Табалдырықты баспаңыз

сүйрет:Sunhome.ru
Спандияр Ақаев, химия ғылымының кандидаты
«Табалдырықты баспа» – кішкентайдан құлағымызға сіңген таныс сөз және тілімізде тұрақтап қалған көп тіркестің бірі. Ненің құдіреті екені, әйтеуір, әке-шеше, әр үйдегі кәріқұлақ үлкендер бізше көп оқып, «көп тоқымаса» да, осы сөзді кейде зеки айтса да, жалықпай айта беріпті. Бұл сөзді сан қайтара естімеген, бұл сөз жадында қалмаған, неге екені түсініксіз болса да, «табалдырықты басуға болмайтынын» білмейтін ауыл баласы жоқ. Бірақ, осы күнде қандай да есіктен өткенде, үйге кіріп-шыққанда табалдырықты басып өтпейтін адам да аз. Мұндағы «мен мұндалап» тұрған, кеше мен бүгін, сана мен өмір, талғам мен қылық арасындағы қайшылық жайын кейінге қалдырып, «табалдырықты» неге басуға болмайтындығының сырына үңіліп көрелік.
Тілімізде бұдан басқа «ақ босағаны аттау», «босағаға түсу», «босағадан шығу», «босағаға (есікке) кір (сөз) келтірмеу», «босаға күзету» сияқты тіркестер мен қолданыстар бар. Жаңа түсіп жатқан келіннің «ақ босағаны» баспай, оң аяғымен аттап кіруі – сол үйге деген ниетінің ақтығын, адалдығын, үйді қасиет тұтып, құрметтейтіндігінің белгісі. Ал босағаның «ақ» болуы – ардақты аналардың, үлкен өмірге қадам басқан балаларына «ақ жол» тілеп, табалдырыққа орамалын салу дәстүрінен қалса керек.
«Босағаға түсу», «босағадан шығу» түсініктері табалдырықтың бүкіл кеңістік пен жеке үй арасындағы, яғни екі әлемді бөліп тұрған шекара екендігін, кез келген адамның бар өмірі, іс-әрекеті өз табалдырығынан басталатындығын білдіреді. Шынында да есік – үй іші мен даланы, бүкіл ғаламды жалғастыратын жалғыз ғана саңылау. Дос адам үйге терезеден түспейді. Қабырғаны ойып, дуалды құлатып кірмейді. Есіктен кіреді. Есік – қазіргі екі ел шекарасындағы кеден іспетті. Басқа елге барған адам, кез келген тұлға «әр елдің салты басқа ..» екенін ескеріп, сол жұрттың заңы мен тәртібін мойындап, қастерлісін қадірлеуі шарт. Табалдырықты басып кіру – басыну, күш көрсету де, аттап өту – жөнін тауып, жолымен кіру болады. Қазақ атамыз да кез келген үйге баса-көктеп кіріп келмей, үй алдына келіп, «кім бар-ау» деп шақыру күткен. «Қонақ – қойдан жуас», «жаман үйді қонағы билейді», «кірмей жатып төр менікі деме» сықылды сөз тіркестері бұл шарттылықтың халқымыз санасына тереңдеп сіңгенін көрсетсе, табалдырық арқылы қол алыспау, зат беріспеу дәстүрлері бұл «шекараға» немқұрайды қарауға болмайтындығын, оны міндетті түрде елеп, ескеруді жүктейді. Әдетте, табалдырық тек сыртқы есікке салынады. Ол – есік пен еден арасында сызат қалып, үй ішіне ыз өтпеуін қамтамасыз етуші құрылғы ғана емес, ашық қалған есіктен жүгірген аң, жорғалаған жәндік кездейсоқ кіріп кетпеуі үшін қойылған кедергі және арғы жағы жеке иелік екендігін білдіретін «символдық шлагбауым» рөлін атқарса керек. Іс жүзінде жеке иелікке аң ғана емес, бейсауыт адам да еш себепсіз кірмеуі тиіс, яғни үй қазіргі тілмен айтқанда «проходной двор» емес.
«Босағаға кір келтірмеу» – аталмыш «шекараның» қасиеттілігіне және бейтарап емес, осы үйді құрап тұрған қабырғасының тікелей жалғасы, «бауыр еті» екендігіне, оны үйдің басқа бөлігінен бөліп қарауға болмайтындығына меңзейді. Сондықтан да табалдырық – «аяқ астында жатқандай» болғанымен, кемсітілмейтін, үйдің төрінен кем құрметтелмейтін орын. «Суды былғағанша, атаңның сақалын былға» демекші, табалдырықты басу – ақ төсекті басу, төрді таптаумен бірдей масқаралық қылық ретінде қабылданады. Ал түркі қағандары табалдырықты баспақ түгілі, оған аяғы тиіп кеткен адамға дүре соқтырып, жазаға тарту жайы тарихтан белгілі.
Түп-тамыры табалдырықты қасиет тұтатын халықтық наным-сенімге барып тірелетіндігімен қоса, «табалдырықты баспаудың» тікелей өмірлік, тәрбиелік мәні барлығын, қандай да мақсаткерліктен туындайтығын байқауға болады. Айталық, күн сайын ары-бері өткен әрбір адам баса берген табалдырық көп ұзамай-ақ ақжем боп тозары, тастан жасалса да қырлары кертіліп, мүжілері ақиқат. Яғни аталмыш ұқыпсыздық ысырапшылдыққа жол беріп, етілген еңбек, төгілген терді бағаламау құлқын туғызады. Ал қолда барды күтіп ұстау, мүмкіндігінше сақтау, үнемдеу – адам-табиғат қатынасының, еңбек мәдениетінің, мәдениеттіліктің, жалпы өркениеттің алтын діңгегі.
Сондай-ақ жоғарыда айтылған, табалдырықты басып жүретін кісілердің көбі үйіңізге келгенде аяқ-киімін тиісті орнына емес, кіріп-шыққанда, ары-бері өткенде аяқасты болып жататын кіреберіске, ауызүйдің қақ ортасына немесе басқа да қолайсыз тұсқа қалай болса-солай қоя салу, кейде ол аяқ-киімдердің табаны лас болып, таза еденді былғау жайы да аз кездеспейді. Бір қызығы – кісі үйіне аяғын сүртпей кіріп, аяқ-киімін кез келген жерге қалдыра салатын кісілердің көбі өз үйінде ұқыптылық танытып, жинақы жүретіндігін байқауға болады. Бұл әрине, өз қалауын ғана біліп, өзгенің көңіліне ереңсіздіктен. Егер, әркім бөгде үйге кірер алдында үсті-басына қарап, босағаны аттап кіріп, онан арғы өз әрекетін қадағалай білсе, жоғарыдағыдай бейғамдығымен үй иесінің көңіліне кір түсірмей, мүмкіндігінше «жақсы кісі – жайлы қонақ» болып аттанар еді. «Көшедегі отырғыштарды көбейту – үнемі әлденеге асығулы адамдардың бір сәт отырып, өмір туралы ойлануына себеп болатындығы» сияқты, «табалдырықты баспау» шарты, аттап өту қажеттілігі – кімді де болса сәл бөгелдіріп, жол бойғы ойынан серпілдіріп, әдеп сақтау қамын «ғайыптан есіне түсіріп», жауапкершілік сезім ұялатып, кісі үйіне сыйымен кіріп, сыйлы шығу мүмкіндігін арттырары хақ. Әрине, ешкм де өне-бойы «табалдырық баспауды» есінде ұстап жүре алмайды. Ол – санамен емес, сезіммен жасалатын әдеттік әдепке айналуы тиіс. Қорыта айтқанда, «табалдырықты баспау» – арнайы ақылға салып, қосымша күш (ерік) жұмсамай-ақ, табалдырықтың бүлінбей сақталуына, адамаралық ахуалдың жақсаруына, мәдениеттің артуына ықпал ететін халықтық тәрбие көзінің күлдәрісі.
Тілімізде мұндай адамның шаруға ұқыптылығын, малсақтығын, барды қадірлей, өзін-өзі тәрбилей, айналаға қырағы, қамқор бола білуін арттыруға бағытталған тыйым сөздер де жетерлік.
Қадым замандардан бастау алатын, мұндай тыйым сөздерді исі қазақтың бар ұрпағы бесік жырымен есітіп, зердесіне құйған. Талқылауға жатпайтын, сөзсіз орындалуы тиіс ақиқат ретінде қабылдаған. Үлкенді сыйлап, айтқанын екі етпеген бала бабаларымыз байыбына бара бермесе де, осы нақылдарды ылғи есіне алып, алға ұстап, «қалтарыс, бұлтарысы мың-сан қабат» өмірде алдыңғылардың қатесін қайталамай, сәтсіздікке ұрынбай, бақытсыздықты айналып өтіп, шырмауына бір түскен жан қайтып құтыла алмас жаман әдеттерден бойын таза сақтаған. Өмірдің көптеген, күрделі жағдайларында әсіре ұтымды болып көрінетінімен, артында зардабы бар теріс жолдардан сақтап, оң бағыт алуға септігін тигізер, қиын, толқымалы сәттерде бірден-бір дұрыс және математикалық өрнек іспетті, дайын шешім болып табылатын, тыйым сөздердің тәлімдік маңызы бүгінгі күнде артпаса, кеміген жоқ. Қайта «кітап ашып, хат танымаған бабаларымыздың еріккеннен, балаға ұрысқысы келіп, айта салғанындай көрінетін осы сөздердің адам үшін, тұрғылықты даму үшін, тікелей денсаулық үшін пайдалылығы ғылым-білім жетістіктерімен де ырасталып келеді.
Айталық, саусақты немесе қолды айқастыру, тізені құшақтау, табанды тарту, жақты немесе бүйірді таяну, екі қолды төбеге қою немесе желкеге салу сияқты тыйымдық қылықтар наным-сенім ғана емес, денсаулық тұрғысында да теріс бағаланады. Писхолог ғалымдардың айтуынша, бұл кезде денедегі қан айналымы, ішкі және сыртқы ортамен түрлі энергиялық алмасулар ырғағы бұзылатын көрінеді. Сондай-ақ екі қолын желкесінде айқастыра жатқан адамның бастырылып қалып, ұйықтай алмай, шошып оянары немесе қолын артына айқастырып тұрған адам кездейсоқ құлай қалса, кенеттен қолдарын жаза алмай қалып, бетімен жер қабары белгілі. Ал екі қолын кеудесінде айқастырып немесе қалтасына салып тұру – жалқаулықтың, бейғамдықтың, әрекетсіздіктің белгісі. Әрекетсіз жан – адамның ең бейшарасы саналады. Қазақ түсінігінде шарасыздықты білдіретін, «бейшара» – «адам» түсінігін толық жоққа шығарар және адамға айтылар ең ауыр сөз. Сондықтан оны тірі адамға айтуға да болмайды. Психология ғылымы да дүниедегі ең соңғы «бомждың» өзін адам ретінде сыйлау керектігін уағыздайды.
Жалпы тыйым сөздердің көбінің түпкі мағынасы, тәрбиелік мәні, өмірлік маңызы сөздің тұлғасынан-ақ бірден түсінікті бола бермеуі себепті көпшілік жағдайда олар мән-мағынасыз, жай ғана айтыла салған таптаурын тіркестердей көрінуі заңды. Бұл сөздердің көпшілігі атамзаманғы наным-сенімдерден бастау алатынымен, іс жүзінде барлығы да өмір қажеттіліктерімен тікелей байланыстылығы, сол қажеттіліктерден туындайтындығы байқалады. Бұл тыйымдардың сан ғасырлар бойы тұрақты сөз тіркесі ретінде тілдік қолданысымызда сақталып келуінің өзі олардың наным-сеніммен ғана емес, нақты тіршілікпен байланыстылығының, өмір үшін өзектілігінің белгісі және көпшілігі таза ақыл-ой жұмысының жемісі болмаса керек. Ал бірқатарының пайда болу тарихы нақты оқиғалардан бастау алуы кәдік. Тіл-таразымызда тартылып, сөз-санамызда сақталып қалған мұндай түсініктер мазмұны мен тарихын зерделеу – ұлттық таным көкжиегін кеңейтіп, бүгінгі тірлігімізге де тірек болары анық.
«Түркістан», 30.06.-06.07.99, № 26
Табалдырықты баспа деген сөздің мағынасы қазақ халқының наным-сенімдерінен шыққан сөз. Байырғы қазақ халқы табалдырықта адам тұрса, онда мамандық болады деп сезініп, қонақты төрге шақырған.Табалдырықты баспау туралы қазақта тыйымдарда көп. Қазақта «Табалдырықта бақ тұрады» табалдырықты құрметтемеген бағынан айырылады деп көп айтқан. Бала табалдырыққа жығылса, бақ келеді деп ырымдаған.
Өзім Түлкібас ауданында атылып,өсім. Қазақта бала табалдырыққа жығылса, бақ келеді деп ырымдаған.Кішкентай бала кезінде табалдырыққа келген кезде құлай беретінмін, ата-анам тұсауын кесілмегеннен құлай бересің дейтін.Бірақ мұның түккеде қатысы жоқ қайта баланың жығылғаны жақсы екенін бойжеткен кезде білдім. Кейде ойланам мен үйіме талай бақ, бақыт кіргізіппінғой деп.