ЖҮКТЕЛУДЕ

Сөзді еңгізіңіз

Тілтаным

Даубаба ма, Дәу баба ма?

әкімшілік 18/04/2018 1026 рет қаралды

Ыспан

Затың бөлек, атың ыстық туған жер!

Туғаннан күні кешеге дейін бұл атаудың «дәуін» де, «бабасын» да білмей, біліп те жатпай, «Даубаба» деп қана келгенбіз. Тіпті көбнесе «Дауба» деп қысқа қайыратынбыз. Ал еліміз, тіліміз тәуелсіздік алып, алды-артымызды аңдай бастаған бүгінгі таңда бұл сөздің бірінші буыны «дау» да, «дию» да емес, «дәу» деген сөзден шықаннын, «дәу баба» деген түсінікті білдіретінін мақтаңкөйлеп айта да бастадық. Айтып қана қоймай, Даубаба өзені бойында жатқан ауыл кірберістеріне «Дәубаба-1», «Дәубаба-2» деп жазылып та қойыпты. Сірә, үкіметтің ресми құжаттарында да ғасырлар бойғы Даубаба атауы осылай Дәубаба болып, «жетіліп», «жақсарып» шыға келген сыңайлы.

сүйрет: Уәлиқан Қанайұлы

сүйрет: Уәлиқан Қанайұлы

Ашығын айтсақ, ілгері басқан аяқтың кері кетуі деген осы болады. Үйткені, «бір Алладан басқаның бәрі өзгермек» (Абай). Тіл мен сөз де бір орнында қатып қалмай, кез келген басқа нәрсе сияқты заманға, ойға, қызыл тілге ілесе өзгеріп, түрленіп отырады. Бір күйден, екінші, үшінші күйге ауысады. Мысалы, тіліміздегі бүгін – бұл күннің, өйткені – олай еткенінің, әпер – алып бердің түрлік өзгерісі. Осыдан тура жүз жыл ғана бұрын өнеркәсіп – өнерлі кәсіп, ақырзаман – заманның ақыры, ақырғы заман, шегара – шек арасы түрінде болған [1, 36–37-б.]. Сондықтан жетпістегі кәріні жаңа туған жас балаға теңеу дұрыс болмайтыны сияқты, сөздің өткен замандағы қалыбын алып бүгінгі күнге әкеліп қою да қата болады.

Дәубаба – Даубабаның бұдан бірнеше ғасыр, бәлки мың жыл бұрынғы қалыбы. Мысалы, белгілі жертанушы (геолог) И.В.Мушкетов өзінің 1874-80-жылдары жүргізген зерттеуінде оны «Дау-баба таулары» атаған [2, 405-б.]. Әрине, ол алғаш пайда болған сәтінде «дәу баба» деген екі сөзден, яғни сөз тіркесінен тұрған да, тілдің үнем заңы мен мыңдаған рет қайталап айту салдарынан «дәубаба» деген бір сөзге, біріккен сөзге айналған. Себебі, тіл табиғи қалпында кез келген нәрсені бір сөзбен атауға «ұмтылады» әрі бір сөз бөлініп-жарылмай, бір деммен айтылады. Ал «дәу баба» дегенде екі сөз екі бөлек айтылып, оған уақыт та, күш те екі есе көп кетеді.

Сондай-ақ бір сөз деп отырған дәубабаның өзі де іс жүзінде «дәу» және «баба» деген бір жіңішке, бір жуан буыннан құралған күрделі, қосарланған сөз. Ал қалыпты сөздің, тұтас сөздің басты белгісі – сөздің ішкі жігі болмауы, жымы білінбеуі, тігісі жатқызылған болуы. Яғни дәубаба – тұтас сөз емес. Тіл ғылымының докторы Сапарқан Мырзабек «…бабаларымыздың, әжелеріміздің деген сөздерді айтқанда тіл алға және артқа ұмсына бір-ақ қимыл жасаса, … математика дегенді айту үшін ілгерілі-кейінді бес рет қозғалуға мәжбүр» [3, 9-б.] деп, жуан-жіңішке дыбыс, буындардың тіркесіп тұруы айтуға керағарлығын жазған еді. Олай болса, дәубаба біріккен сөзіндегі екі «а» бір «ә»-ні жуандатады да, «даубаба» деген кіріккен сөзге айналдырады. Содан бұл атаудың әуелгі «дәу», «баба» деген жекелеген бөліктері де, ұғымдары да басылып, «Даубаба» деген жаңа сөз шығады. Бір буынды «дәу» және екі буынды «баба» сөздері жеке тұрғанда қаншалықты тұтас болса, «даубаба» да – соншалықты тұтас, тек үш буынды сөз. Оны енді «дәу»-ге, «дау»-ға, «баба»-ға бөле қарауға, оқуға, айтуға болмайды.

Іс жүзінде мұнда бастапқы атау үш түрлі өзгеріске түсті. Әуелгі «екі сөз» – «бір сөз» болды және «ә» – «а» болды, яғни ол дәу + баба = дәубаба түрінде сөзбе-сөз қосылмай, «даубаба» болып, бастапқы сөздің бірі өзгере қосылды. Бұл – сөздің тұлғалық және дыбыстық өзгерістері.

Үшіншіден, әуелгі «дәу», «баба» және «дәу баба» деген жалпы есімдер, яғни жалпылық мәндегі сөздер қалыс қалып, олардың орнына «Даубаба» деген бас әріппен жазылатын жалқы есім, яғни бір ғана нәрсенің жеке аты пайда болды. Енді жұрт бұл сөзді қолданғанда «баба» туралы да, оның «дәулігі» туралы да емес,  қандай да бір өзен, өңір туралы ойлап, соны айтатын болады. Бұл – сөздің мағыналық өзгерісі.

Ал әуелгі сөздің Даубабадан да өтіп, Дауба болуының мәнісі – қызыл тіл, ауыз және үнем заңы тұрғысынан қарағанда бір сөз бойында «-ба-ба» деген бірдей буынды екі рет қайталауда еш мән болмайды да, бірі түсіп қалады және оны айтушы байқамайтын да болады. Әсіресе «даубаба+ға», «даубаба+да», «даубаба+дан» дегендей қосымша жалғану жағдайында аталмыш бірдей буын саны онан ары артып, сөз тым ұзарып әрі жаңылтпаштық сипат алып кетеді. Тіпті айтып тұрған адамның өзі шатасып қалуы мүмкін.

Тілдегі сөз атаулының бәрі ылғый осылай түлеп, түрленіп отырады. Сөз етіп отырған «дәу», «баба» сөздері де – бұған дейінгі басқа сөздердің түрлік өзгерісі. Ал бұл өзгеріске түрткі болып, дем беретін тілдің үнем, үндесім заңдары ғана емес, бірінші кезекте сөйлеу тілі, айту дағдысы. Мысалы, «солай етіп» дегенді әуелден «сөйтіп» деген түрде қысқарта айтайық деп, басқа емес, Ақаңның (А.Байтұрсынұлы) өзі ұсынса да, оған жұрт келісе қоймас еді. Алайда, сөйтіп, бүйтіп, қайтіп дегендей жаңа тұлғалы сөздерді ешкімнен ұрықсат алмай-ақ туғызып отырған да, бүкіл қазақты бұлай айтуға «көндіріп» отырған да – айту дәстүрі. Ғажап! Адамның ақылы жетіп, аузы барып айта алмайтынды тіл, сөйлеу тілі қыйыннан қыйыстырып, амалын тауып жасай алады, өзі жасайды.

  1. Ақаев С.Т. «Терминнің тілдік және танымдық сипаты» атты докторлық диссертация қолжазбасы, А., 2002, 291 б.
  2. Мушкетов И.В. Туркестан и орографическое описание по данным собранным во время путешествий с 1874 по 1880 г. 1-т., СПб 1886, …
  3. Мырзабектен С. Қазақ тілінің айтылым сөздігі, А., 2001, 320 б.

 «Онамастикалық хабаршы» жұрналынан, 2014, 1, 40–43-б.

— жалғасы бар —

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз*