Тілді үйрету емес, күйрету

сүйрет :Vogazeta.ru
Сапарқан Мырзабектен
(«Әліппеге (2001)» қатысты)
…Әліппе ‒ білім бастауы
Мектеп пәндерінің ұлысы – тіл. Ал тілдің тыныс, тіршілігі – дыбысы. Сол дыбыс туралы білім, білігіміз қандай? Мектеп дыбысты қай қырынан, қалай үйретті? Не білдік? Білгеннен тапқан пайдамыз қандай? Осы төңіректе ойланып көрсек болмас па?
Қазақ мектебіндегі білімнің сапасын кемсітушілік баршамыздың намысымызға тиері анық. Бәріміз де осы мектептен шықтық. «Бұдан жаманымызда да тойға барғанбыз» демекші, мектептің балаң кезінде оқып-ақ, ғылым шыңына шыққандар қанша! Мектеп берер білім, білік те одан бері шыңдалып, шырқау биікке өрлеп жатқан жоқ па?! Десек те, білім кешегіден бүгін, бүгінгіден ертең ерен болсын дейтін талап, тілек те, әрине, орынды. Ал енді кешегіден кейін кетті деп жатса, жалған намысты қойып, «буырқанып, бұрсанып, мұздай темір құрсанып», іске кіріссек керек-ті.
Қазақтың өз топырағында өніп; біресе жанып, біресе сөніп, әрі тарт, бері тартқа көніп келе жатқан тіл, әдебиет, тарих төңірегіндегі ғылым, білім-білігімізге разымын дей алмасақ керек (бұл туралы баспасөз де ара-тұра бұрқ-бұрқ етіп қоятыны бар).
Тілдегі дыбыстарды сандық, сапалық жақтан айыру, олардың өзара қиындасуының сырын түсіну, яғни дыбыстық заңдарды білу, сөзді буынға бөліп, дұрыс жазу және дұрыс айту – тіл меңгерудегі ең негізгі баспалдақ, міндеттер.
Қазақтың 99 пайызы қазақ тілін пән ретінде оқып үйренуді мектеппен біржола аяқтайтынын ескерсек, фонетикалық білім, білікке мектепте айрықша мән берілу қажеттігі күмән тудырмасы анық.
Мектепте дыбысқа жете көңіл бөлінбейді деуге болмас. Осы салаға бөлінген әр сыныптағы материалдарды бөліп алып, өз алдына біріктірсе, зор (300-400 беттік) кітап болып шығар еді. Оны оқуға оқушылардың қанша уақыты кететінін есептей беріңіз.
Әйтсе де, мектеп бітірушілердің фонетикалық білім, білігі мүлдем қанағаттанғысыз, тіпті азын-аулақ білгені болса, тілдің болмысына керағар деуге болады. Әлгі «зор көлемді кітаптың» қауқарсыз, зая оқу, әрбірден зиянды оқу болуы өкінішті. Бұған себеп-салдарды кешегі кеңес кезіндегі қалыптасқан келеңсіздіктен, таным-түсініктен іздеу керек болады.
Орыс оқығандары бастап, Ақымет (Байтұрсынұлы) нүктесін қойған қазақ тіліндегі дыбыстардың саны 80 жыл (1860–1940) бойы 28 (оның тоғызы дауысты) делініп келді. 1940 жылы орыс әліпбиін (алфавитін) шашау шығармай қабылдауға мәжбүр болдық. Орыстың 33 әрпінің соңына қазақтың төл дыбыстары деп тоғыз әріпті (ә, ө, ұ, ү, і, қ, ғ, ң, һ) телмеңдетіп тіркеп қойдық. Қазақ әліпбиі 42 әріптен тұратын болып шыға келді. Ал орыс тілінде қазақ тіліндегідей у (тау, ауа), ы (ыдысы) атымен жоқ. Оның есесіне у (университет, шуруп), ы (музыка, цыган), и (институт, инициатива) сияқты қазақ тіліне жат дауысты дыбыстар бар. Бір-біріне жаттығына қарамай, қазақтың төл дыбыстары (у мен ы) орыс дыбыстарының құйысқанына қыстырылып, қосақталып кете барды, әлі сол күйде.
Ақымет анықтаған 9 дауысты 15-ке, 19 дауыссыз 26-ға, 28 әріп 42-ге шарықтап (соның өзінде у мен ы-ға орын тимей, жасырын күй кешіп жүр), қазақ тілі біраз шалықтап (ауырып) қалғанын, дыбыс туралы түсінігіміздің жалғанын түсінер түріміз жоқ. Жас кезіңде естігенің есіңде, көргенің көз алдыңда өмірбақилыққа қалатынын ешкім де жоққа шығара алмас. Білімнің іргетасы (негізі) бастауышта дейтін қағида бекер айтылмаған. Бастауыш сынып оқулықтарына қойылар талап ерекше қатал болуға тиіс.
Әсіресе:
«Бар кітапқа бас болған
Әліппе – ғылым анасы.
Әліппеден басталған
Даналықтың данасы» (М.Мақатаев)
«Әліппеге» мүлт кетуге, жаза басуға жол жоқ. Деуін десек те, 2001 жылы жарық көрген түр-түсінде мін жоқ, әдемі «Әліппеге» (авторлары: Әуелбаев Ш., Наурызбаева Ә., Ізғұттынова Р., Құлжанова А.) сынай қарап, әділін айтар кез жетті.
Данышпан Ақымет (Байтұрсынұлы): «Оқуға балалар дыбыс үйренеміз деп келмейді, оқу, жазу үйренеміз деп келеді. Бірақ дыбысты білмей, дыбыстың қалай тізілетінін білмей, оқу, жазу үйрену қиын. Сондықтан осы күнде оқуы тәртіпті жұрттар балларға әріп көрсетпей тұрып, әуелі дыбыспен жаттықтырады. Дыбыспен жаттықтыруға көп уақыт кетпейді. Сөздің ішінде қанша һәм қандай дыбыстар бар екенін айыруды білсе, әріптерін қою қиын болмайды»( Тіл тағылымы. А., 1992, 329–330-б.), – деген еді.
«Ана тілі», № 19, 06.05.04-ж.
сүйрет : kursiv.kz
1-мақала, жалғасы бар
Келесі мақалалар
- Тілді үйрету емес, күйрету — 2 — http://turki.kz/tildi-jretu-emes-k-jretu-2
- Тілді үйрету емес, күйрету — 3 — http://turki.kz/tildi-jretu-emes-k-jretu-3
- Тілді үйрету емес, күйрету — 4 — http://turki.kz/tildi-jretu-emes-k-jretu-4