ЖҮКТЕЛУДЕ

Сөзді еңгізіңіз

Тілтаным

Тіл шұбарлығы деген не? : Еріктен тыс тіл шұбарлығы

әкімшілік 30/05/2018 816 рет қаралды

сүйрет : Pexels.com 

 

Ыспан

жалғасы, басы алдыңғы санда

 

Өзінің екінші кезеңінде тіл шұбарлығы жай ғана еліктеу-шалықтаудан емес, мысы басым басқа тілдік ортаның пайда болып, айрықша үстемдікке ие болуынан туады.

 

Бұл кезде,

 

Біріншіден, бөгде, үстем тіл сөзі қызықты көрініп қана қоймай, маңызды, өзекті, қажетті, қалыпты, дағдылы сөзге, яғни нағыз, қатардағы сөзге айналады. Енді жұрт оларды әдемілік үшін немесе әдемілік үшін ғана емес, көбнесе өз еріктерінен тыс қолданатын болады. Сөз адамның айтпасына қоймай, қашан да тілінің ұшында тұрады. Аузын ашса болғаны тіліне өзінен-өзі орала кетеді. Кешегі кеңес үкіметі тұсындағы да, қазіргі тәуелсіз Қазақстандағы да қазақ тілі сөйлермені осындай күйде. Мысалы, енді олардың жоғарыда келтірілген және тағы бірнеше мың сөз бен сөз тіркестерінің таңдайларына тақылдатып қойып алған орысшасын ұмытып, нұрлы күннен мұра болып қалған (Мағжан) қазақшасына көшуі – екі елі ауызға төрт елі қақпақ қоюды қажет ететін және жүзеге аса қалуы да екі талай дерлік, қиын іс.

 

Екіншіден, бұған дейінгі аздаған, бірқатар сөздерге қатысты көрініс берген шұбарлық енді бұл аясынан шығып, тілдің түрлі сөздері мен бірліктерін түгел қамтиды. Тілдегі атау сөздердің бәрі-дерлік орысша аталады.

 

Сондай-ақ бұрын кейде суббота-ға дейін, воскресение күні, свет-ті өшір, водитель-ге айт, план-дық,  домашний-ді түрінде басты түбір сөз ғана орысша айтылып, ал кейде керісінше, мынау-ский, ағаш-ка, ажеш-ка, Жанара, Айнура, Аба-я-дан түсемін, Жамбыл-а-ға дейін барамын дегендей түрде қосымшасы орысша болғанымен, түбірі қазақша айтылып келген болса, енді италянский, шведский, китайский (қытай), индийский (үнді) түрінде түбір де, қосымша да, яғни сөз түгелімен орысша айтылып-дыбысталатын болады.

 

Сөз орамдарының да атамзаманнан қалыптасқан бір сөзді, ықшам әрі бірнеше нұсқалары бола тұра, құлағымыз кеше ғана есітіп, құныққан орысшасы қолданылады. Мысалы, вряд-ли (әй, қайдам; кім біледі; мүмкін емес), а как же (әрине; енді қалай деп едің), как попало (қалай болса, солай), что попало (не болса, соны), тем более (оның үстіне), тем не менее (дегенмен; алайда), более-менее (азды-көпті), ну, и что (онда тұрған не бар), вот, как? (солай ма?), да, ты, что (қойшы, ей), наконец-то (ақыры; әйтеуір) т.б.

 

Үшіншіден, бұған дейін азын-аулақ «таңдаулылардың» таңдауы болып келген бөтенсөз, орыссөз құмарлығы енді бүкіл халықтық сипат алады. Біреуден-біреу алып, елге індет болып тарайды. Басқаны былай қойып, кеше келген оралман да өзінің бұған дейінгі дұрыс тілін аз уақытта-ақ жаңа, бұрыс тілге бейімдеп үлгереді. Таралу, қолданылу аясы бойынша енді ол тіл шұбарлығы, қалыпсыз құбылыс реңкінен арылып, халықтық дәстүрге енеді, қалыпты, кәдуілгі тілдей қабылданатын болады.

 

Механика заңы бойынша денеге сырттан түсірілген күш, қысым оның пішінін өзгертуі мүмкін, бірақ ол күш жойылысымен дене өзінің бастапқы, табиғи қалпына келеді. Екіншіден, адам механикалық дене ғана емес, онда қарапайым ғана ақыл, білім, сана болуы әрі ол болып қана қоймай, көрініс беруі, қолданылуы керек. Яғни егер еттен өтіп, сүйекке сіңіп кетпеген болса, бөгде әрі үстем тілдік орта ықпалынан құтылысымен қазақ та аталмыш тіл шұбарлығынан арылып, өзінің кәдімгі, қалыпты тіліне оралуы тиіс.

 

Орала алмаса, орала алмайтын болса, іс насырға шауып, шұбарлық өзінің үшінші кезеңіне, түпкілікті тіл шұбарлығына ұласады.

 

— жалғасы бар —

 

 

 

Кілттік сөздер:

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз*