Вряд ли-дің қазақшасы

сүйрет :Otvet.mail.ru
Ыспан
сөз орамы |
вряд ли, навряд ли |
мәні |
– выражает сомнение в достоверности высказываемого [1, 2]. |
орысша түрлері |
– мәндестері: вряд, вчеред, едва ли, маловероятно, навряд, не думаю, не думаю что, не похоже, не похоже что, не факт, проблематично, сомнительно [1, 2].
– қарсы мәнділері: наверняка, наверное [1]. |
бұған дейінгі қазақшасы |
Вряд ли: болар ма екен, шүбәлі, күдікті, екі талай: вряд ли он придет – ол келе қояр ма екен [3].
Навряд, навряд ли: қояр ма екен: навряд ли он придет сегодня – ол бүгін келе қояр ма екен [3]. – Мұндағы шүбәлі, күдікті, екі талай дегендер вряд ли-дің қазақшасы емес, тек мәністік сипатын білдіреді. Ал болар ма екен, қояр ма екен дегендер де – мағыналық тұрғыда сәйкес келгенімен, штампталмаған, жеке тұрып қолданыла алмайтын әрі шұбалаңқы нұсқалар. Ешкім бұлай айтпайды, бұл реттегі әсерін болар ма екен деген сөз тұлғасымен айтып, бұлай созып тұрмайды. Яғни болар ма екен – атаулық та, табиғи да емес, вряд ли-дің мәнісі не деген сұраққа жауап қана боларлық бірер реттік қолданыс, ойдың жазбаша, формалдық нұсқасы, оны синтаксистік құрылым арқылы жеткізу. Бұлай айту кезінде тыңдаушыға жан әсері, көңіл күйі жетпей қалады, тіпті айтар ойдың өзі толық, дұрыс жетпейді. Бізге керегі – вряд ли-дің мәнісі не, ол қандай мағына береді деген сұрақ жауабы емес. Оның не мағына берері кім-кімге де белгілі. Бізге керегі – көбінесе вряд ли деп орысша қолданылып кететін сөзді қазақша қалай айтсақ болады деген сұрақ жауабы. |
біз ұсынатын қазақша және оның әсерлі әрі жиынтық мәні |
1. Әй, қайдам?! Әй, білмеймін!: екі талайлық – сөздікте [4] берілмеген.
Мәні: өз басым сенбеймін, мүмкіндігі жоққа жақын, бола қоймас. 2. Екі талай!: мүмкіндігі аздық – сөздікте [4] берілмеген. Мәні: олай да, бұлай да болу мүмкін. 3. Кім біледі?!: белгісіздік – Мәні: а) белгісіз, беймәлім – түсініксіз [4] – ә) бір жақты айту, болжау қиын. 4. Мүмкін емес!: сенімсіздік – Мәні: а) болу мүмкіндігі жоқ, іске асуы шүбәлі, ешбір болмайды, олай болатын жөні жоқ [4] – ә) бола алмайды. 5. Қайдан!?: мүмкіндігі жоқтық – Мәні: а) қайтіп, қалай [4] – ә) ешқандай негізі жоқ, негізсіз. Яғни вряд ли, навряд ли сөздері арқылы жасалатын әсерді қазақ айтылу ырғағына қарай осы сөздердің бірімен береді. Бұлар осы реттегі және қазақ тіліндегі атаулық қолданыс болады. |
түрлі тіркесімдегі мүмкін мәні мен қазақша айтылуы |
Вряд ли он сегодня придет:
— ол бүгін келе қоймас. — оның бүгін келе қоюы екі талай. — ол бүгін келмейді-ау! — ол бүгін келе алмайды. — ол бүгін қайдан келсін!? – бұлар осылай, шексіз түрленіп кете береді. |
Сонымен:
орысша |
қазақша |
— вряд ли!?
— навряд ли!? |
– әй, қайдам!?
– әй, білмеймін! – екі талай! – кім біледі!? – мүмкін емес! – қайдан!? |
сүйрет: qazaquni.kz
Ұсыныс бізден, жетілдіру сізден болсын, қымбатты дос!
- http://ru.wiktionary.org/wiki/
- http://dic.academic.ru/dic.nsf/efremova/189437/ — Толковый словарь Т.Ф.Ефремовой, 2000.
- Русско-казахский словарь. М., 1954, 935 б.
- Қазақ әдеби тілінің сөздігі, 15 том, А., 2011-ж.