Тілді үйрету емес, күйрету — 4

сүйрет :Vogazeta.ru
Сапарқан Мырзабектен
(2-сыныпқа арналған «Қазақ тіліне (2002)» қатысты)
….У дыбысы туралы ертегі
2-сыныпқа арналған «Қазақ тілі» (2002, авторлары: Уәйісова Г.И., Әміров Р.С., Жұмабаева Ә.Е.) оқулығы 1-сыныптағы «жетістіктерді» еске түсіруге 49 жаттығу (19 бет) арнапты.
Жаттығуларда: көшіріп жаз, оқы, жатта, тыныс белгіні анықта (бұл туралы 1-сыныпта ләм деген жоқ), дыбыстық талдау жаса (1-сыныпта жуан, жіңішке айтылатын 9 дауысты болмаса, әңгіме ылғи әріп жайында болғанын ұмытпасақ керек), буынға бөл, тасымалда сияқты нұсқаулар бар. Әйтеуір дыбыс пен әріптің арақатынасы туралы түсінік қалыптастыруға жасалған қадам жоқ. Бір жақсысы, жаттығулар ю, я, и, у әріптері бар сөздерге жақындамауға тырысқан.
Жаңа материал у дыбысы туралы ертегіден басталады. Тақырып: «У дыбысының дауысты және дауыссыз болып айтылуы» (19-б.) делінген. Дыбыс не дауысты, не дауыссыз болады. Бұл жерде әңгіме әріп туралы екені аңғарсақ керек.
1-ереже: Дауыстыдан соң және сөз басында дауыстыдан бұрын келген у дыбысы дауыссыз болады (20-б.).
2-ереже: Дауыссыздан соң және сөз басында дауыстыдан бұрын келген у дыбысы дауысты болады (22-б.).
Қазіргі бар қазақтың басын қатырған бұл жаңылтпашқа байыппен қарамай болмайды.
Сонымен оқулықтың айтуында, қазақ жазуында қолданылып жүрген у әріпі:
- Дауыстыдан соң келсе (мысалы, ауа, ауыл, ойлау, қоңырау, тау) дауыссыз дыбыс болады. Бұған қосар, аларымыз жоқ.
- Сөз басында дауыстыдан бұрын келсе (мысалы, уақыт, уайым, уәде, уәж), – дауыссыз болады екен.
А.Байтұрсынұлы дыбыстарды соңғы жіктеуінде (1927) қазақ тілінде р, й, у, ң, ғ, г сөз басында келмейді (Тіл тағылымы, 373‒76-б.) деп анық айтқан.
Молдалар, оқығандар айтады деп жүріп, емле ғ, г дыбыстарынан басталатын сөздерді заңдастырып берді.
Дауыссыз у дыбысынан уақыт, уайым, уәж сөздері басталатынын айтып отырып, академик І.Кеңесбаев: «Сөздің абсолют басында жалаң сонар у айтылмай, оның алдынан жуан болса ұ, жіңішке болса ү қосарланып (айқын болмағанымен) айтылады» (Қазіріг қазақ тілі, 1954) – дейді.
Айтылса, бар болғаны. Бұған Абай өлеңдерінен көз жеткізуге болады.:
Уайым – ер қорғаны есі барлық.
Жастықта көкірек зор, уайым жоқ.
Түбін ойлап, уайым жеп айтқанмен.
Басына уәдені беріп салды.
Осындағы уайым, уәде (ұ-уа-йым, ү-уә-де түрде) үш буынды сөздер екені даусыз. Оқулықтар академиктің кейінгі лебізіне мән бермей кеткені анық болды. Олай болса, у дауыссызынан әлі де сөз басталмайды деп білеміз. Оның алдынан айтылатын ұ, ү-ні жазу, жазбау емленің ісі. Уақыт, уайым, уәде, уәж, уағыз, уәкіл сияқты санаулы сөз – араб-парсы сөздері.
У әріпінен басталатын төл сөздеріміз тағы бар: уа(од.), уан, уат, уыз, уық, уыл, уыс, уыт, уіл т.б. оқулыққа сенсек, бұлар да дауыссыз у-дан басталып тұрған бір буынды сөздер.
