ЖҮКТЕЛУДЕ

Сөзді еңгізіңіз

Басты ақпарат Дүниетаным Тілтаным

Жалған сөз, жарқ-жұрқ етіп көз алдаған

әкімшілік 24/01/2022 410 рет қаралды

 

сүйрет : andrewchesworth.blogspot.com

Ыспан

 

Әлдебірде Ғ.Мүсірепіп соғыстан демалыс алып келген Б.Момышұлын …

 

… өзінің қылышы ағаштан жасалған деп мұқатты дегендей сөзді оқыған едім.

 

Ал өмірде ағаштан жасалған пышақ пен қылыш қана емес, қылыштай жарқылдайтын сөз де болады. Тек оның да біразы әлде көбі қаншалық және қалай жарқылдап-бақпасын, темірден емес, ағаштан жасалған қылыш болып шығады.

 

Яғни олардың жасын-жарқылы бет жағы, сырт жағында ғана болып, іш жағы борпылдаған бос топырақ екені аздап қана аңдағанда-ақ көрініп қалады.

 

Сүйтсе де, мұндай қызыл сөздің байыбына бармай, бержағымен қармайтын жұрттың біразы таң қалып, талып қалып, қалған көбі дуылдай шапалақ соғып, шарқ ұрары, тамды басына көтеріп шуылдап алары анық.

 

Ендеше, Ахмет төре ағамыздың осындай жел сөзінің бірнешеуін /1/ аңдап және талдап көрелік:

 

Әлемнің Айтматовы о дүниеге –ОВ-пен кетті. Мұхтар, сол – Әуезов күйінде «өмірден өтті», оған тағар қандай кінәміз бар? «Құлдық санадан» шыға алмай, ұлтын сүймей өтті ме екен, жарықтық?

– Ійә, олар Айтматып, Әуезіп болды және болып өтті. Алайда олар солай етіпті, өтіпті екен деп және құлдық санадан шыға алмапты, ұлтын сүймепті дейтін жаңсақ ой туып қалмауы үшін-ақ бүкіл қазақтың өмір бойы «-ов» болып жүруі, «-ов» болып өтуі қажет пе? Мысалы, сондайлық қадірлі әрі орыс тілді, орысшыл Олжекеңе көлеңке түспесін деп бар қазақ та сондай болып кетпесе керек қой.

 

ОВ-тан бастартқанның бәрі Момышұлы емес және бола да алмайды.

– Болмай-ақ қойсын. Үйткені кім-кімнің де аты-жөнін «ұлы» түрінде дұрыстап, қазақшалап жазуы үшін Момышұлы, Момышұлындай ғана болуы міндет емес қой.

 

КОБЗОН паспортын КОБЗОНБАЙ деп өзгертіп, шапан киіп Қазақ сахнасына түйе жетектеп көшіп шықса да жөйт санасы өзгермейді

– Әлдебір жөйт бәрібір жөйт болып қалады екен, сондықтан қазақ өз тегін орысша пішінде жазсын, жаза берсін дейтін қайдан, кім шығарған заң?! Әрі әңгіме еврейдің қазақ болуы туралы емес, қазақтың қазақтануы, ішін ғана емес, бірден көзге түсіп, алыстан мен мұндалап тұратын сыртын да түзеуі, іші мен сыртын бір-біріне сай қылуы туралы ғой. Кобзон түйе жетектей береді екен, одан менің нем артық, қай жерім кем деп, дені дұрыс қазақ шошқа бағып кетпейді ғой.

 

Қазақша аты-жөнімізді жөндеп жазатын, қазақ  екенімізді көрсетіп тұратын, армяндардың – ЯНы, грузиндердің –ШВИЛЛИі сияқты керемет нұсқа жоқ …

– Сонда «ұлы», «қызы» дейтін керемет болмаса да, қазақша, қалыпты әрі тарихи нұсқаның –ян мен –швилиден несі кем?!

 

«Құлдық сана» —ОВ құрыса құриды дегенге 100 процент келісу қиын …

– Жұрт «-ов»-ты ауыстырғысы келер. Бірақ ешкім де «—ОВ құрыса құриды», «-ов» құрысымен құриды демесе керек. Сондай-ақ құлдық сана бәрібір құрымайды екен деп, қазақ бола тұра, басқа тілдік аты-жөнде жүре беру кімге керек?

 

Қарғадан – бұлбұл, Қашырдан – дүлдүл шықпайды. –ОВ, -Ев, Ёв-ты алып тастап сананы өзгертем деу – шарлатанство.

– Бұлбұл мен дүлдүлдің шықпайтыны анық. Ал біршама орыстанып үлгерген қазақ түбі қалыпты қазақ боламын деп үмітті әрі соған сәйкес аты-жөнін қазақша жазуы оң да, жөн де іс қой. Әлде Мұқаң қазақтан да қазақ шықпайды деп ойлай ма? Екіншіден, ешкім де «-ов»-ты алып тастасы әлде ауыстырысымен сана өзгеріп шыға келеді демеген шығар және сана да ешқашан бірден өзгере салмай, бірден-бірге ұласқан тыңғылықты әрекет барысында бірте-бірте жетілмей ме?!

 

—ОВ; ОВА-мен жүргендердің санасы «құлдық» па? Олар «мәңгүрт» пе?

–Тағы да тікелей және міндетті түрде «құлдық», «мәңгүрт» болады деген ешкім жоқ. Бар болғаны – азатпыз, қазақпыз, соған сәйкес тегіміз де қазақша болсын десе, деп ойласа керек.

 

Менің құжатымда Ахметов болып тұрғанмен, санам – Сұлтан … генетикамда «құлдық информация» ЖОҚ !!

– Ійә, құжатта Ахметов тұрғаны ақыйқат, сылқым сөзбен айтсақ, бұл – «де факто», ал «де-юре» бойынша Ахметұлы тұруы керек еді. Сондай-ақ сананың сұлтандығы мен генетикада құлдық информацияның жоқтығына да сенейік.

– Дегенмен, онда өзін сұлтанға ғана емес, қазаққа да жатқызатын және екінші бір сөзінде «Мен айтам : «Человек нелюбящий Свое, неспособен, даже, уважать Чужое», «Егоизм (разумный эгоизм) жетпей тұр Қазаққа» деп те жарқылдайтын, деп те жарқылдағыш Мұқаңның тілге, ділге қатысты бұл, кежегесі кейін тарта туған сөздерін қалай түсінуге болады?

– Санасы құлдық құлықтан таза адам Сөз жүзінде енді тәуелсізбін, өз еркімше ел болам деп жер-жаһанға жар сала отырып, неге Іс жүзінде ешкімнің ешнәрсесінен кем емес өз сөзі, өз тілі тұрып, жұртына бұрынғысынша басқа, беделді сөз бен тілді таңып-бағады. Неге бұған дейін таңып келген, табынып келген әрекетін жалғастырумен болады?

 

Кейбір оқу құралында эпилепсия да – «қояншық», припадок та – «қояншық». Ал сонда «эпилептические припадки»-дің қазақшасы «қояншықтың қояншығы» бола ма?

– Сірә, бірден қара күйені жаға жөнелмей, шын және сәл ғана іздеген адам «эпилепсия – қояншық», «припадок – талма», ал «эпилептические припадки – қояншықтық талма» болар деп ойлар да, сабасына түсер еді.

 

Шизофрения сол  күйінде шизофрения! Өзіндік симптомы бар бүкіл ғылымға термин ретінде сіңген гректің «идиотия» сөзі қазақта да «идиотия» болып қалуы керек.

– Біріншіден, әйтеуір бірдеңе, әлдебір бей-берекеттіктер жыйыны емес, қазақ сыйақты халықтың мыңдаған жыл бойғы ойлау, сезіну, сөйлеу әрекетінің жемісі болып табылатын асыл тіліміздің сөзжасамдық жүйесінде «-ия»-ға аяқталатын сөз үлгісі жоқ және бұл орыс тілінің қосымшасы.

– Екіншіден,  ешқандай сөз аспаннан, әлдеқайдан термин болып, термин атанып түспейді. Сөзді термин ететін де немесе оны отырса опақ, тұрса сопақ қылып, ақырында тілдің де түбіне жетіп тынатын да адам және басқа біреу емес, бірінші кезекте өз иесі, өз сөйлермені.

– Үшіншіден, «идиотия» дейтін терминнің және әлдебір аурудың ғана емес, кез келген сөздің, түсініктің өзіндік ұғымы (сема), ұғымдық белгісі (понятийный признак), Мұқаңша айтқанда, «симптомы» болады.

– Төртіншіден, арнайы ғылыми зерттеу институты болмағанымен, Ломоносып бастаған ұлы орыс ғылымының мазмұндық емес, үстірттік белгілері бойынша первый шейный позвонок, поджелудочная железа, спиной мозг, головной мозг деген тіркестерін одан жүздеген жыл бұрын-ақ ауызомыртқа, ұйқы без, жұлын, мый деп бір сөзбен атауландыра атап кеткен қазақ жұртында да шизофрения, идиотия дейтін ауру түрінің, құбылыстың әрі осы ауруларға тән симптомдардың аздап та болса, болғанына, байқалғанына және олардың қалай да аталғанына, аталу мүмкіндігіне күмән жоқ.

– Мысалы, эпилепсия – қояншық, паралич – сал, немістің зауерштофы – оттек, вассерштофы – сутек болды ғой.

– Олай болса, ғалыммын, қазақпын деуге келгенде ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермейтін қайраткер бірден ғылым болмаған, ондай сөз жоқ, латын-грек деп жалған әрі жасық ойларды жалаңдата жөнелмей, бірінші кезекте осы ғылым-білім делініп, айрықша әспеттелетін қыйын істі өз халқына түсінікті етіп айта-жаза білуі, шайнап беруі, яғни қажет сөзді теңіз тілден іздеп табуы, жоқ болса, Қиуадан шауып, қисынын тауып жасап-бағуы және жасай алуы тиіс.

– Оның жылы бөлме, жұмсақ күрсіде отырып істейтін бір ғана және басты міндеті – шетелше сайрап, көп қазақтан бағы баяғыда асып кеткен ғұламалығын көрсетіп қалу емес, Осы ғана. Яғни малшы мал бағады, темірші темір илейді. Қазы-қарта бұрынғы дана қазақтың асы, оны бүгінгі өзінен мықтыға табынып туатын технократ қазақ, еш болмаса өзінің аты-жөнін дұрыстап жаза да алмайтын шала қазақ жемесін демейді.

 

Достоевскийдің «Идиотын» «Нақұрыс» деп аударғаннан ұтқанымыз бар ма?

– Сірә, қазақ үшін «Идиот» пен «идиотия»-дан нақұрыс пен нақұрыстық дұрыс. Ал бұл мағыналық тұрғыда қата, сәйкес емес десе, ондайын нақты айту, салыстырып көрсету және дұрысы, дұрысырағы мынау деп ұсыну керек. Олай болмаған соң, бұның бәрі жәй ғана қыздырма пікір, бос шырыл ғана болып қалады.

 

Ал ең өкініштісі, көп тыңдаушыға керегі де – осындай жұлқынба-жылтыр көбік сөз.

 

  1. Мұхамбедия Ахметтөреұлының жеке парақшасынан, 2019-ж.

 

Кілттік сөздер:

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз*