ЖҮКТЕЛУДЕ

Сөзді еңгізіңіз

Басты ақпарат Тілтаным

«Жүз жаңаның» жүз бір ескі қатасы

әкімшілік 06/09/2019 1221 рет қаралды

Swinglife.ru

Ыспан

 

Жаңаның бәрі ұмытылып кеткен ескі екен. «Қазақ тілін де байытып, білімді де одан әрі тереңдетеді» деп Елбасының өзі «үміт артып» [1], қалған жұрт жаппай жарнамалап, жабыла мақтап жатқан …

 

… «Жүз жаңа оқулық» та осы пәлсапалық тұжырымды ырастағысы келгендей, ескіден ада бола алмапты.

Сірә, саясат жаңа, оқулық жаңа болған соң қатаның да соларға сай жаңа болмай, ескі болатын себебі – оны жасаушы түрлі редакторлардың ескілігінен. Ал көбіне қазақ тілі қаңғалақтап тұратын магистр-аудармашылардың ағып тұр дейтін аңғылшаларының кемелдігі әрі оның қазақшаланған оқулыққа оң әсер етері де күмәнді. Үйткені тіл білу, тілді терең меңгеру дегенің іздірәсти, дәспидәниямен шектелмейді.

 

Жағдай бұлай болған соң биліктің басынан аяғына дейінгі міністір-шенеуніксімектер басқа жұмыстары жоқтай, айналып кеп қазақшаланған терминге шүйлігіп, сөйлеу тілімізге талайдан еніп кеткен азатжол, әнұран, мұражай, мұрағат, пайыз, сынып, төлқұжаттарға қарап шабалана, «Алма-Ата» деп сандала бергенше осы және Мәдени мұра сыйақты жалындатылған бағдарламалардың әуелден оң басталып, жөн жасалуын ойламай ма, осы ұлттық, мемлекеттік нәрселердің бетін бір ашып қарамай ма деген ой келеді.

 

Ал аударушылар мәтінді түсінікті етіп аудару, сөйлемді жаңаша, қазақша құру орнына бастапқы, шеттілдік сөйлем сөздерін тезек аударғандай етіп, тұрған жерлерінде орынба-орын аударып-аударып қоя салғыш.

 

Сөзге дәлел, көпке түсініктілік, айқындылық үшін алдыңғы Екі сөзінің бірі қата «Жүз жаңа оқулық» атты мақалада келтірілген қаталардың біразы төменде баяндауышы жоқ (1), бастауыш, толықтауыштары жоқ (2), сөз орны қата (3), сөздің өзі қата (4), бір сөз бірнеше рет қайталанған (5), мағынасы тіпті түсініксіз (6), мазмұны кеміс (7), қосымшасы кеміс (8) топтарға жіктеліп берілді.

Сондай-ақ бұл қаталар төменде келтірілген 4 оқулықтың алғашқы 15 әлде 30 бетінен алынды.

 

1. Жүз кітаптың алғашқы 18 кітабы мен оқу құралы жарыққа шықты //https://sputniknews.kz/society/20180412/5256711.html

 

 

 

  1. Қатарласқан сөз тізбегі сөйлем саналуы үшін оның айтар ойды аяқтаушы баяндауышы болуы керек.

 

Баяндауышы жоқ немесе кеміс «сөйлем»:

 

1.1   Морфологияны алдымен бердік, себебі тілдің құрылымдық аспектілері туралы алғаш оқыған адам үшін оңайырақ болатынына сенімдіміз. Әрі қарай синтаксис, ол студенттерге көптеген семантикалық тұжырымдар арқылы таныс.

(1, Кіріспе бөлімі, 15-бет, 9-еже, 3–6-жол)

Мұнда «Әрі қарай синтаксис» делініп, бұл сөйлемнің баяндауышы жұтылып қалған да, екінші бір сөйлем басталып кеткен.

Дұрысы – «Ары қарай синтаксис берілді».

Сірә, қата ортақ баяндауыш сөйлемнің бірінші бөлігінде беріліп кетіп, «далее синтаксис» деп аяқталатын шеттілдік нұсқаны сол күйінде аударып қоя салудан болған.

 

1.2   Бірінші жоспарды ұсынумен қатар интерактивті электрондық оқулық, дәрістер жазбасы мен іздеу мүмкіндіктері.

(1, Кіріспе бөлімі, 16-бет, 2-еже, 4–6-жол)

Мұнда «Бірінші жоспарды ұсынумен қатар» деп басталған сөйлем бөлігі «енгізілді», «берілді» дегендей етістік баяндауышқа ұласуы, «электрондық оқулық берілді» түрінде аяқталуы тиіс еді.

Алайда оның орнына «электрондық оқулық», «дәрістер жазбасы» дегендей атаулық тіркестер тізбеленіп қана қойып, басталған сөйлем аяқталмай қалған.

 

1.3   «Адамгершілік сезімі теориясында» бұл ұғым адамдардың дәулетті тұрмысқа деген құштарлығының басқалар үшін жұмыс орындарын құратындығын, ал «Халықтар байлығында» бұл ұғым инвестицияның таңдау жасауға қатысты қолданылған.

(3, 8-бет, 2-еже, 7–9-жол)

Мұнда «құратындығын» және «қолданылған» дейтін сөздерге аяқталған күрделі сөйлемнің екі бөлігі өзара қыйыспай, қайшыласып қалған. Қыйыспау себебі – бірінші бөлігінің баяндауышы толық берілмеген.

Мұның біріншісі – «құратынын көрсетеді, …» болуы тиіс еді.

 

1.4   Ол грамматиканы оқыту емес, өйткені әртүрлі тілдер мен диалектілердің грамматикасын оқытады.

(1, 11-бет, 7-еже, 2–3-жол)

Мұнда «грамматиканы оқыту емес» бола тұра, «өйткені әртүрлі тілдер мен диалектілердің грамматикасын оқытады» болып, екінші баяндауышы бірінші баяндауышын  жоққа шығара құрылған.

Яғни «оқыту емес, өйткені» деп алып, сөйлем «оқытады» болып, қайшыласа аяқталған.

Нәтижесінде

«грамматиканы оқытпайды» және «грамматиканы оқытады» дейтін бір қайшылық және

«грамматиканы оқытпайды» «өйткені...грамматиканы оқытады» дейтін одан өткен екінші қайшылық құрылып тұр.

 

1.5   http://www.cengage… сілтемесін басып, осы дерекқорларға кіруге мүмкіндік бар.

(1, Кіріспе бөлімі, 16-бет, 3-еже)

Сірә, «есть возможность войти» деген баяндауышты сөзбе-сөз аударып, «кіруге мүмкіндік бар» деп сірестіргеннен гөрі «кіруге болады» деу әлдеқайда табиғи, қалыпты болар еді.

 

1.6   Құпия сөзбен қорғалған ілеспе сайтта слайдтармен дәріс оқытылады және тапсырмаларға жауаптардың нұсқалары жүктелген PowerPoint тарауының деңгейін қосқанда, оқытушыларға арналған пайдалы дерекқорлар бар.

(1, Кіріспе бөлімі, 16-бет, 4-еже)

Бұл сабақтас сөйлемнің « …қосқандадерекқорлар бар» деген екі баяндауышы өзара үйлеспей қалған және «қосқанда» мағыналық тұрғыда да дәл емес сөз.

Сірә, «қосса … дерекқор ашылады» деу – қалыптырақ.

 

1.7   Өнімділік пен өмір сүру стандартының арасындағы байланыстың мемлекеттік саясат үшін өте маңызы бар.

(3, 10-бет, 8-еже, 1-жол)

Мұнда, сірә, «имееть важное значение» дегендей баяндауышты «өте маңызы бар» деп, сөзбе-сөз аударып қоя салған.

Мұны «Өнімділік пен өмір сүру стандарты арасындағы байланыс мемлекеттік саясат үшін үлкен маңызға ие» деп түзете алса болады.

 

1.8   Параллельдік тәсіл арқылы бала ештеңені түсінбестен жүре алады немесе теңгерім қағидаттарын түсіндіре алатын қабілетке ие.

(1, 2-бет, 4-еже)

Мұндағы «теңгерім қағидаттарын түсіндіре алатын қабілетке ие» сөйлеміннің баяндауышы сірә, «обладает способностью» деген шеттілдік нұсқаны сөзбе-сөз аудара салу саладарынан шұбалаңқы әрі қалыпсыз шыққан.

Мұны «түсіндіре алатын қабілетке ие» деп шұбалтқаннан гөрі «түсіндіре алатын болады» деп ықшамдай әрі қалыпты ете алған жөн.

 

 

 

  1. Сөйлемді сөйлем етіп, айтар ойдың анықтық, толықтығына негіз болатын басқа мүшелері – бастауыш, анықтауыш, толықтауыш, пысықтауыштар.

 

Осы мүшелері жоқ немесе кеміс сөйлем:

 

2.1   Сөздің формасы мен мағынасы арасындағы шартты және еркін байланыс түрінде қолданады.

(1, 4-бет, 2-еже, 1–2-жол)

Мұнда «Сөздің формасы мен мағынасы арасындағы» нені және кім «шартты және еркін байланыс түрінде қолданатыны» түсініксіз.

Үйткені сөйлемнің бастауышы мен толықтауышы жоқ.

 

2.2   Параллельдік тәсіл арқылы бала ештеңені түсінбестен жүре алады немесе теңгерім қағидаттарын түсіндіре алатын қабілетке ие.

(1, 2-бет, 4-еже)

Мұндағы «немесе теңгерім қағидаттарын түсіндіре алатын қабілетке ие» деген сөйлемде кімнің «қабілетке ие» екені көрсетілмей, соның салдарынан мәтін түсініктілігіне елеулі нұсқан келіп тұр.

Сірә, «немесе ол теңгерім қағидаттарын түсіндіре алатын болады» деп, бастауышын көрсете алған жөн.

 

2.3   … Психология тарихын оқу аталмыш пән пайда болып, дамыған контекст пен белгілі бір уақыт кезеңіндегі ғылым мен мәдениеттегі басым идеяларға әлеуметтік, экономикалық және саяси күштерге қарағандай қарау керек.

(2, 32-33-бет, соңғы еженің 3-жолына бастап)

Мұнда сөйлемнің  «қарау керек» деген баяндауышына қыйыспай тұрған  «тарихын оқу» бастауышша көрініп қалған.

Ал шын мәнінде ол – «тарихын оқу» емес, «тарихын оқуға» деген толықтауыш болса керек.

 

2.4   Ең алдымен, біз Платон, Аристотель және басқа грек ойшылдары бүгінгі психолог-мамандарға қатысы бар мәселелермен айналысқан – біздің дәуірімізге дейінгі 5 ғасырдағы адам болмысы мен мінез-құлқы турасында айтылған ой-пікірлер мен болжамдарға мән беруіміз керек.

(2, 27-бет, 4-еже, 1–4-жол)

Мұнда «айналысқан» дейтін сөзбен түйінделетін үйірлі анықтауыш өзі анықтауы тиіс «Платон, Аристотель»-дерден соң беріліп, қаңғып қалып тұр.

 

2.5   5-тарау – «Фонетика: тілдегі дыбыстар». Алдыңғы шығарылымын сақтай отырып, әрі қарай жалғастырдық. Заманауи үрдістерге сәйкес ағылшын тіліндегі Халықаралық Фонетика Қауымдастығының (ХФҚ) стандартына сәйкес қабылдадық, …

(1, Кіріспе бөлімі, 14-бет, 6-еже, 2–4-жол)

Бұл тақырып атынан және жаңа ежеден басталған екі сөйлемнен нені «жалғастырып», нені «қабылдағаны» белгісіз. Яғни сөйлемнің объектісі немесе толықтауышы көрінбей, соның  салдарынан мәтін олқы соғып тұр.

 

2.6   11-тарау – «Тілдің компьютерде өңделуі». 9-басылымдағы 9-тараудың екінші жартысы болған бөлімнің өңделіп жазылған нұсқасы. Компьютерлік лингвистиканың негізгі қағидалары түсіндірілген. Сонымен қатар компьютерлерді табиғи тілде қолданатын таңғаларлық прогресс туралы сөз болады, …

(1, Кіріспе бөлімі, 15-бет, 5-еже, 3–5-жол)

Тақырып атынан және жаңа ежеден басталған осынша сөйлемде «мұнда» дейтін толықтауыштың берілмеуі себепті, «түсіндірілген», «сөз болатын» дегендердің неге қатыстылығы, қайда болатыны көрінбей қалған.

 

2.7   Табысы жоғары елдер азаматтарының табысы төмен елдермен салыстырғанда сапалы азық-түлік, зор денсаулық күтімін алуға және ұзағырақ өмір сүру мүмкіндіктері жоғары, ондай елдердегі теледидар, түрлі гаджеттер мен автокөліктер саны да асып түседі.

(3, 10-бет, 3-еже, 2–4-жол)

Мұнда сөйлемнің «сапалы азық-түлік, зор денсаулық күтімін алуға» деген анықтауыштары «..мүмкіндіктері» деген бастауышпен қайшыласып қалған.

«… сапалы азық-түлік, зор денсаулық күтімін алу … мүмкіндіктері» деу – дұрысырақ болар еді.

 

2.8   Ұлыбританиядағы және Еуропаның барлық елдеріндегі мамандар арасында пәннің болашағы қандай болуы керек, бакалавриат деңгейінде жаңа білім беруді қалай дамыту керектігі туралы жан-жақты пікірталастар жүріп жатыр.

(3, Алғы сөз беті, 2-еже, 1–3-жол)

Мұнда «керек» дейтін көмекші сөз «…пікірталастар» дейтін бастауышпен қыйыспай қалған.

Сірә, бұл «керек»-ті алып тастау керек.

 

2.9   Параллельдік тәсіл арқылы бала ештеңені түсінбестен жүре алады немесе теңгерім қағидаттарын түсіндіре алатын қабілетке ие. Сонымен бірге барлығын жасауға рұқсат ететін нейрофизиологиялық тетіктерін бақылайды. Кейбір нәрселерді саналы түрде білуіміз тіл үшін бірегей факті емес.

(1, 2-бет, 4-еже)

Мұнда «барлығы», «барлығын жасау», «барлығын жасауға рұқсат ету» дегендер не екені, оған «рұқсат ететін» кімнің «нейрофизиологиялық тетіктері» екені, ол «тетіктерді кім бақылайтыны» толық түсініксіз.

Яғни тәуелденуші сөз бар да, оны тәуелдеуші сөз және «ненің» дейтін сұраққа жауап беруі тиіс анықтауыш жетіспей тұр

 

 

 

  1. Сөйлемді сөйлем ететін тағы бір нәрсе – әр сөздің өз орнында тұруы.

 

Сөздің өз орнында тұрмауына қатысты қата:

 

3.1  Джулиан Роттер өзіне «еврейлерді біліктілігін растайтын құжаттары болса да, оқытушылық жұмысқа алынбайтыны» туралы ескерту жасалғандығын еске алады.

(2, 35-бет, соңғы еже, 4–6-жол)

Мұнда «өзіне» деген анықтауыш «ескерту» деген сөздің, «еврейлерді» толықтауышы «оқытушылық» деген сөздің нақ алдында тұрғаны жөн.

Яғни бұл сөйлем «…Джулиан Роттер біліктілігін растайтын құжаттары болса да, еврейлерді оқытушылық қызметке алмау керектігі туралы өзіне ескерту жасалғандығын еске алады» түрінде болуы керек.

 

3.2   Сипатталған екі жағдайдағы аталған ұғым қолданысында ұқсастық бар.

(3, 8-бет, 3-еже)

Бұл сөйлемде «Сипатталған екі жағдайдағы» және «аталған ұғым» деген сөз орындары ауысып кеткен.

Мұны «Аталған ұғымның сипатталған екі жағдайдағы қолданысында ..» деу дұрысырақ болады.

 

3.3   «Адамгершілік сезімі теориясында» бұл ұғым адамдардың дәулетті тұрмысқа деген құштарлығының басқалар үшін жұмыс орындарын құратындығын, ал «Халықтар байлығында» бұл ұғым инвестицияның таңдау жасауға қатысты қолданылған.

(3, 8-бет, 2-еже, 7–9-жол)

Мұнда аударушы «бұл ұғым«-ды өз орнына қоя алмауы себепті оны бір сөйлемнің ішінде екі рет қайталап, таптаурындатуға мәжбүр болған.

Сірә, мұнда

«Бұл ұғым «Адамгершілік сезімі теориясында» біреулердің дәулетті тұрмысқа деген құштарлығы басқалар үшін жұмыс орнын құратынын көрсетеді, ал «Халықтар байлығында» …инвестициялық таңдау жасауға қатысты қолданылған» деп, «бұл ұғым»-ды өз орнына қою арқылы сөйлемді дұрыстауға әрі ықшамдауға болады.

 

 

4. Сөздің тұлғалық қатасы

 

4.1   Мысалы, Ұлыбританиядағы ұлттық статистика бюросы 41 түрлі көрсеткіші қамтитын әл-ауқат туралы мәліметтер жариялайды, оның ішіне адамдардың … табиғатта дем алу мүмкіндіктері қамтылған.

(3, 10-бет, 9-еже)

Мұнда «мәліметтер жариялайды» емес,

«мәлімет жариялады» деу керек.

Үйткені іс-жүзінде бірнеше емес, бір мәлімет жарияланады және мұндағы әңгіме үнемі болып тұратын емес, әлдебір болған іс туралы.

 

4.2   Еуроодақ елдерінің үкіметтері шығындарды азайтуға талпынғанымен, жұмыссыздарға жәрдемақыға көптеген қаражат жұмсауға мәжбүр.

(3, 5-бет, 6-еже, 2–3-жол).

Мұндағы есімше тұлғалы «талпынғанымен» деген сөз тұлғасы болып өткен және бірер реттік талпынысты білдіреді. Ал мұнда әңгіме тұрақты түрде болып тұратын, алда да болатын, болмай қалмайтын талпыныс туралы болып тұр.

Сондықтан бұл сөз «талпынатынымен» түрінде болуы тиіс.

 

4.3   Ешкім жеке-дара сөзбен сөйлемейді. Сөздіктен бірнеше сөзді қосып айтуға тырыссаңыз да, «көлік – газ – қайда?» деп айтқанда сізге тек қолмен стансаға қарай сілтеп көрсетуі мүмкін. Егер сөйлеп жауап берсе, түсінбеуіңіз мүмкін, өйткені бір сөз қайдан басталып, қайдан аяқталғанын білмейсіз.

(1, 4-бет, 4-еже, 15-жолдан бастап)

Мұнда «бір сөз қайдан басталып, қайдан аяқталғанын» емес,

«әрбір сөздің қайдан басталып, қайда аяқталатынын…» болуы керек.

Үйткені әңгіме әлдебір сөздің нақты «аяқталғаны» туралы емес, жалпы үнемі болып тұратын, тұрғылықты нәрсе туралы болып тұр.

 

4.4   Экономикс үй шаруашылықтары мен фирмалар осы қайшылықты шешуі үшін қабылдайтын шешімдердің салдарынан туған мәселелерді зерттейді.

(3, 2-бет, соңғы еже, 1–4-жол)

Мұнда «шешімдердің салдарынан туған мәселелерді» дейді. Алайда «туған» – нақты түрде болған нәрсені және оның бір рет болуын білдіретін есімше тұлғалы сөз. Ал мұндағылар үнемі туып отыратын «мәселелер».

Яғни мұндағы сөз де «туған» емес, «туатын» түрінде болуы керек.

Бұл сөйлемді «Экономикс үй шаруашылықтары мен фирмалардың осы қайшылықты шешуі үшін қабылдайтын шешімдерінің салдарынан туатын мәселелерді зерттейді» десе, қалыптырақ болады.

 

4.5   Ең алдымен, біз Платон, Аристотель және басқа грек ойшылдары бүгінгі психолог-мамандарға қатысы бар мәселелермен айналысқан – біздің дәуірімізге дейінгі 5 ғасырдағы адам болмысы мен мінез-құлқы турасында айтылған ой-пікірлер мен болжамдарға мән беруіміз керек.

(2, 27-бет, 4-еже, 1–4-жол)

Мұнда сөздің «айтылу», яғни ырықсыз етіс түрінде берілуі қата.

Сөйлем құрылымы бойынша дұрысы –

«Платон, Аристотель және басқа грек ойшылдары … айтылған … ой-пікір мен болжамдар» емес,

«… ойшылдары … айтқан … болжамдар» немесе

«.. ойшылдары …тарапынан айтылған…болжамдар».

 

4.6   Ал кей жағдайларда нарық жүйесі өз өнімі мен көрсетілетін қызметі тым аз немесе көп мөлшерде, тиімсіз болуы мүмкін.

(3, 8-бет, 4-еже, 2–3-жол)

Мұнда сөз «көрсетілетін» емес, «көрсететін» деп есімше тұлғасында берілуі тиіс.

Яғни дұрысы – «нарық жүйесінің өз өнімі мен көрсететін қызметі».

 

4.7   Мысалы, 1940 жылы атом бомбасын жасауға 20 млрд АҚШ доллары жұмсалды.

(4, 25-бет, 1-еже, 3–4-жол)

4.8   Екінші дүниежүзілік соғыста бомбалаушылардың дайындығындағы писхологияның рөлі.

(2, 23-бет, 1-е, 3-жол)

Қазақ тілі «бомба», «пломба», «банда», «шайба» демейді,

«бомбы», «пломбы», «банды», «шайбы» дейді.

Сірә, осы қарапайым нәрсені «ұлттық» аудармашы-редактор, филологтардың білмейтініне таң қалмасқа болмайды.

Мысалы, ер Сәкен  «Бандыны қуған Хамит» деп жазып, өр Қасым  «Бомбы болып жарыл жүрек» деген еді.

 

4.9   Кәсіпкерліктің қорытынды аспекті – оның практикада қолданылуы.

(4, 24-бет, соңғы еже, 1-жол)

Мұндағы «Кәсіпкерліктің қорытынды аспекті» дегенді дұрыс десек, сөздің түбірлік нұсқасы «аспект» түрінде болуы тиіс болады.

Ал қазақ тілінде бұлай айту мүмкін емес және оны «аспекті» деп айтамыз. Яғни мұнда «аспектісі» болуы керек.

Бұл сөз түбірі осы оқулықтардың басқа кітабында да осылай «аспекті» деп алынған (Тіл біліміне кіріспе, 5-бет, 2-еже, 6-жол)

 

4.10   Сонымен қатар компьютерлерді табиғи тілде қолданатын таңғаларлық прогресс туралы сөз болады,

(1, Кіріспе бөлімі, 15-бет, 5-еже, 3–5-жол)

Сірә, «прогресс» деп ысқыртып қою кімге, қаншалықты қажет екені түсініксіз.

Прогрессілгерілеу, ілгерілем.

 

4.11   Кейбір экономистер әділдік пен тиімділік арасындағы компромисс идеясын жоққа шығарады.

(3, 3-бет, соңғы еже, 9-жол)

Қазақшасы бар және келесі бетте-ақ «ымыра» деп берілген сөз бұл бетте «компромисс» деп шеттілше нұсқасында қолданылып, бір кітаптың екі бетінде-ақ ала-құлаланып тұр.

Екіншіден, «компромисс» деп ысылдату да жөнсіз-ақ.

 

4.12   Мысалдар, кейстер мен мақалалар мәтіндегі теорияны қосымша контекстпен қамтамасыз етеді.

(3, Алғы сөз беті, 4-еже, 2-жол)

4.13   Әр контекстің артында сол дәуірдің ақыл-ой рухы … тұрады.

(2, 22-бет, 3-еже, 2–4-жол)

Біріншіден, басқа кітапта «мәтінмән» деп қазақшаланған сөз бұл кітаптарда «контекст» деген шеттілдік нұсқасында әрі ала-құлаланып қалған.

Екіншіден, «контекстпен» деп, сірестірмей, «контекспен» түрінде жеңіл айтып-жазса да болар еді.

 

4.14   Лоуфтың прескриптивті грамматикасы дескриптивті грамматикаға қарағанда басқаша.

(1, 10-бет, 6-еже, 1-2-жол)

Мұндағы «прескриптивті», «дескриптивті» дегендердің не екенін ауыл түгілі қалада туған оқушы-студенттің өзі біле бермесе керек.

 

 

5. Сөз қайталау қатасы 

 

5.1  Бұл – біздің грамматика мен сөздер туралы біліміміз, яғни біздің лингвистикалық құзіретіміз және біздің осы лингвистикалық білімімізді сөйлеу әрекетімізде қолдануымыз бен түсінуіміз, яғни лингвистикалық шығармашылығымыз арасындағы айырмашылық.

(1, 8-бет, 2-еже, 4–8-жол)

Мұнда «біздің», «біліміміз», «яғни» «лингвистикалық» деген сөздер осы 26 сөзден тұратын бір сөйлем ішінде екі, үш реттен қолданылып, бар сөздің 10-ын құрап тұр.

 

5.2   3-тарауда сөздердің, сөйлемдердің құрылымы туралы баяндалады, ал сөздер мен сөйлемдердің мағынасы 4-тарауда қамтылған.

(1, 4-бет, 4-еже, 15-жолдан бастап )

Осы қысқа ғана сөйлемнің ішінде «сөздердің, сөйлемдердің» тіркесі екі рет қайталанып тұр.

Әдетте, бір нәрсені айтып алып, «ал» дегеннен кейін екінші бір басқа нәрсе туралы айтылады. Ал мұнда «ал»-дан соң тағы да сол «сөздер мен сөйлемдердің» өзі айтылып, сөйлем өзіне-өзі керағар шығып тұр.

Сірә, екінші ретінде «ал олардың мағынасы 4-тарауда қамтылған» десе болар еді.

 

5.3   Біз әр тараудың басында біз негізгі тақырыпты таныстыруға қатысы бар тұлға немесе оқиға төңірегінде өрбитін қысқаша әңгіме ұсынамыз.

(2, 23-бет, 4-еже, 1-жол)

Мұнда «біз» араға екі  сөз салып, екі рет қолданылып тұр.

 

5.4   Алайда физиологиялық және психологиялық себептер әдетте біз қолданатын және түсінетін сын есім, үстеу, сөйлем мүшелері және т.б. санын шектейді.

(1, 8-бет, 3-еже, 3–6-жолдар)

Мұнда осы 17 сөзден тұратын бір сөйлем ішінде «және» жалғаулығы 3 рет қолданылған.

 

5.5 Психологияның даму процесін тану үшін тарихи деректерге жүгінетіндіктен, «Қазіргі психология» тарихы» кітабында тарих және психология пәндерімен тығыз байланыста боламыз.

Психология эволюциясын түсіндіру тарихи деректеріне байланысты болғандықтан, тарихи зерттеулерде қолданылатын әдістер мен қағидаларға қатысы бар тарихнама түсінігін қысқаша түсіндіріп өтейік.

(2, 28-бет, 5-еже)

Бұл қатар тұрған екі сөйлемнің екіншісі біріншісін мағыналық тұрғыда қайталап, екі сөйлем өзара жаңылтпаштанып тұр.

Мысалы, мұндағы

«Психологияның даму процесін тану» – «Психология эволюциясын түсіндіру» және

«тарихи деректерге жүгінетіндіктен» – «тарихи деректеріне байланысты болғандықтан»

деген екі сөйлемнің 1–2 бөліктері – толық түрде өзара сөйлемшелік синонимдер.

 

5.6   Адамдардың қалауы мен қажеттіліктерінің және шектеулік арасында қайшылықтың туындауынан үй шаруашылықтары мен фирмалар осы қалаулар мен қажеттіліктерді қанғаттандыру үшін табыстар мен ресурстарды тиімді бөлуге бағытталған шешімдер қабылдауы тиіс.

(3, 2-бет, 3-еже, 10–12-жол)

Осы аса ауқымды емес сөйлемдегі «мен» арқылы жасалған «қалауы мен қажеттіліктерінің», «үй шаруашылықтары мен фирмалар», «қалаулар мен қажеттіліктерді», «табыстар мен ресурстарды»-ң өзі-ақ мәтінді қабылдануы қыйын жаңылтпашқа айналдырып тұр.

Екіншіден, «қалаулар мен қажеттіліктер» екі рет қайталанып, мәтінді онан ары ауырлатқан.

 

5.7   Кейбір грамматикалар мен дәстүрлер қоғамдағы рөліне қарай қоғамдық және саяси себептермен жоғары болуы мүмкін, алайда теориялық тұрғыдан қолданысы төмен қоғам мүшелері тілдерінің грамматикасынан ешқандай артықшылығы жоқ.

(1, 11-бет, 3-еже, 3-жолдан бастап)

Мұнда «қоғамдағы рөліне қарай қоғамдық және саяси себептермен» дегенде «қоғам» сөзі қатарына екі рет қайталанып мәтінді таптаурындатып тұр.

 

5.8   Мысалы, Ұлыбританиядағы ұлттық статистика бюросы 41 түрлі көрсеткіші қамтитын әл-ауқат туралы мәліметтер жариялайды, оның ішіне адамдардың өздерінің өмірі жайлы не ойлайтынын, жұмыстарының құндылығы туралы ойларын, отбасылық өмірге қанағаттану деңгейін, жұмыстары мен денсаулығына көңілдерінің толу-толмауы, олардың тұратын мекендері мен ол туралы не ойлайтындығы, спорттағы, мәдени және еріктілер жұмысындағы белсенділігі мен табиғатта дем алу мүмкіндіктері қамтылған.

(3, 10-бет, 9-еже)

Мұнда «өмірі жайлы не ойлайтынын», «құндылығы туралы ойларын», «ол туралы не ойлайтындығы» делініп, «ойлау» сөзі бір сөйлем ішінде бірнеше рет қайталанған.

 

5.9   Заманауи үрдістерге сәйкес ағылшын тіліндегі Халықаралық Фонетика Қауымдастығының (ХФҚ) стандартына сәйкес қабылдадық, …

(1, Кіріспе бөлімі, 14-бет, 6-еже, 2–4-жол)

Осы аса ауқымды емес сөйлемдегі «мен» арқылы жасалған «қалауы мен қажеттіліктерінің», «үй шаруашылықтары мен фирмалар», «қалаулар мен қажеттіліктерді», «табыстар мен ресурстарды»-ң өзі-ақ мәтінді қабылдануы қыйын жаңылтпашқа айналдырып тұр.

Екіншіден, мұнда екі рет беріліп, бірыңғайланып тұрған «сәйкес» сөздері арасына үтір қойылуы, ал онан да дұрысы – алдына үтір қойып, бірінші тұрған «сәйкес»-ті алып тастау болмақ.

 

5.10   «Адамгершілік сезімі теориясында» бұл ұғым адамдардың дәулетті тұрмысқа деген құштарлығының басқалар үшін жұмыс орындарын құратындығын, ал «Халықтар байлығында» бұл ұғым инвестицияның таңдау жасауға қатысты қолданылған.

(3, 8-бет, 2-еже, 7–9-жол)

 

Мұнда «бұл ұғым» екі рет қайталанып тұр.

Сірә, бұл сөйлемді

«Бұл ұғым «Адамгершілік сезімі теориясында» біреулердің дәулетті тұрмысқа деген құштарлығы басқалар үшін жұмыс орнын құратынын көрсетеді, ал «Халықтар байлығында» …инвестициялық таңдау жасауға қатысты қолданылған» деп, бір-ақ рет айтуға болады.

 

 

6. Тіпті түсініксіз сөйлем

 

6.1   Қарапайым тілдер болмайды. Греландиялықтар бұл туралы тіпті христиандықтың ұлы және дерексіз идеяларын да зерттеген.

(1, 8-бет, соңғы еже)

Бұл мәтіннің мәнін, автордың не айтқысы келгенін түсіну тіпті де мүмкін емес.

 

6.2   Тіпті «Мафусалды» сипаттау үшін «қарт» сөзін қолдана отырып, 276 сөйлем айтылса да, жазбаша түрде берілсе де, олар бір-бірінен ерекшеленіп, өзгеше мағына беруі мүмкін. Бұл тек теориялық жағынан мүмкін.

(1, 5-бет, 4-еже, 2–5-жол)

Мұндағы  «Мафусал» дегеннің не екені түсініксіз.

 

6.3   1972 жылы Роберт Лоуф «Ағылшын грамматикасына сыни талдауға қысқаша кіріспе» деп аталатын зерттеуінде ағылшын тіліне қатысты көптеген ережені сипаттады. Грамматикасын баспаға ұсынар алдында «жоғары тап», «орта тап», «төменгі тап» өкілдерінің ешқайсына өзін жатқызбайтынын ескертті.

Әйтсе де, Лоуф «екі бұрыс нәрсе дұрыс нәрсе жасауға көмектесетінін» айта келе, «олар менде жоқ, оның болмауы ережелердің біртекті болуына әкелді», – дейді.

(1, 10-бет, 2-еже соңы,3-еженің басы)

Мұндағы жаңа ежеден басталып тұрған соңғы сөйлемнің не айтпағын алдындағы сөйлемдер арқылы да түсіну мүмкін емес.

 

6.4   Ева бізді Марк Твеннің «Әзіл-сықақ күнделігі» еңбегіне сендіргеніне қарамастан, «Птеродактиль» ron, blick немесе kerplunkity деп аталуы мүмкін еді.

(1, 3-бет, 4-еже, 17–19-жол)

Мұндағы ««Птеродактиль» ron, blick немесе kerplunkity» қазақтілді оқушы-студентке түсінікті, анық бола қоярына күмән бар.

Екіншіден, «сендіргеніне қарамастан» мен «деп аталуы мүмкін еді» дегендердің арасында не байланыс барын долбарлап та түсіне алмайсың.

 

6.5   Осы еңбекте біз ежелгі заманда және қазіргі таңда контекстік күштердің психологиямызға қалай әсер еткені және әсер етіп жатқаны туралы мәселелерді жиі қарастырамыз.

(2, 33-бет, 2-еже, басынан бастап)

Мұндағы «контекстік күштердің» наған күш, қандай күш екені белгісіз.

 

6.6 Лингвистердің көмекші курсына қосылатындар:

Бірінші жоспарды ұсынумен қатар интерактивті электрондық оқулық, дәрістер жазбасы мен іздеу мүмкіндіктері.

(1, Кіріспе бөлімі, 16-бет, 2-еже, 4–6-жол)

Мұндағы «Бірінші жоспардың» не жоспар екені және оны кім, қайда «ұсынып» отырғаны түсініксіз.

 

6.7  … Психология тарихын оқу аталмыш пән пайда болып, дамыған контекст пен белгілі бір уақыт кезеңіндегі ғылым мен мәдениеттегі басым идеяларға әлеуметтік, экономикалық және саяси күштерге қарағандай қарау керек.

(2, 32-33-бет, соңғы еженің 3-жолына бастап)

Мұндағы «дамыған контекст», «белгілі бір уақыт кезеңіндегі ғылым мен мәдениеттегі басым идеялар», «әлеуметтік, экономикалық және саяси күштер» дегендердің нақты не екені түсініксіз.

Екіншіден, «дамыған контекст пен белгілі бір уақыт кезеңіндегі ғылым мен мәдениеттегі басым идеяларға әлеуметтік, экономикалық және саяси күштерге» қалай «қарайтынымыз» және осы жерде неге нақ «осылай қарауымыз керектігі» ашылмай, түсініксіз болып қалған.

 

6.8    Мысалдар, кейстер мен мақалалар мәтіндегі теорияны қосымша контекстпен қамтамасыз етеді.

(3, Алғы сөз беті, 4-еже, 2-жол)

Мұнда «қосымша контекст»-тің нақты не екені түсініксіз..

Екіншіден, «мәтіндегі теорияның» қандай теория, наған теория екені, оны «кейстер»-дің «қосымша контекст»-пен қалай «қаматамасыз ететіні», ол «қаматамасыз ету»-дің студент үшін не мән, не құдіреті бары белгісіз.

 

6.9   Құпия сөзбен қорғалған ілеспе сайтта слайдтармен дәріс оқытылады және тапсырмаларға жауаптардың нұсқалары жүктелген PowerPoint тарауының деңгейін қосқанда, оқытушыларға арналған пайдалы дерекқорлар бар.

(1, Кіріспе бөлімі, 16-бет, 4-еже)

Мұндағы «тапсырмаларға жауаптардың нұсқалары жүктелген» дегенде қай «тапсырмаға», неғылған «жауап жүктелгені», «PowerPoint тарауының деңгейі» дегеннің де не «тарау», оған қатысты қандай «деңгей» болатыны түсініксіз.

 

6.10   Сөздің формасы мен мағынасы арасындағы шартты және еркін байланыс түрінде қолданады.

(1, 4-бет, 2-еже, 1–2-жол)

Мұндағы «шартты байланыс», «еркін байланыс» дегендердің не екені де белгісіз.

 

6.11   Морфологияны алдымен бердік, себебі тілдің құрылымдық аспектілері туралы алғаш оқыған адам үшін оңайырақ болатынына сенімдіміз. Әрі қарай синтаксис, ол студенттерге көптеген семантикалық тұжырымдар арқылы таныс.

(1, Кіріспе бөлімі, 15-бет, 9-еже, 3–6-жол)

Мұнда «көптеген семантикалық тұжырымдар арқылы таныс» дегеннің де нақты не екені түсініксіз болып қалған.

 

6.12  Кәсіпкерлік – кәсіпкерлерге әсер ететін арнайы көзқарасты біріктіретін мүмкіндіктерді іздеу сипаттамалары, қауіпсіздіктен тыс тәуекелдерді қабылдау және идеяны өмірде ілгерілету үшін табанды болу.

(4, 29-бет, соңғы еже, 2–4-жол)

Мұнда «мүмкіндіктерді іздеу сипаттамалары» дегеннің нақты не екені түсініксіз.

 

6.13   2-тарауда ұсынатынымыздай, жеке адамның санасындағы «кәсіпкерлік ойлау жүйесі» белгілі бір бейнеге қарағанда түсінікті және шынайы.

(4, 32-бет, 4-еже, соңғы сөйлем)

Мұндағы «белгілі бір бейне» дегеннің не екені қалыпты қазаққа «түсінікті» де, «шынайы» да емес.

 

6.14   Сонымен қатар, олар ұсынатын мәселелерді талдау әдістері басқа тұжырым ұстанған түрлі ойлау әдістеріне қайшы келеді.

(3, 5-бет, 3-еже, 9–10-жол)

Мұндағы «басқа тұжырым ұстанған түрлі ойлау әдістері» дегеннің не екені түсініксіз.

 

6.15   http://www.cengage… сілтемесін басып, осы дерекқорларға кіруге мүмкіндік бар. Лингвистердің көмекші курсындағы өз мәтініңіздің байланысын табу үшін мына белгіні іздеңіз.

(1, Кіріспе бөлімі, 16-бет, 3-еже)

Мұндағы

«Лингвистердің көмекші курсындағы өз мәтініңіздің байланысын табу» да – ұзын-сонар түсініксіз мәтін.

Яғни бұл наған курс, қай курс екені, ондағы «өз мәтініңіз» дегенннің  не нәрсе, қай мәтін екені, ол «мәтін»-нің немен байланысатыны, не байланыс екені түсініксіз.

 

6.16   Немесе This is the dog that … дей аласыз. Бұл жерде тоқтауыңызды қажет етпейді. Сөйлемнің ұзақтығы қандай?

(1, 5-бет, 3-еже, аяғы)

Мұнда кімнің, не үшін және қай «жерде тоқтауы қажет етілмейтіні» түсініксіз және оны алдыңғы сөйлем арқылы да біле алмайсыз.

 

 

7. Мазмұны мен құрылымы кеміс сөйлем

 

7.1   Ең алдымен, біз Платон, Аристотель және басқа грек ойшылдары бүгінгі психолог-мамандарға қатысы бар мәселелермен айналысқан – біздің дәуірімізге дейінгі 5 ғасырдағы адам болмысы мен мінез-құлқы турасында айтылған ой-пікірлер мен болжамдарға мән беруіміз керек.

(2, 27-бет, 4-еже, 1–4-жол)

Мұнда «бүгінгі психолог-мамандарға қатысы бар мәселелермен айналысқан» дейтін мазмұндық тұрғыда ебедейсіз сөйлем құралып тұр.

 

7.2   Контексте: психологияны құраушы күштер  … Психология тарихын оқу аталмыш пән пайда болып, …

(2, 32-33-бет, соңғы еженің 3-жолына бастап)

Мұндағы «Контексте: психологияны құраушы күштер» – мазмұны ғана емес, құрылымы да түсініксіз тақырып ат.

 

7.3   Параллельдік тәсіл арқылы бала ештеңені түсінбестен жүре алады немесе теңгерім қағидаттарын түсіндіре алатын қабілетке ие.

(1, 2-бет, 4-еже)

Яғни «ештеңені түсінбестен жүре алады немесе теңгерім қағидаттарын түсіндіре алатын қабілетке ие» деген құрылымы бойынша екі бөлігінің мәні өзара ыңғайлас болуы тиіс осы сөйлемнің бұл бөліктері мазмұндық тұрғыда керісінше, қарсы мәнді болып қалған.

 

7.4   Тарихи деректер ұрланып, қайта қалпына келтірілмейтін сәттер де кездеседі. Мысалы, 1641 жылы италиялық математик – француз философы Рене Декарттың 70-тен астам хатын ұрлаған.

(2, 30-бет, 6-еже, 1–3-жол)

Мұнда «италиялық математик – француз философы» дегендегі сызықшаның салдарынан «Рене Декарттың хатын» әлдебір «италиялық»-тың «ұрлаған»-ы түсініксіз болып қалған.

Яғни сөйлем құрлымы бойынша «италиялық математик» пен «француз философы» дегендер тең нәрсе, бір нәрсе әрі екеуі де Р.Декарттың атақ-дәрежесі ретінде көрініп, ал оның «хатын ұрлаушы» кім екені айтылмай кеткендей болып тұр.

 

7.5   … жұмысшыларды сапалы біліммен, өнімдер өндіру мен көрсетілетін қызметтерді қажетті құралдармен және ең жақсы технологиялармен қамтамасыз ету арқылы өнімділікті арттыруға жағдай жасауы тиіс.

(3, 10-бет, 8-еже, 4–7-жол)

Мұндағы сөзбе-сөз аударылып,

«жұмысшыларды сапалы біліммен, өнімдер өндіру мен көрсетілетін қызметтерді қажетті құралдармен және ең жақсы технологиялармен қамтамасыз ету …» түрінде шектен тыс күрделіленіп, шұбалаңқыланып кеткен сөйемшені

«жұмысшыларды, өндіріс пен қызмет саласын сапалы білім, қажетті құрал, жетілген технологиямен қамтамасыз ету …» деп  қалыпты әрі түсінікті ете және ықшамдай алса болар еді.

 

7.6   Дыбыстық қорға қарағанда тілдің дыбыстық жүйесін білу өте маңызды. Бұл дегеніміз – сөздің қандай дыбыстан басталып, қандай дыбыспен аяқталатынын айқындау. Гана елінің бұрынғы президентінің Nkrumah деген есімінің бастапқы дыбысы ағылшын тілінде соңғы дыбысқа ұқсап келеді. Бірақ ағылшын тілінде ешбір сөз nk дыбысынан басталмайтыны анық. Ағылшын тілінде сөйлейтіндер бұл есімді … Nekrumah немесе Enkrumah деп қате айтады.

(1, 2-бет, 7-еже, 3-жолдан бастап )

Мұнда

ағылшын тілінде «соңғы дыбысқа ұқсап кететіні» айтыла отырып, артынша неге оның «бірақ» деп бағаланатыны,

әр тілде әртүрлі дыбысталатынын айта отырып, неге ағылшындардың айтысын «қата» санайтыны түсініксіз.

Яғни, мұнда түсініксіздікке қоса, екі бірдей мазмұндық қайшылық бар.

 

7.7   Тіл біліміне кіріспе студенттерге мәтіндік материалдан жан-жақты түсінік алуға көмектесетін лингвистердің қосымша құралы бола алады.

(1, Кіріспе бөлімі, 16-бет, 2-еже)

Мұнда «түсінік алуға көмектесетін лингвистердің қосымша құралы бола алады» деген де – мәніссіз шектеу. Яғни сондай «түсінік алуға көмектесетін лингвистердің» ғана «қосымша құралы бола алады» деген сөз болып тұр.

 

 

 

  1. Сөйлемнің түсінікті болу үшін ондағы сөздерді байланыстыратын қосымшалар дұрыс таңдалып, орынды қыйыстырылуы шарт.

 

Қосымша қатасы :

 

8.1   Кейбір адамдар өмірде қарапайым заттарға қанағат етеді, …

(3, 2-бет, соңғы еже, 7–9-жол)

Мұнда «заттарға қанағат етеді» деген сөйлемдегі

«заттарды» түрінде болуы тиіс толықтауыш

«заттарға» деп қата алынған.

Дұрысы –  «заттарды қанағат қылады».

 

8.2   Бұл кітап сол негізгі деген мәселелерге ден қоя отырып, экономика мамандығы бойынша бакалавриаттың бірінші курсының мазмұнына негіз қалайды.

(3, 3-бет, 2-еже, 3–4-жол)

Мұндағы «мазмұнына негіз қалайды» деген сөйлемде толықтауыштың бұлай «мазмұнына» деп берілуі – орыс әлде басқа тілдің жүйесін көшіре сөйлеу.

Қазақ қалыпты сөзінде мұны

«мазмұнының негізін қалайды» немесе

«мазмұнына негіз болады» деп айтады.

 

8.3   … еврейлер жиі оқшауланып, оларға студенттік қоғамдарға кіруге, беделді түскі астарға баруға немесе әлеуметтік клубтарға кіруге рұқсат етілмеді.

(2, 35-бет, 6-еже, 2–5-жол)

Мұнда қосымшасына шейін көшіріле алынуы себепті барыс септігінің «-ға/-ге» жалғауы орынсыз көбейіп және «кіруге» екі рет қолданылып, сөйлемді қабылдап-түсінуді елеулі қыйындатып тұр.

Сірә, бұны

«олардың студенттік қоғамдар мен әлеуметтік клубтарға кіруіне, беделді түскі астарға баруына»

деп дұрыстай, қазақшалай әрі әлдеқайда ықшамдай, жетілдіре алса, бұдан мәтін мазмұнына ешқандай нұсқан келмес еді.

 

8.4   Джулиан Роттер өзіне «еврейлерді біліктілігін растайтын құжаттары болса да, оқытушылық жұмысқа алынбайтыны» туралы ескерту жасалғандығын еске алады.

(2, 35-бет, соңғы еже, 3–6-жол)

Мұндағы «еврейлерді … алынбайтыны» деген қыйысусыз тіркесті

«еврейлердің … алынбайтыны» немесе

«еврейлерді … алмайтыны» деп түзетсе болады.

 

6.5  Адамзаттың үңгірден кампусқа дейінгі жүріп өткен жолы түрліше сипатталады. Бірақ іс жүзінде бұл теориялардың бәріне ортақ «өзгерістер агенті» рөлі болды, материалдық прогресті бастап, жүзеге асырған да – сол.

(4, 30-бет, 6-еже, 1–3-жол)

Мұнда сөйлемнің ««өзгерістер агенті» рөлі болды» деген бөлігіндегі «..агенті» мен «рөлі» сөздері өзара байланыспай қалған.

 

8.6   Сипатталған екі жағдайдағы аталған ұғым қолданысында ұқсастық бар. Алайда, алғашқысында А.Смит өзі зерттеген экономикалық жүйе біз бүгінде куә болып жүрген жүйден айтарлықтай бөлек.

(3, 8-бет, 3-еже)

Мұнда, біріншіден, «Алайда, алғашқысында А.Смит өзі зерттеген экономикалық жүйе» деген сөйлемнің

«Алайда, алғашқысында»,

«А.Смит өзі зерттеген экономикалық жүйе» дейтін бөліктері бір-бірімен қыйыспай қалған.

Екіншіден, тиісті жалғауы жалғанбауы себепті

«А.Смит өзі зерттеген экономикалық жүйе» деген бөлігі түсініксіз болып қалған.

Дұрысы – «А.Смиттің өзі зерттеген … »

 

8.7   Егер психология факультеттерінде бюджет пен кірісте оң өзгерістер болып жатса, оқу орындарының басшылығы мен заң шығарушыларға әлеуметтік, тәрбие және өндірістік мәселелерді шешуге психологияның көп көмегі тиетінін көрсете алатындарына психологтердің көздері жетті.

(2, 33-бет, 5-еже, 1–4-жол)

Мұнда «факультеттерінде» және «бюджет пен кірісте» деген сөздер өзара тәуелсіз бірыңғай мүшелердей болып әрі жаңылтпаштанып та тұр.

Сірә, мұны «..психология факультетерінің бюджеті мен кірісінде…» деп түзету керек.

Екіншіден,  сөз қосымшаларының «заң шығарушыларға», «шешуге» түрінде қыйыс, басқа тілдегі нұсқасы бойынша жалғануы да сөйлемді онан ары жаңылтпаштандырып, түсінуді қыйындатып тұр.

Үшіншіден, «әлеуметтік, тәрбие және өндірістік мәселелерді» деген сөйлемшедегі «тәрбие» сөзінің тиісті жалғауы жалғанбауы себепті басқа бірыңғай мүшелерден оқшауланып әрі «тәрбие … мәселелерді» болып, өзін анықтаушы сөзбен қыйыспай тұр.

Сірә, мұны «заң шығарушылардың әлеуметтік, тәрбиелік және өндірістік мәселелерді шешуіне» десе, қазақша қалыпты әрі түсінікті мәтін болып шығар еді.

 

8.8   Психология эволюциясын түсіндіру тарихи деректеріне байланысты болғандықтан, тарихи зерттеулерде қолданылатын әдістер мен қағидаларға қатысы бар тарихнама түсінігін қысқаша түсіндіріп өтейік.

(2, 28-бет, 5-еже)

Бұл сөйлемде сөз қосымшасы

«тарих  деректеріне» немесе

«тарихи деректерге» түрінде болмай,

«тарихи деректеріне» деп қата жалғанған.

 

8.9   Екінші дүниежүзілік соғыста бомбалаушылардың дайындығындағы писхологияның рөлі.

(2, 23-бет, 1-е, 3-жол)

Мұнда қосымшаның дұрыс таңдалмауы салдарынан «дайындығындағы» деген ебедейсіз сөз шыққан.

Дұрысы – «…бомбылаушыларды дайындаудағы психолгияның рөлі».

 

8.10   Ұлыбританиядағы және Еуропаның барлық елдеріндегі мамандар арасында пәннің болашағы қандай болуы керек, бакалавриат деңгейінде жаңа білім беруді қалай дамыту керектігі туралы жан-жақты пікірталастар жүріп жатыр.

(3, Алғы сөз беті, 2-еже, 1–3-жол)

Мұндағы

«Ұлыбританиядағы және Еуропаның барлық елдеріндегі мамандар арасында» деген сөйлемшені –

«Ұлыбританиялық және Еуропаның басқа елдері мамандары арасында» деп алған жөн болады.

 

8.11   Мысалы, Ұлыбританиядағы ұлттық статистика бюросы 41 түрлі көрсеткіші қамтитын әл-ауқат туралы мәліметтер жариялайды, оның ішіне адамдардың өздерінің өмірі жайлы не ойлайтынын, жұмыстарының құндылығы туралы ойларын, отбасылық өмірге қанағаттану деңгейін, жұмыстары мен денсаулығына көңілдерінің толу-толмауы, олардың тұратын мекендері мен ол туралы не ойлайтындығы, спорттағы, мәдени және еріктілер жұмысындағы белсенділігі мен табиғатта дем алу мүмкіндіктері қамтылған.

(3, 10-бет, 9-еже)

Біріншіден – «Ұлыбританиядағы», «көрсеткіші» емес,

«Ұлыбританияның», «көрсеткішті».

Екіншіден, қосымшаның дұрыс алынбауы себепті

«не ойлайтынын», «туралы ойларын», «қанағаттану деңгейін» деп келетін бірыңғай мүшелер сөйлем соңындағы «қамтылған» деп қортылған баяндауышпен үйлеспей қалған.

Үшіншіден, сөйлемдегі

«не ойлайтынын», «туралы ойларын», «қанағаттану деңгейін» және

«толу-толмауы», «ойлайтындығы», «белсенділігі»

сыйақты бірыңғай мүшелердің қосымшаларында бірізділік сақталмай, әрқалай жалғанып, сөйлемнің басы бір арнада, аяғы басқа арнада болып қалған.

 

8.12   Қай шешімді қоғам үшін тиімді ымыра деуге болады. Бұл шешім қабылдаушылардың санаттың философиясы, құндылықтары мен пікіріне байланысты.

(3, 4-бет, 1-еже, 6–8-жол)

Мұндағы «қабылдаушылардың» деген сөздегі көптік пен ілік септігі жалғауының орынсыздығы, артықтығы себепті «Бұл шешім»

«қабылдаушылардың философиясы» ма,

әлде «санаттың философиясы» ма,

жоқ екеуінің де «философиясы» ма екені түсініксіз болып қалған.

Екіншіден, мұндағы «философиясы» деген жанама толықтауыш «байланысты» деген баяндауышпен үйлеспей тұр.

Дұрысы – «Бұл шешім қабылдаушы санаттың философиясына, құндылықтары мен пікіріне байланысты» деу.

 

8.13   «Адамгершілік сезімі теориясында» бұл ұғым адамдардың дәулетті тұрмысқа деген құштарлығының басқалар үшін жұмыс орындарын құратындығын,

(3, 8-бет, 2-еже, 7–9-жол)

Мұнда «құштарлығының» деген сөздегі ілік септігі жалғауының артықтығы себепті қабылдау қыйындап тұр.

Дұрысы – «…дәулетті тұрмысқа деген құштарлығы басқалар үшін …».

 

8.14   … ал «Халықтар байлығында» бұл ұғым инвестицияның таңдау жасауға қатысты қолданылған.

(3, 8-бет, 2-еже, 7–9-жол)

Мұнда жалғауының дұрыс алынбауы себепті

«инвестицияның» деген сөз «қолданылған» деп қортылған баяндауышпен қыйыспай, қайшыласып тұр.

Дұрысы – «инвестициялық таңдау жасауға қатысты қолданылған».

 

8.15   Ал кей жағдайларда нарық жүйесі өз өнімі мен көрсетілетін қызметі тым аз немесе көп мөлшерде, тиімсіз болуы мүмкін.

(3, 8-бет, 4-еже, 2–3-жол)

Мұнда тиісті қосымшаның жалғанбауы салдарынан

«нарық жүйесі өз өнімі мен көрсетілетін қызметі» деген сөйлемше өз ішінде дұрыс қыйыспай, қабылдауды қыйындатып тұр.

Дұрысы – «нарық жүйесінің өз өнімі мен көрсететін қызметі».

 

8.16   Еуроодақ елдерінің үкіметтері шығындарды азайтуға талпынғанымен, жұмыссыздарға жәрдемақыға көптеген қаражат жұмсауға мәжбүр.

(3, 5-бет, 6-еже, 2–3-жол)

Мұнда

«жұмыссыздарға жәрдемақыға» деп, мәтінді қазақ тіліне жат жалғаулармен жаңылтпаштандырмай,

«жұмыссыздардың жәрдемақысына» деу керек еді.

 

8.17   Экономика адамдардың табыс табу жолдарын, ресурстардың пайдаланылуы бойынша бөлу әдістерін, … зерттейді.

(3, 1-бет, 3-еже, 3–5-жол)

Сірә, бұл «…ресурстардың…бөлу әдістерін…» емес,

«ресурстарды … бөлу әдістерін…» немесе

«ресурстардың … бөліну әдістерін…» деп берілуі керек еді.

 

8.18   Табиғатты ластауды азайтуды талап ететін заңдар фирмалардың өнімдер өндіру мен көрсетілетін қызметтер шығынын көбейтеді.

(3, 3-бет, 7-еже, 3–4-жол)

Сірә, мұндағы

«Табиғатты ластауды азайтуды» түрінде жаңылтпаштанып тұрған сөйлемшеніің жалғауларын жетілдіріп,

«Табиғаттың ластануын азайтуды» деп жеңілдетсе болады.

8.19   Экономикс үй шаруашылықтары мен фирмалар осы қайшылықты шешуі үшін қабылдайтын шешімдердің салдарынан туған мәселелерді зерттейді.

(3, 2-бет, соңғы еже, 1–4-жол)

Біріншіден, мұндағы «үй шаруашылықтары мен фирмалар» деген тіркеске тиісті қосымшасын қосып, «үй шаруашылықтары мен фирмалардың» деп түзету қажет.

 

Сонда келесі «…осы қайшылықты шешуі үшін қабылдайтын шешімдердің…» деп, тәуелдік жалғаумен берілген «шешуі» сөзін тәуелдеуші, бірақ бұған дейін көрінбей тұрған сөзді табамыз.

 

Үшіншіден, «шешуі» деген сөз тәуелдік жалғаулы болған соң, оған тікелей қатысты келесі «шешімдердің» деген сөз де «шешімдерінің» деп тәуелдік жалғаумен берілуі керек болады.

 

Яғни, бұл сөйлемді «Экономикс үй шаруашылықтары мен фирмалардың осы қайшылықты шешуі үшін қабылдайтын шешімдерінің салдарынан туатын мәселелерді зерттейді» десе, қалыптырақ болады.

 

8.20   Экономикстің әдепкі анықтамасы – оны қоғамның шектеулі ресурстары негізінде қабылдаған шешімдері мен жасаған таңдауы және оның салдарын зерттейді деп көрсетеді.

(3, 2-бет, соңғы еже, 1–4-жол)

Мұнда сөйлемнің

«шешімдері мен жасаған таңдауы» дейтін бөлігі

«оның салдарын зерттейді деп көрсетеді» дейтін баяндауыштық бөлігімен қыйыспай тұр.

Қыйысу үшін мұндағы «таңдауы» сөзін «таңдауын» деп өзгерту, яғни қосымшасын түзету және «оның»-ды «олар»-ға  ауыстыру керек.

Сонда сөйлем «қабылдаған шешімдері мен жасаған таңдауын және олардың салдарын зерттейді» болып шығады.

 

8.21   1972 жылы Роберт Лоуф «Ағылшын грамматикасына сыни талдауға қысқаша кіріспе» деп аталатын зерттеуінде ағылшын тіліне қатысты көптеген ережені сипаттады.

(1, 10-бет, 2-еже соңы,3-еженің басы)

Мұнда сөйлемнің шеттілдік жалғауымен қоса аударылуы салдарынан «грамматикасына», «талдауға» деген жаңылтпаштық сөйлемше құрылып тұр.

Дұрысы – «Ағылшын грамматикасын сыни талдауға …» болар еді.

 

8.22   Тіл біліміне кіріспе студенттерге мәтіндік материалдан жан-жақты түсінік алуға көмектесетін лингвистердің қосымша құралы бола алады.

(1, Кіріспе бөлімі, 16-бет, 2-еже)

Мұндағы «студенттерге» деген сөздегі көптік жалғау да, барыс септігінің «-ге» жалғауы да – қазақ тілінде жоқ нәрселер.

Екіншіден, осы көптік пен септік жалғауларының салдарынан  «студенттерге … түсінік алуға» болып, мәтін жоқ жерден күрделіленіп, жаңылтпаштанып тұр.

Дұрысы – «студенттің … түсінік алуына».

 

8.23   Рационал мінез-құлық тұжырымдамасына негізделген экономикалық модельдерді зерттегенде бұл тұжырымдамаларды жеңілдеткен жағдайда нәтижелер мүлдем өзгеріп кетуі мүмкін екенін ескерген жөн.

(3, 5-бет, 3-еже, 5–7-жол)

Мұнда «экономикалық модельдерді зерттегенде» және

«бұл тұжырымдамаларды жеңілдеткен жағдайда» деп, ешбір үтір-нүктесіз қатарласа қалған екі сөйлемше «-да/де» қосымшасының орынсыз жалғануы салдарынан мәтінді жаңылтпаштандырып қана қоймай, түсініксіз етіп те тұр.

 

8.24   Алайда физиологиялық және психологиялық себептер әдетте біз қолданатын және түсінетін сын есім, үстеу, сөйлем мүшелері және т.б. санын шектейді.

(1, 8-бет, 3-еже, 3–6-жолдар)

Мұндағы  «физиологиялық және психологиялық себептер»

— «сын есім, үстеу, сөйлем мүшелерінің және т.б.санын шектей» ме, жоқ, керісінше,

— «сын есім, үстеу, сөйлем мүшелері»-нің өзі басқа бір нәрсенің «санын шектей» ме деген сұрақ туады.

Яғни сөз қосымшалары дұрыс таңдалып-қойылмауы себепті түсініксіздік туып тұр.

 

8.25   Ал кей жағдайларда нарық жүйесі өз өнімі мен көрсетілетін қызметі тым аз немесе көп мөлшерде, тиімсіз болуы мүмкін.

(3, 8-бет, 4-еже, 2–3-жол)

Мұндағы «жүйесі» сөзіне тиісті «-нің» жалғауы жалғанбай қалған.

Дұрысы – «нарық жүйесінің өз өнімі».

Қатасы қаралған оқулықтар :

  1. Фромкин В., Роберт Р., Нина Х. Тіл біліміне кіріспе, А., 2018, 608 б. Жалпы редакторы: Құрманбайұлы Ш.
  2. Шульц Д.П., Шульц С.Э. Қазіргі психология тарихы, 11-басылым, А., 2018, 448 б.
  3. Мэнькю Г., Тейлор М. Экономикс, 4-халықаралық басылым, А., 2018, 848 б. Әл-Фараби ат. ҚазҰУ Экономика кафедрасында ғылыми редакциядан өткен.
  4. Куратко Д.Ф.Кәсіпкерлік: теория, процесс, практика, 10-басылым, А., 2018, 480 б. AlmaU университетінің Жоғары бизнес мектебінде ғылыми редакциядан өткен
Кілттік сөздер:

You Might also Like

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз*