінің «Түлкібас» деген сөзге айналу себебі — http://turki.kz/17-maqala-tulik-basy-tirkesining-tulikbas-degen-sozge-ajnalu-sebebi/
- 18-мақала : «Түлікбас»-тың «Түлкібас»-қа айналу себебі — http://turki.kz/18-maqala-tulikbas-tyng-tulkibas-qa-ajnalu-sebebi
- 19-мақала : «Түлкібас»-тың «Түлікбас»-тан несі артық? — http://turki.kz/19-maqala-tulkibas-tyng-tulikbas-tan-nesi-artyq
- 20-мақала : Әуелгі «Түрік басы»-ға «Түлік басы» атауының үстемелену себебі — http://turki.kz/20-maqala-auelgi-turik-basy-gha-tulik-basy-atauynyng-ustemelenu-sebebi/
- 21-мақала : «Түркібас»-тың ұмытылып, «Түлкібас»-тың қалу себебі — http://turki.kz/21-maqala-turkibas-tyng-umytylyp-tulkibas-tyng-qalu-sebebi/
Қымбатты дос!
Қазақта Ордабасы, Түлікбасы, Төлбасы, Мыңбасы, Қозыбасы, ауылбасы, қалабасы, отбасы, мыңбасы, жүзбасы, онбасы, түменбасы, қолбасы сыйақты сөз: ел аты, ер аты, жер аты, жалпы ат пен лауазым ат көп-ақ. Алайда осылардың ішінде Түлікбасы, Түлкібасы мен Мыңбасы ғана Түлкібас, Мыңбас болып ықшамдалған (Мыңбас – оңтүстік өңіріне белгілі Қойбек бидің әкесінің аты, яғни ол Қойбек би Мыңбасұлы аталған).
Сізге қойар сауалым:
- «басы» арқылы жасалған осынша сөздің ішінде неге Түлкібас, Мыңбас тұлғалары ғана қалыптасып, басқалары олай ықшамдалмаған?
- Елбасы – Елбас болуы мүмкін бе? Неге мүмкін, неге мүмкін емес?