Тілді үйрету емес, күйрету — 2

сүйрет :Vogazeta.ru
Сапарқан Мырзабектен
(«Әліппеге (2001)» қатысты)
….ал Әліппеде не бар деңіз..
«Әліппенің» алғашқы бетіндегі алуан тақырыпты қамтитын түрлі-түсті әсем суреттерді көріп, Ақыметтің нұсқаған жолын аңғарғандай болдық.
Суреттер алдымен сөзді анықтап, сөйлем құрауды, сөздің буын, дыбыс құрамын анықтауды меңзейді. Мұны қалай қолдамасқа. Тек салған жерден метро, поезд, автобус, тройллебус, автомобиль сияқты дыбыс құрамы күрделі (жат десек, күнәлі болармыз) сөздерді тықпалағанын жөн көрмедік. Балдырғандарды алдымен бабамыздың бал тілімен ауыздандырсақ болмас па?
Мет-ро, трол-лей-бус, ав-то-буспен оразасын ашқан бала бабасына бас ие қояры екіталай. Автомобильдің астына үш буынды сөзді өрнектегеніне қарағанда, мұны не ма-ши-на, не лег-ко-вой түріне қабылдау керек болды.
22-беттен бастап сөздердің құрамындағы дыбыстардың түрін (дауысты, дауыссыз), санын айқындау басталады. Ол үшін дауыстылар – қызыл, дауыссыздар – көк доп (дөңгелек) түрінде өрнектелген. Мұның өзі, дыбыстың түрін танытып қана қоймай, балалардың көз алдынан кетпей, көңілінде біржола орнығары анық. Мұны қалай құптамассың!
Тек… енді осы жерден бастап дыбыс пен әріптің арасындағы текетірес, айқас басталады.
Балдырғандарға әріп көрсетпей, дыбысты танытуды мақсат етіп отырған «Әліппеміз» жолынан жаңылып, әріптің қақпанына қалай түскенін білмей қалады.
24-бетте төрт түлігіміз төлімен түгел бейнеленіпті. Лақ жазылуына орай: ортасында қызыл доп, екі шетінде түк те жоқ, үш дыбыстан тұратын бір буынды сөз болып шыққан. Л әрпіне байланысты осы түсінік одан әрі де (44-б.) берік орныққан.
Ешкі сүйер баласын лағым деп.
Лақ бақтым, жылап бақтым.
Ақ ешкі зарланасың лағыңа, – деп келетін өлең жолдары «ы-сыз (ы-лақ) өлмей ме? Әлде жазудың ылаңын бала өзі жөндей ме? Осы бетте бие, сиыр, келесі бетте шие тұр. Құрамында қатар тұрған қос қызыл доп көзге шоқ боп ұрып тұр. Олардың бі-йе, сы-йыр, ші-йе түрде буындалып айтылатынын, көк доп, қызыл доп араласып-құраласып тұрғанын ұғындырмасақ дыбыс туралы сөз қозғаудың қажеті қандай?
32-беттен бастап әріп үйрету басталады. 44-беттен бір буынды лақ жүгіріп шығады. Келесі бір бетте қос дауыстыдан басталатын уықты көреміз (дұрысы, ұ-уұқ қой). 56-бетте ду-а-дақты ұшыратамыз (дұ-уа-дақ қой). 69-бетте жу-ас, жу-ан, жу-а түрде буындалатын сөздермен танысамыз (бұлар: жұ-уас, жұ-уан, жұ-уа екенін ойлайтын хал жоқ). Буынсыз жерге пышақ ұру деген осы. 72-бетте үш дыбысты ұлу (дұрысы, ұ-лұу) тұр. И әрпіне жеткенде (85-б.) дыбыс дейтін ұғым да өледі. Осында екінші буыны дауыстыдан басталатын (тіл заңына керағар) 12 сөз тұр. И жуан ба, жіңішке ме? Оқимын, оқисың, оқиды дегенде и қалай дыбысталар екен. Оның ұй болып дыбысталатынын ойлайтын пенде бар ма? Ал Исатай, Имаш, Инеш, иман дегендерде ше? Бір құдай білмесе, бала да, ұстаз да біле қоймас. «Әліппенің» үйретуінде (95-б.): ұя, аяқ, аяз сөздері қос дауыстыдан басталып, таяқ, қоян, шаян, пияз, саяз дегендерде қос дауысты сөз ортасында, ал тақия, дария дегендерде қос дауысты сөз соңында сіресіп тұр. Осындай қатар тұрған қос дауыстыны: баян, бояу, сия, қия, мая, жая, Аян, Әсия, Әлия, Ғалия т.б. сөздер де арқалап тұр.
Қорбиған аю қос дауыстыдан тұратынын қақпаға (төртбұрышқа) түскен қос «қызыл доп» айғақтап тұр (97-б.). Ою, қою, тою да осылай. Қазақ тілінде сөз ішінде тұрмақ, сөздер аралығында қатар келген екі дауыстының бірі жұтылып айтылатынын білдірудің орнына бүлдіріп отырғанымызды түсінсек қой. «Әліппе» х, һ, в, ф, е (ио), э, щ, ц, А, b, ъ әріптерін әспеттеумен аяқталған.
«Әліппені» осымен доғарайық. Бұдан не шықты? Бала сөздің дыбысын айырып, буынын қайыратын болды ма?
Балдырғанның басында берік қалыптасқан ұғым бісміллә деп білген әрібіміздің бәрі дыбыс; и, у, я, ю «дауыстылары» өзге дауыстылармен қатар тұра беретін болды; кілең дауыстыдан тұратын сөздер бар екен; аюы, оюы, ие, ию, иі, ая, уы т.б.; буын сөз ішінде дауыстыдан бастала беретін болды: а-ю, қо-ян, у-ық, ду-а-дақ, ши-е т.б.
Мұндай ұғым түбірімен қате, тілге қиянат және барша қазаққа ортақ ауру, тілді көгертпейтін індет. «Балық басынан шіриді» деген осы.
«Ана тілі», № 19, 06.05.04-ж.
Алдыңғы және келесі мақалалар
- Тілді үйрету емес, күйрету — http://turki.kz/tildi-jretu-emes-k-jretu
- Тілді үйрету емес, күйрету — 3 — http://turki.kz/tildi-jretu-emes-k-jretu-3
- Тілді үйрету емес, күйрету — 4 — http://turki.kz/tildi-jretu-emes-k-jretu-4