Ғылым қалай қалыптасады?

Ыспан
Әрине, қазақ тілінде жазылған ғылым орыс және басқа тілдегілерден кем болмауы тиіс. Бірақ, қазақ тіліндегі ғылымның сапалы болуы, қазақтілді ғылыми орта, талапты тұтынушы қалыптасып, қазақ ғылымының жалпы бар болуы үшін әуелі ол қалай да жазылуы, қазақ тілінде жазылған қандай да еңбек болуы және ол барған сайын көбейіп отыруы тиіс. Әрі қазақ біткен негізінен қазақша жазуы және оны қазақша жазайын дейтін саясат күшімен емес, өзіне қолайлығы, ұнайтындығы себепті жазатын жай орнығуы шарт. Бұл – санның сапаға көшуі (ауысуы) деп аталатын ұлы заң. Керісінше, қазақ ғылымының бірінші кезекте сапалы болып алып, сонан соң ғана жаппай жазыла бастауы мүмкін емес. Яғни кім, қанша мықты болмасын, сападан санға көше алмайды. Саннан ғана сапа туады.
Ал қазақша еңбек жазылуы, жазуды бастау үшін асқан дарынды, үлкен ғұлама болу міндетті емес. Бірінші кезекте жай ғана мұның маңыздылығын түсінген сана мен жазайын деген ниет керек. Тіпті, қандай да ақыл емес, қазақпын, сондықтан қазақша жазамын дейтін қарапайым қыйсын да жетеді. Мысалы, сонау 11–12-ғасыр перзенттері Баласағұни, Қашқари, Ыйассауилер сол кезде-ақ өз еңбектерін түркі тілінде жазды және мұны ғұламалығы асқандығынан немесе жетпегендігінен, басқа тілді білмегендігінен немесе ұлтжанды болғандығынан емес, түркіше жазу қажеттігін түсінгендіктен жазды деп ойлаймыз. Еңбектерінің үлкен ғылыми ортада таралуын бірінші орынға қойса, арабша не парсыша жазуы тиіс еді.
Орта ғасырда Еуропа ғалымдары да әуеліде еңбектерін өздері үшін жат, жасанды латын-грек тілдерінде жазды және басында бұл жайды айнымас ақиқаттай көргенімен, кейінірек 16–17-ғасырдан бастап өз тілдерінде жазуға көшті. Сол көшудің салдарынан бүгінгі ұлттық ғылымдары қалыптасты, бір кездегі әлжуаз, тұрғылықсыз тілдері әлемдік тілге айналды.
Әрине, Ресей, Еуропа жұрналдарына, ғылыми ортасына сапасыз мақала-еңбекті өткізе, «сата» алмайсыз. Дегенмен, қазақ ғылымы, қазақтың еңбегі орыс, ағылшын тілінде жазылғаны, жазылатындығы үшін ғана сапалы бола алмайды. Мақсат тұтылса, бір мезгілде бірнеше тілде сөйлеп тұруға да, бірнеше тілде жазып отыруға да болады. Алайда «жыланның ғана тілі айыр болады» (Ш.Мұртаза) деген сөз рас және кімге болмасын, өзінің ақыл-ойы, ойлау жүйесі қалыптасқан, туғаннан, күнделікті өмірінде қолданатын негізгі, дағдылы, табиғи тілінде жазған, жұмыс істеген қашан да тиімді, өнімді әрі сапалы болмақ. Екіншіден, ғылым азса, қандай да бір тілдің кемістігінен, ұлттың дарынсыздығынан емес, сол елдегі ғылым дамыту саясатының солақайлығынан азады.
Қазақта Төлеби, төбе би, басшы би, қосшы билерге қоса, бала билер де аз болмаған және бүгінгі бала биден ертеңгі төбе билер шыққан. Бұл кітапта да атағы алысқа кеткен ата ғалым, аға ғалымдарға қоса, жұмысын енді бастаған бала ғалымдар баршылық. Себебі, кітап қазақ тілі, қазақ ғылымы, қазақша еңбектің барлығы тұрғысынан ғана құрастырылып отыр. Қазақ әуелден жас дарынға да, ғұлама ғалымға да кенде емес. Алайда солардың үлкен-кіші, ұлық-жасығы түгелдей өз еңбектерін, ғылыми қатынас қағаздарын (жоба, есепхат, хат-құжат) толықтай әлі де орыс тілінде жазуда. Яғни біз үшін әзірше және дәл кәзір ғылымның қазақ тілінде жалпы жазыла бастауы, бастауының өзі үлкен, маңызды қадам. Сол себепті талап болса, сан болады, сан болса, сапа жетіледі деп, жалпы еңбегінің аз-көптігіне, атақ-даңқына қарамай, біреу де болса, қазақша еңбегі бар кісілер осы кітаптың, яғни бүгінгі қазақ ғылымының бел(орта) кейіпкері болып отыр. Сірә, бұл – қазақ тіліндегі ғылым енді басталды деген сөз емес, бұл – арғы, бергі тарихымызда болып, ара-кідік үзіліп қалған дәстүрдің жаңғыруы, жалғасуы.
«Қазақ ғылымы: кім, не, қайда, қашан?» (А., 2007, 400 б.) атты кітаптан