«Менің ойымша сөз жазылуы керек айтылуы бойынша, яғни сөз ішінде қай дыбыс естілсе, сол дыбыстың әрпі жазылсын» (А.Байтұрсынұлы. Тіл тағылымы, 326-б.), – дейтін принципті ұстансақ: ұ-уа, ұ-уан, ұ-ууат, ұ-уұз, ұ-уұқ, ұ-уыл, ұ-уыс, ұ-уұт, ү-уүл түрде жазып, буындар едік. Құда да, құдағи да тыныш. Емле қайда алып кетті? Өз сөзіміз өзімізге құбыжық көрінетін күйге жетті. Не ұттық?
- Дауыссыздан соң келген у дауысты болады. Алуа, шаруа, қуат, дуана, қуала, жуас, қуыр, ту, бу, шу, меруерт, серуен.
Оқулық ұсынған қағиданың тілге жат екенін дәлелдеп жатпай-ақ, осы сөздерді Ақыметтің айтуына орайластырып жазайық: а-лұ-уа, ша-рұ-уа, құ-уат, дұ-уа-на, құ-уа-ла, жұ-уас, құ-уыр, тұу, бұу, шұу, ме-рү-уөрт, се-рү-уөн.
Міне, жазу мен айтудың, әріп пен дыбыстың арасында алты айлышылық жол жатыр. Ол – қазақ білімпаздарының ойлап тапқан құйтұрқы емлесі.
Мүмкін, емледе тұрған ештеңе жоқ шығар. «Ит деп жазып, шошқа деп оқитын» (А.Байтұрсынұлы) жұрттар да жаман болып жатқан жоқ деушілер де табылар. Мәселе сол «иттен» көз жазбай, дыбысын танымай отырғанымызда болып отыр. Балалар тұрмақ, «даналардың» да дыбысқа шалалары аз болмай тұр.
- Сөз басында дауыссыздан бұрын келген у дауысты болады. Оған мысал: улап-шулап, ушықты. Бұған келісуге болар еді, егер қазақ тілінде у дейтін дауысты болса. «Ана тілінде» (1-сынып оқулығы) жуан, жіңішке дауыстыларды түстеп, түгендегенде у атымен жоқ еді ғой. Бұған жол болсын!
Оқулыққа сенсек, улы, усыз, ушық, улан дегендерде у дауысты екен. Ал уы десек у дауыссыз (ережені қараңыз). Сонда не болғаны? У деген сөзге дауыссыздан болатын қосымша қоссақ ол дауысты болады, дауыстыдан басталатын қосымша (у-ыңыз) қоссақ – дауыссыз. Яғни біресе «уға», біресе «буға» айналып кеткені ме?
Бұл қалай болып кетті дейтін пенде табылар ма? Ес білгелі ондай «болмасқа» қара тер болғанды көрмедік.
У-дың қыйқаясы (хикая емес) мұнымен біте қойса. Ереже: ы, і әріптеріне аяқталған сөздерге у әрпі қосылса, ы, і әріптері түсіп қалады: оқы – оқу, тасы – тасу (26-б.).
Оқулық «дыбыс» десе бір ши шығып кете ме деп, біржола «әріп» оқытуға көшкенін аңғарсақ керек.
Егер сөздің аяғы ы, і дыбыстарына (байы, жары, қасы, бекі, жекі, ірі, шірі) бітсе, дауыссыз у жұрнағы жалғанғанда ы-ұ, і-ү болып кетеді: байұу, қасұу, бекүу, ірүу, шірүу. Жазуда: баю, қасу, беку, іру, шіру. Олай болатыны дауыссыз еріндік у дыбысының алды-артында ы, і дейтін езулік дыбыс айтылмайды. Оны елемей: ауыл, жауын, суыр, уіл, гуіл, дәуір түрінде жазғызып жүрген емле. Тіпті еріндік у дыбысынан кейін е дыбысы да келмейді. Келсе, ол – жазудың ісі. Айтуда: әуө, әуөн, әуөз, әуөлү, серүуөн, керүуөн. Мектеп бітірген бала тілдің осындай дыбыстық заңдарын, айту мен жазудың арасын парықтай білуге тиіс. Оны білдіретін – оқулық. Оқулық дыбыстың емес, әріптің айналасында айналшықтап жүргенін сезетін мезгіл жетті.
«Ана тілі», № 19, 06.05.04-ж.
Алдыңғы мақалалар
- Тілді үйрету емес, күйрету — http://turki.kz/tildi-jretu-emes-k-jretu
- Тілді үйрету емес, күйрету — 2 — http://turki.kz/tildi-jretu-emes-k-jretu-2
- Тілді үйрету емес, күйрету — 3 — http://turki.kz/tildi-jretu-emes-k-jretu-3